СЕГІЗ ҚЫРЛЫ, БІР СЫРЛЫ
2020 ж. 19 қазан
2902
1
Алғашқы таныстық. Ұзынағашқа сапар
Қайран ҚазПИ! Біліміңді беріп, ой-санамызды өсіріп, ұясынан ұшырған қарлығаштай «Енді халқыңа қызмет ет!» - деп шығарып салған сенің қасиетті қабырғаңда кімдермен таныспадық. Бүгінгі жазбаға себепкер, 60-тың асуына көтеріліп отырған ақын Нұрлан Әбдібековпен де қазақ білімінің қара шаңырағы – Абай атындағы ҚазПИ-дің тіл-әдебиет факультетінің 1-курсында таныстық. Институттың «Педагог» газетінде балауса өлеңдерім жиі жарияланып, әжептәуір жас ақын атана бастаған бұ пақырыңызды әуелгіде Нұрлан өзі іздеп келді. Сұңғақ бойлы, қою бұйра шашты сымбатты жігіттен өзі туралы сұрағанымда, жылы жымиып: «Біз «подкурстың пацандарымыз». Өзім мына іргедегі Ұзынағаштанмын», - деп қысқа ғана мәлімет берді. Кейін өлең жазатынын, аудандық газетте қызмет істегенін білдім. Сырлас достарға айнала бастадық. Осындайда бір эпизод еске түседі. Ауылдан аздаған тиын-тебен келіп, оған қоса стипендия алып, қолымызға молынан қарға саңғып, талтаңдап жүрген күндердің бірі еді. Нұрекең жолығып қалды. -Қаден, бір тығыз шаруаға 3 сом керек болып тұр еді, - деді. Мен ойланбастан 5 сом бердім. Ол кезде арамызда ондай-ондай ақша алмасулар жиі болып тұратын. Бірде ол берсе, бірде сен бересің дегендей. Осыдан кейін біраз достарына : «Ақындығы ғана емес, жомарттығы да тәуір жігіт екен»,- деп менің біраз «даңқымды жайыпты». Бір күні мені Ұзынағашқа шақырды. -Жұма күні кешкісін шығып кетіп, жексенбі қайтамыз. Өзіңді Есенқұлдармен таныстырамын. Баратынымызды телефон шалып айтып қойдым,- деді. Есенқұлды айтқан соң не ес қалсын! Құйысқан көтеруге тура келді. Уәделі күні Райымбек даңғылының бойындағы шағын автобекетке келдік. Ұзынағаш бағытына автобустар осы арадан жүреді екен. «Коробка» аталатын сары түсті автобустар қаздай тізіліп тұр. Адам да көп. Сығылысып біреуіне міндік. Алматының шығаберісінде жүргізуші жанармай құю бекетіне аял жасады. Ол кезде жанармай багын толтырар алдында жолаушыларды түсіріп кетеді. Алдыңғы есіктен шыққан сыптай киінген, бізден ересектеу жігітке жүгіріп барып амандасқан Нұрлан қолын бұлғап, мені өздеріне шақырды. Жазушы Жұмабай Шаштайұлы екен. Кәдімгі біздің пір тұтатын ұстазымыз Мұхтар Мағауиннің аузынан есімін естіген Жұмағамыз. Мұхаң бұл ағамызды болашағынан үлкен үміт күтетін жас прозаиктер қатарында есім-сойын аса ерекшелей атаған. Мені Жұмағаңа Нұрлан «жас ақын» деп таныстырды. -Ақын болсаң, автобусымыз келіп қалмай тұрғанда, бір өлең оқышы, бауырым, - деп Жұмекең бұйрық райына жақындау тонмен өтініш жасады. Мен де, Нұрлан да қысқа-қысқа бір-бір өлеңнен оқыдық. Шіркін, сол кездегі осы бір ғажап дәстүр, жас таланттарды өлең оқытқызып бағалау дәстүрі, сен де көзден бұлдырықтай бұл-бұл ұшып алыстап барасың-ау... Ұзынағашқа қас қарая жеттік. Есенқұл, Нүсіп, Рәтбектер редакцияда жиналып күтіп отыр екен. Нұрлан екеумізді хан көтеріп қарсы алды. Сол күні марқұм Есағамыздың шаңырағында естен кетпестей өзіндік поэзия кеші өтті. Ертесі жас перілердің өлең-жыр жорығы Надежда Лушникова және марқұм Қанипа Бұғыбаева апайларымыздың үйлерінде жалғасты... Ғажап сапарды курстастарға, ҚазМУ-лік ақын достарға аузымыздың суы құрып, майын тамызып айтып келдік. Сол тұстағы жас қаламгерлердің Ұзынағашқа – Есағаң ауылына әдеби «шабуылдарының» басталуына осы сапар жарнамасының сойылдай мықты себеп болғаны сөзсіз.
АЙТЫСКЕР, ӘНШІ
Қанында бар алқоңыр ақындық пен қолына домбыра алса халық әндерін нәшіне келтіре бозторғайша қалықтата алатын қасиеті Нұрекеңді институт қабырғасында жүргенде-ақ айтыс дейтін құдіретті өнерге алып келді. Ұлы Жамбыл атындағы өлең өрген өлкеде қаршадайынан Сүйінбай, Жамбыл, Құлмамбет, Үмбетәлі, Кенен сияқты сөз зергерлерінің жауһар жырларымен ауызданған, күні кеше Есенқұл, Айтуған бастаған суырып-салма ақындардың қасында жүріп, бұл өнерге үлкен дайындықпен келгені әр жекпе-жегінде айқын байқалып тұратын. Алғаш қатысқан, 1983 жылы өткен Алматы қалалық студент жастар айтысында бас бәйгені иеленуі осының бір дәлелі. Бұдан кейін Үмбетәлі Кәрібаевтың 100 жылдық мерекесіне арналған айтыста да бас бәйгені қанжығасына байлады. Қаншама облыстық, республикалық айтыстардың жүлдегері атанып, елінің де, достарының да, өзінің де мерейін асқақтатты, қасиетті сөз өнерінің туын салқар биікте желбіретті. Ел есінде де, өзінің есінде де ерекше қалған бір сөз жекпе-жегі Талдықорғанда өткен Жандарбек Бегімбетовпен айтысы еді. Нұрекең де, біз де осыдан көп ұзамай қаскүнемдер қолынан қапияда қаза тапқан Жандарбек марқұмды ұзақ уақыт ұмыта алмай есеңгіреп жүрдік. Талдықорғанға әр барған сайын сол айтыста Нұрлан айтқан: «Тербелген Талдықорған тал ішінде» деп басталатын шымыр шумақтарын ішкі көмейіммен ыңылдап, жасындай жанып өткен Жандарбекті де үнемі есіме аламын... Нұрекең айтыстарында әуен ойнатып, қазақтың небір көне халық әндерін тірілтетініне де сан мәрте куә болдық. Жүрегінде ән мен әуенге деген ұлы махаббат пен құмыр құштарлық болмаса әншілік қасиет қайдан келсін? Осыған байланысты мына бір көңіл түкпірінде жүрген штрихты да айтпай кетуге болмас. Бұл жағдай енді сәл беріде өткенін ескерте кеткен де жөн шығар. -Қаден, Есенқұл бір ғажап ән шығарыпты. Тыңдағың келсе бір сағаттың ішінде Дарханның үйіне кел. Мен бір шаруалармен сонда боламын, - деді бір күні. Кинорежиссер Дархан Қожахан екеуі бір фильмнің әуресімен жүргенін білетінбіз. Құстай ұшып Дархан достың үйіне жеттік. Дәкеңнің анасының сүт қатқан қою күрең шәйімен тамағын жібітіп алған соң Нұрекең домбырасына қол созды. Жалған-ай десеңші, Алматының алқаракөк аспанында күрсінісі күн тұтылдырған, аһ ұрысы ай тұтылдырған сұрапыл бір ғажап ән қалықтады! Сөзі қандай, сазы қандай!!!
Алдай-ау, алдай, алдай-ау, Дүние түбі балдай-ау. Алқынған күндер, талпынған-ай... Жәутеңдеп қарап артымнан Қалды-ай-ау бәрі, қалды-ай-ау!..
Естігеннен жүрегімізді бір дір еткізіп, көзімізге жас сығымдатқан осынау сұмдық дүниенің Есенқұлдың реквием-әні екенін дәл сол кезде көп адам ұғына қоймады-ау деймін... Алғаш Нұрланның аузынан естіген соң ба, көпке дейін басқа орындаушылар мені соншалықты тұшындыра алмады. Тек Есағаңның дос-інісі, өзі де талай айтыстың туын желбіреткен, бір басында «серінің сертке таққан семсеріндей» хас өнері жетіп-артылатын Ақан Әбдуәлиев қана біз күткен биік өреден табылып, «Алдай-аудың» бағын ашты.
Қаншама айтыстар қолтығына қанат байласа, қаншама айтыстар аяғынан шалды. Сүйіндіргенінен күйіндіргені көп екен... Осы себеп болды ма, әлде біз білмейтін басқа да мінәйі бір жағдайлар килікті ме, Нұрекең күндердің бір күнінде айтыспен мүлде ат құйрығын кесісті... Кәрі жолдаспен қош айтысу қайдан оңай бола қойсын, біраз уақытқа дейін достар бас қоса қалғанда ғайыптан тақырып тауып, таңдайына Ғайып-Ерен Қырық Шілтені сөз тамызып, суырып салып жыр төгіп жүрді. Кегенде өткен осындай басқосулардың бірінде аға-дос, ақберен ақын Шеризат Мекебаев айтқан: «Екі қазақтың бірінің өлең құрайтынын көріп жүрміз. Апырмай, мына бала аузын ашса болды ғажайып жырлар лекілдеп төгіліп тұр ғой!» - деп таңырқағаны есімнен кетпейді.
Алматыдағы бір кездесуде де Нұрекең шабыты қайраты келген бурадай жер тарпып, жыр нөсерін төккенде арқалы ақын, адуын азамат, өзі де өр мінез өлеңдерімен жұртын жұтындырып жүрген Әбіш – Әбубәкір Қайран: «Ей, бозым-ай!» - деп еңкілдеп жылап жібергеніне де куә-дүрміз.
ТЕЛЕЖУРНАЛИСТ. РЕЖИССЕР
Жаңылмасам, Нұрланның тележурналистикаға құштарлығы студенттердің «Көкпар» ток-шоуына қатысқан кезімізден басталды-ау деймін. 80-інші жылдардың басында жоғары оқу орындарының командалары арасында өткен интеллектуалды сауал-жауаптарға құрылған конкурста ҚазПИ-дің «Жеті қарақшы» командасы қарсыластарын бет қаратпай ұтып, бас жүлдені жеңіп алды. Командамыздың капитаны – Нұрлан. Түсіру жұмыстарының басы-қасында, ол кезде өрімдей жас, Жүрсін Ерман мен Нұртілеу Иманғалиұлы жүрді. Нұрлан сол кезде-ақ ұршықтай үйіріліп, осы ағаларының жанынан шықпайтын. Ауылды бір шиырлағаннан кейін Нұрлан ақыры Жүрсін ағасының шақыруымен Қазақ телевизиясына қызметке келді. Нұрланның тележурналистика саласындағы «соқтықпалы, соқпақсыз» сапары осылай басталған... Соқпақсыз деп отырғанымыздың да сойылдай себебі бар. Оқуын оқыған жоқ. Тоқуын тоқыса тоқыған шығар. Машық дегеннен тек «Көкпарға» түсіп жүргенде бетінен қалқыған үйірсектік пен әуесқойлық қана. Тәуекел деп кірісті де кетті. Таза энтузиазммен. Патриоттық сезіммен. «Тәуекел ет те, тас жұт!» - дейді қазақ. Тәуекелі Нұрланды жерге қаратқан жоқ. Мынау деген тележурналистердің маңдайалды болып, талай жетістіктерге қол жеткізді! Ұлтымыздың ұлы тұлғасы – Ж.Жабаевқа арналған «Жамбыл» атты циклды хабарлары, өзі редакторы болып, ұйымдастыру жұмыстарының бәрін мойнымен көтерген «Көкпар» саяси ток-шоуы, халқымыздың ұлы күйшісі Құрманғазы Сағырбайұлы, төкпе ақын Үмбетәлі Кәрібаев, Есенқұл Жақыпбеков туралы киноочерктері, басқа да ондаған өзекті телециклдары ойлы көрермен есінен әлі шыға қоймаса керек. Кезінде ұлтқа жанашыр ұлағаттылар мен зиынсыз зиялылар тарапынан оңды баға ала алмай, бағы ашылмай қалған жауһар дүниелері қаншама! Жабудың астындағы хас жүйрікті тап басып танитын әулие бапкерлердей иә режиссер, иә продюсер кезіксе кез-келген голливудтық шедеврлермен иін тірестіре алар фильмге өзек болғалы тұрған «Орбұлақ шайқасы» киноповесі мен бес сериялы «Қарқара көтерілісі» деректі фильмінің сценариі уақытын күтіп тартпада жатыр... Бір ғана пікірге жүгініп көрейік. Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы «Кино және телевизия» факультетінің доценті, Еуразия телевизия академиясының ( Мәскеу ) академигі Әсия Байғожина «Қарқара көтерілісі» туралы былай дейді: «...Сценарий сериала написан автором, глубоко вникшим в тему: это драма, основанная на реальных событиях, с привлечением огромного массива архивных документов, мнений компотентных специалистов, личностной интонацией и художественным воплощением. Прослеживается четкая структура, есть ритм, а главное – есть характеры и герои, так необходимые сегодня нашему зрителю – автору удалось «раскопать» истории конкретных людей и показать их живо, ярко, убедительно, не впадая в дидактику и риторику. ...Новизна, актуальность сценария не вызывают сомнений. Осмысление трагических и доблестных событий нашей истории именно в художественном ключе крайне необходимо сегодня для нашего коллективного сознания». Албан көтерілісінің 100 жылдығына арналып, сол қарсаңда жазылған ғажап дүниеге жоғарыда келтірілген маман пікірінен асырып ешкім ешнәрсе айта алмас. Десек те советтік диктатураның сойылынан сескеніп ғұмыр кешкен кей ағаларының кесірінен аталмыш киносценарийдің қанаты кесіліп, тірсегі қиылған күйі қалды...
Бір дүниелері үздік аталымдар дәрежесін иеленіп, атағын аспандатса, енді бір түсірілімдері әлдекімдер көңіліне жақпай қалып, аяғына тұсау салды. Мәселен өзі сценариін жазып, өзі редакторы болған, режиссер Текеев түсірген «Сағадат Нұрмағанбетов» деректі фильмі Одессада өткен ТМД елдері арасындағы конкурста Гран-При жүлдесін жеңіп алса, «Көкпар» саяси ток-шоуы Кедендік одаққа қарсы насихат жүргізді деген жалаң, қияңқы айыппен жабылып, Нұрлан қызметтен тыс кетті... Ілкіде айтқан «соқтықпалы сапардың» бір сыры да осында екенін енді байқаған боларсыз.
Жақында асау Қастек өзенін жағалап, Ойсаздан өтіп, Сарыжазық жайлауына дейін сапарлаудың сәті түсіп еді. Осы сапар барысында Нұрлан түсірген Үмбетәлі Кәрібаевтың 125 жылдығына арналған киноочерктің ғажап картиналары көз алдымда көкшулан бұлттардай қалқыды. Операторды Алатаудың арғы бетіндегі қырғыз жұртынан аттай қалап алдырып, асау Қастектің айбынды келбеті мен Суықтөбенің сұлу көріністерін дрон арқылы көз алдымызда көлбеткені қалай естен шығар?! Дәл осындай классикалық шеберлікпен «Қарқара көтерілісі» де түсірілгенде ғой, шіркін деген асыл арман алқымыма тығылды... Иә, Нұрекеңнің режиссерлік, киногерлік қырын айта берсек әңгіме тым әріге ұзап кетер, енді журналистикадан жосыны бөлектеу тағы бір қырына тоқталайық.
ҚҰРЫЛЫСШЫ
«Жігітке жеті өнер де аз» дейді қазақ. Рас сөз. Нұрекеңнің де саф өнерге татитын сан қырлары аз емес. Соның бірі – құрылысшылық. Құрылысшылық дегенде кірпіш қалау, бетон құю сияқты еті тірі еркектер ерінбесе алып кете алар жұмыстарды айтып отырған жоқпын. Бұлар машықтанған соң екінің бірінің қолынан келетін қара жұмыс емес пе, тәйірі. Нұрлан құрылысқа шынайы шығармашылық өнер деп қарайтын әрі прораб, әрі мастер! Осы арада тағы да сәл шегініс жасауға тура келіп тұр.
Үш бала іркес-тіркес мектеп табалдырығын аттаған соң, екі бөлмелі қоржын там тарлық ете бастады. Сәл ілгеріде ауылдан апамды да қолымызға көшіріп алғанбыз. Үкіметтен үй аламыз деген есекдәме құрдымға кетіп, үмітіміздің үлпілдеген шырағы лып етіп сөніп тынған тұс. Луганский көшесінің Сәтбаев даңғылымен қиылысар тұсында Сталин заманынан қалған көне қойма бар еді. Қасынан күнде өтемін. Бір күні сол кәрі қойманы әлдекімдер келіп бұза бастады. Жұмысшыларға пәрмен беріп, басы-қасында жүрген ауылдас бір таныс ағайымыз болып шықты. Амандық-саулықтан соң кірпіштерін не істейтінін сұрадым. «Сатамыз...» дейді жымиып. «Үйімді кеңейткелі жүр едім, арзанға бересіздер ме?» - деп тамырын бастым. - Қайда тұрасың? - Міне, мына арада, - иегіммен Коккинаки көшесінің тұйықталған тұсын нұсқадым. - Болады! – деді прораб ағамыз құрылысшыларға тән шешімталдықпен. ...Арада аптадай уақыт өтіп, бұл әңгіме ұмытыла бастаған бір күні прораб ағамыз келіп тұр. Күн сенбі болғандықтан ұйқыны соғып жатқанмын. -Уай, батыр, құрылыс салатын адам түске дейін ұйықтай ма екен! Жүр, ана кірпіштеріңді түсіріп ал! Ал, ендеше! Ағамыз бір самосвал кірпішті көрсеткен жеріме сау еткізіп төктірді де: -Жинастырып қоярсың. Түстен кейін тағы біреуін жіберемін, - деп кете барды. Маңдайымнан суық тер бұрқ ете қалды. Үш ұйықтасам түсіме кірмеген үй салу деген шырғалаңның басыма түскендігін жон арқаммен сезінгенім сол сәт шығар. Жан-дәрмен Нұрланға хабарластым. Оның Ұзынағашта үй салғанын, одан Алматыға келіп үй салып алғанын көріп жүрмін. Нұрекең келе салып іске кірісті. Бір парақ тор көз оқушы дәптеріне үй түсетін орынға лайықтап , макетін түсірді де, нақты кететін кірпіш санын есептеп берді. Кәнігі маман архитекторлардың біздей пенденің мыйына қонбайтын шимайлары сияқты емес, әрі түсінікті, әрі жатық сызба алдымда жатты. -Осы бойынша жұмысты бастаймыз! – деді үлкен сеніммен. Осылайша мен үшін «ғасыр құрылысы» саналар үй салу деген машақат басталды да кетті. Жалаңаяқ журналистің жалақыдан жинаған жұлым-жұлым қаржысы неге жетсін? Бірді бірге жалғап жүріп алған қызыл мәшине сатылды. Өстіп мый ашып жүргенде айналайын ақеділ ағалардың бірі – Ғарифолла Әнестен ұсыныс түсті. Мақсот Ізімұлы екеуі «Жетісу» энциклопедиясын шығарғалы жатыр екен. Қатарларына қосылсам әжептәуір көлемде аванс төлемекші. Менің үй салуға кірісіп кеткенімді білетін қандыкөйлек досым Мақсоттың қамқорлығы екені бесенеден белгілі. Ойланбастан келісім бердім. Ақша да қолға тиді, құрылыс та жүріп берді. Бас прораб – Нұрлан, мастер – Мақсот. Осылайша баспана мәселесінің бетін ептеп-септеп бері қаратқанымыз бар. Үйді бұзғанда тұратын жер таппай, балаларды ауылға жіберіп, өзіміздің көршінің моншасын паналағанымыз, қышқыл судан тартып алғанда «Сорбұлақтың басына сорға бола қонды атам», - деп көзімнің жасын сығып-сығып алатыным – ол енді мүлде басқа әңгіменің орайы... Айтпағым – Нұрланның құрылыс саласының жетік білгірлігінің арқасында Алматыға алғашқы қар түскенде сылақ исі аңқыған жаңа үйде отырдық. Тастақтағы үйі сносқа кеткен соң Нұрлан Тұздыбастаудан келістіріп кең сарайдай тағы бір үй салды. Қара жұмысына өзбектерді жалдап, бар құрылысының басы-қасында өзі жүрді. Құрылыс саласындағы талантына тағы да бір бас иіп, тәнті болдық.
АҚЫН
«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай болады» деген бар емес пе. Тобықтай түйініміз – Нұрланның ақындығы.
Қанағат қылып бес күнге Бейкүнә ғұмыр кештім де, Көміліп жатқан көмбедей Көрінбей жүрдім ешкімге,- деп өзі айтқандай өлең өлкесінде көрінбей жүрсе де жырымен бірге болды.
Менің жалғыз сенерім- Жарға соққан кемерім, Тірі өтсем деген өмірден Тірнектеген өлеңім- деп өлеңін өбектеп келеді ол.
Айтыскерлікпен қоштасса да Өлеңімен еш уақытта қош айтыспағанына өзіміз куәміз. Рас, «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» болып, әркім қара басының қамын ойлап, тезек теріп кеткен керзаман кездері бизнес ауылына да ат басын бұрғаны бар. Осы тұста өлеңін аздап та болса өгейсіткен шығар... Бірақ сонда да Өлеңін жүрегінің бір түкпірінде аялап жүргені күмәнсіз. Әйтпесе басы асау бәйге атындай кінәмшіл өлең шіркіннің Нұрланға тізгін ұстатпай кетері сөзсіз еді!
Нұрланның жоғарыда айтқанымдай бизнеспен айналысып, шетелден шетел асып, ара-арасында кітап саудасына да ат басын бұрғаны, кейіннен бірнеше жинақтың құрастырушысы болып, әдебиет зерттеушісі атанғаны, тарихшылығы - сан қырлы азамат екендігінің толық дәлелі. Оның бәріне жеке-жеке тоқталар болсақ, мақала емес, қалың кітап жазуға тура келер еді. Осындай «тар жол, тайғақ кешу» соқпақтарында қасында жүріп, ақындығына бек сеніп, Өлеңдерін өзімен бірге өбектескен жан жары Қарлыға бүгінде оның әлеуметтік желілердегі бірден бір насихатшысына айналып, Ақын қосағын әлем болмаса да еліне танытуға елеулі үлес қосып жүр. Бұған қалай риза болмасқа! Осыншама қым-қуыт шаруалар соңында жүрсе де, биыл «Күрең үн» атты бір жинағын шығарды. Енді айтыстарын бір кітап етіп шығарсам деген ойы бар. Айтыстарының бірқатарын айттық қой. Бір шоғыр поэмалар мен дастандарының өзі қандай!
Көлгірсіп, кербезсініп сызылмаймын, Көз сатып көп нәрсеге бұзылмаймын. Күнұзын қоймен бірге салпақтаған Ілескен ит соңына қызырдаймын,- деп, Өлеңіне қызыр болып келе жатқан АҚЫН ол!!!
Кәдірбек ҚҰНЫПИЯҰЛЫ,
Қазақ үні