Туған жердің бақыты
2021 ж. 30 тамыз
3240
0
Ресейлік жазушы, әдебиет сыншысы, Э. Хемингуэй, А. И. Куприн, И. А.Бунин, И. А. Гончаров атындағы әдеби сыйлықтардың иегері Елена Крюкова қазақ жазушы-драматургі Жолтай Жұмат-Әлмашұлының Мәскеудегі атақты «Художественная литература» баспасынан 2020 жылы жарық көрген «Ащы да тәтті өмір» атты қысқа романдар жинағына резенция жазған екен. Ол Ресейдің «Север» атты әдеби-көркем және қоғамдық-саяси журналының кезекті нөміріне (7-8 (біріккен нөмір), 2021 ж.) жарияланып жатыр.
Біз бүгін сол рецензияны аударып жариялап отырмыз.
Біздің алдымызда Мәскеудегі әйгілі «Художественная литература» баспасынан шыққан кітап жатыр. Кітап жай қызықты да тартымды ғана емес – мұндай эпитетті оқыс өрбіп отыратын қауырт оқиғалар мен ойға бай кез келген туындыға арнап айтуға болар – ең алдымен қазіргі заманғы оқырман үшін маңызды нәрсе: онда әсерлі көркем құралдың, нысанаға дөп тиген сөздің көмегімен кейде бүгінгі күннің өте-мөте жанға бататын көкейкесті жайлары молынан арқау етілген.
Осы бір кітапқа «Олигарх және Олимп», «Интерадам» деген атпен екі қысқа романы енгізіліпті. Бірінші роман – «Олигарх және Олимп» – бізді бірден бүгінгі кезде әлемді билеп отыр деп саналатын бай адамдардың, олигархтардың, байшыкештердің, қазіргі заманғы ірі бизнес өкілдерінің ортасына, олар бастан кешкен жазмыш жайларына еріксіз жетелеп алып барады.
«…Ойлап жүрген,ойын мазалай беретін құпия түйіндері таудың тасындай өте көп еді.
Есеп шотындағы қаржысы молынан төгіліп,көл көсірленіп жатқанымен,шірік дүние шіркін қай жерге қақпақ екен, қиялында қаншама бұғып жатқан бықпырт бар, армандаған биігіне жету-жетпеуі неғайбыл-ды. Соған өкініп, үнемі бас қатырып, түн баласы ұйқы көрмей шығатын. Бірақ, оны кімге айтар, кіммен пікір бөлісер? Бизнестің ең бірінші кезектегі ішкі шекті шарты – ішіңдегіні ешкімге, жан баласына ашып айтпау. Бұл жөнінен Аспан өз кеудесіне құлып сала білген адам…»
Бай және кедей адамдардың қарама-қарсы тағдырлары – әлем әдебиетінің баяғыдан келе жатқан тақырыбы, дәстүрлі образды жүйесі. Бұл тақырып жазушыларды ұдайы өзіне тартып келеді – ол арқылы байлардың өздеріне тән трагедияларын, кедейдің жан күйзелісін ашып көрсетуге болады. Олардың әрқайсысы өзінше бақытсыз. (Бір кездері жұртты дүр сілкіндірген «Байлар да жылайды» сериялының атауын еске түсіріп көрейік).
Жазушы Жолтай Жұмат-Әлмашұлының қаламымен бейнеленген бай қазақ, олигарх Аспан – автордың ішкі ой толғамдарында өткен дәуірлердегі әйгілі билеушілермен тең дәрежеде болмаса да, қатарласа тұра алады. Осы тұста біздің көз алдымызға Әмір Темір, Ахмет Ясауи, Әбу Насыр Фараби және басқа да тарихи тұлғалар көлбеңдеп келе қалады; Аспан еріксіз солармен теңестіріледі, ал оқырман әлемнің жартысын сатып алуға құдіреті жететін бай болып, ақшаның күшімен өзгеге әміріңді жүргізіпотырған маңызды ма, әлде өзінің еліне, өзінің жеріне зор бақыт тілейтін, кемеңгерлігі арқасында туған халқын қайда бастап апаруды білетін үлкен жүректі, батыл рухты адам болған маңызды ма, деген түпсіз сауал төңірегінде ойға беріле бастайды.
Әдетте, мәселен, Голливуд фильмдеріне ерекше тән болып келетін «протагонист-антагонист» шендестірілуі мына «Олигарх және Олимп» романында әрқайсысы отанының өзінше патриоты болып саналатын екі адамның қызғылықты текетіресі түрінде өрістетіледі.
«– Енді ақылға салып қара! – деді. – Әлемде корабль жасап, космосқа ұшу шаруасымен айналысып жатқан ірі-ірі елдер өте көп пе? Әрине, көп. Америкада да солай. Егер Кеңес елі бұл жарыста жеңісті қолдан беріп, қарап отырса, аяғы қайда тірелмек? Бәрі де мемлекетаралық бәсекеден басталып жатыр.
Жасхан тап осы жерде білек түріп алып, кәсіпкермен тіл безескен.
Мемлекет кім үшін мемлекет? Егер ел мен адам мүддесі аяққа тапталып, жалған намыс үшін тайталас басталып кетсе, оның кімге пайдасы бар? Қажет пе сондай түкке тұрғысыз бәсекелестік?
Кәсіпкер өте сабырлы. Сөздері де нық. Айтары дөп…»
Автор пенденің есепшотындағы орасан зор ақша бай – олигархты қадам басқан сайын арандатушылыққа кезіктіріп тұратын болғанымен, оны бапрлық уақытта нашар етіп шығара бермейтінін барынша айқын көрсетеді. Ақшасы барда арқыраған билік те бар, бізге бұл әлеуметтік тұжырым баяғыдан белгілі! Аспан Пушкиннің Сараң серісі емес, алайда, байлыққа деген құмарлық мұны да еліктіріп әкетеді. Тек туған халқы туралы, оның материалдық және рухани жағынан жаңғыруы, келешекте дамуы туралы ойлар ғана Аспанды ашықтан-ашық пәс әрі тіпті қылмысқа ұрынатын қадамдарға (шын мәнінде, оның шеніндегі және қоғамдағы орындары деңгейлес кісілер жасап жүрген) жібере қоймайды.
Қол боста адам өмірінің тағы бір қыры, өркениеті – мәдени деңгейі жөнінде неге ойланбасқа? Өйткені, тек мәдениет қана мезгілдің кез келген уақытында, кез келген тарихи дәуірде адам өміріндегі ең ұлы құндылық болып қала бермек.
Ал халықтың мәдениеті дегеніміз – отанның тап өзі.
«…Өзің сіңірлеп қалған кедейсің, түгің жоқ, сөйте тұрып аты дардай Олигархқа қасқая қарсы сөйлегің келеді деп намыстандырсам да, асылында, Жасхан бәрібір бақытты ма? Ең бастысы – оның ойы мен бағыты айқын. Арқасын туған елге тіреп тұрып, табанымен туған топырақты басып тұрып сөйлей алуының өзі жарты жеңіс екені өтірік пе?..»
Әлбетте, қазіргі заманғы әлем, соның ішінде адамдар мәдениеті байлық пен руханияттың келісімді одағына бағыт ұстайтын болар. Суреткерді материалдық жағынан қолдау, оның нендей қабілеті бар екенін көрсетуіне мүмкіндік беру – сондай бір игілікті мақсат емес пе?! «Олигарх және Олимп» романында жазушы Жасхан мен олигарх Аспан арасында достық орнағаны қалай?.. Таң қаларлық па? Әлде табиғи нәрсе ме? Ол қоғам үшін әлдеқандай бір пайда әкеле ме, әлде бұл тек екі адамның бір-бірімен байланысып қалғанын ниетін ғана көрсете ме? Кез келген шығармашылық адамы ертегідей болмаса да, өзінің жебеушісі кезіккенін армандайды. Тегі, Ежелгі Римде де таланттарға қолдау көрсетуші Меценат деген өтіпті деседі.
Екі адам – бай мен жазушы – бір-бірімен біресе жайбарақат сөйлесіп отырады, біресе қызу әрі қызыл өңеш таласқа түсіп кетіп жатады. Және олардың таластары мен ой түйіндеріне мына тірліктегі мәнді нәрсенің бәрі себеп. Бұлар барынша түбірлі болып шығады, себебі, олардың тақырыптарының өзі сол ертеден келе жатқан кереғар жайттардан туатын еді. Мәселен, өмір мен өлім. Туған халқың мен жат жерлер. Билік пен оған қарсылық. Мәңгілік пен қас-қағым сәт. Жадтың мықтылығы мен ұмытшақтық. Тарих пен беймезгілдік. Мұндай жоғары архетиптер оқырман назарын өзіне тартып әкетуге құрылады: мұнда оларды Аспанның нені таңдайтыны қызықтырады. Олигарх осы тұста байыған үстіне байи түсуді қалай ма, жоқ әлде рухани және мәдени жағынан толыса түсуге ынта аудара ма – міне, осындай сұрақ жолайрыққа шығады.
«Бұл елді, апыр-ай, қалай танып-білу қажет? Олардың түпкі тарихын – арғы тегін білгені жөн бе? Қай кезден бастау алады шұбаржота ата-тарих?..»
Тағы да қиял кемесіне бұт артқан сиқы!
«Мұндай халыққа аса қымбат, аса қадірлі, жолы асыл бабалар кімдер? Олар көп пе, аз ба? Неге бүгінгі жас ұрпақ, алғыр ұрпақ, алымды ұрпақ аз біледі олар жайынан…»
Автор романында оқиға өрбіп жатқан нақты мифологиялық жерді анықтап алуда да өзін биік қырынан көрсетеді. Ол бұған Шерқала атты шағын ғана қалашықты таңдап алыпты. Біз бұдан Достоевскийдің «Ағайынды Карамазовтар» романындағы Скотопригоньескіні көргендей боламыз, әйтпесе әлем әдебиетімен шендестіре сөз тізсек, Шерқаланың қазақ жеріндегі Макондо (Маркес) немесе қазақтың Веронасы (Шекспир) болып табылатынын байқаймыз.
Роман кейіпкерлері айқын, қарапайым және бұдырлы да бедерлі тұлғалар ретінде есте жақсы сақталып қалады. Бұл – эпика әлемінің кеңістігімен тектес қарапайымдылық. Томас Трамс деген бай өзінің тегін жалғастыру мақсатында Америкадан тап осы қазақ даласына келеді… Сөйтсе, ол бір кездері осы жерден мұхиттың арғы жағына кетіп, кейінгі мұрагерлері түрлі америкалық, ирландтық, африкалық нәсілдермен қандары араласып кеткен байырғы қазақ байының ұрпағы болып шығады… Енді, міне, Трамс өзінің қанымен туыстас болып келетін кең даланың даусын естіп тұр. Оның әзірге баласы жоқ, бірақ болуын арман етеді…
Аспанды Америкаға шығарып салған Қабыш ақсақал да – романның есте жақсы сақталып қалатын бірегей образы.
Даусы құлаққа түрпідей тиетін Қабыш қария – бір жағы бай мен кедейді теңестіріп жіберетін қарттық пен тақау қалған өлімнің белгісі, орасан зор уақыт-кеңістікті ендеп алып жатқан байырқалы да ғаламат ойға бай ақылгөйлік пен тәңірлік кемеңгерліктің нышаны сияқты. Тұрмыстық ақылгөйлік пен ғаламдық кемеңгерлікке дейінгі аралық – ұзақ жолдың сорабы. Қабыш ақсақал сол жолдан өткен, бірақ өзінің жүрегіндегі адамдарға деген терең сүйіспеншілікті, пенде біткенді тереңінен танып, олардың әлсіз жақтары мен ұлылық өрелерін түсіну сезімін жоғалта қойған жоқ.
***
«Интерадам» романы басқаша құрылған. Онда динамика, іс-әрекет, күтпеген жағдайлар, алуан түрлі ситуациялар мен тосын ахуалдардың шарпысуы әлдеқайда көп. Бұларда Голливуд режиссері «саспенс» деп айдар тағатын, ал біз образды және сюжетті энергия көретін нәрселер бар.
Әңгіме не жайында болып жатыр? Ол адамдар үшін айрықша маңызды мәселелерді көтереді. Бұлар қазір жер бетіндегі кез келген жұмыр бастыға етене әрі жақын жайт шығар.
Автор шығарма тақырыбын көрсеткеннен кейін-ақ мұның «роман-әфсана» екенін бірден ескертеді. Осы жерде Пушкиннің «Ертегі деген – өрім жасқа сабақ болар қанша жалғандық һәм ишара» дегенді білдіретін нақыл сөзі ойға оралады… Айтпақшы, Интерадам да әредік Пушкиннің сөздеріне сүйеніп қоятыны тағы бар…
Біз жалпыға ортақ компьютерлендіру дәуірінде және сонымен бірге, жаппай жаһандану дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Әлем бір ортақ сызықтың бойында қатарласа сап түзген біртекті болып келеді. Елдер мен халықтар құдды бір жазмыштың еркімен жасалып жатқандай, өздерінің түпнұсқалық табиғи қалыптарын, тарихи және ұлттық даралықтарын, қайталанбас ерекшеліктерін мейлінше жылдам жоғалтып, бәрі бір инкубатордан шыққан жұмыртқадай, таңданасыз, бір-бірлеріне ұқсасып бара жатыр.
Ал романның өзінің тіні – өзара араласудан, қарым-қатынастан тұрады Жас журналист Қоңырхан жұмбақ бір тіршілік иесімен виртуалды байланысқа шығады. Бұл жұмбақ жан иесі өзін «Интерадам» деп атайды. Иә, Интерадам! Бәлкім, Интернационалды адам шығар? Мүмкін, Интервалды (бөліктерге бөлініп қалған) адам болар? Интерстициалды (ауру) адам болса-шы? Оның осындай сан алуан мәні бар. Сол тіршілік иесі – барынша үрей шақырушы, өктем, әлем әдібінен тыс, сонымен бір мезгілде біздің ой-қиялдарымызды еріксіз оятушы, санамызға әсер етуші жан, ол – құбыжық та күлкілі тұлға. Адамзат баласын барған сайын шырмап, кеңінен қамтып келе жатқан күллі әлемдік ми – Интернетті, зұлым Желіні ұстап тұрған құбылыс, ол – қас-қағым сәттегі байланысқа ғана ыңғайлы емес, сонымен қатар психологиялық жағынан харрасментке көбірек ұқсайтын, бір кіріп алған кісіні қайта шығара қоймайтын жұқпалы ақпарат пен өктем қатынастың күл-қоқысы.
«…Өнегелі сөз дегеннен шығады, адамдар салмақты және сайқымазақ кейпінде екіге бөлінетіні тағы шындық. Салмақтыларға – тіршілік өте қиын, аса ауыр, мейлінше күрделі. Ал сайқымазақтарға – тірлік деген «теңізіңіз» анағырлым жеңіл де тайыз! Түкке тұрмас уақыт-зая! Неге? Өйткені, мән-мағынасы жоқ, жеңіл-желпі, тұзсыз-дәмсіз айтылып жататын әзіл-қалжың жанды жадыратады… Ойсыздық алаңына сүйрелейді. Ойсыздық деген – ойпаңға құлау, ойқылдану!..»
Әрине, «Интерадам» – антиутопия. Бұл көркем мәтін қаншалықты дер кезінде пайда болып отырса, өзінің өзектілігі жағынан соншалықты қорқынышты. Былайынша, ол бір фантастика… жұрт жақсы қабылдайтын жанр сияқты… оларда қандай қорқынышты өмір шындығы көрсетіле қойсын! Былайынша, жай әңгіме, оқиғалар тізбегі секілденіп көрінгенімен, оның астарынан кенет трагедиялық философия бой көтере, өріп шыға келеді.
Автор бізге Қоңырханның ғашығы – Гүлжанның қайғылы тағдырын жайып салады. Бойжеткен білген үстіне біле түспек оймен, тағы да оқу қуып, Англияға аттанады. Бірақ Батыс дүниесі оның жан әлемін білдірмей бұзады, оған бұған дейін өзі берік ұстанып келген, өзі соншалықты жақсы көрген ұлт құндылықтарының бәрінен бас тартуды ұсынады. Ал Батыс мәдениеті көп жағдайда индивидуализмнің, тіпті өктем эгоизмнің мәдениеті еді. Осы ортада өзінің талантын, қабілетін аяқ астынан «өсіргісі» келген Гүлжан түрлі дәрі-дәрмектер шытырманына түсіп кетіп, ақыр соңында адам кейпінен алшақтайды.
«…– Естімеген екенсің. Айтайын ендеше. Шетелде оқып жүргенде, Еуропаның емін-еркін, өзінше тіршілік кешуді қалайтын бикеш-бойжеткендерінің ақылына еріп, дене ағзаларын жасартып, сырт келбетін сұлуландыратын дәрумен ішкен бе, әйтеуір, бір сұмдыққа бас тығып алған.
– Гүлжан онсыз да сұлу емес пе?
– Оның сен екеуміз біле бермейтін екінші жағы тағы бар. Жаңағы дәруменді қабылдаған қыздар қалаған жігітін оп-оңай айналдырып, өз дегеніне икемдеп әкете алады екен. Еуропа жағында сондай топ бар деседі. Барынша еркінсіген қыздардың тобы…
– Сонда Гүлжан да…
– Естігенім сол. Өзі әуелде жаңағы топтың ішкі есебі мен түпкі мақсатын байқамаған сияқты. Ай, сорлы қыз десе… Бұдан былайғы өмірі азаппен өтетін шығар сірә да…
– Қалай?
– Тыңдай бер. Сол дәруменді іңірлеп ішкен соң, аз уақыттан кейін тұла-бойын түп-түгел қара түк басып кетіпті. Қанша қырып тастап отырса да, жылдам-жылдам шыға береді дейді.
– Өзің тілдесіп пе едің? Өз аузымен айтты ма осыны?
– Жоға! Менімен араласпай кеткелі талай уақыт. Жақында Алматыда тұратын бір құрбыммен хабарласқам, соның сөзі бұл…
Не сенерін, не сенбесін біле алмай, Қоңырхан аңырап тұрып қалған…»
Сонымен, романды оқып шыққаннан кейін, автордың ишарасы сол – оқырманның өзі көзге көрінбес құбыжық – Интерадамның кім екенін өзі тауып алуы тиіс. Мұны христиан мәдениетінен нәр алған адам бір ауыз сөзбен Антихрист десе, мұсылман ортасынан шыққан адам осыған ұқсас персонаж – Тажал атымен атайды, оның адамдар арасына ішкерілеп енуі Жер бетінде тозақтың патшалық құра бастағанын сездіреді.
«..Қоңырхан өз жағдайын мүлде ұмытып, ой отауына кіріп алып, үн-түнсіз ұза-ақ отырып алды.
Интерадам қиялдап-ойлағанды бұл неге ойлай алмайды? Осындай парқы бар сезім соқпағы неге бұның қиялына қонақтамай жүр? Интерадам неліктен бұдан әлдірек те мықтырақ?.. Неге мысы басып тұрады әрдайым?!..
«– Сен кімсің, Интерадам?..»
Кеудесінен әлдебір удай ащы сезімдер тізбегі шудаланып, буда-буда қалпымен көшіп жатқандай күй кешті…»
***
Екі қысқа роман. Шын мәнінде, айту керек, олардың екеуі де үлкен. Ойы жағынан. Бұған қоса, қаһармандарын түйдек-түйдек етіп суреттеп бере алуы жағынан. Көтеріп отырған мәселелерінің адам айтса сенгісіз өзектілігі жағынан…
Мұны біз Жолтай Жұмат-Әлмашұлының үлкен жазушылық табысы деп ойлаймыз. Сондықтан қаламгерді осы кітабының жарық көруімен құттықтаймыз.
Орысшадан аударған Серік ПІРНАЗАР.