Қосжан әлемі
2022 ж. 16 қаңтар
3364
0
«Жалт еткен ғұмыр...
Өзін өмірде көрмесем де, көңіліме көрік сыйлаған, жүрегімде мәңгілік ұялаған сағынышты тұлға.
Қосжан әлемі!
Сұлу жырға, сан түрлі сырға толы өмір!
Әрбір күнінен үміт күткен арманшыл ақын.
Армысыңдар, алғы күндер арайлы,
Алғы күндер – арман күндер аяулы...
Асығамыз, алғы күндер, сендерге,
Қос қанатты қалықтап бір сермеуге,
Тәтті арманға тамсана бір қануға,
Бақыт атты кең дүниеге өрлеуге!
Бұл – өмірге ғашық жанның іңкәр үні!»
Осынау үзіндіні қоғам қайраткері, белгілі публицист-қаламгер, тұңғыш қазақ тілінде жазылған «Халықтың көші-қоны туралы» заңының авторы, қосжантанушы Әкім Ысқақтың күнделігінен алып отырмыз.
Автор ширек ғасырдан аса зерттеу жүргізген «Менің Қосжаным» атты жаңа жинағында бар-жоғы отыз бес жыл ғұмыр кешіп, жарық жұлдыздай ағып өткен дарынды ақын Қосжан Мүсіреповтің өмірі мен шығармашылығы және ғұмырының беймәлім тұстары жайлы сыр шертеді.
Күнделік-эссе формасында жазылған жинаққа ақын туралы толғаныстар, естеліктер мен зерттеулер топтастырылған. Бұған қоса, ақынның бауырлары және ұл-қыздары, сондай-ақ, қаламгер замандастарының Қосжан Мүсірепов жайында айтқан құнды ой-пікірлері, ар¬нау өлеңдерімен қоса, ақынның әр жылдары жазылған жырлары, сыршыл но¬веллалары, лирикалық очеркі енгізіліп отыр.
Төменде ақынның 90 жылдығына орай Нұр-Сұлтан қаласында «Кәусар» баспасынан жарық көрген жинақтан шағын эссе ұсынылып отыр.
Өліммен арпалысқан өмір
– Ата, неге біз үнемі алға ұмтыламыз?
– Тоқтап қалған су қандай болады?
– Сасып кетеді.
– Ол адамға керек пе?
– Сасып кеткен нәрсе керек емес қой!
– Ал үнемі алға ұмтылып, ағып жатқан өзен ше?
– Ол өзін тазалап тұрады. Ол керек қой!
– Дұрыс айтасың, балам! Ағып жатқан өзенде тіршілік бар. Өмір-өзен де сондай. Ізденіссіз қалсаң, өмір керуенінен қалып кетсең, сол тоқтап қалған судай ешімге керек болмай қаласың.
(Ата мен немере әңгімесінен)
Алыста қалған Бөржарымды еске аламын. Бұл – Қосжанға да, маған да болмысы бөлек, қымбат өзеніміз. Балалық кезде шомылған өзенім де, жалаңаяқ баланың топырақта ізі қалған туған ауылым да үнемі түсіме енеді. Бір жағы туған жерге деген сағыныш болса, бір жағы Қосжан суреттеген ауылым, өзенім маза бермейді. Шынында екеумізге ортақ өзеніміздің мінезін, табиғатын ай¬нытпай, сол қалпы суреттеген ғой:
Ақсаң да жағаңды бір құлатпастан,
Ақпанда бойыңда әр кез қуат тасқан.
Шалқисың мұзға оранбай, осынау үлгің
Жүр мені қиындықта мұңайтпастан.
Өзенді адам мінезімен салыстыра бағалаған. Қосжанның табиғаты да тура сол Бөржарына тартқан. Асып-таспайды, қандай жағдайда да саспайды. Тіпті, қақаған аязда да қатпайды. Күштілер жыламайды. Жүрегі бар адамдар жылайды ғой. Әйтсе де, күштілер көз жасын көрсетпейді. Ақынның қай өлеңін алсаңыз да, көз жасын көл қылған ешбір сәтін көрмейсіз. Қайта бәрінде де қайрат- жігерге, намысқа толы дүние, өмірге құштарлық бар. Бұл – өзін құрметтеген, бағалаған жанның тірлігі. Адам өзін құрметтемесе, қамшыламаса, намысын оятпаса, жетістікке жете алмайды ғой. Жолы биік, рухы күшті жан уақыт өткен сайын шыңдалады. Ақында осы мінез бар. Тіпті, әл үстінде жатқанда да:
Жасайды жаным мәңгілік,
Жарқылдап бірге жырыммен.
Қоштасам деген қал, күдік,
Қоштаспан әсте ғұмырмен! –
деп қандай жағдайда да өмірмен қоштаспайтындығын жеткізеді.
«Адам бойындағы асыл қасиеттерді дамыту үшін алдымен батылдық керек. Батылдық болмаса, адам баласы қалайша ақиқат іздейді, қалайша махаббатты қорғайды?» – дейді үнділік қайраткер, философ Махатма Ганди. Ол – сындарлы сәтте де батыл адамға тән өз ойын қараңғы зынданға бұрмаған, төмендетпеген, қайта қайсарлықпен жарыққа, күнге ұмтылып, өзін биік ұстаған парасат иесі.
Сенің сөнбес жалының бар лапылдар,
Сенің семсер-қайратың бар жарқылдар.
Сен де шебер зергерісің бақыттың,
Адам деген қасиетті атың бар! –
деп семсер-қайратын іске қосады. Немесе:
Өмір келді үйіме, өмір келді,
Өмір өзі бөбекке еміренді!
Менің гүлім – ертеңнің шын иесі,
Жол жоқ, жол жоқ!
Соғыс пен өлімге енді!
Иә, ол артында перзенті бар адамның өлмейтініне сенді. Артында іздеушісі болатынына сенді. Өлімнің өзі – биологиялық дүние. Рухани дүниесі жарық дүниеде жылдан жылға, ғасырдан ғасырға өмір сүретіне сенді.
Дерті меңдеп, асқынған шақта, өліммен бетпе-бет келіп, арпалысып жатқанда ешкімнің мүсіркеуін қаламай, Қосжан қолына қаламын алып, қайрат- кемесіне мініп, намыс-жалауын желбіретіп новеллалар жаза бастайды. Оның бәрінде де жарық дүниеге деген құштарлықты, өлмес өмірді жырлайды. Жасық болуды жақтырмайды, пендешілікті мойынсынбайды. Шабытымен найзағай отын жарқылдатты. Жаңадан жазған новеллаларында өзінің адами ойларын астармен беріп отырыпты. Ол өліммен осылай күресті.
«Жарық дүние» деген новелласында екі көзі бірдей көрмей қалған Балабектің ота жасатып, мына жалғанды көруге үміті оянады. Артынан іздеп келе жатқан сүйген жары Гүлсараны қуанту мақсатында, дәрігерге айтпай, ота жібін мерзімінен бұрын алдыртып тастайды. Жіптердің алынғаны сол, қан саулап, жанарына құйылып, мәңгілік соқыр болып қалады. Бұл жағдайды көріп, сүйіктісі тастап кетеді. Бұған сағы сынбаған Балабектің бойында домбырашылық, ән айту өнері пайда болып, ел құрметіне бөленеді.
***
Қосжанды «Қазақтың Островскийі» дейді. Мұны Әбділда Тәжібаев айтқан. Бір ұқсастық бар. Салыстырып көрейік. Кеңес жазушысы Николай Алексе-евич Островский 1904 жылы 16 қыркүйекте дүниеге келіп, 9 жасында мектепті Құрмет грамотасымен бітіреді. Он сегіз жасынан денсаулығының нашарлағанына байланысты дәрігерлік комиссия мүгедек деп таниды. 23 жасы¬нан бастап өздігінен жүре алмады, буын ауруына, Бехтерев дертіне шалдығып, оған қоса полиартрит диагнозы қойылды. Бірнеше рет омыртқасына күрделі ота жасалды, бірақ бұл оның жағдайын жеңілдетпеді. Күннен-күнге нашарлай бастады.
Н. Островский төсекке байланған тұста шығармашылықпен айналыса бастайды. Тіпті, осынау өліммен арпалысқан кезінде Свердловск университетін сырттай бітіріп алады. Міне, осындай қиын шақта қайсарлықпен «Құрыш қалай шынықты» кітабын жазуды бастады. Романның алғашқы нұсқасын аяқтаған кезде жаңа қиындыққа тап болды, көзі көруден қалды. Сонда да жа¬зуын тоқтатпастан, роман мәтінін туыстары мен әйеліне ауызша айтып, жаз¬дыра түсті. Ол еш уақытта да көңілін түсірген емес. Айналадағы адамдарға: «Мені ауру деп есептейді. Не деген келеңсіздік! Мен саумын. Менің ештеңе көрмейтінім, қозғала алмайтыным – түсініспеушілік! Мен сіздермен жақсы өмір үшін күрестің барлық саласында біргемін!» – дейтін. Ал бұл кезде ол қозғалуы қиын, ең бір ауыр мүгедектік жағдайда еді.
Жазған романын «Молодая гвардия» баспасына ұсынады. Мұндағы оқиғалар «кейіпкердің шындыққа жанаспайтындығына» байланысты баспа бас тартады. Бұл жерде де оның қайтпас қайсарлығының, табандылығының нәтижесінде ғана кітап баспадан шықты. Бұл жұрттың ерекше қызығушылығын туғызып, ең таңдаулы жинаққа айналады. Островскийдің көзі тірісінде бұл автобиографиялық романы 41 рет басылып шықты. Кітап өз өмірінен жазылған, басты кейіпкер Павел Корчагиннің өлмес ерлігін, қайсар тірлігін паш ете білді. Кітап теңдесіз, ешкім күтпеген танымалдыққа ие болды, бүкіл Кеңес Одағында ең көп жарық көрген көркем шығармаға айналды. Сол кездегі 536 рет қайта басылған шығарманың таралымы 36 миллион 416 мың дананы құрады. Ал 1991 жылдың 1 қаңтарына дейінгі уақытта роман жалпы таралымы 53 миллион 854 мың данамен КСРО халықтарының 75 тілінде 773 рет жарық көрді. Николай 1936 жылы 22 желтоқсанда небәрі 32 жасында өмірден озды. Қосжанның жасымен салыстырғанда үш жыл ерте кеткен.
Дәл осыған ұқсас оқиғаны әртіс Кененбай Қожабековтің өмірінен де байқаймыз. 32 жасқа келген шағында, Балалар мен жасөспірімдер театрынан шығып келе жатқан кезінде Ыдырыс Ноғайбаев, Нұрмұхан Жантөрин үшеуіне көше басбұзарлары шабуыл жасап, Кенекеңнің жұлынына әлденеше жерден пышақ салып, омыртқасын зақымдайды. Осы бір қарғыс атқан күнді актердің өзі «Құлап түскен күнім» деген екен. Бес сағат жасалған отадан кейін нардай жігіт бел омыртқасыз қалған. Шыдамдылық пен қайсарлықтың үлгісін көрсеткен ол өмірге құштарлық таныта білді. Дәрігерлердің қатал үкімі – алдағы өмір толығымен қозғалыссыздықтан тұратын болады. «Не істеу керек? Тек ішіп- жеу үшін, дем алу үшін өмір сүрмекпін бе? Жоқ! Бұл мен үшін емес». Берілген дербес зейнетақының өзінен бас тартады. Өмір үшін күресі осылай бастала¬ды. Кинорежиссер Сұлтан Қожықов досына Николай Островскийдің «Құрыш қалай шынықты» кітабын сыйлайды. «Кененбай, жата берме, қимылда, бізге сен керексің, мен саған бір тамаша рөл дайындап қойдым. Тезірек айығуың керек», – деп, оған «Егер біз әрқайсымыз» фильміндегі Бақытжанның рөлін береді. Сенімін жоғалтпаған ауыр халдегі Кененбай таяқ таянып жүре бастайды. Мұндай жағдайды күтпеген дәрігерлердің өзі таңырқайды. Сұлтан Қожықовтың берген рөлін ойнап жүріп, өзеннің иірімінде қалған шопан¬ды ойнау үшін дублерді қажет етпей, өзенге өзі түседі. Мұздай өзеннің суы Кененбайдың аяқтарын әлсіздендіріп тастайды. Осыдан соң амалсыз темір арбаға өмірінің аяғына дейін байланады. Қараңызшы, 28 жыл бойы осынау азапты бастан өткереді.
Кенекең алғаш пышаққа түскен кезде ұлы Ілияс бар-жоғы 9 жаста еді. Әкесі жүріп-тұра алмай, қол арбаға байланып отырған шағында, сүйген жа¬рына еркіндік береді. Қаршадай бала әкесімен бірге қалуды жөн деп санай¬ды. Осылайша 28 жыл бойы жарымжан әкесінің қас-қабағына қарап баққан баласына «Балам менің – аяғым да, қанатым да» деп баға берген екен. Ілияс Кененбайұлы Қожабеков – бүгінде ғалым-оқытушы, ұзақ жылдар Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясында ұстаз болған өнер зерттеушісі. Кенен¬бай Қожабеков 60 жасқа қараған шағында, 1988 жылы өмірден өтеді.
Дәл осы жағдайда өте танымал әнші Анна Германның да оқиғасы еске ора-лады. Анна 1936 жылы 14 ақпанда Өзбекстанның Үргеніш қаласында дүниеге келген. Бір кездері біздің Жамбыл қаласында да тұрған. 1967 жылы 27 тамыз күні 31 жасында Италияда ауыр автокөлік апатына түседі. Құтқарушылар тек жүргізушіні табады да, машина терезесінен алысқа ұшып кеткен және шөптің арасында жатқан Аннаны байқамай да қалады. Тек ертесіне таңертең сүйектерінің 49 сынығы (оның ішінде омыртқасы да) бар ауыр халде ауруханаға әкетеді. Шындап келгенде, өмірге шексіз құштарлығы арқасында өмірге қайта оралады, яғни, арада 4 жыл өткенде ғана, 35 жасында сахнаға шығады. Құдды бір фантастика дерсіз!
1980 жылы атын әлем таныған Анна Германнан онкологиялық ауру та-былады. 1982 жылы Варшаваның әскери госпиталінде тамыздың 25-інен 26- сына қараған түні 46 жасында бақиға аттанады. Оның орындауындағы «На¬дежда», «Эхо любви», «Когда цвели сады», «Гори, гори, моя звезда» және т.б. әндер бүкіл Кеңес Одағында, тіпті, қазірдің өзінде жұлдызды әндер қатарында шырқалып келеді. Өмірден өткеннен кейін Ресейде, ТМД-ның бірқатар елдерінде, Германияда, Голландия мен АҚШ-та Анна Германға арналған кеш¬тер өтті. Таңғажайып таралыммен күйтабақтары басылып шықты.
***
Тағы да Қосжан туралы ойлаймын. Егер қазіргі заманғы медицина болғанда аман алып қалуға болар ма еді?! Қараңыз, 1955 жылы 23 жасында арман қуып Алматыға аттанады, журналистика факультетіне оқуға түседі. Студенттер сол жылы Оңтүстікке мақтаға барады, жергілікті жерде антисанитарлық жағдайдан бір топ бала сары аурумен ауырады. Дерт сол кезде жабысады. Бұл нендей ауру екен? Дәрігерлердің айтуынша, вирусты гепатит деп аталатын бұл ауру да ба¬уырды зақымдайды, зат алмасу бұзылады. Көп жағдайда симптомсыз өтеді, сондықтан диагнозды дер кезінде қою қиын. Сонысымен де бұл ауру қауіпті саналады. Асқынудың салдарынан бауыр циррозы, бауыр ісігі, фиброз сияқты өте қауіпті ауруларға алып келеді. Бір жағы Қосжан сол кезде тынымсыз ізденудің нәтижесінде шығармашылық қарбаласты бастан өткерді. Себебі, әрі студент, әрі талантының арқасында кейіннен республикалық «Қазақстан пионері» газетінде жұмыс істеді. Бұл жерде аурудың сезілмеуі салдарынан асқындырып алуы да мүмкін.
Сол кезде, 1956 жылы 9 мамырда досы Шыналбайға жазған хатынан сырқат адамның жай-күйін аңғаруға болады:
«Шыналбай, сенің «...бір кездегі зор үміт пен талап бейне бір елес тәрізді сағымданып барады» деген сөздерің менің дос жанымды тебірендірді. Амал не, өмірде арманына жететіндер аз-ақ, санаулы-ақ. Міне, менің де бас бармағым тістеулі күйінде тұр әлі. Алматыға келген айлардың төрт айын ауруханада өткізіп отырмын. Естіген боларсың, 15 декабрьден 22 февральға дейін ауырып, емделіп ауруханада жаттым. Сол ауруым қайталап, 2 апрель¬ден бері тағы да ауруханада жатырмын, достым. Қазіргі халім де онша емес. Көресіні көргеннің біреуі мендей-ақ болар.
Менің ауруым – бауырдың – адамның ас қорыту организмінің лабораториясының ауруы. Бауырым қазірдің өзінде, нешеме емделулерден кейін де, 3-4 см үлкейген күйінде тұр. Менің өмір бойы ішкілік ішуге (пивоға дейін) мүмкіндігім болмайтын болды. Оның бірін ауызға алсам – өлім қаупіне ұшырайтын боламын. Ішкілік ішпеген – жақсылық қой. Мұны мен нәзік, жа¬рымжан болғанымның белгісі ретінде жазып отырмын, ренжіп отырғаным жоқ ішкілік ішпейтініме.
Міне, тағы да физкультурадан біржола босатты. Осыдан да ауру халімді аңғарасың ғой, достым. Әлі де ауруханада ондаған күн жататын шығармын (одан көп болмаса...). Білмеймін, оқуға дәрігерлер (қазіргі екі-үш айда) рұқсат ете ме, әлде демалысқа, не курортқа жібереді ме? Әйтеуір, сырқат халім – адам төзбестік...».
Хат иесі бұл жерде қайғы-мұңға берілгенін емес, «оқуға түсе алмадым, ар-маным орындалмады» деген досына басу айтып, қандай жағдайда да қайыспай алға ұмтылу, сенімді жоғалтпау керегін жеткізу мақсатында айтып отыр. Өзі қиындықта жүрсе де, өмірге құштар жан ғана өмір биігін бағындыра алаты¬нын аңғартып, дос пейілімен жігер беру үшін қолына қалам алған. Мұны мына сөздері айқындап тұр:
«Достым, екі көзінен айырылған жазушы большевик Н.Островскийдің мына сөздерін өзімнің де, сенің де есіңе салғым келеді: «Умей жить и тогда, когда жизнь становится невыносимой. Сделай ее полезной». «Біріміз аурумыз, біріміз оқи алмадық» деп, өмірдің тәлкегіне түсе беруімізге жол жоқ деген ұғым туады мұнан. Қолда бар мүмкіндікті сарп етіп, қайғы бұлтын басымыз¬дан серпіп тастауға тиіспіз, қуанышты өмір сүруіміз керек қалайда!».
Міне, біз білетін Қосжанның бейнесі!
Осы досынан басқа жанға аурудың әлегі туралы ешкімге тіс жарып айтпаған. Қашанда дені сау адамдай тірлігін жасап, оқуын, бірінші семестрді тек 4 пен 5-ке аяқтаған. Өзінің редакциядан алған тапсырмаларының бәрін дер кезінде тап-тұйнақтай етіп орындап, өлеңдерін де жазып, газеттерге де беріп отырған. Одан бөлек отбасы тірліктері, өтініш айтып келгендерге көмектесу, қонақты қарсы алу, күтуден арылмаған. Ішкі дүниесіндегі адам төзгісіз алапат азабын ешкімге сездірместен, өмірінің соңына дейін 12 жыл бойы арпалысқан. Қазіргі уақытта сәл балтыры сыздаған кей адам «ауырдым» деп жатып алса, ол жоғарыдағы диагнозбен шыдамдылығын, сабырлылығын, қайсарлығын, адамның көңіліне қарайтын қасиетін бір сәт те жоғалтпаған!
Әбіш Кекілбаев ағамыз: «Ақын үшін ең зымыран тұңғиық та – жүрек, ең шырқау биік те – жүрек», – деген екен. Өмірінің соңғы сәтінде қайта-қайта қысылып, «Жедел жәрдем» шақырғанда, дәрігер: «Не деген мықты жүректің иесі еді!» – деген. Иә, жалынды жүрек иесі еді ол!
Өмірдерек
Қосжан Мүсірепов 1932 жылы 9 қаңтарда қазіргі Түркістан облысы Ордабасы ауданы Бөржар өзенінің жағасындағы Бөржар ауылдық округіне қарасты «Бірлік» ауылында дүниеге келді. Әкесі Мүсіреп атақты диқан еді. Мақта өсіруден рекорд жасап, әр гектардан 42 центнерден өнім алғаны үшін Қазақ КСР-нің Құрмет грамотасына ие болған. Мақталықтың бір бұрышына еккен қауыны піскен кезде базарға сатпай, Арыс қаласындағы балалар үйіне апарып беретін. Өзінің ұлдары – Қосжан, Сырым, Абай үшеуін де еңбексүйгіштікке, мейірімділікке тәрбиеледі.
Қосжан 1946 жылы 14 жасында Бірлік жетіжылдық мектебін бітірген соң Шымкенттегі 2 жылдық мұғалімдер институтына түседі. Сонда оқып жүрген кезінде жазған өлеңдері «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жиі жарияланып тұрады.
1948 жылы оқуды бітірген соң өз ауылына келіп «Бірлік» мектебінде мұғалім болады. Үш жылдан кейін Арыс аудандық оқу бөліміне инспектор болып тағайындалады. 1952 жылы көктемде Арысқа көшеді.
1954 жылы Қосжан 22 жасында Арыс аудандық «Социалистік жол» газетінің редакторы болып тағайындалады.
1955 жылы Алматыда қазіргі Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түседі. Ақынның қызу шығармашылық қызметі осы кезде басталады. Түрлі жанрдағы кітаптары оқырмандар әлеміне жол ашады.
1959 жылы «Менің қарындасым», 1961 жылы «Менің апам – дәрігер», 1962 жылы «Кім батыр», 1963 жылы «Дос жүрегі», 1965 жылы «Арман лебі», 1966 жылы «Жалын» атты өлеңдер мен поэмалар жинағы жарық көріп, әдеби қауым мен оқырмандардың ыстық ықыласына бөленеді.
1967 жылы 3 наурызда ауыр науқастың әсерінен 35 жасында арманы асқақ ақынның жүрегі тоқтайды.Өмірден өткен соң «Гүлжазира» атты новеллалар жинағы баспадан шығады. Қосжанның Бақытжан, Қанат, Жанат, Гүлжазира, Раушан, Ғазиза атты балалары бар.
Қосжан Мүсірепов туралы лебіздер
Ақын Әбділда Тәжібаев:
«Ол нағыз қазақтың Островскийі еді. Қанша ажал арбаса да мойымаған, ауру қысса да берілмеген, өлім қасында жүрсе де елемеген қайсар рухты ақын еді».
Сатирик Садықбек Адамбеков:
«Ол кезде лирика жолы қиындау еді. Лирикамен әуестенушілерге тақпас ат болмайтын. Бәріміздің де жанр алмастырған себебіміз сондықтан. Ал Қосжан алған бетінен қайтпай, бойындағы барын лирикаға бағыштап өтті».
Ғалым, филология ғылымының кандидаты Көбей Сейдеханов: «Шыдамды, төзімді жан еді. «Қалайсың?» деймін көңілін сұрай барып. «Аса жақсы болмайын деп тұр» дейді ол жанына батқан ауру, жақындап қалған ажалды елемегендей жайбарақат».
Ақын Сабырхан Асанов:
«Қосжанның жасы бәрімізден ересек еді. Жасы ғана емес, оның жыры да бәрімізден оқшау, озық тұрды. Бәрімізден ертерек танылды. Жауқазын жырымызды жариялап, әдебиетке келуімізге де септігін тигізді».
Ақын Әбіраш Жәмішев:
«Біз кемеңгер Абайдың «Өлді деуге сыя ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деген екі жол өлеңін Қосжан Мүсіреповке де бағыштаймыз. Шынында да Қосжан өлген жоқ, өйткені оның артында өлмейтін, әрдайым жаңа ұрпақпен тілдесіп тұратын жырлары, жүректен жарып шыққан сөздері қалды».
Ақын Тұманбай Молдағалиев:
«Қосжанды еске алғанда кеше ғана құлын-тайдай ойнап өскен бір жолдасыңның оралмас сапарға мезгілсіз жөнеліп кеткенін еріксіз мойындап, артында қалған көзі ғой деп өлеңдеріне үңілесің. Оның мұңды да нұрлы, жарқын да асқақ жырларынан ерекше ләззат алып, өмір сапарын тоқтатпаудың бір амалын тауып кеткен досыңа тағы бір риза боласың». Белгілі журналист Мұса Дінішев («Мәдениет және тұрмыс» журналының алғашқы редакторы):
«Қосжан адал азамат, аяулы ақын болатын. Оның отаншыл, сырлы өлеңдері, лирикалық новеллалары қазақ оқушыларына белгілі. Аз ғана жыл ішінде өзінің еңбекшіл ісімен, тапқыр ойымен, досшыл жанымен үлгі, із қалдырды. Ақын Бекен Әбдіразақов:
«Оның жүрегінен арман лебі әрдайым шалқып есіп тұратын еді. Қиялдаған сәтте көздері жайнап, жүзі нұрланып кететін. Бұл мінез оның өмірге деген шексіз құштарлығының көрінісі еді. Қосжан қаламынан туған жырларда осындай бір шуақ ойнап тұратын».
Ғалым Құлбек Ергөбек:
«Қосжанның ақындық таланты қос арнадан тәлімденгендей. Себебі, одан қалған мұра екі салалы. Бірі – үлкендерге арналған лирика, толғау, дастандар да, екіншісі – балғын бөбектерге арналған сәби мінезді өлеңдер».
Ақын Ертай Ашықбаев:
«Аяулы Қосжан бейнесін көз алдыңызға әкелесіз. Әкелесіз де оның талай талапты жасқа шапағаты тигенін, талай жастың томағасын сыпырып, өлең өлкесіне аттандырғанын білесіз. Иә, Қосжан өлеңі бәріміздің жүректерімізден орын теуіп, ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа кете бермек».
Журналист Бердуәлі Тұрмағанбетов:
«Біз Қосжанмен мұғалімдер институында бірге оқыдық. Өте ізденгіш, сезімтал, оқуда озат жан еді. Қосжанның ақындық арманы асқақ еді. Абайдың кітабын жастанып жататын, өлеңдерін жатқа айтатын. Ерекше қабілетті еді».
Әкім Ысқақ,
Қоғам қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
qazaquni.kz