ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ ЖЕҢІСІ
2020 ж. 09 желтоқсан
4135
0
Президент - Қаламгердің ұлы Қаламгерлер рухын көтерді
Кезінде бір де бір қаламгерге мемлекеттік сыйлық бұйырмаған кез де болған!
Биыл Мемлекеттік сыйлықтың екінші іріктеуінде бәйгеден құлатылған жазушы Тынымбай Нұрмағамбетов туралы "Тынымбайға бұйырмаған мемсыйлық кімге керек" деп, "МЕМЛЕКЕТТІК СЫЙЛЫҚҚА БІР АДАМ ЛАЙЫҚТЫ БОЛСА – ТІРІ КЛАССИК ТЫНЫМБАЙ ЕДІ…" атты аттан салған айқай мақала да жаздық... Өзіміз бір дауыс жетпей бәйгеден шеттеп қалсақ та, алдымызда қазақ әдебиетінің қаранарлары Тынымбай мен Серік, Несіпбек ағалар бар ғой деп жұбанып едік.
Егер биыл Тынымбай мен Серік Ақсұңқарұлы Мемлекеттік сыйлық ала алмаса, Мемлекеттік сыйлықтың біткені болар еді...
Осы абыройсыздықтан, әдебиетті жерлеуден Мемлекеттік сыйлықты лайықты тұлғаларға берген Мемлекет басшысы құтқарып қалды! Президент - Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев - Қаламгердің ұлы Қаламгерлер рухын көтеріп жіберді.
Өзі белгілі жазушы, қазақ әдебиетінде детектив жанрының қазығын қағушы, кезінде шытырман оқиғалы шығармаларын кез-келген қазақ жастанып оқыған Кемел Тоқаевтың ұлы президент Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы Абай жылы Абайдың ізбасарларына, жалпы руханият дүниесіне рух сыйлады.
Кеше екі көкемді де құттықтадым.
Тынымбай көкеміз - "Өзіңе ризамын айналайын. Өткенде дауысымыз дұрыс есептелмей, әділетсіздік орнағанда ең бірінші өзің аттандап шығыпсың! Мен интернет қарай алмасам да, ел жеткізді, шындықты айтып, жанайқайыңды жазып жатқаныңды! Енді өздеріңе де жұғысты болсын! Алла жар болсын!" - деп ризашылығын білдірді. Серік көкем де: "Алдымен өзің жазып шықтың ғой ағаларыңды қорғап. Көп рахмет бауырым! Алла разы болсын" деп ақжарылып жатыр.
Бақытжан Қанапьянов ағамызға, драматургиядан бәйгеден келген Роза Мұқановаға, тағы басқа мемлекеттік сыйлықтың су жаңа иегерлеріне құттықтау хабарлама жібердік. Осылайша, қазақ классик қаламгерлерінің мерейі үстем болуына Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасы төрағасы ретінде бар күшін жұмсаған Ұлықбек Есдәулет ағамызды да құттықтадым.
Әрине, бұл жерде руханият әлемін терең білетін Мемлекеттік сыйлық жөніндегі комиссия төрағасы, Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың да әділ шешім жасауға зор үлесі бары анық.
"Қазақ үні" қазақ қаламгерлерінің әділ бағалануына зор үлес қосты деп, бізді де құттықтап жатқан қауымға зор алғыс! Алла жар болсын!
Мемлекеттік сыйлықты баяғыда алуы керек тарлан таланттар Талғат Теменов пен Несіпбек Дәутайұлының осы жолғы бәйгеден сүрінгені көңілге кірбің ұялататынын да жасырмаймыз.
Ақын-жазушыға дарын Алладан келеді. Мемлекеттік сыйлық ешкімге дарын бермесе де, қарым сыйлайтыны анық! Еңбегіңнің еленгені, талантыңның бағаланғаны жақсы ғой қашанда!
Әділеттілік бар жерде, әдебиеттің де, әлеуметтің де жолы ашық!
Қазыбек ИСА,
"Қазақ үні"