ҚАЛЫҢ ЕЛ ОҚЫҒАН ҚАЛАМГЕР - БАҚЫТТЫ ЖАЗУШЫ
2021 ж. 13 мамыр
8363
1
Жеңіс мерекесі күні Ұлттық кітапханада майдангер жазушы Кемел Тоқаевтың шығармашылық залы ашылды.
ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Жеңіс күніне арналған, ерлерімізді еске алу, олардың даңқын асқақтату мақсатында ұйымдастырылған мерекелік шара өтті!
Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақ жауынгерлерінің асқан ерліктерін бүгінгі жас ұрпақ мәңгілік ұмытпайды. Олардың қатарында 90-ға жуық қаламгерлер қаламын қаруға айырбастап, Отан үшін сұрапыл соғыста жанқиярлық ерлік көрсеткендіктері белгілі.
Атап айтсақ, даңқы жер жарған дарабоз қолбасшы Бауыржан Момышұлы, «Дариға сол қыз» деп жырлап, Оралдың боранын майданға алып кеткен ақиық ақын Қасым Аманжолов, Кеңес одағының батыры Мәлік Ғабдуллин, Әди Шәріпов,
Хамит Ерғалиев, атақты партизан Қасым Қайсенов, Дмитрии Снегин, Жұбан Молдағалиев, Әзілхан Нұршайықов, Сырбай Мәуленов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Кемел Тоқаев және тб бар.
Жеңіс күніне орай Ұлттық академиялық кітапхана жанынан жазушы, Ұлы Отан соғысының І және ІІ дәрежелі ордендерінің иегері, қазақ детектив жанрының негізін қалаушы, Кемел Тоқаев атындағы шығармашылық зал ашылды.
ҚР Ұлттық кітапхана басшысы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Үмітхан Мұңалбаеваның бастамасымен өткен игі шараға елімізге белгілі зиялылар қатысты.
Атап айтқанда, Серік Негимов-филология ғылымдарының докторы, профессор, Әлібек Асқаров - жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Несіпбек Айтұлы - ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Көпен Әмірбек, белгілі сатирик, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, Баянғали Әлімжанов - Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, айтыскер ақын, драматург, әйгілі манасшы, Қазыбек ИСА – ақын, журналист, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, Рақымжан Тұрысбек - филология ғылымдарының докторы, профессор, Бақытжан Тобаяқов - ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, аудармашы, Серік Әбіл – ақын, композитор және тб Жеңіс күні мен майдангер-қаламгер Кемел Тоқаев туралы өз ойларын білдіріп, ақ тілектерін айтты.
Кезінде Кемел Тоқаевпен бірге істеген, сапарлас болған қаламгерлер Көпен Әмірбектің, Баянғали Әлімжановтың естеліктері әсерлі болды.
Қазыбек Иса. ҚАЛЫҢ ЕЛ ОҚЫҒАН ҚАЛАМГЕР - БАҚЫТТЫ ЖАЗУШЫ
-Кезінде қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетінде детектив жанрының негізін салушы Кемел Тоқаевтың кітаптарын іздеп жүріп оқымаған адам жоқ шығар.
Қазақ прозасындағы осы бір жаңа жанрдың қазығын қағып, шаңырағын көтеруші Кемел Тоқаевтың шытырман оқиғалы шығармаларын оқып өстік. Ауыл кітапханасындағы жаңа түскен жақсы кітаптарды ең бірінші алып кетуші адам - ең олжалы оқырман болатын ол кезде. Кітапханадағы көркем әдеби кітаптың бәрін оқып тауысып, жаңа кітаптар келуін асыға күтіп жүретінбіз.
Жақсы кітап келсе, бүкіл ауыл кезекке тұрып, таласып оқитын. Сондай ең көп оқылған кітаптардың бірегейі - жазушы Кемел Тоқаевтың детективті шығармалары еді. Бұны қазіргі жастардың шытырман оқиғалы фильмдерді іздеп жүріп, тауып көретін үрдісімен салыстыруға болады. Ал Кемел Тоқаевтың қалың ел қалап оқыған шытырман оқиғалы шығармаларының миллиондар көретін қызықты фильмдерден артықшылығы - өмірден алынған оқиғаларға құрылған, өмірде бар кейіпкерлер еді…
Әсіресе, “Түнде атылған оқ”, “Сарғабанда болған оқиға”, “Көмескі із” кітаптарын біз ауыл болып, таласып-тармасып, қызыға оқыдық. Қой бағып жүргенде дорбамызда нанымызбен бірге сол кітабымыз да жүретін. Үйге келгенде де, ата-анамыздың жұмсауы көбейіп кеткенде, шөптің үстіне шығып оқитынбыз…
Өйткені ол үздік шығармалар еді. Сондықтан да 1956 жылы Қазақстан Жазушылар одағы мен Ішкі істер министрлігі бірігіп өткізген ең алғашқы жабық конкурста бірінші бәйгені жеңіп алуы тегін емес. Осы байқауда тағы да үш рет (1972, 1977, 1980) жеңімпаз болады.
Аталмыш байқаулардың әділқазылар алқасының тұрақты мүшесі болған белгілі жазушы Қалмұқан Исабаев: – «Кемел бірінші бәйге алды. Бірақ өзі қандай таза, адал адам десеңізші» деп таңғалыпты. Байқаудың қорытындысы жарияланған соң Кемелге: «Бірге істеп жүрміз, маған неге ескерте салмадың» десе, Кемел: «Жабық сайысқа қатысқан соң олай істеуге болмайды ғой» депті.
Қазір күндіз шам алып іздесең табылуы қиын қандай шынайы адалдық, кіршіксіз тазалық, нағыз әділеттілік десеңізші…
Қалың ел қалап оқыған қаламгер - бақытты жазушы!
Кемел Тоқаевтың кемел шығармалары сол кездегі чекистердің, тәртіп сақшыларының тәлімді жанқиярлық ерліктері мен тапқырлық істерін тамаша суреттеген туындылар еді.
Сондықтан да ол «Милиция қызметінің үздігі» белгісімен марапатталған тұңғыш, бәлкім жалғыз жазушы шығар. Милицияның ел сүйсінер ер образдарын күшті жасап, шебер сомдағандықтан да, сол заманда көп жастар тәртіп сақшысы болуға ұмтылды. Бізге дәл қазір құқық қорғау органы қызметкерлері туралы патриоттық тұрғыда сомдалған сондай шынайы шығармалар жетіспейді. Сондықтан да біздің қоғамда қазір полицияның образы ойдағыдай емес, қайта керісінше қалыптасу байқалады.
Біздің полициямыз қазір митингідегі шал-кемпірлерге “шабуылымен” жағымсыз бейнелерге айналуда. Патриоттық тәлім-тәрбиені күшейтіп, ел тыныштығын қорғауды жастарға үлгі-өнеге ету үшін бізге қазір Кемел Тоқаевтың жаңа ізбасарлары керек. Ол үшін қазір қазақ әдебиетінде кенжелеп қалған детектив жазушыларды қалыптастыруды жолға қоятын Кемел оқулары керек болып тұр.
Детектив жазушылар үшін Кемел Тоқаев атындағы сыйлық тағайындалса, бұл оларды жақсы қолдау болар еді.
Кейін Алматыға арман қуып келгенде Жазушылар одағынан әйгілі ақын-жазушылардың ішінен өзіміз кітабын жастанып оқыған Кемел Тоқаевты да көргіміз келгені рас. Бірақ ол кісіні Одақта кездестірген емеспіз. Үш жыл бұрын Жазушылар Одағында өткен 95 жылдық асына қатысқанымыз бар еді. Енді міне Ұлттық кітапханада шығармашылық залының ашылу салтанатына қатысып, лебізімізді білдіріп жатырмыз.
Кемел Тоқаевтың шығармашылық залы шынайы оқырмандар игілігіне жарай берсін деп тілейміз!
“Ел жатса да, енекем жатпайды” дегендей, Ұлттық кітапхананы рухани ордаға айналдырған, ізденісі мен идеясы зор Үмітхан Дәуренбекқызына Жеңіс мерекесін жемісті шараға айналдырғаны үшін алғыс айтамыз.
Үмітхан Мұңалбаева. БАСТЫ МАҚСАТ- ЖАСТАРДЫ ЕРЛІККЕ БАУЛУ!
-Жеңіс мерекесі күні майдангер жазушы Кемел Тоқаев залының ашудағы басты мақсат жастарды адалдыққа, ерлікке, отансүйгіштікке баулу. Ерлерге құрмет көрсетуге, үлгі алуға, үлгілі болуға тәрбиелеу.
Кемел Тоқаев қазақстандық детективінің негізін салып, осы жанрдың рухани көшбасшысы мен әдеби бастаушысына айналды. Ішкі істер министрлігінің көптеген ардагерлері жазушы Кемел Тоқаевты өздерінің әріптесі деп санайды. Себебі, ол қазақстандық құқық қорғау органдары үшін үлкен тәрбиелік, рухани істер атқарды. Кезінде жазушының кітаптарын оқып, полиция қызметкері болуды армандап оқуға түскен қаншама батыл, ержүрек жастар бұның нақ дәлелі.
Қазіргі таңда қазақ прозасының кенжелеп қалған детектив жанрын жаңғырту басты талаптың бірі болып тұр. Өйткені, қазақ көркем прозасында бірлі-жарым шығармалар болмаса, шытырман оқиғаларға толы детектив жанры күнделікті тыныс-тіршілікте, адамдардың ойлау жүйесіне, дүниетанымы мен өмірлік көзқарасына қатысты мәселелерге қатыспай әлі күнге толық қамтылмай жатқан тақырып. Осыған орай, Ұлттық академиялық кітапхана оқырмандардың үнемі оқитын шығармаларына мониторинг жүргізу нәтижесінде детектив және фантастика жанрындағы кітаптарға деген сұраныс жоғары екендігін анықтады.
Мақсатымыз - детективтік жанрдағы шығармаларды оқуға оқырмандардың қызығушылығын ояту және оның дамуына серпін беру. Өз кезінде кітаптары жүз мыңдаған данамен оқырмандарына жол тартқан қаламгердің рухани мұрасы жастар бойындағы патриоттық сезімін оятуға өз септігін тигізері сөзсіз.
Жазушы Кемел Тоқаев атындағы шығармашылық залдың қаламгердің “Солдат соғысқа кетті” кітабының мұгабасы бейнеленген символикалық есігін ашу құрметі белгілі ақын, Халықаралық С.Есенин атындағы сыйлық - “Алтын Күз” орденінің Қазақстандағы тұңғыш иегері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Исаға бұйырды.
Кешегі ер етігімен су кешкен қиын кезеңдердің көрінісін көркем бейнелеп, дизайндық сәтті шешімдермен көрсете білген оқу залы өз ерекшелігімен көз тартады.
Кемел Тоқаевтың кітаптары, әлемдік және қазақстандық детектив жанрындағы үздік туындылар, Ұлы Отан соғысы туралы жазылған шығармалар, сол кезеңдегі жарияланған мақалалар, хаттар, мерзімді басылымдар, аудио-бейне материалдар, соғыс тақырыбындағы экспонаттар әдемі үйлесім тапқан. Жазушының кабинетіндегі әр құнды жәдігер тарихтан сыр шертеді.
Сондай-ақ, оқырмандар электронды каталог, kazneb.kz порталы, деректер базаларын және интернет пайдалана алады.
Бүгінде ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы еліміздің белгілі ақын-жазушылары мен қоғам қайраткерлері атындағы оқу залдарының болуымен ерекшеленеді. Атап айтсақ, «Абай» академиялық оқу залы, жазушы Әбіш Кекілбаев оқу залы, Дүкенбай Досжан атындағы «Жазушы» залы, академик Кеңес Нұрпейісұлының «Ғылым» залы, жазушы-драматург «Әкім Тарази» оқу залы, Тұрсынбек Кәкішев атындағы «Ғалым» оқу залы, түрколог ғалымдар Бейсенбай Кенжебаев пен Немат Келімбетов атындағы «Түркология» оқу залы, жазушы Қажығали Мұқамбетқалиұлының оқу залы, Зәки Ахметов, Хамит Ерғалиев, Халифа Алтай, Хасен Оралтайдың жеке кітапханалары оқырмандардың сұранысына ие.
Сонымен, Ұлттық кітапхана енді Кемел Тоқаев залымен толықты.
Ұлы Жеңіс күні ашылған майдангер қаламгер Кемел Тоқаевтың шығармашылық залы оқырмандарға рухани нәр сыйлай беретіні анық.
“Қазақ үні”