Сырағаң айтқан екен...
2021 ж. 06 қазан
2500
0
Белгілі каррикатурист-суретші Еркін Нұразханов ақын Сырбай Мәуленовке әлдебір уәде береді де,соңынан ол берген уәдесін орындамай, біраз уақытқа дейін ұмытып кетіпті. Сөйтіп жүргенде бірде Еркін көшеде Сырағаңа кезігіп қапты. Сонда Сырағаң шап беріп Еркіннің қолынан ұстай алып:
Айналайын, Еркін балам, Уәдеңмен – көңіл алаң, Сен бүйтіп алдай берсең – Карикатураңды өзім салам, – деген екен.
***
Бір күні сатирик Садықбек Адамбеков Жазушылар одағының секция мәжілісінде өзінің жаңа комедиясын оқыпты. Комедия ұзақ екен. Мәжіліске қатысып отырған ақын Сырбай жалығып, жиі-жиі күле берсе керек. – Ей, сен неге күлесің? – депті Садықбек Сырбайдың күлгенін жақтырмай. Сонда Сырбай күлкісін тыймай: – Комедия болған соң күлмегенде қайтеміз! – депті.
***
Қазақстан Жазушылар одағының басшылығына қос Ғабең – Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафин екі-екі реттен келгені баршаға аян (Екі жолы да Ғабитті Ғабиден ауыстырып отырған.) Бірінші хатшылыққа екінші жолы сайланғанда Ғабит Мүсіреповті қаламгерлермен «таныстыруға» сол кездегі Орталық Комитеттің хатшысы Н.Жанділдин ертіп келіпті. Бірінші хатшылыққа Ғабит Мүсіреповтің ұсынылып отырғанын айтып, дәстүр бойынша «қалай қарайсыздар?» дейді ғой. Жиналған қаламгерлер бірінен соң бірі шығып, Ғабеңді жер-көкке сыйғызбай мақтай бастайды. Сырбай Мәуленов ол кезде Одақтың партия ұйымының хатшысы екен, бір бұрышта үнсіз отырып қалыпты, соны байқаған Жанділдин: – Бұл жөніндегі парткомның пікірін білсек деп едік, олардың пікірі қандай екен? – дейді Сырбайға шүйіліп. Сонда Сырағаң иығын бір қиқаң еткізіп, ырғатылып орнынан тұрыпты да: – Бәрі де жөн ғой... Одаққа бастық болу осы Ғабеңнен қалған шаруа емес пе еді... Бұл кісінің мінезі Памирдің ауа райы секілді: тым ыстық та болмайды, тым суық та болмайды. Үнемі жанға жайлы қоңыр салқын боп тұрады. Парткомның пікірі осы! – деп орнына қайта жайғасыпты.
***
Бір жиналыста Сырбай Мәуленовтың баяндамасына академик Мұхаметжан Қаратаев мін таға сөйлей келіп: – Мен Сырбай балдыз болған соң әдейі батыра айтып тұрмын, – депті. Сонда Сырбай: – Мұқа, бұл балдыздар мен жезделердің жиналысы емес қой, – деген екен.