ЖАЗУШЫНЫҢ ЖАСЫЛ ӘЛЕМІ
2021 ж. 11 наурыз
2644
1
Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарасты 33 кітапхана-бөлімшесінде "Менің жасыл әлемім" атты әдеби шара болып өтті. Журналист, жазушы, баспагер Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, "Дарабоз" халықаралық сыйлығының лауреаты, "Molia & DOS" баспахана кешені директоры, Республикалық "Абитуриент", "Турист" газеттерінің бас редакторы Баян Болатхановaның "Менің жасыл әлемім" әңгімесін негізге ала отырып, қаламгердің шығармашылығына арналған оқырман мен жазушы арасындағы кездесу ұйымдастырылды.
Шығармашылық шараға белгілі ақын Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының иегері Аян Нысаналин, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультетінің Баспагерлік – редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының меңгерушісі, экономика ғылымының кандидаты, профессор Жетпісбай Бекболатұлы, Әдебиет зерттеушісі, журналист, «Рух» баспасының директоры, белгілі баспагер Балжан Хабдина,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген əртісі, "Құрмет" орденінің иегері Сұлушаш Нұрмағамбетова, Талғар қалалық балалар музыка мектебінің вокал пәнінің мұғалімі Забира Атантаева және кітапхананың тұрақты оқырмандары, мектеп оқушылары, осы кездесуді ұйымдастырған кітапхана меңгерушісі Қуаныш Исабекова бастаған қызметкерлері қатысты.
Әдеби кездесу қызықты, ерекше өтті. Оның да өзіндік себебі бар болатын. Журналистика мен үлкен әдебиетке де өз үлесін қосып жүрген қаламгер бүгінгі кездесуін біздің кішкентай оқырмандарға арнаған-ды. Балалар әдебиеті - үлкен әдебиетіміздің бастауы. Қиял құсы көкте қалықтайтын сонау бала шақтан санаға сіңген шығарма ешқашан
ұмытылмайды, өмірлік жадымызда сақталып қалатыны ақиқат. Бала кезде бас алмай оқитын қазақ ертегілері соған нақты дәлел. Бір өкініштісі, балаларға арналған шығармалар бізде қалыс жатқаны да жасырын емес. Осы жағынан алғанда, бұл салада елеулі еңбек етіп жүрген Баян Болатханованың кішкентай оқырмандарымен кездесуі әбден құпталық іс дер едік. Бүгінгі әдебиет сүйер осы балалардан ертеңгі күні белгілі қаламгерлер шығуы да ғажап емес қой. Бәріміз де солай болғанын қалаймыз, іштей үміт артамыз олардың жарқын болашағына.
Қазақтың көрнекті ақыны, сыншы Аян Нысаналин қаламгер қарындасы Баян Болатханованың алғаш еңбек жолын бастап, қалам қарымын қалың оқырманына танытқан республикалық "Лениншіл жас" газетінде бірге қызмет атқарған жылдар естелігін тартымды әңгімелеп берді.Үзеңгілес замандастары белгілі баспагер Балжан Хабдина, жас журналистерді тәрбиелеп, тәлім беріп жүрген ұстаз-ғалым Жетпісбай Бекболатұлы қаламгер Баян Болатханованың шығармашылығына жан-жақты тоқталды. Б.Хабдина: "Баян Болатханованың балаларға арналған әңгімелері мен ертегілері әлі зерттелмеген тақырып. Балалардың ұлттық таным зердесін оятатын қанық бояуға толы көркем туындылар» – деп баға берді. «Баян Болатханова шығармаларын көптен бері зерттеп келемін. Кейбір ой-пайымдарым кезінде мерзімді баспасөзге шыққан да болатын. «Қазақтың Қаршығасы», «Гауһартас» өнер тақырыбына арналған көркем деректі туындылары еліміздің мәдени мемуарлық әдебиетінен ойып тұрып орын алады» - деді Жетпісбай Бекболатұлы. Сол сияқты шараға қатысып, өз өнер- өмірбаянынан сыр шертіп, мерекеге ән тарту сыйлаған белгілі әнші Сұлушаш Нұрмағанбетова жазушы Баян Болатханованың "Гауһартас" өнер туралы деректі әңгімелер жинағында тұлғасын сомдаған кейіпкерлерінің бірі екені белгілі.
Әдеби шараға №41мектептің 7 сынып оқушысы Асхатқызы Арайлым, №81 мектептің 5 сынып оқушылары Тілуберді Ибраһим, Измахан Аружан, Сағатов Аңсар, Тасболат Інжу, №124 мектептің 4 сынып оқушысы Қыстаубаев Абдуррахман, №125 мектептің 4 сынып оқушысы Әлижан, №136 мектептің 7 сынып оқушысы Маемгенова Толғанай, Талғар қаласының музыка мектебінің оқушысы Цин Амир белсене қатысты. Кездесу барысында балалар жазушы апайларының "Тұяқ батыр», "Балықтар", "Мәңгілік ел" "Құрбақа айтқан әңгіме" ертегілері мен "Бибіжар мен Бойтұмар"хикаятын, "Менің жасыл әлемім","Қарақиядағы көкпар", "Итбалық", "Сарыкөжек" әңгімелерін жатқа айтып, өздерін қызықтырған сауалдарын қойды. Кішкентай кітапқұмарлардың сұрағына жауап берген жазушы алғысын айтып, «Қазақ тілінің, қазақ әдебиетінің болашағы өздеріңдей зерек, кітапты сүйіп оқитын балалардың қолында!» - деп сенім білдірді.
Кеш барысында балалар күй тартып, мерекеге арналған тақпақтарын оқыды. Кездесу соңында белсене қатысқан оқырмандарға жазушының қолтаңбасы қойылған "Қарагөз-ғұмыр" кітабы сыйға беріліп, Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Роза Қабиеваның атынан «Мақтау қағазы» тапсырылды.
Ия, алыста қалған балалық бал-дәурен кімге де болса ыстық, қашан да қол бұлғап өзіне тартып тұрады. Көк шалғынды жапыра жалаңаяқ көбелек қуып, құшақ тола қырдың алқызыл гүлін жинайтын жасыл әлемді кім сағынбасын. Жазушы Баян Болатханова жас оқырмандары ортасында сол жасыл әлемімен қайта қауышқандай болды...
Зейнолла АБАЖАН,
Қазақ үні