Жабал Шойынбет: Омар Жәлелді нағыз абайтанушы деп мойындамаймын
2020 ж. 10 тамыз
4186
1
Биыл қазақ әдебиетінің классигі, ойшыл ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы. Осыған орай мемлекетімізде ұлы Абай мұрасын жаңаша зерделеп, одан қалған құнды мұраны әлемге өз дәрежесінде таныту істері жан-жақты кең көлемде жүргізіліп келеді. Десек те, әр дәуір сайын өзгерген қоғамда ұлттық сана биігінде құрметтеліп келе жатқан ұлы тұлғаларға деген жаңа көзқарас пайда болып, оны әр қырынан тануға деген ұмтылыстың болмай қалмайтыны аян. "Түркістан" газеті белгілі абайтанушы ғалым Жабал Шойынбеттен кейінгі кезде Абайға қатысты дау тудырып жүрген кейбір мәселелер жөнінде пікір білдіруін өтінген екен.
− Абай Құнанбайұлының қазақ әдебиетінің классигі екеніне дау жоқ. Ол − ұлы ақын, философ. Осылардың қатарына кейінгі кезде «Абай хакім» дейтін анықтауыш қосылды. Әрине, Абайдың «Әрбір ғалым − хакім емес, әрбір хакім − ғалым» дегенін, осыны Абайдың өзіне қарата қолданған Мағжан Жұмабаевтың «Шын хакім, сөзің асыл − баға жетпес» деген өлеңін елдің көбі біледі. Ендеше, «Хакімнің» мағынасын және оның Абайға телінуінің мәнісін қалай түсінсек болады?
– Бұл сұрақ қазіргі күні Абай оқырмандарын толғандырған, маған көп қойылатын сұраққа айналды. Орынды, оқырман өресінің биіктегенін, Абай даналығына тереңдей барлай бастағанын байқатады. Хакім сөзі профессор М.Мырзахметұлының «Абай лұғаты» сөздігі кітабында: «Абай: «Хакім, ғалым асылында бір сөз, бірақ ғарафта басқалар дүр», – деп олардың мағынасы екі түрлі болатынын ескертеді. Өйткені «әрбір ғалым – хакім емес, әрбір хәкім –ғалым» деп анықтама береді, яғни кез келген ғалым қанша ұмтылса да, хакім бола алмайды екен. Ал әрбір хакім кез келген уақытта ғалым бола алады. «Хакімдердің ғақлияты бірлан жетсе иман якни болады» дейді. Хакімдердің ойлау деңгейі ғалымның ойлау деңгейінен әлдеқайда биік әрі кең, жан-жақты терең, сапалы болып келеді. Себебі «Хикмет құдаға пенде өз ақылы жетерлік қадірін (деңгейде – М.М.) ғана білсем деген әрбір істің себебін іздеушілерге хакім ат қойды». Мұның себебі хакімдер адам баласының пайдасы үшін ойын, ләззат, ұйқыдан қалып, бар мақсаты» ...бір ғана хақты (хақ Жаратушы ие, хақ шындық, ақиқат, растық – М.М.) таппақ, әрбір нәрсенің себебін таппақ болып», адамзат баласының мүддесіне қызмет етуші, соны ғана өмірлік мақсат етуші адамдардың асылдары» – деп түсіндірген. М.Мырзахметұлының шәкірті Сейдалы Оразалиев «Абай шығармаларындағы шет сөздер» деген үш томдық монографиясында: «Абай қолданған «хәким», сөздері, арабта бірі – «һоким» өкімет, билік, аймақ, аудан, қала, мекемені басқарған бастылардың лауазымы. Екіншісі – «хәким» сөзі – «білімді», «ғалым». Үшіншісі – «хакім», «данышпан», «дана», «ойшыл» ұғымдарын береді» – дейді. Мен Абайға байланысты «хакім» деп үшінші мағынасын айтып жүрмін. Қазақ ұғымында Лұқпан хакім атауы ғана кең танымал, яғни Лұқпан хакім адам үшін өлтірмейтін дәрі іздеуші, жақсылық ойлаушы. Енді Мағжанның өлең шумағын толық оқиық:
Шын хакім, сөзің асыл – баға жетпес
Бір сөзің мың жыл жүрсе, дәмі кетпес.
Қарадан хакім болған сендей жанның,
Әлемнің құлағынан әні кетпес, – дегендегі «Әлемнің құлағынан әні кетпес» дегені сен өз еліңе ғана емес, бүкіл адамзат баласына қажетті еңбек етуің қажет, ол еңбек Абайда бар болып тұрғаны ғой. Хакім Абай айтады: «Адаспай тура іздеген хакімдер болмаса, дүние ойран болар еді» дейді, бұдан ұққаным, тұла бойы тұнып тұрған жақсылық іздеуші хакім болу, екінің бірі емес, миллионнан бірінің де қолынан келмеуі мүмкін.
− Абай туралы айтатындар көп. Ұлы ақын туралы мақала жазбаған ғалым, өлең арнамаған ақын аз. Абайды шығармасына арқау қылған қаламгерлер де жетіп артылады. Бірақ солардың ішінде Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы, Тәкен Әлімқұловтың «Жұмбақ жан» кітабы секілді санаулы дүниелер болмаса, көбісін жұрт біле бермейді. Мұның сыры неде, Абай туралы жазылатын нәрселер таусылып бара ма әлде жаңаша көзқарас жетіспей ме?
− Бізде Кеңес Одағынан қалған «науқаншылдық» деген ауру бар. Абайды 150 жылдық мерейлі мерекесінде де, қазіргі күні 175 жылдығында да әр саланың адамдары бұрқыратып ақын туралы жазуда, тіпті қыза келе Абайды келсін-келмесін сол саланың маманы дәрежесінде сипаттап жібереді. Жазғандарының көпшілікке пайдасы аз. Ал бүкіл қазақ Абай туралы сүйсіне айтып, оның өлеңдерін, қарасөздерін айтуға ұмтылса, ал ғалымдар мен ақындар ойлы шығармаларын ұсынса одан ұтамыз. Академик, жазушы М.Әуезовтің «Абай мұхит, мен одан қасықтап ғана алдым» деген аталы сөзі бар емес пе?! Шын мәнінде, хакім Абай бәрімізге де жетеді, тек атақ үшін абайтанушымын деп өзін-өзі жарнамалайтындар көбейіп барады, халық кімнің абайтанушы, кімнің абайтанушы емес екенін ажырата алмай қалуда. Нақты мысал келтірейін, жасы тоқсанға келіп, оның 60 жылдан аса уақытын Абайды зерттеуге арнаған, тек Абай деп оннан аса ғылыми кітап жазған Мекемтас Мырзахметұлына мектеп оқушыларына арнап оқулық жазу ұсынылған, ал жеме-жемге келгенде оны өмірінде Абай туралы бір мақала жазбаған ғалымға берілуін қалай деп түсінеміз? Абай атындағы ҚазҰПУ-де тұңғыш рет «Хакім Абай» ғылыми-зерттеу орталығы сол кездегі ректор С.Пірәлиевтің бастамасымен ұстазым М.Мырзахметұлы екеуміз ашып едік, 5-6 айдан соң әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де «Абай» институты ашылды, жақында астаналық университетте «Абай академиясы» орталығы ашылды, біздің орталық Абай шығармаларынан докторлық және кандидаттық диссертация қорғаған М.Мырзахметұлы, М.Әліпхан, М.Бекбосынов, Ж.Шойынбет секілді ғалымдардан құралса, аталған екі оқу орнында бірде-бір абайтанушы-ғалым байқай алмадым. «Абай» институты белгілі әдебиеттанушы ғалым Ж.Дәдебаев ағамыздың білімділігі, мол тәжірибесінің, жалпақ тілмен айтсақ, «өлермен» еңбекқорлығының арқасында жұмыс істеп тұрғандай, ал жаңадан ашылған орталықты абайтанушы болмағандықтан, тарихшы-ғалым басқарған тәрізді.
Мен қазіргі күні телеарна, радио, баспасөз беттерінде, сайттарда көп көрініп жүрген ағайынды Досым және Асан Омаровты, «жұмбағы» мол Омар Жәлелді нағыз абайтанушы деп мойындамаймын. Олар мен үшін қазақтың, Абайдың мүддесін емес өздері үшін қымбат әлдебір топтың мүддесін көздеушілер секілді көрінеді.
– Қазақ халқының Абай әлемі туралы рухани, мәдени тұрғыдан қалыптасқан көзқарасы бар еді. Кейінгі дәуірде оған сын көзбен қарайтындар, Абайды басқаша түсіндіргісі келетіндер көбейіп барады. Біз Абайды игере алмай жатырмыз ба әлде олардың бір ойлағаны бар ма? Не үшін қазақ әдебиетінің классигіне күмән келтіруге әуестер ара-тұра болса да қылаң беріп қалып жүр?
– Қазақ халқы Абайды рухани, мәдени жағынан да бас ақын, данышпан ретінде еш даусыз мойындаған, оның рас.
Советтік кезеңдегі ғалымдар еңбектерін оқысаңыз, Абайдың мұсылмандығына күдік келтіреді. Жоғарыда айтқан Досым мен Асан Омаровтардың Абай туралы жазғандарында мынандай ойлар айтады: «Абайды бір діннің шеңберінде қойып түсінуге болмайды, ол бір діннің шеңберіне (Ислам дінінің ж.ш.) сыймайды...», «Қашанғы М.Әуезовтің айтқанымен жүре береміз, енді Мектепте Досым Омаровтың «Абайтану» кітабын оқытуымыз керек», «Абайды тұрпайы» әлемдегілер түсіне алмайды ол ақын болайын деп өлеңді өзі жазбайды, ол нәзік әлемдегі тұлға болғандықтан ғарышпен тікелей байланыс жасайды, солар жаздырады» деген тұжырымдарын дәлелдеп мақала ғана емес тиражы көп том-том кітаптар жазып, баспадан шығарып таратуда. Абайды зерттеген 30 жылдың ішінде университеттің «Ұлағат» баспасынан бірінші рет «Абайдың қарасөздерінің ерекшеліктері» кітабын шығарып едім, кітабым университет ішіндегілер мен таныстарыма ғана жетті. Көпшілікке Абай туралы кімнің түсіндірмесі тез жетіп жатыр, әрине қаржылай демеушісі бар «адасқан» қазақтардыкі.
– Қазір қазақ баспасөзінде Зәуре Батаеваның «Абай жұмбағы: Қазақстанның белгісіз ұлы ақыны» деген мақаласына қарсы пікірлер айтылып жатыр. Елімізде және АҚШ-та білім алған, қазір Бельгия мемлекетінде тұрып жатқан бұл жазушы-аудармашының сөзіне сенсек, Абайды бүгінгі ұрпақ «қазаққа мақтаныш сезімін ғана емес, сонымен қатар біраз теріс көзқарастар мен жағымсыз ой-пікірлердің туындауына да себепші болды» және «қазақ-орыс мектептерінде Абайдың қазақтар жайлы аса жағымсыз пікірін оқытуға ондаған жылдар бойы басымдық берілуі қазақтардың бірнеше буынының өзін-өзі қадірлеу сезімін улап, басқа этникалық топтар арасындағы қазақтар туралы таптаурынды жағымсыз пікірлердің қалыптасуына әсер етіп, Қазақ қоғамындағы жікшілдікті одан сайын тереңдете түсті» деп санайтын көрінеді. Сондай-ақ Абайдың қара сөздерін «өзге біреу жазып шыққан болуы мүмкін» деген күмәнін де жасырмайды. Батаеваның бұлай деуіне себеп бар ма, мұндай пікірді не үшін айтып отыр деп ойлайсыз?
– Зәуре Батаеваның мақаласымен енді ғана таныстым. Оның жеке басына емес, жазған мақаласына сын айту үшін біраз ол туралы мәліметтермен танысып, ой елегіне салу үшін уақыт керек. Абайды жоққа шығарушылармен бұл бірінші рет пікір таласына түсуім емес, алдағы уақытта баспасөз бетінде міндетті түрде пікірімді білдіремін. Бұл мәселе жеке адамның емес, қоғамның дертіне айналып барады. Ұлттық құндылықпен, Абай даналығы туралы күрмеуі қиын күрделі мәселедегі ой-пікірлерімді айтып Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдадым, ол хатым республикалық бес газетке және «Абай кз», «Абай әлемі» сайттарына шықты, екі министрлікке зерттеп, қорытындысын беріңдер деп Президент аппаратынан тапсырма беріліпті.
– Бүгінгі дәуірде кез келген мәселені баяғыдай жалпыламай насихаттан гөрі ықшам нұсқада түсіндірудің әдіс-тәсілдеріне мойын бұратын ұрпақ өсіп келе жатыр. Сондықтан Абай шығармашылығын мектепте және жоғары оқу орындарында арнайы пән ретінде өтіп, игерудің уақытын ұзаққа созып, жастарды Абаймен жалықтырып алмаймыз ба? Дәуір өзгерген сайын білім игерудің әдіс-тәсілдерін жетілдіріп отыру керек десек, Абайды болашаққа қалай оқытып, қалай сіңіру керек? Бүгінгі абайтанушы ғалымдар ол мәселені қалай шешпек?
– 1976 жылдан бастап жалпы білім беретін мектепте және 1994 жылдан бастап жоғары оқу орындарында «Абайтану» бойынша дәріс беріп, тәжірибе жинақтадым. Егер сіз пәніңізге үздіксіз дайындалып, сөйлеу мәнеріңізді жетілдіресіз, айтар дәрісіңізде жаңалық болса, маңызын дәлелмен жеткізе білсеңіз, қысқа-нұсқа айтуға мән берсеңіз, өзіңіздің күнде сахнаға шығып, жәудіреген көздер алдында тұрған жауапкершілікті сезінсеңіз, ұстаз ретінде шәкірттерді жалықтырмаймыз. Бағдаршаны қанша түрлендіріп робот мұғалім жасаңыз, ол ұстазды алмастыра алмайды. Бәрі де өзімізге байланысты. Мен өзімді абайтанушы деп айтуға батылым жете бермейді, ал мектепте, жоғары оқу орындарында ұстаз болғанымды мақтаныш етемін.
– Биыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы. Ұлы ақынның мерейтойын тойлаудың жоспарында Абайды әлемге танытудың жолдары қаралып, әлем тілдерінде ақын шығармашылығын насихаттау ісі басты мәселе ретінде көрсетілгені анық. Біз әлемге Абайды қайтсек өз дәрежесінде таныта аламыз?
– Біз Абай шығармаларын жаттатып қана қоймай, мән-маңызын талдап балабақша балаларына, мектеп оқушыларына, жоғары оқу орны студенттеріне солардың жас деңгейі мен қабылдау қабілетін ескере отырып оқу құралдарын жазып шығаруымыз керек. Тіпті, ата-ана мен мұғалімдерге көмекші құрал ретінде танымдық кітаптар шығаруымыз қажет. Осылайша, Абай даналығын өзіміз толық танымай, әлемге танытамыз деп ойлауға әзірге ертерек.
− Өзіңіз басқаратын «Хакім Абай» ғылыми-зерттеу орталығының жұмысы туралы айта кетсеңіз. Бұл орталықты құрудағы мақсат не және ол қазірге дейін қандай жұмыстар істеді?
− «Хакім Абай» ғылыми-зерттеу орталығы (ҒЗО) 2008 жылдың қыркүйек айынан бастап жұмыс істейді. Университетте ҒЗО құрудағы мақсаты – Абайдың ақындығы ғана яғни өлеңдері ғана айтылып, қарасөздері көбінесе зерттеуден тыс қалды. Сондықтан тәуелсіз қазақ елінің жастарына Абай өлеңдеріндегі ақындық, қарасөздеріндегі даналықты тұтас алып жаңаша зерттеу, әрі жас ұрпаққа тәрбие беру ісінде пайдалану үшін оқу процесіне ендіру маңызды.
Көзделген мақсатқа жету үшін орталық өз жұмысын мына құрамда бастады: Мекемтас Мырзахметұлы, ф.ғ.д. профессор (кандидаттық диссертациясы: «Абай мұрасының зерттеу тарихы», 1965ж. Докторлық диссертациясы: «М.Әуезов және Абайтану проблемалары», 1989 ж), Жабал Шойынбет, ф.ғ.к. (кандидаттық диссертациясы: «Абай қарасөздерінің жанрлық және стильдік ерекшеліктері», 2006 ж), Мақсат Әліпхан, ф.ғ.к., доцент (кандидаттық диссертациясы: «Жүсіп Баласағұн мен Абай арасындағы шығармашылық сабақтастық мәселесі», 1998ж), Марат Бекбосынов, ф.ғ.к., доцент (кандидаттық диссертациясы: «Дулат және Абай шығармаларындағы отарлық езгіге қарсы әдеби сарын», 2004ж), Балжан Шойынбет, магистр (магистрлік диссертациясы: «Абай шығармаларындағы шығыстық сарындар», 2012ж).
«Хакім Абай» ғылыми-зерттеу орталығы Абай мұрасын жинақтау, зерттеу және насихаттау ісіне бірден кірісіп, ғылыми-танымдық «Абайтану» циклын бастап, алғашқы кітаптарын көпшілікке ұсынды: М.Мырзахметұлы, Ж.Шойынбет, М.Әліпхан «Абайтанудың өзекті мәселелері» (Алматы, 2009 ж), Зейнелғабиден әл-Жауһари әл-Омскаун, «Насихат Қазақия» 1909 ж. (Алматы, «Орхон» баспасы 2009 ж), «Абай термесі», бастырушы Самат Әбішұлы, 1916 жыл (Алматы, «Орхон» баспасы, 2010 ж), Мақсат Әліпхан «Қазақ әдебиетіндегі Адамгершілік ілімі» (Алматы, 2013 ж), Ж.Шойынбет «Абайдың қарасөздерінің ерекшеліктері» (Алматы, 2015 ж), М.Мырзахметұлы «Абай лұғаты» (Алматы, 2015ж), Ж.Шойынбет «Абайдың дана сөздері» ( Алматы, 2015ж), М.Мырзахметұлы «Хакім Абай мұрасын танып білудің 125 (1889-2014) жылдық тарихынан» (Астана, 2015ж).
Сонымен бірге ректорат әкімшілігі мен факультет басшыларының қолдауына ие болған тұңғыш бастама университеттің бүкіл факультетіне жаңа «Абайтану» пәні жүргізіле бастады. Адамзат баласын рухани кемелдікке жетелейтін Абайдың толық адам туралы ілімі жас ұрпақты тәрбиелеудің ізгі мұрасына айналып, елдігіміздің, тәуелсіздігіміздің жарқын көрінісіне айнала бастады. Бұл пән бастауын мектептен алу үшін М.Мырзахметұлы шәкірті Н.Керімбековпен бірге ұзақ жыл жазып дайындады. Соның нәтижесінде әзірленген 5-9-сыныптарға арналған «Абайтану әліппесі» интеллектуалды оқу-әдістемелік кешенінің электронды нұсқасын әлемнің ең үздік технологиясымен Жапонияның Токио қаласында шығарды. Алаштың ардақтысы Ахмет Байтұрсыновтың «Исі қазақ Абайды білуі тиіс» ғибратын іс жүзінде жүзеге асыра бастаған ғылыми-зерттеу институты ұжымы ғылыми қызметкерлерінің әрқайсысы бұрын терең зерттелмеген жәуан мәрттілік, имани гүл, т.б. тың тақырыптарға зерттеу жүргізіп, ғылыми монографияларын дайындады.
«Абайтану» пәніне студенттер зор қызығушылық танытқандықтан, олардың еркін пікірлесуіне және Абай даналығын одан әрі тереңдете түсуіне мүмкіндік жасалып, «Абай мектебі» тұрақты жұмыс істеп келеді. Университетте ашылған «Абай» музей-кабинеті қазіргі күні тек студенттерге ғана емес, Абайды оқып, білемін деген көпшілікке арналған ізгілікті орынға айналуда.
2013 жылдан бастап жалпы білім беретін мектептерге енгізілген «Абайтану» пәні мұғалімдеріне 2016 жылдан бері Ж.Шойынбет арнайы курс өткізіп келеді. «Абайтану пәнінің жаңалығы және хакім Абай даналығы» тақырыбында ҒЗО абайтанушылары шеберлік класы дәрісін өткізуде. ҒЗО 2013 жылы университеттің «Абайтанудың өзекті мәселелері» грантына ие болды.
Жаңаша көзқарастағы хакім Абай даналығы туралы ҒЗО абайтанушылары үнемі күнделікті баспасөзде және республикалық радио мен телеарналарда сөйлеп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп келеді.
Сұхбаттасқан Ахмет ӨМІРЗАҚ