Бәйге аты мүсінін жасырады
2021 ж. 05 желтоқсан
4350
0
– Кешігіп калмасам нетті?..
Өз-өзіне іштей осылай деп үн қатқан Сәкең төс қалтасын қарманды. Сөйтті де, ондағы қолына іліккен қатырма қағазға жүріп келе жатып тағы бір рет көз салды. Мұнда: «Құрметті Сайын аға! Сізді республикалық Оқушылар сарайындағы өзіңіздің творчествоңызға арналған кездесуге шақырамыз. Жүздесу үстіміздегі жылғы 1 қыркүйек – Білім күні сағат 12.00-де басталады» деп жазылған еді. «Жоқ, кешікпеппін», – деді шақыру билетіндегі уақытты көріп көңілін демдеген ол қолындағы сағатына қарап. «Кездесуге дейін әлі 10 минут бар екен. Үлгеремін».
Осылай деп ой түйген Сәкең Сәтбаев пен Достық көшелерінің қиылысындағы биік күмбезді ғимаратқа қарай бет алды.
...Қаламгер аға Оқушылар сарайы қызметкерлерінің бастауымен конференц-залға келіп кіргенде оның ішін дуылдай соғылған шапалақ үні көміп кетгі. Төр жаққа өте беріп байқады, жүздесуге ұстазы, шәкірті бар дегендей, ұзын саны жүз-жүз елуге жуық адам жиналған сияқты. «Жиналыс десе жаратпай, одан ат-тонын ала қашатын мына заманда бұл да жаман емес. Осының өзіне шүкіршілік» деп ойлады Сәкең залдағы оқырмандарға барлай қарап. Сөйтті де, осы кездесуге жауапты қызметкердің сөзіне құлақ түрді. Методист қарындастың айтуына қарағанда, алдымен жазушы ағаның өмірі және творчествосы туралы баяндама тыңдалмақ. Содан кейін оның соңы оқырман мен қаламгер арасындағы сұрақ-жауапқа ұласпақшы.
«Сайын Мұратбеков ағай 1936 жылы Талдықорған облысының Қапал ауданында дүниеге келген. Жеті жылдық мектепті туған ауылында оқып, онжылдықты Талдықорған қаласындағы қазақ мектебінде бітірді».
Мінбеге шығарда елге: «Астанадағы №2 орта мектепгің оқушысы», – деп таныстырылған қалқаңқұлақ қара баланың баяндамасындағы алғашқы сөз міне, нақ осылай басталды. Мұны естігенде Сәкеңнің ішкі сезім пернесі дір ете түсіп, өн бойынан әлдебір белгісіз ағын жүгіріп өткендей болды. Оған қозғау салған өзі үшін ешқашан ұмытьшмас сәт – балалык шақ атты үлкен өмір мектебінің шолтаң етіп, бар-жоғы екі-ақ сөйлемге сыйып кеткендігі еді. Иә, бұл айтуға ғана оңай. Әйтпесе... Осыны ойлауы мұң екен, көз алдына басқа бір таныс-бейтаныс көріністер келгендей әсерде калды да қойды. Көңіл түкпірінен көтеріліп шыққан ол елестер төмендегідей жанды өмір суреттері еді.
...1942 жылдың қысы. Ешкіөлмес тауының етегі ұйытқи соққан ақтүтек бораннан көрінбей тұр. Толассыз жауған қалың қар ауладағы бәкене үйлерді көміп тастап, оларды мұржаларына дейін басып қалған десе де болады. Сыртқа шығып, қарға адым жер жүре алмайсың. Дала аяздан домбыра тартып тұр.
Ішін тарта ұлыған боран үнінен мезі боп барып көзі ілініп кеткен ол бір мезетте шар етіп шошып оянды.
– Не... Не болды? Бірдеңеден корықтың ба, қарағым? – деді пеш түбінде қол диірмен тартып отырған Мұратбек ақсақал немересіне жалт қарап.
– Ата... Апам мінген арба аударылып қалды, – деп өкси тіл қатты бұл, жаңа бір өзірде ғана көрген қорқынышты көріністен есін жия алмай.
– А-а, солай ма? Апырай, ә... Түсіңде қорықсаң, өңіңде қуанасың деген, балам! Ештеңе етпес қане, тандайыңды көтерейін, – деді оған абдырай тіл қатқан ақсақал.
Өстіп жатқанда үйге даладағы аяздан үсті-басы аққырау боп анасы Рәзия да келіп кірген. Шай үсгіндегі өзара әңгіме арасында атасы келініне немересінің манағы көрген түсін айтгы.
– Е-е, қойыңызшы, ата, – деді оған келіні. – Осында жүрген мені жау алар деймісіз. Одан да мұның көкесін айтсаңызшы. Ненің күнін көріп жүр екен байғұс...
– Менің де ойлайтыным сол, қарағым. Есіңде ме, осы Сайын өмірге келерде ол «байдың баласы» деп ұсталып, әрең оралмап па еді елге. Сол азаптан енді есін жия бергенде мына соғыс атты тозаққа аттанғанын қайтерсің. Аман келсе екен, әйтеуір.
Сол кештегі әңгіме осымен тәмамдалған. Жатарда Мұратбек қарт немересінің күндізгі көрген қорқынышты түсін ұмыттырғысы келді ме, жоқ әлде шынымен көңілін аулайын деді ме, әйтеуір, мұның көрпесін қайта-қайта қымтап қойып, «Жартыбайдың екі ешкісі» ертегісін айтуға кірісті. Содан кейін ер бабалары Найзабек пен Шаншар туралы әңгімелерін бастады. Атасының сөз арасындағы әңгімесіне қарағанда, майданда жүрген әкесі де небір қисса-дастандарды жадуалдай жатқа соғатын жан екен. Ол Қобыланды, Қамбар, Алпамыс, Ер Тарғын, Ер Сайын батырлардың аттары аталған жерде ішкен асын жерге қойып, олардың жырдағы ерлігін екі сөзінің бірінде айтьш отырушы еді дейді. Содан болар, қарғыс атқан әнебір қиын жылы НКВД адамдары оны ұстап әкетуге келгенде: «Келініңіздің ай-күні жетіп отыр, әке. Егер ол ұл туса атын Сайын деп қоярсыз», – деген тілек айтады. Бұл оның «Ер Сайын» жырыңдағы әке кегін қуған батыр болса екен деген арманы шығар, бәлкім.
Сол түні бала Сайын атасының жоғарыдағыдай жүрек жылуына толы әңгімесін тыңдап жатып, қалай ұйықтап кеткенін байқамай да қалған.
Содан бір айдан соң... иә, тура бір айдан соң бұлардың отбасында оқыс оқиға болды. Қырман басынан жеткен суық хабарға қарағанда, колхоз жұмысында жүрген анасы қайғылы қазаға ұшырапты.
– Қалай? Қайтіп? Мүмкін емес!.. – деп шошып кетті бұл үйге дауыс салып кірген ауыл адамдарын көргенде.
– Апырай... Әнеукүнгі түс тегін болмады-ау, – деді жүрегінен жалын ата күрсініп, жер таяна отырып қалған Мұратбек қарт.
Білетіндердің айтуынша, оқиға былай болған. Кешке жақын ауданнан: «Қызыл жұлдыз» колхозы таңертең МТС- қа 20 шана бидай жеткізсін, – деген хабар келеді. Мұны естіген ауыл белсенділері қырмандағы қыз-келіншектерді астық қаптауға жұмылдырады. Содан кейін оларға дайын болған дағарларды көтертіп, шанаға тиеттіреді. Осылайша бұлар түні бойы бел шешпей еңбек етеді. Ақ тер, көк тер боп жанұшыра қимылдайды. Бір мезетте Көлбай керең мұрнынан сау ете түскен қанды тоқтата алмай, жүрелеп отыра кеткен мұның анасы Рәзияны көреді. Ел ол кісіні сәл демалып, есін жисын деп қосқа апарып жатқызады да, өздері қайтадан жұмысқа кіріседі. Содан олар МТС-қа жіберетін шана керуенін жолға толық әзірлеп болып қоржынтамға кірсе, анасы шалқасынан түскен күйі қимылсыз жатыр екен дейді. Мұрнынан аққан қан мойнына ұйып қалыпты. Барып қозғап көрсе, әлдеқашан жантәсілім етіп жүріп кеткен екен.
Бұл күні-түнгі ауыр жұмыстан әбден әлсіреп, зорығып кеткендіктен болған қаза десті үлкендер.
– Әкең болса майдаңда. Шешең ғой мынадай күйге ұшырады. Қой... енді болмас... Тірлік жасайық, қарағым!
Апасының қырқынан кейін немересіне осылай деген Мұратбек ақсақал көктем шыға бере күрек саптап, кетпен шыңдаған өзгеше бір қарекетке кірісті. Елді титықтатқан соғыстың үшінші жылының өздеріне оңай тимесін сезген көнекөз қария етек-жеңін жинаған мына қимылымен оған алдын-ала қам жасағандай еді.
Әлі есінде, қар еріп, шыбық күшіктей бастаған шақ болатын. Сол күні ол кісі үйдегі сары самаурынды арқалап МТС-қа барып келді де, айырбасқа алған асқабақ, темекі тұқымдарын ескі кебежеге салып қойды. Содан кейін бұған нағашысының бәсіреге берген көк тайын үйреттіріп, оған Ақешкі сайынан қиған балғын талдарды теңдеп әкеліп, үйдің артын қоршады.
Осылайша ол атасы екеуі қоржынтам іргесіндегі қой қораның орнындай ғана құйқалы жерге бақша салуға кіріскен. Жер аудару... Арық қазып, тұқым себу... Жүйек бойындағы қылтиып шыққан әрбір өскінді мәпелей күтіп, оны арамшөптерден тазарту... Суығы сүйектен өтіп, шекеден шығар бұлақ суын бөгеп, бақшаға қарай бұру... Міне, осының барлығы жетіге енді толған жыртық көңіл, жүдеу жүз жасөспірім мен күш-қуаты әбден қайтып, тек мына немересі үшін ғана қалқиып тірі жүрген сексен жастағы қарияға оңай шаруа емес-ті. Бірақ тірлік ету керек. Аштан өлмеу қажет. Сол үшін де бұлардың осылай тырбанулары тиіс еді.
Баланың аты – бала. Кейде оның митыңдаған мына тірліктен тұра кашқысы келіп, кеңілінің алай-түлей болатыны бар. Сондай сәттерде ол сүзіліп тұрып, ойдағы ауылға ұзақ қарайды дейсің. Әне, онда ғой өзіңдей балалар асыр салып ойнап жүр. Ал бұл болса... Атасы мұның ол ойын сезе ме, әлгіндей кездерде қалбақбақтап жаны қалмайды. «Сәл демалайық. Сусын іш», – деп бақша шетіндегі күркеге ертіп әкеледі. Сөйтеді де, ертегі айтады. Майдандағы әкесіне хат жаздыртады. Содан кейін колхоз бастығынан сұрап алып, мәсісінің қонышына тығып жүрген жалғыз бет аудандық газетті суырып алады да: «Соғыстан не хабар бар екен. Оқы», – дейді бұған.
– Мұнда біздің әскерлердің Курск түбінде жойқын шабуылға шыққаны жазылыпты, ата. Прохоровка деген село үшін кескілескен ұрыс, қып-қызыл шайқас жүріп жатқан көрінеді.
– Е, Алла!.. Өзің жар бола гөр. Сонда әлгі әкең оның қай жағында жүр екен?
– Көкем бұл жерде емес, Солтүстік майданда ғой.
– А, солай ма?! Дегенмен, ол әлгіндей кескілескен жерден аулақ болсын да. Хатыңа сөйтіп ескертіп жаз. Жарай ма?
Өстіп жүргенде күз де жеткен. Атасы мен немересі үй артындағы бақшадан алған өнімдерін талшық етіп қыстан да шыққан. Сөйтіп, өлмеген құлға келді жаз деп көктемге де іліккен.
– Сайын... Сүйінші! Әскерден ағаң келе жатыр!
Қуанған мен қорыққан бірдей деген рас-ау... Көктемгі шуаққа шекесі жіпси таспа тіліп отырған Мұратбек қарт мына сөзді естігенде, орнынан тұра алмай-ақ қалғаны. Тек: «А Құдай! Уа, жаратқан Алла!», – дей берді де, немересіне көше жақты нұсқады. Мұны: «Бар. Әкеңнің алдынан шық», – деп ұққан жасөспірім күнбатыстағы қасқа жолға қарай құстай ұшты. Шетке шыға бере байқады, арқасында дорбасы бар жалғыз жаяу ауылға жақындап та қалған екен. Қарсы алдынан соққан желден көзі жасаураған ол әй-шәй жоқ әлгі кісінің қойнына барып қойды да кетгі. Сөйтті де, қыстығып тұрып ұзақ жылады дейсің. Оның ағыл-тегіл бұл көз жасында: 42-нің қытымыр қысындағы ана қазасынан кейінгі көрген азап, сол жылдың аптап жазындағы атасы екеуі бастан кешкен тозақ, былтыр күздегі колхоз бригадирінің қырмандағы тұлықтасқа мінгізіп, жиын-теріннен соң бір уыс та бидай бердіртпеген мазақ.., бәрі-бәрі де бар еді. Сондағы нала мен наза, қорлық пен зорлық енді ып-ыстық көз жасы боп сыртқа шығып жатыр, шығып жатыр. Көз жасының ыстық та ащы болатынын ол осы жолы тұңғыш рет сезген.
– Айналайын, жылама, – деді даусы дірілдей шыққан әкесі бұның ебіл-себіл боп еңіреген түріне қарап. – Жылама. Міне, мен келдім ғой. Енді қиналмайсыңдар. Бұдан былай атаң екеуіңді арқама салып жүріп асыраймын, құлыным!
Осы кезде олардың қасына көк құнанымен тепеңдеп Мұратбек ақсақал да келіп жеткен еді.
«Болашақ жазушының әдебиетке деген талабы мектеп қабырғасында жүргенде-ақ байқалады. Мұны Сайын ағаның сол кездегі аудандық, облыстық газеттерде жарық көрген туындыларынан білуге болады. Жазуға, жазушылыққа деген осы құштарлық оны 1954 жылы КазГУ-дің Журналистика факультетіне алып келді».
...Мінбедегі міндетіне мықтап кіріскен баяндамашы баланың мына сөзі Сәкеңнің түу сонау алысқа шарлап кеткен ойын үзіп жібергеңдей болды. «Иә, – деді ол ішінен. – Балақай дұрыс айтады».
Сөйтті де, баяндамашының «әдебиетке талабы», «мектеп қабырғасында» деген сөздеріне орай төмендегідей жәйттарды есіне алды.
Шамасы, 1947 жылдың күзі-ау деймін, Талдықорғанға кеткен әкесі үйге қоңыр мұқабалы үлкен бір кітапты алып келді. Бұған дейін атасының ертегілерін тыңдап, «Ана тілі» оқулығындағы шағын әңгімелерді ғана оқумен шектеліп келген оған мына базарлық тілмен айтып жеткізгісіз қуанышты оқиға болды.
– Қалада Ғалекеңе жолығып қалдым, – деді Сапарғали әкесі Мұратбек ақсақалға. – Ол кісі елге соға алмайтынын айтып, немереңіз екеуіңізге мына кітапты сәлемдемеге беріп жіберді.
Әкесінің Ғалекең деп отырған адамы ақын, атақты Жәкең – Жамбыл аксақалдың хатшысы Ғали Орманов болатын. Ешкіөлмес баурайында туып-өсіп, Алматыға ертерек оқуға кеткен ол кісі бұлармен жақын туыс, аталас ағайын болып келетін жайы бар. Мына кітап жасы жүзге жетіп барып, осыдан екі жыл ғана бұрын дүниеден озған ұлы жыраудың баспадан жаңа шыққан толық жинағы екен. Ғалекең көп жылдар бойы Жәкеңнің қасында жүргендіктен және осы кітапты шығаруға тікелей қатысы болғандықтан оны Жетісудың арғы-бергі ақындарынан хабары мол Мұратбек ақсақалға әдейі беріп жіберген сияқты.
– Ой, бәрекелді! Ғалиға көп-көп рахмет! – деді атасы ақын інісінің кісілігіне қатты риза болып. Сөйтті де: «Ал балам, бүгін кешке біздің үйге осы төңіректің кемпір-шалдары ауыз ашуға жиналады. Сен сонда оларға мына кітаптағы бір қызық дастанды оқып беретін бол. Жарай ма?» – деген тілек білдірді. Содан Жәкеңнің қалыңдығы кере қарыс келетін жыр жинағының алғашқы беті «бісміллә» деп басталсын. Бесінші кластың окушысы бұл ондағы өлеңдерді бар өнерін сала заулатып оқысын. Ел аузын ашып, көзін жұма тыңдасын. «Сұраншы батыр», «Құлмамбетпен айтыс», «Жамбылдың Айкүміс қызбен сөз қағысуы» сияқты туындылардың қызығына берілген жұрт енді атасы мен кітап және бұл үшеуін көрші үйдегі келесі күнгі ауыз ашуға шақырсын. Ол жерде де жинақтағы жыр жолдарын оқу одан әрі қарай жалғассын. Қойшы, мұның өзі бір қызық оқиға болды. Сондағы есінде қалған бір жәйт, ол аталмыш кітаптағы осы өңірден шыққан ақын Сара, Жәкеңнің жеке дәрігері Рақымбай Досымбеков, ғылыми хатшысы болған Ғали Орманов, халық ақыны Қалқа Жапсарбаев сияқты адамдарға қатысы бар жерлерге келгенде әлгі сөйлемдерге ерекше мән беріп, қаттырақ дауыстап оқитын. Оны естіген қариялар: «Апырау, мына кітапта біздің кісілердің де аттары жүр ғой. Ой, ерім-ай!», – деп дүрліге қауқалақтасып қалатын.
Осыдан бастап бұл ауылда кітапқа деген ерекше бір қызығушылық пайда болды. Қариялар Талдықорған жаққа жүре қалған адам болса, оған міндетті түрде не Мұхтар Әуезовтің «Абайын», не Қалмақан Әбдіқадыровтың жаңадан аудара бастаған «Мың бір түнін» тауып әкелуді тапсыратын. Сөйтетін де қолдарына тиген әлгі кітаптарды алып келіп, бала Сайынды қолқалайтын. Бұл болса бәлсінбейді. Нәшіне келтіре отырып оқып береді.
Өстіп жүріп жетінші класқа да жеткен. Бірде Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебін» оқып шыққаннан кейін оның көңіл түкпірінен қызық бір ой қылаң бергендей болды. Ол: «Өзің көрген, күнде куә болып жүрген құбылыстардан да мынадай дүние туады екен-ау. Әңгіме деген осы емес пе, өзі?! Жазып көрсем кайтеді...», – деген балаң қиял еді. Осы оймен ауылдағы қызық, кездейсоқ оқиғалардан құралған шағын бір әңгімені қиқалақтата отырып жазып шыққаны бар. «Біздің ауылдың кештері» атты тырнақалды бұл туындысын енді кімге көрсетерін білмей басы қатсын. Өстіп жүргенде әдебиет пәнінің мұғалімі сабақта отырған балаларға «Туған жер» деген еркін тақырыпқа шығарма жазуға тапсырма бермесі бар ма? Оған қуанып кеткен бұл жоғарыдағы әңгімесін сөмкесінен суырып алды да, басқа қағазға әдемілеп тұрып көшіріп, мұғалімге берді де жіберді. Ертесінде... иә, ертесінде класқа көңілді кірген қарт ұстаз: «Бар-жоғы 45 минуттың ішінде ешбір қатесіз, ойлы да орнықты жазылған шығарма», – деп оның әңгімесін мақтасын келіп. Сөйтті де, оны мұның тартыншақтағанына қарамай, мектептегі «Достар» атты қабырға газетіне жариялаттырып жіберді.
Халқымызда: «Біреуге біреу себепші» деген сөз бар. Бұған қоса: «Себепсіз салдар болмайды» дейміз ғой. Осы тұрғыдан алып қарағанда: «Бала Сайынды болашақтағы өмір жолына бейімдеп, оған ықпал еткен не нәрсе еді?» деген сауалдың ойға оралары анық. Бұған: «Оның тіні, түпқазығы мұның соғыс ызғары қарып өткен балалық шағындағы атасынан естіген ғажайып ертегілері мен кітап оқуға деген құмарлығында, ауыл қариялары айтқан ғибратты әңгімелерді қалт жібермей қағып алған құймақұлақтығында», – деп жауап беруге болады. Міне, осындай рухани сәулелерге толы табиғи тәрбие оны бірте-бірте Әдебиет атты күрмеуі көп күрделі өнер әлеміне қадам бастырған еді. Оған оның жоғарыдағы «Біздің ауылдың кештері» әңгімесінен кейін жатпай-тұрмай ізденіп, «Қиян», «Кемпірқосақ» новеллалары мен «Жолайырық», «Қырдағы ән» секілді скетч, пьесаларын жазуы анық дәлел. Бұлардың бірі сол кездері мектеп сахнасында қойылса, екіншісі аудандық газетте жарық көріп жатты. Осылайша ол оныншы класты бітірер тұста жазуға кәдімгідей төселіп қалған еді. Оны 1954 жылы өзінің облыстық газеттегі көркем шығармаларға жарияланған творчестволық конкурсқа қатысып, «Кездесу» деген әңгімесімен бас бәйгені жеңіп алғанынан байқауға болатын.
Ал нағыз үлкен әдебиет табалдырығын аттап, республикалық баспасөзде танылуына келсек... Ол былай болған еді.
...КазГУ-дің Журналистика факультетіне түсе алмай, Құрманғазы атындағы консерваторияның актерлік бөлімінде оқып жүрген кезі. Қаланың күнбатыс жағындағы Тастақта пәтер жалдап тұратын бес студент: Асанәлі Әшімов, Райымбек Сейтметов, Матан Мұратәлиев, Мақай Нұрқасов және бұл сабақтан ұшып-жығылып келеді де, жүрек жалғап алған соң әрқайсысы өз тірлігімен өзі боп кетеді. Асанәлі мен Райымбек, Матан аласұрып рөл сөздерін жаттайды. Мақай мұрнынан шаншылып бірде өлең, бірде скетч жазуға кіріседі. Ал бұл болса төсегінің жанындағы тумбочканы теріс қаратып алып этюд жазуға отырады. Содан сабақтан тыс берілген бұл тапсырма- жаттығуды орындау да аяқталады. Қара шай, қатырма нанды ортаға алған олар енді өз творчестволары туралы пікір алысуды бастайды. Күндегі тірліктері осы. Сондай бір «әдеби кеште» ол достарына өзінің жаңадан жазып бітірген «Менің қарындасым» атты әңгімесін оқып бергені бар. Әсем табиғат көріністері мен жылы лиризмге толы бұл туынды Асанәлі мен Мақайға қатты ұнады. Сол жерде олар: «Әңгімеңнің кейіпкерлері де, лейтмотиві де жастар, жастық шақ, махаббат туралы екен. Сондықтан мұны «Лениншіл жасқа» апару керек. Ондағылар сенің бұл шығармаңды сөз жоқ басады», – деп кеңес берді.
Достарының айтқан пікірі көңіліне қонған ол ертесіне республикалық жастар газетіне барған. Ондағы әдебиет және өнер бөлімінде отырған кісі өзін: «Меңтай, – деп таныстырды да, – Бір жұмадан кейін келерсің. Жауабын сонда айтамын», – деді. Сөйтті де, әңгімесін столының тартпасына сүлесоқ сала салды. Әлгі айтқан бір жұма да өтті. Бірақ... Уәде тағы бір жетіге сырғыды. Ақырында аталмыш шығарманы мұның көзінше оқуға мәжбүр болған ол кісі бір мезетте: «Ой, жолың болғыр, – деді оны жазғыра сөйлеп. – Әңгімені бірінші жақтан баяндайтын сен кім едің сонша? Оқиғаны өз атынан сөйлеп, айту тек Горькийге ғана жарасқан. Сен сонда өзіңді Алексей Максимовичпін деп ойлайсың ба? Жо-жоқ... Мұның жарамайды, інішек».
– Ағасы-ау!.. Көркем шығарманы қалай, қайтіп жазу... Ол енді... Әркімнің өз шаруасы ғой!
– Сөзімді бөлме, жігітім. Мен пікірімді әлі айтып біткенім жоқ. Қазақ қызы туған ағасына біреуге ғашық болғанын сыр ғып айта ма екен? Бұл... Кейіпкеріңді айтамын-ау... Неғылған ұятсыз қыз еді.
– Онда тұрған не бар? Кезінде ақын Сара өзінің жүрек қалауы Жиенқұлда емес басқа жанда екенін ағаларына ғана айтып қоймай, бүкіл дүйім жұртқа жария еткен ғой. Оған қарағанда...
– Сөзді қой!.. Әңгімең жарамайды. Мә, алып кет!
«Лениншіл жастан» тауы шағылып шығып, енді ол «Қазақстан әйелдері» журналына тартты. Мұнда оны журнал қызметкері Ғайыс Егембердиев қарсы алған.
– Не болды, Сайын қарағым? Көңілсізсің ғой өзің, – деді Ғайсекең мұның тұнжыраған жүзіне қарап.
Бұл болған жағдайды айтты.
– Қамықпа, – деді ол кісі жымиып. – Кәне, біз оқып көрейік әңгімеңді.
Сөйтті де, қолжазбасын сұрап алып, үнсіз оқып шықты. Біраз отырды да: «Иә, – деді бойындағы ішкі сезім толқынысын жасыра алмаған кейіппен. – Сенің мына әңгімең – жаңалық! Бірақ шынымды айтайын, мұндай дүниелер қазір жарияланбайды. Уақыты келеді. Сонда шығады... Айтпақшы, осыны «Әдебиет және искусство» журналына апарып көрші. Әнеукүні бір жағымды жаңалық естіп едім... Мүмкін жолы болып кетер».
...Арада арбаның дөңгелегіндей айналып ай... содан кейін жыл өтті. Бұл кезде Сайын консерваторияны тастап, ауылда жүрген. Колхоздағы мәдени жұмыстардың ұйытқысы болып, еңбекке дендеп араласқан кезі еді. «Әдебиет және искусство» журналына апарған әңгімесінен хабар жоқ. «Күзде Жазушылар одағында жас ақын-жазушылардың республикалық семинар-кеңесі өтеді екен» деген хабар келіп, облыстық газеттің редакциясы Сайынды соған делегат етіп ұсынған. Бұл кезіндегі айтулы үлкен жиын еді. Онда республикадағы бүкіл әдеби қауым бас қоспақ сияқты. Мәжілісті кіріспе сөзбен Мұхтар Әуезов ашып, жастар поэзиясы туралы Ә.Тәжібаев, жастар прозасы жөнінде Т.Ахтанов баяндамалар жасайтын болды. Белгіленген күні әдебиетке бейімі бар талапкер атаулының бәрі тайлы-таяғы қалмай, жиналыс өтетін Үкімет үйіне ағылған. Семинар-кеңестің екінші күні болуы керек, мінбеде баяндама жасап тұрған Тахауи аға Ахтановтың: «Бізде шағын жанр – әңгімені жаңа форма, тың тақырыппен байыта отырып, оны жоғары деңгейге көтерудің игі нышандары байқалуда. Оған жас жазушы Сайын Мұратбековтің «Менің қарындасым» әңгімесін мысалға келтіруге болады. Оймақтай нәрседен ой түйіндеуге тырысқан бұл шығармада мөлдірлік, табиғилық, сыршыл лиризм мен адам жанына барлау жасаған психологизм ұшқындары бар», – демесі бар ма?! Мына сөзді естігенде шет жақта қаннен-қаперсіз отырған оның жүрегі солқ ете түсті. «Апырау, – деп аң-таң қалды ол ішінен. – Менің әңгімемді Тахауи аға қайан, қалай оқып жүр? Оны мен бұл кісіге берген де, көрсеткен де жоқ едім ғой». Кейін естіді, сөйтсе ол былай болған екен. Семинар-кеңеске байланысты дайындық кезінде Жазушылар одағында баяңдамаға қажетті материал-мәліметтер керек болады. Сол кезде ондағы ұйымдастыру комитетінің бір мүшесі газет-журнал редакциялары мен Қазақ радиосында жатқан жас талапкерлердің туыныларын жинастыру керек деген ұсыныс айтады. Осы пікірдің негізінде «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас», «Әдебиет және искусство» басылымдарындағы дүниелер одақтағы проза мен поэзия секцияларына топтастырылады. «Менің қарындасым» әңгімесінің Тахауи аға қолына түсіп, баяндамада жақсы баға алуының сыры міне, осында еді. Сөз ретіне қарай айта кететін тағы бір жәйт, жоғарыдағы жиынның соңында семинар-кеңесте ауызға алынып, назарға іліккен шығармалар республикалық газет-журналдарда жариялансын деген қаулының қабылдануы болды. Ол ұйғарымға бірінші болып «Әдебиет және искусство» журналы үн қосты да, өзінің тұтас бір нөмірін жастар творчествосына арнап жіберді. Оның ішінде «Менің қарындасым» әңгімесі де бар еді. Осы жиында ол өзіне жерлес, ақын Әділбек Абайділдановпен, оның досы, ақын Мұқағали Мақатаевпен танысқан болатын. Олармен сондағы жүздесіп-сырласу жас жазушының көңіл көкжиегін кеңейте түсті.
Бұл – «хрущевтік жылымықтың» жылы лебі біліне бастаған 1956 жыл болатын.
«1957 жылы КазГУ-дің Журналистика факультетіне түскен Сайын Мұратбеков екі жылдан соң, яғни 1959 жылы сырттай оқуға ауысты. Сол уақыттан бастап әуелі екі жылдай Қаратал аудандық, онан кейін Алматы облыстық газет редакцияларында жұмыс істеді. 1961 жылы «Менің қарындасым» атты тұңғыш жинағы жарық көрген жазушы «Жұлдыз» журналына қызметке шақырылды».
Баяндамашы баланың жоғарыдағы сөздері оның көз алдына елуінші жылдардың аяқ кезін елестеткендей ме, қалай?.. Иә, ол уақытта Талдықорған мен Алматы облыстары аяқ астынан біріктіріліп, барлық буындағы кадрлардың сапырылысуы басталған еді. Осы өзгеріс кезінде басшылар жергілікті жердегі босап қалған бес-алты адамды бұл жұмыс істеп жүрген Қаратал аудандық газетіне де әкеп тыққан. Олардың бәрі де зейнет жасына жетіп қалған жасамыс жандар еді. Редакция, баспахана жұмысынан мүлде хабары жоқ бұл кісілер не істерін білмей, бөлмені көк түтінге толтырып отырады да қояды. Бар айтатындары: «Сайын қарағым, қолыңа қуат берсін. Үмітіміз өзіңде!» деген жалынышқа толы бір ғана сөз. Басқа ештеңе айтпайды. Сөйтеді де, темекілерін түтіндете сорып, қайтсем газет бетін толтырамын деп олардың атынан хабар, мақала жазып жүрген бұған жапақтай қарап отырады. Газет жұмысымен осылай зыр жүгіріп жүрген оның ара-тұра өткен жылғы Алматыда болған бір оқиғаны ойлап қоятыны бар. КазГУ-дегі қысқы сессияға барған кезі еді. Сонда оған Әбу аға Сәрсенбаев жолығып қалып: «Жазып жүрген әңгімелеріңді жеке жинақ етіп шығару ойыңда жоқ па?», – деп сұраған. Сұрап қана қоймай, оның жөн-жобасын да айтқан. Осы ақыл-кеңестен кейін ол сол жолы 18 әңгімеден тұратын қолжазбасын машинкаға бастырып, баспаға тапсырып кеткен. Бірақ одан әлі хабар жоқ. Өстіп жүргенде тағы да сессияға баратын уақыт келді. «Жақсы болды! Лекция арасында баспаға соғып, қолжазбамның жағдайын білейін», – деген ол Алматыға аттанып бара жатып.
...Сессиядағы бір үзіліс сәтінде салып ұрып баспаға келмей ме?! Сөйтсе, қолжазбасы қолға алынбақ түгілі, әлі оқылмапты да. «Пікір айтылмаған, талқыланбаған кітапты қарауға құқымыз жоқ», – деді мұнда отырғандар.
– Сонда оған кім пікір жазуы керек?
– Одақтағы проза секциясы.
Содан бұл Әбекеңе – Әбу Сәрсенбаевқа кіріп, екеуі аталмыш секцияға келген. Онда отырған әдеби кеңесші мардымды жауап айтпады. Тек «көреміз», – деді де қойды. Осы сәтте коридордан асыға басып өтіп бара жатқан Хамза Есенжанов көрінді. Абдырап тұрған Әбекең еңді сол кісіге қарай беттеді.
– Асығыс едім... Кейін сөйлесейік, – деді Хамза аға төменге түсіп бара жатып.
Әбекең болған жағдайды қысқаша айтып шықты.
– Бір жыл бойы оқылмай жатқан дейсің бе? Сонда бұлар не қарап, не бітіріп жүр? Былай болсын, Сайын қарағым... Қазір мен проза секциясының осы одақта бар мүшелерін шақырайын. Сен солардың алдында жинағыңдағы кез-келген бір әңгіменді ал да оқып бер. Егер ол бізге ұнаса, кітабыңның жолы болғаны. Ал көңілімізден шықпаса, онда ешкімге өкпелеме. Жарай ма?
Осы сөзді айтқан Хамза аға бөлмесіне қарай қайта бұрылды да, бір жас жігітке проза секциясының қызметкерлері мен мүшелерін шақыруды өтінді. Ел жиналып болды-ау деген кезде бұл тәуекел деп жинақтағы бір шығармасын суырып алды. Сөйтті де, дауыстап оқи жөнелді. Ол «Ата» деп аталатын әңгіме еді. Бәрі тым-тырыс. Зейін қоя тыңдап отыр. Ақыры шығарма да оқылып бітті. Осы кезде отырғандар ду ете түсті. Олар әңгіменің өздеріне ұнағанын, оның толыққанды дүние екеніне шәк келгірмейтіндіктерін айтты.
– Міне, көрдіңдер ме? – деді әріптестеріне барлай қараған Хамза аға. – Кейде бір жинақтың тағдырын оның ішіндегі бір әңгіме де шешіп кете береді. Ендеше, біз бүгінгі осы жиналысымызда проза секциясындағы бюрократгық көріністің басына су құйдық деп есептейік те, кітап авторы Сайын інімізге сәттілік тілейік. Жұлдызың жоғары болсын, жарығым!
Хамза Есенжанов ол кездері Жазушылар одағындағы проза секциясын басқаратын. Жастық шағы замана трагедиясы – репрессияның қара құйынына тап келіп, 17 жыл айдауда жүрсе де, оған еш мойымаған рухы мықты бұл кісі жалтақтау мен жалпақтауды білмейтін жан еді. Жұрт оның бірбеткей осы ермінезділігін және «Ақжайық» секілді кең тынысты трилогиясының тарауларын Сібірдің меңіреу ормандарында жүріп жазып, оны елге керзі етіктің қонышына тығып әкеліп жариялаған жанкештілігі үшін жақсы көретін. Сыйлап, құрметтейтін. Енді, міне, арлы азамат сол ағаның ақ батасымен оның тұңғыш кітабы жарыққа шығуға жол тартып бара жатты. Бұл ешқашан, ешуақытга да ұмытылмайтын ерекше бір ғажайып сәт еді!
...Содан көп кешікпей ол Қараталдағы қарт «журналистермен» қош айтысып, Алматы облыстық «Коммунизм таңы» (қазіргі «Жетісу») газетіне қызметке ауысқан. Үйренерлік, үйретерлік мектебі бар жақсы орта екен бұл. Оған, әсіресе, мұндағы тәжірибелі редактор Әбдуәли Қарағұлов, оның орынбасары Кәкімжан Қазыбаев, ақын Қосжан Мүсірепов сияқты творчество өкілдерінің жұмыс істейтіндігі ұнаған. Бұл кісілермен әдебиет, өнер туралы пікірлесесің, ақылдасасың, ой таластырасың... Сөйтіп, өзіңнің көңіл көкжиегінді кеңейтуге ұмтыласың... Өстіп жүргенде 1962 жылдың басында «Жұлдыз» журналына қызметке шақырылды (ол кезде редактор Жұбан Молдағалиев болатын). 1963 жылдың басында журналға Әбдіжәміл Нұрпейісов бас редактор болып келді. Содан бастап редакция аппаратын әдебиеттің жаңашыл жас өркендері Зейнолла Серікқалиев, Асқар Сүлейменов, Қадыр Мырзалиев, Сағи Жиенбаев, Сабырхан Асанов, Герольд Бельгер сияқты талант иелерімен толықтыру батыл қолға алынды.
Бұлар келгенде «Жұлдыздағы» материалдарда таптаурындылық пен қасаңдық бел алып тұрған кез еді. Соның салдарынан соны стиль, тың ой, өзгеше формамен жазылған көптеген шығармалар жарыққа шықпай, редакция столының тартпасында тұншығып жатты. Журналдың жаңа кызметкерлері бірінші кезекте міне, осы дүниелерге жол ашу керек деген ұйғарымға келді. Сол уақытқа дейін бағы байланып келген ол туындылар кейін оқырмандардың ыстық ықыласына бөленгені мәлім. Олар: Қалихан ЬІсқақовтың «Қоңыр күз еді» повесі мен Бердібек Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» романы, Тәкен Әлімқұловтың «Ақбоз ат» әңгімелері, Олжас Сүлейменовтің «Менің қаһарманым. Ол қандай болуы керек?» деген полемикалық мақаласы еді. Содан кейін редакция қызметкерлері журналда деректі әңгіме, очерк, диалог арқылы ауыл проблемасын көтеру керек, бұл жанрлар өмірдегі, адамдар характеріндегі болып жатқан құбылыстарды анық та дәл ашып көрсетеді деген бастама көтерді. Оған өздері белсене қатысты да. Осының негізінде 60-жылдардың ортасынан бастап орыс әдебиетіндегі Овечкин, Тендряков, Астафьевтің жазып жүрген деревня прозасына ұқсас бізде де қазақ ауылы өмірінің әңгімелері пайда бола бастаған еді.
Осылайша... иә, осылайша ой оянған. Сезім сілкінген. Бұл аралықта «Ауыл оттары, «Отау үй» кітаптарын шығарған ол шағын жанр – әңгімені көзге қомақты көрінетін роман-повестердің тасасынан алып шығу құбылысын жүзеге асыруға бел шеше кіріскен. «Жазушы аға 1969-1971 жылдары Мәскеудегі Әдебиет институтында оқыды. 1971-1977 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде нұсқаушы, сектор меңгерушісі болды. Ал 1977-1980 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, 1980-1991 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, «Жазушы» баспасының директоры, Қазақстан Жазушылар одағының екінші хатшысы қызметтерін атқарды. Қаламгердің әр жылдары жарық көрген «Отау үй», «Жабайы алма», «Көкорай» кітаптары өмірдің өзінен ойып алынған шындыққа толы шығармалар ретінде сыншылар тарапынан жоғары бағаға ие болды».
«Өмірдің өзінен ойып алынған шындыққа толы шығармалар...». Мына сөзді естігенде, оның есіне осыдан біраз жыл бұрынғы екі оқиға оралды. «Есіңде ме, мен ол кезде «Сарыбұлақ» совхозында интернат меңгерушісі болып жұмыс істеуші едім ғой, – деген Байтұрбай деген туыс ағасы ауылға барғанында. – Бір күні сенің «Ауыл оттары» атты жалғыз дана кітабыңды біздің оқушылар кітапханадан тауып алып, қолдан-қолға тигізбей оқып жүрді. Біраз уақыт өткен соң әлгі жинақтағы «Күзгі бұралаң жол» атты әңгіменің жыртылып алынғанын білген балалар шу шығарып, айыпкерді іздеуге кіріссін. Ол көп кешікпей табылды да. «Кітаптағы әңгімені неге жыртып алдың? Ол саған не үшін қажет болды?», – деп ортаға алмай ма кінәлі оқушыны жолдастары. Сонда ол: «Басқа ешкім оқымасын деп әдейі жыртып алып едім. Себебі, онда мен.., мына менің өмірім туралы жазылған екен, – деп бар сырын айтқан айыпкер өкіре жылап жібереді. Кейін білсек, шынында, әлгі оқушы соғыстан кейін туған, бірақ: «Әкең қайда?», – деп сұрағандарға: «Соғыста қаза тапқан», – деп күмілжи жауап беріп жүретін «Күзгі бұралаң жол» әңгімесінің кейіпкері... Қанатай сияқты жолдыбай бейбақ екен. Содан оны: «Жоқ, бұл сен туралы емес. Қуыстанба. Көркем әңгімеде мұндай ұқсастықтар бола береді», – деп әрең жұбатқанымыз бар».
Байтұрбай ағасы осылай десе, Ғұмар деген тағы бір ағайыны мынадай жәйтты айтады: «Сенің «Көкорай» кітабыңда «Жусан иісі» атты повесің бар емес пе?! Міне, соны оқыған ауылдағы Тәжібай, Науқан деген өзіңмен құрбылас механизатор екі жігіттің әуелі біреуі: «Бұл мен туралы жазылған екен», – дейді қызып отырып. Оны естіген кішісі: «Жоқ, мұндағы Аянның тағдыры тура маған ұқсайды», – деп оған қарсы өз уәжін айтады. «Оттапсың! Ол – мен!», «Жоқ, сен емессің... Аян – мына менмін!». Содан екеуі сарт та сұрт төбелесе кеп түседі де, әйелдері арашаға түсіп, әрең ажыратып алады».
Ал қаламгер, оның әр жылдарғы шығармаларына айтылған пікірлерге келгенде еске мәскеулік екі орыс әдебиетшісінің сөздері түседі. Сыншы П.Ульяшов ол туралы: «Шынайы да нәзік, психологиялық жағынан бедерлі рухани портрет сомдау – Сайын Мұратбековтің суреткерлік басты қасиеті», – десе, В. Вартанов: «Бас қаһарманның бірегей бітімін, даралығын сақтаумен қатар... Сайын Мұратбековтің оқиғаға қатысушы әрбір кейіпкері әманда қайталанбас толымды көркемдік тұлға болып шығады», – деген жүрекжарды сөзін айтады. Дәл осындай пікірлер сыншы А.Руденко-Деснякта да, В.Бондаренкода да, И.Крамовта да бар.
...Жазушы ағаның ойын сатырлай соғылған шапалақ үні бөліп кетті. Мінбеге қараса, баяндама аяқталған екен. Орнынан жіті көтерілген Сәкең өз міндетін атқарып біткен баланы шақырып алды да, бетінен сүйіп, рахмет айтты. Содан кейін жүздесудің сұрақ-жауап бөлімі басталған. Ондағы қойылған сауалдың кейбіреулері мыналар еді.
СҰРАҚ: Сіздің жақсы көретін жазушыларыңыз... Үлгі тұтатын қаламгер ағаларыңыз... Олар кімдер деп айтар едіңіз?
ЖАУАП: Шетелдік творчество иелерінен Эрнест Хемингуэй мен Генрих Бельді, Виктор Астафьевті жақсы көремін. Ал өзіміздің төл әдебиетіміздің өкілдеріне келер болсақ, жазушылар Бейімбет Майлин мен Бердібек Соқпақбаевтың шығармалары мен үшін орны бөлек, ерекше дүниелер.
СҰРАҚ: Сіз қалай жұмыс істейсіз? Күні бойы бас алмай отырып жазасыз ба, жоқ әлде... Творчестволық дағдыңыз қандай?
ЖАУАП: Мен күн құрғатпай жазатын қаламгерлердің қатарына қосылмаймын. Көп ойланамын. Көп толғанамын. Діттеген дүниеме, міне, содан соң барып қана кірісемін. Осыдан болар, шығармаларымның жазылып-аяқталуы да қызық. Бір әңгімем өте тез бітеді. Екіншісі жылдарга созылып барып тәмамдалады. Мәселен, «Біреу» деген дүниемді алайық. Ол он жыл бойы жазылды. Ал «Басында Үшқараның...» атты хикаятым бар-жоғы екі-үш күнде-ақ өмірге келді. Қаламгерге күн құрғатпай жазу міндет болмаса керек. Ондай жағдайда ой қайталанып, жаттандылық белең алуы мүмкін. Менің әдеби кредом – аз болса да саз жазу. Сол арқылы сапалы да шебер орындалған толыққанды шығармаларға қол жеткізу.
СҰРАҚ: Өзіңізді әңгіме жанрына табиғи түрде тартқан козғаушы күштің қайнар көзі неде деп ойлайсыз?
ЖАУАП: Бұл сауалдарыңызға: «Ертегілер!» деген бір ғана сөз айтқым келеді. Иә... иә, ертегілер. Баукең – Бауыржан Момышұлы: «Біз өзі көне дәуір поэзиясындағы ерлік жыры – эпоспен ауызданып, эпоспен ержеткен халықпыз», – демеп пе еді. Олай болса, прозадағы қиял-ғажайыпқа толы қарасөз үлгісі – қазақ ертегілерін де міне, солай ұғып, солай түсінгеніміз жөн. Біліміміз жетсе де білгіміз келмейді, әйтпесе, кейбір ертегілер өзінің сюжеті мен композициясы, психологиялық иірімдері жағынан бүгінгі қай жазушыларымыздың шығармаларынан кем деп ойлауға болады? Мәселен, «Күн астындағы Күнікей қыз» бен «Толыбай сыншының баласы» атты ертегілерді алып көрелікші. Өз басым кезінде бұларды қазақ новеллистикасының алтын үлгісі деп бағалағанмын, қазірде де сол пікірдемін. Тоқ етерін айтқанда, менің әңгіме жанрын таңдауыма, новеллист болып қалыптасуыма: «Адам өзі сенер-сенбес нәрсе жазу керек екен ғой», – деген таза әрі мөлдір творчестволық пікір қалыптастырған қазақ ертегілерінің ықпалы өте зор болды.
СҰРАҚ: Сіз үшін жұмыс істеу ол – жазу ғой. Олай болса, өзіңізге жылдың қай мезгілі өнімді болып көрінеді деп ойлайсыз?
ЖАУАП: Күз бен қысты ұнатамын. Жылдың бұл кездері маған өте тыныш, ыңғайлы, әрі көп ешкім мазаламайтын сияқты болып көрінеді. Ойымда пісіп-жетілген шығармаларымды, міне, осы уақытта отырып жазуға тырысамын.
СҰРАҚ: Қалам иелері үшін тағдыры таңғажайып тұлғалармен жүздесіп, пікірлесудің жөні бөлек қой. Өз өміріңіздегі ерекше есте қалған сәттер деп қандай кездесуді айтар едіңіз?
ЖАУАП: Бұған Жоһар Дудаевпен болған кездесуді айтуыма болады. Өз елінің біртуар азаматы осынау қаһарман адаммен жүздесудің сәті 1994 жылдың ақпан айында түсті. Ұлы Отан соғысы кезіндегі шешен халқына жасалған депортацияның 40 жылдығына байланысты ол Қазақстаннан Олжас Сүлейменов бастап барған біздің делегацияны арнайы қабылдады. Жоһар Дудаев алғаш көргеннен-ақ бәрімізге қатты әсер қалдырды. Сөзі кесімді, ойлау жүйесі өте жүйрік, қимылы ширақ та шапшаң жан екен. Нағыз демократпын, қара халықтың ортасынан шыққан бұқараның баласымын деген өкімет басшыларының өзінде бір ресмилік байқалып тұрады емес пе. Ал Жоһарда бұл сезілмеді. Ол маған кез-келген сәтте атылуға дайын тұрған жолбарыс тәрізді көрінді. Сондай-ақ, көз алдымда бұл адам елінің еркіндігі үшін жанын суырып беруге өзір ел ұлы ретінде қалып қойды.
СҰРАҚ: Әдебиет әлемінде жалт етіп бірден көзге түсіп, артынан үн- түнсіз жоқ болып кеткен талант иелері туралы не айтасыз? Ондай әріптестеріңізді өз өміріңізде кездестірдіңіз бе? Кездестірсеңіз, мұның себебі неде деп ойлайсыз?
ЖАУАП: Бір оқиға есімде. Алпысыншы жылдары болатын. Оқырман қауымды баспасөз бетінде жарық көрген «Ақ бантик» деген шағын әңгіме елең еткізді. Бұл шығарманың жұртқа ұнағаны оның мөлдірлігі еді. Авторы – Ерғали Ахметов деген жас жігіт болып шықты. Талдықорған облысының Панфилов ауданындағы «Басши» совхозында мұғалім екен. Іздеп бардым. Әңгімелестім. Кейін ол астанаға көшіп келді. Республикалық үлкен басылымда тиянақты қызметкер ретінде жақсы жұмыс істеді. Бірақ неге екені белгісіз, содан қайтып «Ақ бантик» секілді әңгіме жаза алмады. Осыған күні бүгінге дейін өзім де түсінбеймін...
СҰРАҚ: Қазір не жазып жүрсіз? Оқырмандарға қандай жаңа дүниеңізді ұсынбақшысыз?
ЖАУАП: Соңғы жылдардағы өліара, өтпелі кезеңді алып қаралық. Ол бәріміздің көз алдымызда өтіп жатыр ғой. Осы уақыттағы толғауы тоқсан қиын тіршілікті бейнелейтін қысқа-қысқа әңгімелер циклін жазып жүрмін. Бір ғана ортақ тақырыпқа бағындырылған бұл ой үзіктерім «Уақытша...» деп аталады. Мұндағы негізгі лейтмотив: «Қазіргі рухани құлдырау да, қайыршылық та, ауылдың азып-тозуы да, бәрі-бәрі де өтпелі, уақытша құбылыс болса екен», – деген тілек.
...Осы сұрақ-жауап бөлімінен кейін кездесу де аяқталды. Ел тарап, Окушылар сарайынан енді шығып келе жатқан Сәкеңе немересін жетектеген қарт адам кездесті.
– Қарағым, Сайын! – деді ол кісі. – Мен Баданбек Әлімбеков деген оқырман ағаң боламын. Ұлы Отан соғысына қатыстым. Ұзақ жыл мектепте ұстаз боп қызмет атқардым. Қазір зейнеткермін. Қазақта: «Бәйге аты мүсінін жасырады» деген мақал бар ғой. Мен кітаптарыңды оқығанда, өзіңді көргенде ылғи да осы сөз ойыма оралады. Халқыңды жақсы шығармаларыңмен қуанта бер, бауырым!
«Бәйге аты мүсінін жасырады».
Ардагер ақсақалдың мына сөзін естігенде Сәкеңнің жүрегі шым ете түсті...
Жанболат АУПБАЙ
1996 жыл.
qazaquni.kz