Аягүл Мантай: «ӨМІРДІ СҮЙЕТІНДЕРДІ СҮЙЕМІН...»
2021 ж. 29 тамыз
3734
0
Жас жазушы, журналист Аягүл Мантай тартымды табиғат көріністері бейнелеген фотосурет жинаумен әуестенеді. Бұл ермектің сыры неде? Осыны кейіпкеріміздің өзінен сұрайық.
– Әрбір адам – жеке әлем. Ол қоғамда өзінің сыртқы болмыс-бітімімен, мінез құлқымен, талантымен, білімімен, таным-түсінігімен ерекшеленеді. Әрқайсымыздың талғамымыз әрқилы. Сүю туралы, өмір туралы түсініктеріміз де әртүрлі. Әрбір адам дүниені өзінің көзқарасымен бағалайды. Біз талғам, көзқарас туралы әңгімені неге қозғап отырмыз? Біреу бір адамды жақсы адам деп құрметтесе, екінші біреудің ол кісіге деген көзқарасы жақсы болмауы мүмкін. Яғни, жақсы көру мен жек көру, ұнату мен ұнатпау... Бәрі – «болмыстағы шекара». Адамдардың бір ұқсастығы бар – олардың бәрі де табиғатты сүйеді.
Бала кезімде әкем көркем шығармаларды көп оқитын. Түнде ұйқымнан оянып кетсем, әкем ылғи көзі қызарып, кітап оқып отыратын. «Абай жолы», «Көшпенділер», «Аласапыран» сынды кесек шығармаларды ең алғаш әкемнің қолынан көрдім. «Әке, неге ұйықтамайсың?» десем, «ұйықтатпайды» деп жымиятын. «Кім?!» деймін мен жан-жағыма үрке қарап. Әкем «мына кітаптар» деп күлімсірейтін. «Кітабыңда суреттер бар ма, көрейінші» деймін қиылып. «Сен әдемі суреттер көргің келе ме?» дейді әкем. «Иә, берші!» деймін аузымды бұртитып. «Қызым, есіңде болсын, табиғаттан артық, табиғаттан әдемі сурет жоқ. Және ешқашан болмайды да. Табиғатты сүйсең, ертең сені де мына кітаптар ұйықтатпайтын болады» дегені жадымда.
Осы біз, сірә, қуануды, мұңаюды, жылауды табиғаттан үйренсек керек. Көктем дегеніміз – жастық, махаббат. Көктем өмірді сүюді үйретеді. Ал жаз – жылылық, мейірімділік. Күз – біреуді іздеу, ақиқаты, өзіңді іздеу. Күз өзіңнің жандүниеңе үңіл, өзіңді таны дейді. Қыс – сабырлылылық, қаталдық. Қыс жан арпалыстарды жеңуге шақырады.
Адамның бәрін сүйгің келеді, еркелегің келеді. Табиғат дегеніміз – сұлулық. Ал сұлулық дегеніміз – тазалық.
Мен өмірді сүйетіндерді сүйемін! Менің танымымда, өмірді сүйетіндер – табиғатты сүйетіндер. Сұлулықты бағалайтындар. Менің жазғаным оқырмандарымның жүрегіне жетіп жатса, олардың жандүниесіне қозғау салып жатса, мұның себебін – табиғатты жан-тәніммен сүйетінімнен деп түсінемін. Сіркіреп жауған жаңбырдың астында жүргенді ұнатамын, нөсерлеп төккен жауынды терезеден тамашалап тұрамын. Алғашқы қар жауған күні жандүнием тазарып қалғандай әсерлі күй кешемін. Сол күні көңілді жүремін.
Бастауыш класта оқып жүргенде орыс тілі пәнін жақсы көретінмін. Кітапты парақтап, табиғаттың суреттерін көремін. Жандүниеме бір күйші еніп кетіп, көңілді де мұңлы күй шертіп отырғандай күй кешетінмін. Шатыры қар басқан үйлер, мұз қатқан сулар, орман-таулар, қызылсары түске бөленген орман, жап-жасыл шырша... Міне, осының бәрі менің бала қиялымды алыстарға жетелейтін. Әттең, мына кітап мектептің оқулығы, әйтпесе, суреттерді қиып алып, ұйықтайтын бөлмеге іліп тастап, қарап жатар едім деймін іштей. Бірде «Табиғаттанудағы» суреттерді көргенде шыдай алмадым, гүлдің, жан-жануарлардың кескіндерін түгел қиып алдым. Бірақ кезекті оқу жылын аяқтарда қатты састым. Көршіміздің үйінде артық «Табиғаттану» кітабы бар екен, соны өткізіп, жазадан оңай құтылып кеткенім бар. Содан кейін, яғни бесінші сыныптан бастап, табиғат суреттерін жинау менің әуестігіме айналады.
Анаммен бірге базарға бара қалсам, картина көрсем, «аламын да аламын» деп қиғылық салатынмын. Сатушылар «кішкентай қыздың картинаға қызыққаннын бірнеше рет көруіміз» деп таңқалатын. Ақыры анамның сатып алып бермесіне қоймайтынмын. Жалпы, мен туған күнімде достарымнан сыйға картина алғанды ұнатамын. Демалыс күндері Алматының «Арбатына» барып, қолтумаларды тамашалаймын. Иә, кейбіреулер айтатындай мұндағы суреттер – шынайы өнер туындысы еместігін мен жақсы білемін. Бәрібір ол жаққа мені бір күш жетелеп апара береді...
Осыдан үш жыл бұрын жалғыз қызы бар әйелдің үйінде құрбыларыммен бірге пәтер жалдап тұрдым. Айсұлу құрбымның туған күніне Әсел Швейцариядан әкелген «Ассорти» шоколадты сыйға тартты. Мұны айтып отырған себебім, мені шокаладтың тәттілігі емес, сыртқы мұқабасындағы қып-қызыл лала гүлдердің суреті қызықтырды. Қырқып алып, үстел үстіне қойдым да, басқа жұмыстарыммен шұғылданып кеттім. Әлгі суретті пәтер иесінің еркетотай қызы алып кетіпті. Егер біреу менің алтын сырғамды ұрлап алса, ішім дәл бұлай ашымайтын шығар. Әлгі кішкентай ерке қыз да қолына тиген заттан айырылмайды екен. Өзім бар, құрбыларым бар, соны алдап-сулап, жүріп, қолыңа балмұздақ же деп ақша ұстатып, әйтеуір, әлгі суретті алдық қой. «Айка, қуанышыңда шек жоқ қой, тіпті» деп сонда құрбыларым күліп алған...
***
Міне, осылайша ағынан ақтарылған Аягүл қарындасымыз: «Мен қандай шығарма оқысам да, ең алдымен жазушының табиғатты бейнелеудегі шеберлігіне назар аударамын. Кез-келген жақсы жазушының шығармашылығында табиғат – арудың мінсіз сұлулығы көрініс тапқан. Менің ұғымымда, табиғаттың сұлулығы ғана мәңгілік» дейді.
Ол рас. Және мұның бәрі белгілі құбылысқа осынша мән беріп, кез келген нәрседен сұлулық іздейтін қаламгердің өз шығармашылығына да ықпалын тигізетіні анық шығар.
Құлтөлеу МҰҚАШ
2005 жыл. P.S. Ая Мантай бертінде: "Оқиғасы шытырман шынайы роман жазуды армандаймын" деп еді. Ал дәл бүгіндері осы қарындасымыз туралы қаны сорғалаған сол кесек дүниені өмірдің өзі жазып жатқандай...
qazaquni.kz