"Сүлейменов қол қойған": Жазушы Мұқағалидің Одақтан шығарылуы туралы айтты
2021 ж. 28 сәуір
6344
4
Ең бірінші Бақытым – Халқым менің,
Соған берем ойымның алтын кенін.
Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын,
Қымбатырақ алтыннан нарқым менің.
Ал екінші Бақытым – Тілім менің,
Тас жүректі тіліммен тілімдедім.
Кей-кейде дүниеден түңілсем де,
Қасиетті тілімнен түңілмедім.
Бақытым бар үшінші – Отан деген,
Құдай деген кім десе, «Отан!» дер ем.
...Оты сөнген жалғанда жан барсың ба,
Ойланбай-ақ кел дағы, от ал менен.
Түтін түтет.
Өс, өрбі, көгере бер:
Немерелер көбейсін, шөберелер.
Жадыңда ұста:
Жақсылық күтпегейсің,
От емес, оқ сұрасаң егер менен!..
Мұқағали МАҚАТАЕВ.
(«Үш бақытым» өлеңінен)
КСРО Жазушылар одағы Әдеби қорының Қазақ бөлімшесіне директорлыққа тағайындалған кезім. 1974-жылдың аяқ шені. Бір күні бөлмемнің есігі шалқалай ашылып, алып денелі Мұқағали тісі ақсиып кіріп келді. Ұшып тұрып, сәлем беріп, қарсы қабырға іргесіндегі диванға жайғасуына ишара жасадым. Ол диванға емес, үстелімді жанай тұрған биік арқалықты орындыққа отырды. Үстінде - қоңырқай жылы күртешесі, басында - қауқиған сары малақайы. Өңі жүдеу. Әншейінде жымиысын жарасымды етіп түратын бет шұңқыры суалыңқы жағына сіңіп кеткендей. Ірге жақтағы орындықтардың бірін алып, Мұқаңмен дізе түйістіре бере:
-Мұқа, хал-ахуалың қалай? - дедім.
Мұқаңмен таныстығымның бастауы 1970-жылда, мен "Қазақ әдебиеті" газетінің редакциясында қызмет істеп жүрген тұста жатқан және, қалайша екенін білмеймін, мен әу дескеннен-ақ "сен" деп кеткенмін-ді.
-Диваныңа отырмағаныма сен ренжіме, қызталақтың жүмсағын да, қаттысын да көріп жүрмін ғой, ауруханадан кеше шықтым, жарайды, оны қойшы, саған келген себебім: сенің анау бұғалтырың бар ғой, сол менің "көкқағазымды" көрсе-ақ жаман шошиды, ей! Соған айтарынды айтшы! - деді ол. Бойынан әлдебір таныс дәрі иісін сезгенмін, бірақ мәнісін сұрағым келмеген.
-Шошығаны қалай? - дедім, ештеңе түсінбей.
-Өзінен сұра, - деп сәл жымиды да, малақайын алып диванға тастай салды. Қобыраған шашын қос қолдың саусағымен артқа қарай салалап-салалап тарады. Кең мандайы жарқырай ашылды.
-Қазір сұрайын, - деп орыныма бардым да, бухгалтерияға телефон шалып, бас бухгалтер Фарида Миникееваны шақырдым. Мұқаң:
-Қызық, - деді.
-Не "қызық"? Қай сұлу есіңе түсті? - дедім, әзілдесе беретін әдетіммен. Сол әредікте келіп кірген Факең не үшін шақырылғанын аңғарса керек, қолындағы "көкқағазды" - еңбекке жарамсыздық жөніндегі бюллетеньді маған ұсына жақындап, Мұқағалиға қарап: - Бұларыңа ақша төлеуге правомыз жоқ десем, мына тентек ұқпайды, - деді.
-"Правомыз жоғыңыз" қалай? - дедім. "Көкқағаз" екеу екен.
-Литфондтың мүшелігінен шығарылған, өзіне айтқанмын.
-"Шығарылғаны" қалай?! - дедім, еріксіз танданып.
-Постановлениені алып келейін, көріңдер, - деп Факең бұрылып жөнеле берді.
-Айттым ғой, «қызық» деп?! - деді Мұқаң, тиісті ақшасын санап алған кісіше жылы күліп.
-"Қызығың" бар болсын! - дедім. "Көкқағаздарына" қарасам: біреуі жақында ғана беріліпті, екіншісі төрт ай мөлшері бұрында жазылған.
Факең қайтадан келіп, бір парақты алдыма қойды. Бөлімшенің ресми бланкісінде "Постановление правления" деп орыс тілінде сайрап тұрған
қаулының тұжырымы: "Мұқағали Мақатаевтың СССР Жазушылар одағының мүшелігінен шығарылғаны СССР Жазушылар одағы Әдеби қорының мүшелігінен де шығарылғаны болып табыладыны" айтып айқұлақтанған. Бөлімше директоры қол қойып, мөр басқан.
-Мынау қате. Анау жолғы кәсіподақ ұйымының қисынсыз у-шуы сияқты бірдеңені малданып жазғансыздар ғой?! - деп Факеңе орынсыз ренжігенімді аңғармай да қалдым. Факең:
-Ғаббас, сен қызықсың ғой, мен директорға бағынатын бухгалтер ғана емеспін бе? - деп орынды кейіді.
-Иә, қызық! - дейді Мұқаң, жайбарақат сөйлеп. Оның сөзі қитығыма тиіп:
-Мына қаулыны Мәскеу бекітіп қойса, "қызық" сонда болады, "қызықтың" көкесін сонда көреміз! Мұқа, сен тырп етпей отыр, мен қазір келемін, - дедім де, Әнуар Әлімжановқа барып келетінімді айтып, есікке беттедім.
-Бірінші секретарьға барасың ба? Ол шешер ме екен? - деді Факең, маған ілесе шығып. Үндемедім.
Әнуар Тұрлыбекүлы Әлімжанов - Жазушылар одағының басшысы - бөлмесінде оңаша екен. Сәлемдестім де, мән-жайды айтып, әлгі қаулыны ұсындым:
-Мұқағалиды одақ мүшелігінен шығарғандарыңыз рас па? Қашан болды? Секретариатта шешіліп пе еді? - деп сұрақты шұбырттым. Әнекеңнің қабағы түйіліп, көзі өткірлене қалды. Басын шайқап:
-Әкәу, (Әнекеннің "әкәу" дейтін сөзсыралғысы бар-ды, - Ғ.Қ.), бір рет сыртынан ақылдасқанбыз оның мәселесін. Біріміз: "одақтан шығарайық!" деп, біріміз: "мүшелігін бір жылға тоқтатып, шартты жаза қолданайық!" деп талқылағанбыз. Мен ол екі ұсынысқа да келісім берген жоқпын, ұят болады ғой! Ол Мұқағали ғой, әкәу! Айтпақшы, кәсіподақ мүшелігінен шығып қалған Мұқағалидың мәселесін қарап, біздің жігіттер ұятқа қалыпты ғой, өздері осы қызық! - деп иығын кужың еткізді.
-"Қызық" көбейді, ақыры қайырлы болсын, ал андағы қаулыны заңсыз деп Мәскеуге хат жіберемін де, о жақтың жауабын тоспай-ақ бюллетеньдерінің ақшасын төлеп береміз, - дедім. Әнекең қаулыны маған қайырып:
-Дұрыс, дұрыс! - деді. Мен үстелге қаулыны аударып төседім:
-Әнеке, осы айтқандарыңызды мынаның сыртына қазір жазып қоямын, - дедім.
-Сөйт, мен қол қойып берейін, - деді ол.
Бөлмеме оралсам - Мұқаң жоқ! Бухгалтерия бөлмесіне бас сұқсам, әлденені айтып, қыз-келіншектерді мәз-мәйрәм етіп сонда отыр!
-Факе, "тентегіңіздің" Одақ мүшелігінен шығарылғаны бекер, мына қаулыларыңыз күшін жойды, енді бюллетеньдерінің ақшасын тез төлеп беріңіз! - дедім.
-Маған бәрібір, - деді Факең, "қаулыларыңыз" дегенімді тағы ұнатпай.
-Ал, Мұқа, ақшанды ертең аласың, сен енді ауырғанды қой, уәденді бер, әкел қолынды! - деп әзілдедім. Ол қолымнан ұстап күлімдеп отырды да:
-Әй, Ғаббас, ауылда сенімен жасты інім бар, аты - Тоқтарбай, менен төрт жас кіші, екеуің түйдей құрдас екенсіндер, екеуінді әлі таныстырамын, - деп орнынан тұрып, иығымнан бір қақты да, маңқиып шығып кетті. Менің көз алдыма Мұқаңмен жасты ағам Қадестің (Өскеменде тұрады) келбеті келе қалды.
Ертеңінде түстен кейін бөлмемнің есігі тағы кең ашылып, Мұқағали маң-маң басып кіріп келе жатты. Тусыртынан бәйбішесі - Лашын жеңгеміз көрінді. Сәлем бере көтерілдім. Мұқаң мені құшақтап:
-Бауырым, көп рахмет, рахмет! Жеңгең ақшасын, әне, қалтасына сиғыза алмай тұр. Ай, бәйбіше! - деп жеңгемізге бар денесімен бұрыла қарады да: - Сен мына Ғаббастың үйіндегі келінге шуба әпер, ұқтың ба? Обязательно әпер, ақша жетеді қызталақ! - деді, көңілі таси аңқылдап сөйлеп. Жеңгеміз жымиып басын изеді.
-Мұқа, сен енді ауруды ұмыт, келініңе кигізген шубаң сол болсын, ауырма, аман жүр! - дедім.
-Жарайды! - деп қарқылдап күліп, қолын ұсынды.
Мұқағалимен Жазушылар одағында ғана емес, анда-мұнда дегендей, кездесіп, қысқа-ұзақ сөйлесіп-әңгімелесіп жүрдік. Дұрыс сәтінде де, "бұрыс" сәтінде де. "Бұрыс" деп отырғаным - қызу жүретін сәттері. Ол көңілшек болды, балаша аңқылдап жүрді. Кейде «әттең» болып қалатыны сол мінезінен еді.
Әнуар Әлімжановтың Мұқағалиды да, Тоқаш Бердияровты да "бұрыс" сәттерінде келгендерінде де қалайда әзіл-қалжың айта қарсы алып: "Әкәу, жарайды дедім ғой, жарайды енді, ертең келші, бәрі болады, ертең кел!" деп, арқаларынан қағып, шағын денесі селкілдей күліп шығарып салатын. Екеуін ерекше силайтын. Силамаса, адалдығына, ақжүректілігіне сенбесе, бірінші басшының аты - бірінші басшы, мысалы, екеуін Жазушылар одағының
мүшелігінен шығаруға тырысқандарды жақтай салатын еді, әсте қарсы болмас еді, қорғамас еді.
Мұқағали да, Тоқаш та Жазушылар одағының мүшелігінен шығарылған емес, "Шығарды" деп әлдекімдер алыпқашты сөз таратып жіберіпті. Ал екі ақынның Қазақстан жазушыларының сол жылдардағы құрылтайларының бәріне кәдімгі ресми делегат боп қатысқандары анық .
Осы түста мына бір жәйтті де мәлім етейін. Әнуардың "біздің жігіттер қызық" дегені біздің кәсіподақ ұйымымыздың жиналысына қатысты. Бір күні одақтың кәсіподақ комитеті жалпы жиналысын шақырды. Қаралмақ үш-төрт мәселеленің соңғысы – «Ақын Мүқағали Мақатаевтың тәртібі». Жиналысты басқарманың Әдеби байланыстар жөніндегі хатшысы Олжас Сүлейменов ашты. Негізгі мәселелер бойынша баяндамалар жасалып, талқылау, шешім болды. Мұқағали Мақатаев мәселесіне кезек келді. Олжас Мұқағалидың жиналыста бар-жоғын анықтамастан оған бірден шүйіле, әдетінше орыс тілінде екпіндеп сөйлеп: "Мақатаев маскүнемдігін қоймай жүр! Қоюға соңғы сөзін берсе де, қоймады! Кәсіподақтың мүшелігінен шығару керек!" деп төтеледі. «Жазушылар одағы мүшелігінен шығарылған» дегендей бірдеңе деді. Мінберге шыққан бір-екі жазушы қостады. Сол қылықтарына шыдай алмай, мінберге шығып: - Мұқағалидың анда-санда масаңдау жүретіні рас, бірақ, ешкімнің басын жарған жоқ, көзін шығарған жоқ. Одан көп ішетіндер бар, бірақ олар көз түспейді, ал аңғал Мұқағали көзге түсіп қалады. Сәкенінен, Ілиясынан, Бейімбетінен, Мұхтарынан, Сәбитінен, басқа да үлкен-кіші тұлғаларынан айырылған қазақ әдебиетіне енді жетпей тұрғаны Мұқағалиды куып тастау ма?! Ол болмайды! Мен қарсымын! - дедім. Мені: Оразбек Сәрсенбаев, Бексұлтан Нұржекеев және бірнеше ақын-жазушы қостап шықты (жазушы Әбілмәжін Жұмабаевтың «Күнделіктер» деп аталған естелігінде ол оқиға нақты айтылыпты).
О тұстан, бұ тұстан дауыс шыға бастады:
-Мұқағали кәсіподақтың мүшелік жарнасын уақтылы төлеп жүр ме, соны айтсыншы өзі!
-Партбелетін жоғалтып, партиядан шығып қалған!
Мұқағали залдың орта шенінде отырған-ды. Жүрт: "Иә, иә, айтсын!" десіп, Мұқағалиға жалт-жалт қарасты. Ол тісі ақсия күліп отыр. Қолын сілтейді. Және біреу: "Оның айтқысы келмесе, комитеттің жарна жинаушысы кім еді, сол айтсын!" деп талап етті. Комитет төрағасының тұрмыс мәселелері жөніндегі орынбасары бухгалтер Фарида Миникеева еді, сол кісі орнынан тұрды да: Мүшелік жарнасын үш жыл бойы төлемегендігі себепті Мақатаев
жолдас мүшеліктен алдыңғы жылы шығып қалған болатын, - деді. Қарқ-қарқ күлкі залды жарып жібере жаздады. Қызыл шеке бола бастаған көпшілік сол күлген бойы тарап кете барды. «Біздің жігіттердің қызығы» - сол!
Енді мына бір хатқа үңілейік:
«Әнуар!
Айып етпе, сенің алдыңа барып барлық жағдайымды айтуға арланып отырғаным жоқ. Сен қабылдамайды, тыңдамайды деген де ойдан аулақпын. Сенің қазіргі жұмысың қауырт, оны да түсінем. Сондықтан менің Жаңа жылдан бергі жағдайымды өзің білесің бе, жоқ па деп хат жазуыма тура келді. Менің, семьямның қазіргі халі осыған мойын ұсындырды мені. Үйіңе барып жолығуды ұят көрдім. Тағы да өтінем, айыпқа бұйырма.
Өзіңе белгілі болар, биылғы жыл (1973) маған оншама қуаныш әкеле қойған жоқ әзірше. «Жұлдыздан» мені босатқан, ол кезде сен ОАР жаққа кеткен едің. Сенің келісімің болды ма, жоқ па, ол жағы маған әлі белгісіз. Өзім де кінәлімін, әрине, дегенмен де, дәл Жаңа жыл келгенде, балаларымның жеп отырған қорегінен ажырататындай ешкімге ешнәрсе істей қойған жоқ едім...
Жасыратыны жоқ, байқаймын, сен маған суық қарайсың. Сен мені, менің болмысымды танитын сияқты едің ғой. Түсінбеймін, қандай ғана өсекшінің тіліне ердің?! Арамдық, адамға деген жауыздықтан бойын аулағырақ ұстайтын бір адам мендей-ақ болар (осылай деуге ұялмаймын!). Егер мен тарапынан көбік езу біреулер саған бірдеңе деп жеткізсе, оның бәрі жалған екендігін түсінуіңді өтінем.
Ал әлгі дерт, ішімдік мәселесіне келетін болсақ, енді оның иісін сездіріп, ізін де білдірмеуге бел байлағам. Есіңде болсын, бұл –менің азаматтық сөзім!
Адамның бәрін дос санап, көңілдерін жықпай, көлгірсіп келіппін. Байқасам, менде дос жоқ екен. Дұшпаным бар ма, жоқ па –білеймін. Мендегі бар айып –жеккөретін, құлқым сүймейтін адамға жеккөретінімді, құлқым сүймейтіндігін сол адамның алдында оп-оңай білдіріп алатындығым (ішсем де, ішпесем де).
Әнуар! Бүгіннің қызығынан, рахатынан, байшылық-баршылығынан қаншама безініп, болашақ үшін, қауым үшін, болашақтың әдебиеті үшін өмір сүрейін десем, менің қазіргі болмыс-тұрмысым соншама езіп, жаншып, жуасытып барады. Өзім жарық дүниеге әкелген балаларымнан артық бақыт жоқ маған. Соларды ойлаймын, қиындап кетті...
Өтініш: егер менен үмітіңді біржола үзбесең, мені өзіңнің қарауыңа жұмысқа ал. Ақындығы да, таланты да, атағы да құрысын, балаларымның жоқшылықта болуын көргім келмейді. Бәрі де ержетіп, естері кіріп қалыпты, ұялып жүрмін солардан... Өзің білесің, қырықтан аттанып барам ғой, енді
қандай баланың қарауына барып әдеби қызметкер болмақпын. Не де болса, өз қарауыңа ал, батыр! Қиындап кетті. Сенен алғашқы да, ақырғы да өтінішім осы. Қалғанын азаматтығыңнан, құрбылығыңнан күттім!
Сәлеммен, Мұқағали.
20. 03. 1973 ж.
Панфилов, 147, кв.95. Телеф. 27497».
Бұл хаттан кейін екеуі жақсылап әңгімелескен болар. Көп кешікпей Мұқағали Мәскеуге, Әдебиет институтына оқуға жіберілген. Ол Әнуардің: мұндағы «достарынан» уақытша болса да қол үзсін, үлкен ортаны көрсін, оқысын, ойлансын деген қамқорлық ниеті ғой. Бірақ Мұқағали тиянақтап оқи алмады. Сол туралы Әнуарға институттан 1973-жылғы қарашада хат келіпті. Жолдаған кісі аты-жөнін анық жазбастан иірлеп қол қоя салған. Ол біздің ақынды «стихийная одаренность которого несомненна» деп бағалай келіп, оқудан шығаруға мәжбүр болғандарын өкіне мәлімдепті. Ал Әнуар хат иесін әбден танитын болса керек, жауабын: «Уважаемый Александр Петрович!» деп бастап, Мұқағалиды өзінің жоғары құрметтейтінін айтып: «...Мұқағали Мәскеуден қайтып келгенде мен шет елде едім, ол орнымда қалған хатшыға: «Жазушылар одағы алдында ұяттымын. Енді мұнда жүре алмаймын, ауылыма кетіп барамын, жаңа жыр жинағымды дайындап болған соң келемін», деп кетіпті... Талантты ақынның одаққа танылуы үшін кітабын Мәскеуде орыс тілінде шығарғымыз келеді, Сіз көмектессеңіз жарар еді», деп жазыпты. Кейінде ақынымыздың Алматыда «Зов души» деген атпен шыққан (орысшалағандар –Ю.Александрова мен М. Курганцев) үш дастаны мен 55 өлеңі енгізілген жинағына алғысөзін Әнуар: «...Творчество Мукагали Макатаева – яркая страница казахской поэзии шестидесятых-семидесятых годов нашего столетия», деп бастап: «Порой он бывал грустен, порой беспокоен, задирист в споре. Но всегда оставался жизнелюбом и оптимистом... Добротой наполнены его строки, добротой и любовью к человеку», деп тұжырыпты. Осындай адал пікірлі Әнуардің Мұқағалиға қашанда оң көзімен қарағанына бұл - және бір дәлел. Әнуар болмаса, ол Жазушылар одағы мүшелігінен шығарылар еді, жинағы орыс тілінде жарық көрмес еді.
Әнуардің хатындағы Александр Петровичтің әйгілі ақын, аудармашы Межиров екенін Өтеген Күмісбаевтың «Мәскеуге симаған Мұқағали» деп жазған естелігінен білдім («Айқын» гәзеті, 14-тамыз, 2010-жыл). Өтеген ақынның Мәскеумен хош айтысқан өлеңінен мынау жолдарды келтіріпті:
...Үйреніп қалған ұямдай,
Мәскеуді барам қия алмай.
Миллиондардың ішінде
Бір басым менің сия алмай.
Еңсемді бір сәт жия алмай.
Не бетімді айттым, Алматым,
Не деймін саған, ұялмай?!.
Таңғы шық.
Аяз сорып тұр.
Соғып тұр боран,
Соғып тұр.
Ақ құсым, мені аман-сау
Алматыммен жолықтыр!
Мұқаңның Әнуармен жүздесе алмай, хатшысына: «ауылыма кетіп барамын» дегені осы көңіл күйінің жалғасы екен-ау!..
Қазақстан Жазушылар одағының мұрағатында басқарма хатшылары алқасының 1974-жылғы қаңтардың 24-і күні өткізген мәжілісінің №3 «а» қаулысы бар. Онда Мұқағали Мақатаевты КСРО Жазушылар одағы мүшелігінен шығаруға шешім қабылданғаны жазылған. Ол - жалған құжат. Себебі: біріншіден, сол мәжілісте қаралған негізгі мәселе жайында баяндама жасаған Қалаубек Тұрсынқұловтан (одақ басқармасының үшінші хатшысы) сұрағанымда ол жолы Мұқағали туралы ешқандай сөз болмағанын айтты. Екіншіден, ҚЖО басқармасының бірінші хатшысы Ә. Әлімжанов Мәскеуде іссапарда жүрген, ал бірінші басшы жоқ кезде кімді болсын мүшеліктен шығару сияқты күрделі мәселе қаралмайтыны өзінен өзі түсінікті. Егер тіпті бір шұғыл себептермен қарау қажет болған күннің өзінде мәжілісті бірінші басшының міндетін уақытша атқарушы екінші басшы – Ілияс Есенберлин өткізіп, шешімге сол қол қоюға міндетті еді. Олай болмаған, төртінші хатшы О. Сүлейменов қол қойыпты, Есенберлин отырғанда оның дәл сол жолы өйтуге құқы жоқ болатын. Үшіншіден, қаулының өзін «а», «ә», «б»... деп нөмірлеу ешқашан болған емес. Қосымша мәселе қаралған болса, онда сол қаулының баптарына қосымша ретінде: «а», «ә», «б»... деп тармақ енгізіледі. Яғни мынау «№3 «а» қаулы» не Мұқағалиды мұқату үшін, не Әнуарді арандату үшін керек болған да, кейін, мәжілістен соң жазылған, демек, жалған құжат екені даусыз (кімге, не үшін керек болса да, - шатасқандық!). Жалғандығына және бір дәлел - ол мәжілісте Мұқағалидың тәртібі қаралса, шешім қабылданбастан бұрын талқылау, пікірлесу болуы, шешімнің неше дауыспен мақұлданғаны айтылуы талап етіледі ғой, ал Жазушылар одағының мұрағатында ондай құжат (мәжіліс хаттамасы) жоқ, пәленбай мәжіліс өтті, түгленбай шешім қабылданды деген жарты парақ жазба ғана бар.
Қаншама жыл қызметтес, жолдас болып жүргенімде Әнекеңнің қоластындағы қызметкерлерді (бос сөзі көп, игілікті ісі аз болған Ісләм Жарылғапов пен Әбдірашит Ахметовтен басқа) жұмыстан шығармақ тұрғай, ренжіткенін де көрген емеспін. Үлкен-кішімен әзілдесіп, қатар құрбысындай тең сөйлесетін, олардың ағаттықтарына кешірімді еді. «Жүйріктің түбін берік алады» бекер айтылмаған ғой.
Мұқағалиды ақырғы көргенім 1975-жылдың орта шенінде. Бөлмемнен шыға бергенімде онымен бетпе-бет ұшырастым.
-О, Мұқа, ассалаумағалейкум! - дедім, сәл аңтарылып.
-Уағалейкүмассалам! Кабинетіңе кірейік, сенде срочный шаруам бар, - деді. Аурухана иісі мүңки қалды.
-Сұлу медсестраларың дәріге шомылдырып жіберген бе, немене? - деп қалжындай кірдім бөлмеге. Оның алып денесі мүжіліп кеткенін көріп, көңілім алабұртты.
-Аяушы ма еді қызталақтар, аямайды ғой, - деген Мұқаң кең пальтосының түймелерін ағытып жіберді де: - Міне! - деді. Пальтосының асты - аурухананың таныс киімі: түсі оңған бозғылт пижама, сарғыш көйлек.
-Ойбай-ау, Мұқа-ау, тоңып кеткен жоқсың ба?! Мынауың не, бұл қай жүрісің?!
-Бұл бәтшәғарда тоңатын ештеңе қалған жоқ, мынадан төмен қарай, - деп ол кіндік тұсына алақанын көлденең ұстады, - міне, мынадан төмен қарай укол салмақ тұрғай кездік сұғып алсаң да түк сезбейді қызталақ. Тихий часта тырағайлап қашып келдім, бауырым, ағаңа ақырғы рет бір көмек көрсет, мә, арызым, - деді де, бүктелген парақты ұстата салып, диванға барып жантайды.
-Қашып келсең - кел, тек "ақырғы" деген сөзіңді қайтып ал! - дедім.
-Айтылар сөздің айтылғаны жақсы. Бұл ағаң ... қап, андағыны өлеңмен жазбаған екенмін, ескерткіш болатын.
-Қайдағыны айтпа! - деп тағы ренжідім де, арызына көз тастадым. "Денсаулығымның нашарлап бара жатқанын ескеріп, материалдық көмек көрсетсеңіздер екен" деген жалғыз сөйлем жазыпты. Қағазынан да дәрі иісі шығып тұрғаны есімде. Бухгалтериядан кассир қызды шақырып алдым да, арыздың етегіне "150 сом" деп жазып, тез алып келуді сыбырлап қана тапсырдым. Мұқаңа бұрылсам, ол терезеге бей-жай қарап, жантайып жатыр екен. Қыз шығып кеткен соң ақырын жөткірінді де:
-Өмір-ай, өмір деп жүрдік, бір жыладық, бір күлдік... Солай, бауырым, бұл жаман ағаң ауруханада ақырғы өлеңдерін жазып жатыр, құдекең енді бірер ай мұрсат берсе, сонысына да шүкіршілік етермін, - деді. Жүрегім дір етті. Кеудеме бір суық құйын сүңги кіріп, қайта шығуға арпалысып, құдды беймәлім бір хайуанша құтырынып, ішкі сарайымды әлде тырналап, әлде тістелеп жұлқылағандай ауыр күй кеше бастадым. Мұқаңа қарауға да, бірдеңе деуге де дәтім қалмағандай. Қағаздарымды аударыстырып, аққұла жоқты іздеуге кірістім. Әншейінде безілдей беретін телефоным да тым-тырыс.
Есік ашылды. Фарида екен.
-Фуһ, дәрі сасып тұр ғой! - деп сөйлеп келіп, Мұқағалиға қарап:
-Ә, тентек, хал қалай? - деді жымиып. Мұқаң маңқия бұрылып, орнынан жайлап тұрып:
-Е, Факе, хал дейтін хал қалған жоқ, қоштасқалы келдім, - деді. Төбесіне жылжып кеткен сары малақайын милығына басыңқырап қойды.
-Әй, тентек, жаман сөз айтпа, не болды саған?! Бұ күнде кім ауырмай жүр?! - деді Факең. Мен ол кісі алып келген 150 сомды және шығыс ордерін Мұқаңа ұсынып:
-Әзірше осыны ала тұр, әлгі максимальный мөлшер дегеніміз ғой, кейінірек тағы көрерміз, - дедім. Ол ақшаны қойын қалтасына "біссімілдә" деп салып, ордерге қолын қойды. Сөйтті де Факенді иығынан ақырын құшақтап, самайынан сүйді. Одан соң мені кең құлашын жая құшақтай бере бетіме қарап кідірді. Көзінің қиығы ұзарып, мұрнының дөңесі көтеріліп кеткен екен. Көзін көзіме қадап, мандайыма мандайын тіреп:
-Көп жаса! Қош бол! - деп қыстыға күбірледі де, баяу бұрылып, жылжып кете барды. Өнебойым бір ысып, бір суып, мелшиіп тұрып қалдым...
1976-жылдың қарашасында Төле би (Комсомол) және Амангелді көшелерінің қиылысындағы ауруханаға түстім. Бір күні дәлізде таныс медбибі Баян кездесіп, екеуміз өткен-кеткен жәйіттерді еске ала біраз әңгімелестік. Баян "Лениншіл жас" газетін жылда жаздырып алатынын, газеттен ең әуелі өлең іздейтінін, ал өлең оқыған сайын Мұқағали ағасының бір қылығы есіне түсетінін айтты. Мұқаң ауруханада соңғы жолы жатқанында бір күні түскі астан кейін іздегендерінде табылмай, Баян қатты абыржыпты. Көп жүруіне, далаға шығуына болмайтын ауыр сырқат адам тыным мезгілінде (тихий час) орынында жоқ. Баян не істерін білмейді, кезекші дәрігерге, бөлім меңгерушісіне айтуға батпайды. Мұқаңның кешкі асқа дейін, әйтеуір, аман-есен келуін тілеп, іштен тынады. Мұқаң кешкі асқа жарты сағат қалғанда келіпті. Гәзетке орап құшақтап алған нәрсесі бар. Қатты деміккен. Аяғын әрең
басады. Баян тұра ұмтылып, қолтығынан демеп, палатасына апарады, төсегіне отырғызады: «Ағатай-ай, қайда жүрсіз?!» деп шырылдайды. Ағатайы құшағындағы ораулы нәрсені оған ұсынып, деміге отырып емірене қарап: "Айналайын қарындасым... қызым... айналайын, андағы саған... сендерге... осындағы қыздарға... апар, апар!" депті. Баянның алар сыңайы жоғын көріп, қабағын түйіп: "Тіл ал!.. Мені ренжітпе!.." - депті қатқылдау үнмен.
-Ораулы нәрсесін ем-дом бөлмесіне алып барып қарасам - бір бөтелке шампан, бес құты иіссу, кемінде үш килограмм кілең қымбат конфеттер, екі тақта шоколад! - деді Баян, соның бәрін тағы көріп тұрған жанша тандана сөйлеп. Мен ол жәйттің Мұқағалидың әлгі сонау "тихий часта тырағайлап қашып келдімі" күні болғанын іштей тұспалдап үлгірдім. Қайран құдіретті Аға-ай! Өйтпесең, Мұқағали болармысың!
...Мен бұл естелікті жазғанда Мұқағалидай Алатау ақынмен жақсы қарым-қатынаста болып едім, оған қамқорлық жасап жүріп едім деп, "өзі жоқтың көзі жоқтығын" пайдалана оңай ұпай-бедел алуды, яғни бетіме жасанды шырай жинауды мақсат етпедім. Қайталап айтсам: Мұқаңмен оның "бұрыс" кезінде де, дұрыс кезінде түсінісіп жүрдік, ешқашан қажасып көрмедік. Мен оны ақ көңіл, адал пейіл азамат деп, шын мәніндегі құдіретті ақын деп жақсы көрдім.
Еңбегімен емес, емпеңдеуімен санатқа қосылып, өзінен ілгерінің сыбағасын қақшып кететіндер қашан аз болып еді? Мұқаң ондайларды білді де, көрді де. Ондайлардан жиіркенді ол. Өзіндей табиғи талантқа, кесек тұлғаларға мінтаққыштардан, қарадай жауыққыштардан және ондайларды қолпаштайтын бітеукеуде билікшілдерден жиіркенді, - ешқайсысына бас имеді. Тік жүрді, тік сөйледі. Бұл пікірімді ақиық ақын ағаның:
"...Әйтеуір кінә тауып бір жеріңнен,
Сынауға тіптен құмар кім көрінген.
Бірақ та,
Білесің бе, ей, кім көрінген,
Айтсын деп ақиқатты тіл берілген!" - деуі қуаттайды!..
Өкінішке қарай, бізде сонау бір жылдары Мұқағали жайында небір ала-құла сөздер айтылып жүрді. Солардан маған өте ұнамаған бір сарын болды. Ол – Мұқағали өмірден өксіп өтті, кітаптары шықпай, материалдық көп қиыншылық көрді, жалпы бақытты адам болған жоқ дегендік. Оның бәз-баяғы өсек екеніне Мұқаңның қай жылы қайсы кітабы шыққаны жөніндегі мына деректер дәлел:
1. «Ильич», поэмалар. 1964 жыл.
2. «Армысыңдар, достарым?!», 1966 ж.
3. «Қарлығашым, келдің бе?», 1967 ж.
4. «Мавр», 1969 ж.
5. «Дариға жүрек», 1972 ж.
6. «Аққулар ұйықтағанда», 1974 ж.
7. «Шуағым менің», 1975 ж.
8. «Өмір - дастан», Таңдамалы, 1976 ж.
9. «Өмір - өзен», 1976 ж.
Демек, 12 жылда 9 жинақ! Екінің біріне бұйырмаған кеңшілік.
Мұқаңның Ақиық Ақындығын таныған аға-інілері - гәзет-журнал редакторлары, баспа директорлары қолын қаққан, жолын бөгеген емес!
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ,
Қазақ үні