«АБАЙ АРМАНЫ - ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚ ЕЛІ" атты халықаралық мүшәйра
2020 ж. 15 қыркүйек
7537
0
«Ақ жол» партиясы қазақтың ұлы ақыны, данышпан ойшылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына және Қазақ Республикасының 100 жылдығына арнап «АБАЙ АРМАНЫ - ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚ ЕЛІ" атты халықаралық мүшәйра
жариялайды.
"Қалың елім, қазағым, қайран жұртым" деп жырлап өткен ұлы ақынымыз Абай қазақтың биіктен көрініп, озық елдермен қатар тұруын армандап кетті. "Жарлы емеспін-зарлымын" деп, ұлтының болашағы үшін аһ ұрып өткен ақынның теңіздей терең көркем жырлары мен көрегенді ойлары әлі күнге еліне бағыт-бағдар беріп келеді. Ұлы Абай ұлағаты қазақ халқына мәңгілік рухани азық бола беретіні анық.
Қазақтың байтақ жерін түгендеп, алып шекарасын шегендеп берген де осыдан 100 жыл бұрын Алаш қайраткерлері болды.
Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның іргесі кешегі кеңес үкіметі кезінде құрылған Қазақ автономиялы республикасына және одан да ары барып, Алаш автономиясына тіреледі.
1920 жылы құрылған Қазақ КАСР-інің құрылғанына биыл 100 жыл толып отыр.
Бұл айтулы датаны мемлекеттік деңгейде жалпыұлттық мерекеге айналдыруды алғаш қозғаған, Алаш партиясының ізбасары ретінде қайрат танытып келе жатқан «Ақ жол» партиясы екені белгілі. «Ақ жол» енді осы атаулы мерекеге арналған халықаралық мүшәйра жариялап отыр.
Мүшәйраның мақсаты
Ұлы ақынымыз Абайдың ел руханиятындағы зор тұлғасы мен асыл мұратын айшықты жырлау.
Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі келбеті мен мемлекеттігіміздің негізі болып табылатын Қазақ автономиялы республикасының маңызы және оны құрудағы Алаш арыстарының тарихи еңбегіне лайықты баға беру; жас ұрпақты патриоттық-тағылымдық тәрбиеге баулитын Тәуелсіз Қазақстанның «Мәңгілік ел» ұлттық идеясынан туындайтын Қазақ тарихындағы қалдырған ізі зор қайраткер тұлғалардың ерен еңбектерін жырлау; рухани ұлттық мұрамыз бен елдік-ерлік құндылықтарымызды ұлықтау.
Мүшәйраға кемінде 3 өлең қабылданады.
Оның біріншісі - ұлы Абай тақырыбына арналады. Екіншісі - Қазақ Республикасын құрудағы Алаш арыстарының рөлі. Үшіншісі еркін тақырыпқа арналады.
Бас жүлде біреу – 1000 000 теңге.
Бірінші орын біреу – 700 000 теңге.
Екінші орын екеу – 500 000 теңгеден.
Үшінші орын үшеу – 300 000 теңгеден.
Арнаулы сыйлықтар бесеу– 200 000 теңгеден.
Шығармаларды қабылдау мерзімі 2020 жылдың 15 қарашасына дейін.
Авторлардың өлеңдері электронды нұсқада қабылданады. Шығармалар TimsNewRoman қарпі 14-кегельмен басылу керек. Бөлек бетте автордың өмірбаяны, байланыс ақпараттары (телефон, эл.пошта, мекен-жайы) көрсетілуі шарт. Сонымен қатар, үміткердің 6х9 фотосуреті қоса жіберілуі қажет.
Мүшәйраға қатысушылардың жас мөлшері шектелмейді.
Алматы қаласы, Қалқаман ықшамауданы-3, К.Сейітов к-сі 11, «Қазақ үні» газеті редакциясы, тел 8-702-931-89-86, qazaquni@mail.ru.
Мүшәйра жүлдегерлері мен іріктелген жырлар «ТҰРАН» баспасынан жеке кітап болып шығады.
Ескерту: Жүлдегерлер Астана немесе Алматы қаласына келіп-кету жол қаржысы мен жатар орны шығынын өздері көтереді. Коронавирус қаупіне байланысты, карантин жарияланған жағдайда, марапаттау рәсімінің уақыты мен өткізілуі онлайн форматына өзгеруі мүмкін.
Қазылар алқасының шешімі қайта қарауға жатпайды.
Ұйымдастыру алқасы
qazaquni.kz