ПОЭЗИЯҒА ӨРШІЛ РУХПЕН КЕЛГЕН АҚЫН
2021 ж. 27 ақпан
2880
0
Әлі күнге «нағыз ақын қандай болады?» деген сауалға нақты жауап табу қиын болып тұр. Біреулер өршіл рухты жыраулар Ақтамбердіні, Қазтуғанды, Бұхарды, батыр ақын Махамбетті «Нағыз ақын» десе, енді біреулер ұлы Абайдың ұлылығын, Қасымның даналығын, Мұқағалидың даралығын «Нағыз ақындыққа» балап жүр. Тіпті лирикаға ғұмырын байлап, табиғат пен махаббатты талмай жырлап, басқа тірлікпен шаруасы болмаған ақындар да құрмет биігінен түсе қойған жоқ. Талғамға талас жоқ деген осы болар.
Айтпақшы Қасым Аманжолов айтқандай «Жаман өлеңдері жақсы өлеңдерін «асырап жүрген» ақындар қаншама. Сондықтан поэзияға бір жақты қарап, сыңаржақ пікір айту қиынның қиыны. Әр ақын өзінше жазады, әр ақын Жүмекен (Нәжімеденов) ақын жырлағандай «бір - бір шың!».
Десе де, ақындықтың да өз миссиясы барын естен шығармауымыз керек. «Ақын деген бірде қарт, бірдей сәби» (Мұқағали) болғандықтан кейде көпті көрген қариядай тебіреніп, даналық ой айтып, қоғамдағы жақсылық пен жамандықты сын тезіне алып отырса құба-құп. Үнемі пәк сәбидей бейкүнә қалыпқа еніп «ішкен жегенге мәз болып», мадақ пен оданы төпелей беру де жұртты жалықтырады.
Олай болса Мұқағали армандаған нағыз ақын туды ма? Туса, қайда жүр?
«Туады,туады әлі нағыз ақын
Нағыз ақын бал мен у тамызатын.
Жесірдің айырылмас сырласы боп,
Жендеттің көзінен жас ағызатын.
Туады,туады әлі нағыз ақын!
Жыр сөздері жай болып атылғанда,
Атылғанда аспаннан оқылғанда,
Мылқауларға тіл бітіп,керең естіп,
Жанар пайда болады соқырларға!!» деп еді ғой жарықтық!
Қазақтың алдаспан ақыны Ұлықбек Есдәулетов:
...Қызықпа оның даңқына,
Қаңғырар басың шуға мол.
Қарыздар болып халқына,
Қалмауға белін буған ол.
Ол жүрер желдің өтінде,
Жанына әсте жоқ тыным...» деп ақындарды дәріптегені бекер болғаны ма?
Қадыр ақын: «Айтамыз біздер ақын деп,
Адамды шоқ боп маздаған.
Ақынға керек ақыл көп,
Асаулық керек аздаған» деп жазғанда нені меңзеді екен, ә?
Жасындай жарқ етіп өмірден өткен, қазақ поэзиясына «жыл құсындай жаңалық әкелген» (Әуезов) қайталанбас дарын Төлеген Айбергеновтың:
Ақын боп өмір кешiру оңай деймісің, қарағым,
Аузында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның.
Көкірегіңе құйып ап әлемнің асқақ бар әнін,
Қосудың арпалысы бұл – тоғыспас жолдар торабын.
Нақақтан күйіп баратса нұрлы күн үшін бір тұтқын,
Кес-кестеп барып кеудеңді оғына тосу мылтықтың.
Қалдырмау үшін ұятқа күнәсіз мынау дүниені,
Жамау қып басу өзіңді аузына барлық жыртықтың» деген бағасына бүгінгі ақындардан кім лайық! Әлде ақындықты ардың емес, нан табудың кәсібіне айналдырып жібердік пе?
Көпке топырақ шашпайық, қазақ поэзиясында «алуан – алуан жүйрік бар», әркім өз шама - шарқына қарай шабады. Ең жаманы: ұлт мүддесі сынған түскенде біреулері жалтақтап шабады, енді біреулері рухтанып шабады.
Сондай дарабоз ақындардың санатында, менің пайымдауымша елге кеңінен танымал ақын Әлібек Шегебай тұр. Жалпы ақынмен дос болып сырын ұғамын деу қателік. Негізі нағыз ақынның – сыры мен ойы бөлек құбылыс қой.
Мағжан Жұмабаев: «Ақында адамзаттан дос болмайды, жалғыз – ақ сырын айтар қаламына» дегенін естен шығармау да керек сияқты.
Қазір әлеуметтік желіден жылдам ақпарат көзін табу мүмкін емес. Менде сол жердің тұрақты «тұрғынымын». Дуалы ауыздан шыққан даналық ой да, дуасы жоқ күңкіл сөзде сол маңда өріп жүр...
Соңғы кезде бір байқағаным, ақын Әлібек Шегебай уақыттың тамырын дөп басып, елді елең еткізген қоғамдағы жайттарға бей-жай қарамай тарлан жырды үнемі «бабында ұстап», керек жерінде «аламанға қосып» жіберуге дайын атбегі секілді. Және жыр - дүлділі қара үзіп дара келеді. Нағыз ақынға тән мінез, шалқар шабыт деген осы болса керек.
Ақын «Тұман» атты жырында:
Сыпсың менен сыбдырдан сыр аңғарып,
Тарих сұрақ қояды, күмәнданып.
Бағытынан айныған кеме сынды,
Қазақстан барады тұманданып.
Сақ та, Ғұн да, түркілік Тұран қалып,
Кеткен сынды ғасырлар мұрамды алып.
Мешіттердің ішінде мешеу ғұмыр,
Күбірлейді молдасы құранды алып.
Сатқындық пен сайқалдық сылаңданып,
Мойыныма ойнайды жылан салып.
Күдігім мен күмәнім бас шайқайды,
Құдай білед, бәрін де тұр аңғарып...
Жалғыз емес, топтанып, сыңарланып,
Мынау елді тонауда құмарланып.
Жемқорлықтың желкені желбірейді,
Жатыр екен, білмеймін, кім алданып?
Бас көтерсе ақиқат қылаңданып,
Өршеленер өтірік лаң салып.
Қалың тұман ішінен түкті көрмей,
Тағдырыма сондайда тұрам налып.
Бір атауы бұл елдің – қағазстан,
Қашан бізде болады ғажап ұстам?
Қалың ойдың үстінде мен отырмын,
Қалың тұман ішінде – Қазақстан!
Ақын жырындағы ойды бәлкім біреулер көкезулеп, шатып-бұтып «аттандап» айтып жатқан болуы әбден мүмкін. Алайда нағыз ақынның толғанысы мен тебіренісіндей жүректерге барып «қона салу» қайдан болсын!
Орыс әдебиетінің «қасқа жолын» салған Александр Сергеевич Пушкиннің өмірі мен өнерпаздық жолы азаттық, адамгершілік идеялар үшін аянбай күресу жолы болған екен. Сөз өнерін дәуірінің озат тілек-мақсаттарымен ұштастыра білуі оған әдебиетте тың жол табуға, бүкіл елдің, орыс халқының әдебиетін жаңа арнаға бұрып, әдебиетті жаңаша тұрғыда дамытып, өркендетуіне зор мүмкіндік беріпті.
Яғни, ақынның жыры да көптің көңіліндегі күпті ойларды дөп басуымен құнды деген сөз!.
Білмеймін...
Білмеймін,
Қалай, қайда, не етерімді?
Білмеймін, жетпесімді, жетерімді...
Бұзылған дидарынан дүниенің,
Кеудемде дүлей дауыл көтерілді.
Білмеймін,
Басыларын, басылмасын,
Білмеймін, айттым бәлкім ашынғасын.
Кеңдігін қазағымның кемдік санап,
Кез-келген келімсегің басынбасын.
Келер – деп, қай жағымнан, қашан, қайғы?
Бұл қазақ болмайды енді «Асан қайғы».
Серкесі серттен тайып, сыр бермесе,
Сатқындық сырттан келіп жасалмайды.
Сөзінде шырыны бар шариғаттың,
Көзінде күнәсі бар – табиғаттың...
Тарамыс тамырлары білеуленіп,
Жүрегі соқпай жатыр ақиқаттың.
Білмеймін,
Боламыз ба, болмаймыз ба?
Білмеймін, оңамыз ба, оңбаймыз ба?
Тәттінің тәттілігі білінбейді,
Тілінің тамыры жоқ таңдайсызға.
Жер тарпып кісінесе теңбілкөгім,
Аңсайды алғыр қыран сеңгір көгін.
Үміттің көзін сүртіп күдік отыр,
Анығын ол білмесе..,
Мен білмедім.
«Бұзылған дидарынан дүниенің, Кеудесінде дүлей дауыл көтерілген» ақын «Тәттінің тәттілігі білінбеген,
Тілінің тамыры жоқ таңдайсызға» жаны ашиды. Көркем ойдың құдіреті деген осы - ау! Көз алдыңда сөзден салынған сурет тұр. «Тарамыс тамырлары білеуленіп, Ақиқаттың жүрегінің соқпай жатуы» тосын түйін. Оның қасында «Үміттің көзін сүртіп күдік отырса» жағдай қиын болғаны да.
Таяуда ғана бес нәрестенің отқа оранып, орны толмас қазаға ұшырағаны дүйім елдің қабырғасын қаусатып кетті. Былтыр да тап сондай кепті бастан кештік. Нағыз ақын мұндайда қалай үнсіз қалмақ! Қоғамдағы игі істер мен келеңсіз оқиғалар тек шын ақынның жүрегі арқылы өтіп, «ток бергенде ғана» маңай жап-жарық болып кететіндей ме қалай?
Мұхтар Шахановтың ақындықтың сыналар сәті туралы жазған бір өлеңінде:
«...Жеткізе алмай дірілдесең... ол – шошыну, тосылу,
Үркектердің, қорқақтардың қатарына қосылу.
Ондайлардың маңдайына мәңгілікке сор қатқан,
Ешқашанда шыншыл ақын шыққан емес қорқақтан!..
…Ақынға егер ойына сай шындық парқы қонбаса,
Одан үлкен өріс күту, жеңіс күту далбаса…» деген концепциясы бар. Соның шындық екеніне сынаптай сырғыған уақыттың өзі көзімізді жеткізіп тұр.
Періштелер
Бес күн жалған..,
Бесінші күн..,
Бес бала,
Суық хабар жетті тағы есті ала.
Қабырғасын қайыстырып халықтың,
Билік неге береді осы кеш қала?
Таба алам ба, тауды кезіп тергенде,
Шемен-шемен шерім қалды шерменде.
Бес періште бебеу қағып кетті ұшып,
Берекетті бесін ауа бергенде.
Құлазыған көңіліме дем беріп,
Құлағыма сыбырлайды жел келіп.
Есік қалды ергенегі салынған,
Бесік қалды бос ауда тербеліп.
Табылмайтын дауасы да, дерегі,
Неге бізге қайғы өрттен келеді?
Бедеулігі белең алған заманда,
Бес періште, бес ауылды ел еді.
Тұманданған, тұмшаланған түнегі,
Бесқонақтай неткен суық күн еді.
Бес періште – бес саусағым еді ғой,
Елдігімнің болар ертең тірегі.
Атар таңның шұғылалы арайын,
Балалардың бақытына балайын.
Пейіліңнен пенделікті аластап,
Періштеңе абай болшы, ағайын!
Бес бала қазасы. Қандай қасіретті сәт! Жаратқан Ие дұшпанымыздың да басына бермейтін сынақ қой бұл. Ал ақын қалай жоқтайды. Сөздің мәйегін ағызады. Тебірене жоқтайды, өзгені де еңіретіп тоқтайды. Мына жолдарды көзіңнен жас шықпай оқу мүмкін емес.
«Таба алам ба, тауды кезіп тергенде,
Шемен-шемен шерім қалды шерменде.
Бес періште бебеу қағып кетті ұшып,
Берекетті бесін ауа бергенде.
Құлазыған көңіліме дем беріп,
Құлағыма сыбырлайды жел келіп.
Есік қалды ергенегі салынған,
Бесік қалды бос ауда тербеліп.
Табылмайтын дауасы да, дерегі,
Неге бізге қайғы өрттен келеді?
Бедеулігі белең алған заманда,
Бес періште, бес ауылды ел еді». Қалай тереңнен толғайды ақын. Тағдырға қарсы келу емес қой бұл, керісінше топырақтан адам жасай алмай жатқанда, «Бедеулігі белең алған заманға» реніш, «Бес періште, бес ауылды ел» болғанын көре алмағанына өкініш деп түсіну керек мұны.
Орыс әдебиетінің классиктерінің бірі Николай Васильевич Гогольдің: «Менің шын өмірден және өзіме мәлім дүниелерден ғана алған туындыларым жақсы жазылған» - дейтіні бар. Сол шындық тәрізді. Өйткені ақын Әлібек Шегебай өзін толқытпаған, жүрегін дір еткізбеген дүниеге «өзін күштеп жегетін» ақындарға мүлде ұқсамайды. Қай заманда да жүректен шыққан дүние ғана жүрекке жетпек. Әйтпесе өлеңді өлермендікпен «өрге сүйреп», өзі «күйреп» қалып жатқан ақынсымақтар аз ба?
Осындайда еске еріксіз Мұхтар Шахановтың мына ұстанымы түседі:
«Өлең құрау – ақындықтың көп қырының бір түрі.
Тек сол үшін оны ардақтау, жөнсіздеу һәм күлкілі.
Дәуірі мен билігіне саналғанмен алымды,
Ұлтын сатқан ақындар бар, бірақ жыры дарынды...
Ерлігі жоқ, елдігі жоқ, аузы ғана белсенер,
Сөзден ісі алшақ жатса, оған қалай ел сенер?
Неге бүгін ұлт мүддесі науқас жандай теңселер?..
Мұндай шақта ақындық күш тек шындықпен өлшенер.
Нағыз ақын әр кезеңде өзін қағып үлестен,
Рухани мүдде шыңы – шындық үшін күрескен...».
Ұлы Пушкинді «Орыс өмірінің энциклопедиясы» (Белинский) дегенде оның ұлт жанашыры бола білгенін, ұлтына қызмет істегенін, ұлтының қайғысына қуарып, жетістігіне қуана білгеніне берілген баға дейді зертеушілер. Демек, кай ақын халқымен бірге, оның жыры да сол беткейге ықтасын.
Сырттай жырын оқып марқайып жүргеніммен, ақын Әлібек Шегебаймен таныстығым жоқ. Бірақ өткір ойына, шынайы талантына тәнтімін. Ұлттық рухы биік ақын деп білемін.
ФБ – да Абайдың қара сөздерін қара өлеңге айналдырғанда ақынның мұнысына қайран қалғанмын. Абайдан асырып жазбағасын, «мұнікі не әуре» деп пікір де жазғанмын. Кейін қара өлеңдегі терең толғаныстары мен алымды ізденістерін көріп ақынның талантына дән риза болғаным рас. Сүйсіндім. Тамсандым. Абайдың қара сөзіне қан жүгіртіп, философиялық түйіндерді еркін шешіп, терең толғамдарға бойлай алуы да – Әлекеңнің тілдік қорының молдығына, ұлттық рухқа әбден шөлін қандырған марқасқа ақындардың санатына қосылғанына айқын дәлел болса керек.
Жуырда сұрастыра жүріп ақынның «Ақ жауын» атты кітабын тауып, оқып шықтым. Оқып шықтым да, оқырман ретінде осы мақаланы жазуға отырдым. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме қазақ. Нағыз ақын – ақ алмастай жарқ етсе неге қуанбасқа?! Неге ақынға тілектес болмасқа?! Өзгенің сүрлеуіне емес, өзінің дара жолына түскен ақынға, елдің мұңы мен сырын айтқан ақынға қай заманда да төрден орын берілуі бекер емес – ау...
Серт
Ақталмаймын,
Сырымды да ешкімге ақтармаймын.
Тіршіліктің теңбілкөк тұнығынан
Тапқан бақыт – өлеңім,
Тапқан қайғым.
Шағынбаймын,
Шілдедедегі шіліңгір сағымдаймын.
Кішіліктің салқыны тоңдырса да,
«Кісіліктің» көрпесін жамылмаймын.
Өкінбеймін,
«Өткіз» деп те өткелден өтінбеймін.
Көңілімнің кіреуке көзін сүртіп,
Көлеңкемдей қалмайды шөкімдей мұң.
Бағынбаймын,
Арнасынан тасыған ағындаймын.
Абыройы арымның ашылса да,
Тексіздіктің түймесін тағынбаймын.
Қорықпаймын,
Кетсін мейлі кеудеме толып қайғым.
Жолға шықпақ түгілі,
Жалғандықпен
Жағасында жартастың жолықпаймын.
Ұмытпаймын,
Ізгілік пен ізетті ұлықтаймын.
Әудемжерден көрінсе әумесерлік
Көңілімнің қақпасын құлыптаймын.
Армандаймын,
Бәрін, бәрін түсініп қалғандаймын.
Жұбанышы жанымның жалғандағы –
Сен аман бол,
Ей, өлең – Ақмаңдайлым! » депті ақын «Ақ жауын» кітабында. Осы өлеңдегі ақын шеберлігіне, аңғарымпаздығына, қазақтың дүние танымын бойына әбден сіңіргеніне разы боласың. Мысалы: «Тіршіліктің теңбілкөк тұнығынан, Тапқан бақыт – өлеңім,Тапқан қайғым» деген жолдарға үңілейік. Теңбілкөк аспанды, теңбілкөк жылқыны жиі көріп жүрген қазақты «Тіршіліктің теңбілкөк тұнығы» деген сөйлем елең еткізері анық. Өйткені бұл метафора ойды ойнатып тұр. Ақындықтың қасиеті де сонда жатыр білгенге. Егер тосын ой селт еткізбесе, жырда қандай қуат болмақ?
«Көңілімнің кіреуке көзін сүртіп,
Көлеңкемдей қалмайды шөкімдей мұң» деген теңеу өлеңнің ауыр жүгін көтеріп тұрған абстрактілі ұғым.
Қазақ поэзиясында «жүрекпен сырласпаған» ақын аз. Мұқағали Мақатаев: «Жүрегіме жүк артып жүргенімде,
Қажыдың ба, байғұсым, білмедім бе?
Шайпау тиіп, шаршатып кім көрінген,
Уландың ба, білмеймін кірледің бе?...» деп жырласа, Төлеген Айбергенов: «Оһ, қандай жақсы болған туылғаным, Адамдарда жүрек бар кезінде мен» деп тебіреніпті.
Жүмекен Нәжімеденов:
«Тұрса егер шын бақыт жүзімде
Өмірдің тойына тоям ба.
Тірлігім жүрсе тек тізімде
Ей, жүрек соқпай-ақ қой онда!» деп төгіліпті.
Кеңшілік Мырзабеков:
«Ақыл ісін жүрекке артамыз да,
Жүрек жара қуанып, қорқамыз да,
Жұдырықтай жүректі додаға сап
Өтеміз Өмір деген ортамызда» деп тереңнен толғайды.
Қазақ поэзиясың дара таланттары шиырлаған «Жүрек» тақырыбына жырыңда жаңалық болмаса, бұдан кейін жүрегің дауалап ат ізін салу мүмкін бе? Мүмкін екен!
Оған Әлібектің «Жүрек көзі» өлеңін оқығанда көзің жете түседі. Және өзіне дейін шиырланған жолдан қашып өзге қырынан түрен салады ақын.
«Өлшенбейтін пендешілік көлеммен,
Бақытқа да, басқасына бөленгем.
Жүрегімнің жан-жарасын жасырмай,
Өмірімді өрнектедім өлеңмен.
Адамға тән нәрселерді аңсадым,
Пендемін ғой, сүрінген де бар шағым.
Жұрттың бәрі жанталасқан заманда,
Жағалаудан тұрмын қарап...
Шаршадым!
Таусылғандай тұтам ғана «тамашам»,
Қайда барам?
Қоғаммен де санасам.
Көзбен көрген кемшіліксіз тірлікке,
Шошыр едің жүрекпенен қарасаң.
Тойымы жоқ шығу үшін түнектен,
Сезіммен де санасқан жөн дір еткен.
Ажарыңды келтіретін ретке,
Айнаға да бір қарашы жүрекпен.
Айтпағанда адамдықтан өзгесін,
Ақиқат қой айнаға да төзбесің,
Жұлып алып қашар едің cол сәтте,
Өз көзіңе...
Қарай алмай өз көзің!
Шыдай алмай жүзіңдегі алауға,
Шошыр едің шашыңды да тарауға.
Айнаға да, басқаға да,
Дегенмен,
Жүрек керек, жүрекпенен қарауға!».
Мен парақтаған кітапта ақынның Жаратушы Иеге деген іңкәрлігі, ата-баба ұстанған исламға деген құрметі өрелі жырларға арқау болыпты. Бір заманда Пушкин құранға еліктеп өлең жазса, Әлібек ақында қазақ танымындағы Жаратушы Иеге деген құлшылықты шабыттана жырға қосады.
Тасаттық
«Діңгегің де, тілің менен ділің де,
Барлығы да оралады түбінде.
Құндылықтың құнары бар өйткені
Қазағымның дәстүрі мен дінінде.
Кейде бізге секілденіп бәрі аңыз,
Қабылдауға қорқатындай санамыз.
Таңбаланған таным менен сенімнен
Тым алыстап кеткен сынды арамыз.
Басымызға орнағанша Азаттық,
(Құдайсызға құлшылық та жасаптық).
Құрғақшылық тастағанда құрығын
Құрбан шалып, береді екен Тасаттық.
Жаңбыр тілеп қолын жайса дүйім жұрт,
Төгеді екен нөсерлетіп сыйын бұлт.
Жұмыр жердің болғанымен жұмбағы,
Жұдырықтай жүректе екен – қиындық.
Көнбейтұғын көңілге де, көлемге,
Сыймайтұғын сөз өнері – өлеңге.
Аңыздары ақиқатпен астасқан
Тасаттықтың тарихы да тереңде.
Көз тоймайтын көркемдікке тұнған бай,
Сұлулықты салтанатпен құрғандай.
Алла менен адамзаттың арасын
Құрбандық пен Құран жалғап тұрғандай!».
Әлем әдебиетіне қарап отырсақ, Аллаға құшақ жаймаған, одан медет тілемеген сөз зергері жоққа тән.
Орыс халқының әлемге әйгілі жазушысы һәм көрнекті ақыны Иван Алексеевич Бунин (1870-1953) поэзиясындағы ислам тақырыбы көп ақынға үлгі. Талантты ақын бауырым Асылбек Жаңбырбай аударған бір өлеңге назар аударсақ:
ҚАДЫР ТҮНІ
«Періштелер және Жебрейіл (Ғ.С.) ол кеште Раббыларының
рұқсаты бойынша барлық іс үшін түседі.
(Қадр сүресі, 4 аят.)
Қадыр түні. Аспан жаққа ұзарып,
Сәлде киген шыңдар басы қосылды.
Шақырды азан. Ал мұздақтар қызарып,
Қырат-қырдан қара суық жосылды.
Қадыр түні. Бұлттар ұқсап қарғынға,
Қараңғы тау бөктерінен құлады.
Шақырды азан. Ұлы Тақтың алдында
Түтей ағып Алмас Өзен сұлады.
Жебрейіл көрінбестен адамға,
Аралап жүр бар әлемді қалғыған.
Тыныштық бер, махаббат бер ғаламға,
Қолда, Раббым, әулиеңді қаңғыған!».
Жаратушы Ие берген талант биігіне көтерілген ақындар, жанға дауа іздегенде бір құдіретті күшке сыйынатыны имандылыққа жол ашары анық.
Қазақ пэзиясына құбылыс болып келген Маралтай ақынның: «Мұхаммедті растау» деген өлеңі бар. Сонда:
«Мен туғанмын
ер Мұхаммед өлген күн.
Мен болмасам,
жүрегіңді емдер кім?!
Хақ Мұхаммед айтып кеткен кешегі
Келеді деп…
Келген ақын,
сол – Менмін!» дейтін түйіні есіме түсіп тұр.
«ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ: ДАМУ ҮРДІСТЕРІ, ЕСІМДЕР
МЕН ОҚИҒАЛАР» атты жинақта осы өлеңге сипаттама беріліпті.
«Мұхаммед пайғамбардың айтуымен келгенмін дейтін ақында
«мен» басым. Ол ешкімнен, ештеңеден қорықпақ емес, бұлай кесіп
айтудың өзі оның стильдік ерекшелігін танытады. Бірақ ол өзін
Мұхаммед пайғамбармен қатар қойып, онымен жарысқалы
отырған жоқ. Оның көздегені – Мұхамед пайғамбар тәрізді өз
замандастарының бетін Алланың ақ жолына қарай бұру. Кеңестік
дәуір тұсында атеистік тәрбие алған замандастарының
имандылықтан безе бастауына қынжылады ақын жүрек. Оның
«мен болмаса, жүрегіңді емдер кім» деп жар салуы сондықтан.
Мұны ақынның өзін Мұхамедпен қатар қоюы деп түсінбеу керек,
керісінше ол Мұхаммедтің ісін жалғастырушы. Ол көздеген ойын
көркем сөздің құдіретімен жүзеге асыруға ден қойған. Сондықтан
да оның поэзиясында Алла тағала, Жаратушы ие, дін ислам туралы
өлеңдер молынан кездеседі» деп жазыпты.
Сол айтқандай Әлібек ақында Мұхаммед (с.ә.у) айтқан ізгілікті жырлаушы, ақиқатты танушы, жақсылықты көруші ақындардың сапында деп айтуға негіз бар.
Ақын бір өлеңінде: «Бүгін Жұма!
Қасиетті күніміз,
Қалай ғана байқамаймыз мұны біз.
Бар болғаны түйір қаннан жаралған
Бəріміз де бір Алланың құлымыз» десе, тағы бір жерде:
«Құдай» деген Құранмен достасады,
Құдайсыздың кеудесін тас басады.
Алласына ақ адал мұсылман жан
Бір күнімен осылай қоштасады!»деп қайырады.
Ақындық – Жаратушы Иенің ана сүті арқылы беретін ұлы қасиеті. Оны әрі қарай ұштау, дамыту үлкен еңбек пен зор талаптың еншісі! Әлібек ақын – жаңашылдыққа құмар, әр сөзіне зейін сала қарайтын, өткен тарихтан мол хабары бар тегеуірінді ақын екен. Сәт сапар тілеймін! Жақсы жырыңмен еліңді қуанта бер бауырым!
Ақын бір өлеңінде:
«....Сонан кейін адамдарды таң қылып,
Жыр оқимын мекен жайлы мәңгілік.
Өмір жайлы өрнегінде өлеңнің
Ақиқаттың аты қалар жаңғырып.
Майданында тірлік атты базардың,
Мазалап жүр жанымды бір ғазал мұң.
Алла берген ақиқатпен –
Ақындық
Адамзатқа бір ұлы жыр жазармын!» депті. Ендеше Әлеке, Сол ұлы жырдың «тұсауын» бірге кесетін күнде аман-есен жолығайық!
Нағашыбай Қабылбек,
ҚР Ақпарат саласының үздігі