ӨЗ ЖҮРЕГІҢЕ ҮҢІЛ
2021 ж. 08 маусым
4638
1
немесе Әдебиет әлемді құтқарады
Сөзді сәл көңілсіздеу «нотадан» бастауға тура келіп тұр.
***
Әлеуметтік желіден әлдебір шығарманы шолып отырып қатты аңтарылдым. Автор мұнысына «әңгіме» деп айдар тағыпты; бірақ жазба бұл жанрға да, новеллаға да, тәмсілге де жатпайды. Осылардың қойыртпағы десек дәлірек. Жазушы орта буын өкілі саналғанымен, дайындығының әлсіздігі анадайдан андағайлайтындай. Бірақ азын-шоғын тәжірибесіне сүйеніп, оқушы түйсігін түртпектеп ойнауға, көңіл толқытуға, тиімді «әсер» туғызуға тырысып бағады. Оның үстіне махаббат – «өтімді» тақырып. «Оқиға» бір мекемеде жұмыс істейтін әйел мен ер адам арасындағы тұрпайылау «сезімге» құрылған. Қаламгер осыны кіршіксіз сүйіспеншілік орнына көрсетуге талпынады. Тек мұнда ешқандай өмір прозасы жоқ. Көркем туынды заңдылықтарына сәйкес айшықты сурет, қанық бояу, жеңіл динамика, қисынды драмалық тартыс, қызықты сюжетті де кездестіре алмайсыз. Осыдан кейін адам табиғатына терең бойлау, оның жан әлеміндегі құбылыстарға үңілу, ізгілік, тіршілік философиясы нышандарын күту артық та шығар. Әйтеуір, «Шіркіннің сұлуын-ай! Алқымындағы меңін айтсаңшы!» дегендей «шалқыма» сөз жиынтығы баршылық сияқты. Қайран қалдырғаны да сол, көпшілік осынау қарабайыр дүниеге: «Керемет. Ғажап. Сұрапыл. Классика. Шедевр» деп тамсанып, комментарий жазыпты...
Аласапыран күй кешеді екенсің. Таңырқау. Күмән. Қабаржу. Шарасыздық ахуалы... кезек алмасып, «бұл не, надан қара күштердің нағыз өнерге қарсы ашық майданға шыққаны ма» деп ошарыласың. Әлде қаламгер әлгіндей пікірлерді әдейі ұйымдастыра ма дегендей күдік те тумай қалмайды. Ал жаңағы асқақ бағаға сәл келіспесең, сонау өз-өзіне сенімді «сарапшы» топ ит-теріңді басыңа қаптап, түтіп тастайтыны анық. Түршігесің. Әдетте: «Мейлі, шығара берсін. Жазуға әркімнің қақы бар. Халықты ешкім алдай алмайды. Бұқара көпшілік асыл мен жасықтың қасиетін лезде ажыратып алады» деп өз-өзімізді жұбатамыз. Ал сол ең «әділетті» оқырманымыздың сиқы – анау...
Расында да, осындай қисынсыздықты алғаш аңдағандай таңырқадым. Ойпырмай деп бас шайқамасқа лаж жоқ. Жабайы капитализм деген «жарықтығымыз» құндылықтар орнын ауыстырумен бірге Әдебиет пен Өнерді де екінші, тіпті, үшінші қатарға алаңсыз ығыстырып-ақ жіберіпті. Сөз қадірі түсіп, талғамымыз да мейлінше төмендеп, алтын мен жезді ажыратудан қалып, адасыңқырай бастауымыз сондықтан шығар. Ал мұнша үстірт жазылған шығарма иелері ешбір жауапсыз көрсетіле салатын жаңағыдай «құрметтің» өсіретін емес, керісінше, біртіндеп өшіретін әрекет екенін сезінбей ме?! Әй, дегенмен, бұларға керегі де сол ғой; өтірік болсын көпіртіп мақтап, «даңқыңды» асырып қалып жатса жеткілікті емес пе! Ұят-аятты неғылсын.
Еріксізден Әбіш Кекілбаевтың: «Әдетте тапшы талант талғампаз болмайды; ондайлардың жатса-тұрса ойлайтыны – барымен базар қылып, қатардан қалмаудың, кеуделеп болса да ілгеріден көрінудің қамы» деген сөзі еске түседі. (Кекілбаев Ә. Дәуірмен бетпе-бет. Бүгінгі қазақ әдебиеті туралы ойлар. «Жазушы», Алматы – 1972. 33-б.)
Сонда осылардың дегені бола бере ме? Солақайлыққа қашанғы ерік береміз? «Әдебиет ¬– ардың ісі» деп жүріп арсыздыққа неге барамыз? Елдік мүдде, қасиетті мақсаттар қайда қалмақшы? Және бұл үрдіс қашанға дейін созылады өзі?..
Бізді қинаған бұл сауалдардың көпшілік замандасты да толғантатыны анық.
Әдебиеттің алдындағы жауапкершілік Тахауи Ахтановты осыдан жарты ғасырдай бұрын алаңдатыпты: «Әуезовтен кейін қазақ жазушыларына әдеби еңбек тым қиындап кеткенін жасыра алмаймыз. Ол жарық жалғанның алдында жақсы атандырып кеткен әдебиеттің биік деңгейін төмендетіп алмау қай-қайсымызға да оңай түсе қоймас. Дегенмен, біз орасан көп дос-жарандарымыздың алдында ғана емес, әрқайсымыз өз арымыздың алдында өз қадірімізді түсіріп алмау үшін, мұндай аса жауапты сыннан сүрінбей өту жолында еңбектенуіміз керек». (Ахтанов Т. Керуен. Әдебиет туралы ойлар. – Алматы: Жазушы, 1969. – 220-б.).
Ал бұл жағынан бүгінгі дәрежеміз қалай?
Ауызды қу шөппен сүртіп, күңірене бергің келмейді-ақ. Тәуір дүниелер бар. Әйткенмен, жоғарыдағыдай көрініс көбірек сипат алып, деңгейдің қатты аласарғаны, жалпы көріністің солғын тартқаны өтірік емес. Сол себептен де шығар, расында, ортақол, кейде, ол мөлшерден де төмен дүниелерді місе тұтып дағдыландық.
Әлбетте, Әдебиет пен Өнердегі дәлдүріштік дәл бүгін ғана пайда болған жоқ, әлімсақтан келе жатыр. «Әдебиеттің партиялылығы» мәселесі күн тәртібінен түспейтін сонау Ленин заманынан беріде жолбикелікпен күрес туралы арнайы қаулылар да қабылданған екен.
Сонда да осы салалардағы алаяқтық пен өлермендіктің жолы кесілмепті. Бір жақсысы, алып дарын иелері арагідік ғажайып сыпайылық, мол парасат үлгісін көрсетіп отырғаны қуантады. Мұндайда Мұзафар Әлімбаевтың бір жазбасы ойға оралады: «Максим Горький Антон Чеховқа жазған бір хатында: Мен әлі жазушы емеспін, әзірге жақсы ғана оқырманмын, – депті. Мұны әлгі тұста «Фома Гордеевті» беріп үлгерген Горький айтып отыр. Міне, кішіпейілдіктің көкесі. Елдің құлағына екі сөзі әлі жетпегендердің есерленіп кететіндері бар-ау бүгінде». (Әлімбаев М. Көңіл күнделігінен Эссе, зерттеулер.: «Жалын» баспасы. Алматы. – 1980. 45-б.)
Бұдан заңғар Мұхтар Әуезов айтатын «шала шекспир, толыспаған толстойлардың» аяғы сол Мұзағаңдар дәуірінде де тыйылмағаны байқалады.
Жұмекен Нәжімеденовтің «Эпиграмма» деген шумағы осы тәріздес «данышпандарға» арналғандай:
«А, дүние» деп бастап еді өлеңді,
сонау кезгі ұлыларға ұсап қап.
Бар әлемді құшпақ еді ол енді
қалды мынау бос ауаны құшақтап.
Салқын тартып сала берді сөзі де,
көп ұстаздың тасасында бұқпақтай,
«А, дүниені» қаратып ап өзіне
отыр білем айтатұғын түк таппай.
(Нәжімеденов Ж. Үш томдық шығ. жинағы. Т. 1. Өлеңдер мен поэмалар. – Алматы. Жазушы, 1996. – 179-б.)
Мұндай ағайындардың қатары «қазаннан қақпақ кеткен» қазіргі кезеңде тіптен көбейгені түсінікті.
Бір есептен, бұларды кешке дейін сөге беруге де келмейді-ау. Әдебиет «ауылында» жүрген біз де белгілі табысқа ұмтыламыз. Жұлдыздарға ұмсынып, ақырындап ғаламның азырақ бөлігін «игерсек» деп талаптанамыз. Несі бар. Сонша өрескел ниет емес шығар. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы». Дегенмен, бұлардан да қиыны, әмбе ең маңыздысы – өз-өзімізге жетіп, өз бойымыздағы айрықша Әлемді ашу екенін ескермейтін көрінеміз. Әлгі жиі айтылатын «Өзіңді таны» деген өсиет бекер болмай шықты. Оқушыға қажетті Ақиқат ең алдымен өзіңнің жан-жүрегің арқылы ғана жеткізілетін секілді. Мәселен, жазушы Ольга Берггольц: «Главная книга писателя ¬– во всяком случае моя главная книга – рисуется мне книгой, которая насыщена предельной правдой нашего общего бытия, прошедшего через мое сердце...» ¬– дейді.
Ал біз, көбінесе, сол көкейдегі қаны сорғалаған шындығымызды айта алмай қор болады екенбіз. Ерлігіміз жетпейді. Әлде арынымыз кемдік қыла ма; бәлкім, дарынымыз, дәрменіміз... пәрменіміз жетімсіздік жасайды. Сондықтан, ептесектеп, мұңы басым халқымыздың ұлттық кодындағы жанын ауыртып, көңілін босататын ең «осал» нүктелерін шұқылап, «тиімді» тақырыптарды таңдаймыз. Сөйтіп, жүректің тұсындағы сөзді емес, тілдің ұшындағы бірдеңелерді айтып, жылтырақ сөзді олай-бұлай жалақтатуға күш саламыз. Әлгіндей шалажансар, күлдібадам бірдеңелер осылай туындап жатпақшы. Мұнымен қоймай, сол шикі дүниеге мақтау дәметеміз. Осы тілемсектігімізді білетін «жанашырларымыз» немесе өзіміз құрып, айналға шоғырландырып алған «сергек» топ көңілжықпастықпен жоғарыдағыдай «О, баға жетпейтін шығарма! Теңдессіз!» – деп аспандатып, «жарылқап» отырады.
Демек, өз-өзімізді алдарқатамыз; ал шынайы шығармашылыққа ең қажетті қасиет ¬– өз-өзімізге деген адалдыққа қиянат жасалады...
Айтпақшы, шындықтан алшақтаудың тағы бір себебі бар. Ұзақ уақыт өтірікке сеніп әдеттенген талғамы төмен оқушы енді сіздің ақиқатыңызды қабылдай алмайтын халге жетеді. Даяр емес. Қым-қуыт, ұлыжіңгір тірліктің шындығына сенбейді. Ол оның аясы бір уыс дүниетанымына сыймайды. Өмірдің өзіндей күрделі де, қарапайым, рас әңгіме айтыла бастаса: «Ойбай, олай болуы мүмкін емес! Сіз қателесесіз» деп баж ете түседі. Сол себептен, оның көңілінен шығу үшін, жалған сөйлеп, көлгірсуге барасың. Міне, бұл да ¬– бүгінгі басты кемшілігіміздің бірі.
Тегінде, Шындық, Адалдық деп босқа шырылдамаймыз-ау. Мұның сыртында рухани өмір ғана емес, елдің әлеуметтік-экономикалық тұрмысы, бақуатты тірлігінің маңызды тетіктері де жатыр. Себебі, аярлыққа бейім, өтірікке иланғыш елді алдау да, адастыру да оңай. Мүдделі күштер халықтың осы әлсіздігін өз саясатына сәтті қолданып, басына бермекші. Өте шыншыл, жан-жүрегі таза, көкірегі ояу, намысқой елмен дұшпан да санасатыны даусыз. Ал арам дүниені жазушылар мен оларды қолдаушылар, қай жағынан алсаңыз да, әзәзіл әлеует үшін жұмыс істейді. Өйткені, өздері де сол сұрқия күштердің бір бөлшегі. Елді адастыру, сайып келгенде, қылмысқа пара-пар емес пе?!
Ендеше, Әдебиет пен Өнердің тазалығы бүкілхалықтық, ұлттық қастерлі мұрат!
Василий Шукшин: «Қаламыңды Шындыққа матыр! Ізгілік дегеніміздің өзі – Шындық. Бұл – ерлік, адалдық, елдің мұң-мұқтажымен ғұмыр кешу; халықпен бірге тыныстап, жұртпен бірдей ойлау, өйткені ел әрдайым Шындықты біледі» – дейді.
Нағыз Әдебиет адамның мінез-құлқын қалыптастырады, рухтандырады, оның белгілі құбылыстарға деген көзқарасын шыңдайды, дүниетанымын кеңейтеді. Жан үйлесіміне әкеледі, әсемдікке үндейді. Кісінің қиялын ұштап, қанаттандырады. Кемелдікке баулиды. Тұтас халықты ізгілікке бастайды. Адамды дүр сілкіндіріп, қайта түлетіп отырады. Кейінде қолға алынған рухани жаңғыру ісі, негізінен, осы Әдебиет пен Өнер арқылы жүзеге аспақшы.
Ал біз сөз басында келтірген шығармада қоғамға ықпал ететіндей бұл қасиеттің бірі де жоқ. Жауырды жаба тоқуға үйренген жаны жүдеу қаламгердің ізденбейтіні, өзі де тоқырауға түсетіні аян. Ол баяндалатын жағдайды қаншалықты сұлу қылып түзуге тырысқанымен, әр жерден үзіп-жұлған жабағы жүндей ескі-құсқылық әсері қалады. Қарап отырып қоңылтақсып, мазаң кетеді.
Оның үстіне жаңа заманғы Әдебиет бүгінде күрделі құрылымдық өзгеріске түсіп, мейлінше жаңарып, өмір ырғағына бейімделе бастағаны белгілі. Сыншылар мұны, негізінен, классикалық және тартымды-сәнді әдебиет деп жіктеп жүр. Олар аталған екінші бағытқа: постмодернизм, концептуализм, интеллектуалдық әдебиет, магиялық реализм, киберпанк, фэнтези жанрларын жатқызады.
Сөз орайында тоқтала кетейік, классикалық әдебиетке де сын көзбен қарау көріністері ішінара белгі бере бастағалы да талай уақыт өтті. Айталық, әлемге танымал ақын және прозашы, драматург Виктор Соснора: «Наша литертура в основном угрюма, дидактична и для чтения неинтересна. Неинтересно читать формалистическую прозу Пушкина и Толстого, бездуховных скучноносых Чехова или Тургенева – все учат как тучи, нависая надо мною своими бородами, бакенбардами и песне. Это эпическое отступление я перечеркиваю и читаю Довлатова» деген сөзді бұдан ширек ғасырдай бұрын айтыпты. (Журнал «Звезда», СПб., Сергей. – 1994, №3).
Ол, әрине, ежелгі классиктерді мүлде жоққа шығара қоймағанмен, романтизмнен гөрі ең жаңа реализмге іштартатынын, өз замандасының шығармаларын қызықтырақ деп санайтынын тұспалдаған секілді.
Жалпы алғанда, Әдебиет пен Өнердегі біршама кері кету белгілері бізде ғана емес, бүкіл әлемде жүріп жатыр деуге негізіміз бар. Мысалы, әйгілі опера әншісі Галина Вишневская (марқұм) осыдан оншақты жыл бұрын газет тілшісіне берген сұхбатында өз саласындағы келеңсіздіктер туралы: «...Мұның бәрін кездейсоқ жолбикелер жасайтыны анық. Дарынсыз авантюристер. Кейбір көрерменнің көңілінен шығамыз деп оңай олжаға кенелудің жолына түсіп алған, (тіпті, көрерменмен санасады деуге де келмейді), сөйтіп әлгіндей бассыздыққа барады. Бәрі айғай-шу, талас-тартыс, жарнамаға, арзан күлкіге есептелген. Көпшілікті мазақ қылуға лайықталған. Бірақ ел-жұрттың осыны қабылдап, қалай шыдай беретініне түсінбеймін. ...Әлгіндей қоюшылардың арзан ойыны осындай есеппен құрылады. Арсыздық, диуаналық. Сол себептен бүгіндері өнерден дәмеленудің өзі қиын. Дегенмен, қайталап айтайын, мұның бәрі өтетін жағдай» – депті. (Ян Смирницкий, «Московский Комсомолец» – 24.10.2011)
Түбінде біз де күндердің күнінде лайықты арнамызға айналып оралатынымыз анық. Аталған кемшіліктерді өтпелі кезең құбылыстары деп есептейміз. Өйткені жоғары деңгейдегі Әдебиетсіз дамуға жол жоқ екенін халықтың өзі де жақсы түсінетін кез жетеді. Осылайша адамзат өміріндегі жалпы кереғарлықтан Әдебиет пен Өнердің өзі алып шығатын болады.
Құлтөлеу МҰҚАШ
qazaquni.kz