"Мені өтпес пышақты қайрағандай қайрады"
2021 ж. 05 желтоқсан
4679
0
Шымкенттегі Бауыржан Момышұлы атындағы милиция оқуы орталығының оқытушысы, милиция подполковнигі, ақын Айболат Маймақов інім телефон соғып:
– Жақында бір шәкіртім: «Түркістанда жұмысым болып тұр. Бірге барып қайтайқшы?» ¬ ¬¬ деген ұсыныс жасады, – деді.
– Барсам, Рахманқұл Бердібаев ағамен дидарласа алам ба?
– Дидарласа аласыз. Рахманқұл менің көкем ғой. – Содан сәті түсіп, бала күнгі телевизордан талай көріп, бір жолықсам деп армандаған кісіме жолықтым. Сырқат екен. Төсегінің жанына арқан байлап қойыпты. Орнынан сол арқаннан ұстап тұратын көрінді. Ауырып жатса да, менімен бес сағат әңгімелесті.
– Қай жақтансың?
– Төле би ауданынанмын.
– Кешегі ана Галкиндегі қазақ баласын қорлаған күрдтің баласына не істедіңдер?! ¬– деді айқайлап.
– Заң бойынша жазаланғалы жатыр.
– Бездіріп жібермейсіңдер ме? Бездіріп!
– Аудандық милиция бастығымен қоса кінәлілер қамауға алынды.
– Оны маған несіне айтып отырсың? Қамалғандар ары кетсе, 8-10 жылдан кейін бостандыққа шығады. Олар неғып қазақ баласына тиіседі? Баламыздың қорланғанын естігенімде кіріп кететін тесік таппай қалдым.
– Қазақтар кінәлілерді көшіріп жіберді.
– Дұрыс. Қазақтың баласына ешкім тиіспесін, тиіспек түгілі, дөрекі сөз айтпасын, айтуға батылы жетпесін. Ұл-қыздарымызға құрметпен қарасын. Жағдайды сондай дәрежеге жеткізіңдер. Ұлттық намысты жоғары ұстауларың керек.
– Көке, мені өтпес пышақты қайрағандай қайрағаныңызға рақмет. Ұлттық намыстың қандай болатынынан хабарым бар. Шешенстанда әскери қызметімді атқарып жүргенімде бір шешен қызбен танысып, сөйлесіп тұрғанымда, он екі жасар шешен ер бала келіп, маған «кет» деді орысша сөйлеп. Қыздан:
– Сенің інің бе? – деп сұрап едім, ол «жоқ, танымаймын» деді. Соны білген соң, ол балаға «өзің кет» дедім. Мен он сегіздемін, он екі жасар баладан қорқам ба? Сол кезде ол жан қалтасынан пышақ шығарды. Танымайтын әпкесін қызғыштай қорыған оған риза болып, әрі шатақ шығып кетпесін деген оймен мен табанымды жалтыраттым. Сол оқиғадан бері ұлттық намыстың не екенін білем, көке.
– Білмейтіндер де бар. Солардың кесірінен бізді менсінбеушілік орын алып жүр. Олардың есіргеніне өзіміз кінәліміз.
Қоштасарымда ғұлама көкем:
– Найман арықта сенің тамаша ақын атаң жатыр. Ол кісі әлі лайықты зерттелген жоқ. Сен зертте, – ¬деді маған аманат артып. Сырқатына байланысты ол кісінің атын есіне түсіре алмады. Уақыт тауып, Найман арыққа барып, жергілікті тұрғындардан сұрастырып білдім. Ол кісі атақты ақын Орынбай Тайманов екен. Қазір ол кісінің шығармаларын зерттеу қолға алынды.
Мамытбек Қалдыбай,
Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты.
qazaquni.kz