Қазыбек Иса. АБАЙ
2020 ж. 09 тамыз
1276
0
10 тамыз - АБАЙ КҮНІ
Ширек ғасыр бұрын жазылған жыр
АБАЙ
Түзелмесе ел – түзелген сөздi ұғар кiм? Түңiлген соң ұмытып кездi жарқын, Жатып апты жақ ашпай жан адамға, Қайран Абай алдында көз жұмардың.
Сұм дүниенiң сырт берген сұрқын көрiп, Ылажсыздан алды ма ырқын берiп... Үнсiз қалған жұмбақ жан сездi ме екен, Үн қатарын әлемге бiр күн келiп... Сыбырластың сырластан сыйы бөтен, Сынық көңiл сияр ма үйiне кең... Оразбайдың қамшысы күйiк емес, Оянбай ел жатқаны қиын екен... Сiрi қалып, сiреспе, сiлкiнбеген, Ұлағатты ұқпаса, ұлтың керең... Мұхит жырдың түбiне бойладық па, Бетi тұнық, тереңi бүлкiлдеген... Тiл қатпадың, тiл алмай тiлмар халқың, Айыра алар асылдың кiм бар парқын... Мұң-қайғыға уланып мұнар тарттың, Мұқым елiң өзгертпей мұндар қалпын... Тұйықталды тым-тырыс тылсым кеуде, Кемеңгердiң қай сырын бiлсiн пенде... Жалын көмiп кетiпт Шыңғыстауды, Жарлы емес, зарлы ақын күрсiнгенде... Ендi бүгiн елiңнiң ең керегi – Сақал бояр саудасы дөңгеледi, Пұлды болсаң құндыға теңгередi, Дарындыны қарынды кем көредi. Өзгеше ыстық қарайтын өркенiң көп, Өзiңе емес...бейнеңе теңгедегi... Қалмау үшiн қалғумен жолда құлап, Тiрiлген жүр тiрлiгiн зорға құрап... Есек артын жууда естi бiткен, Оңайлықпен табылмас ол да бiрақ... Күйiнумен көңiлiң қуыс керней, Демеу берер демiксең туыс нендей?.. Уылжыр дәм уыста ерiп кетiп, Уылады таңдайың у iшкендей... Демi азайып жатса да күнде мейлi, Дерттiзар ғып буса да жыр көмейдi, Үгiтiнен үмiтi үзiлдi ме, Үндемейдi ұлы ақын, үндемейдi... Сендей дана тудырған ұлы елiмдi, Түгел танып дүние бiле бiлдi. Айтпай кеткен алайда соңғы сөзiң, Бүгiн менiң қинап жүр жүрегiмдi... Қазыбек ИСА, 1995 жыл Төменгі суретте: Ташкент қаласындағы Абай ескерткіші алдында. Қазақ ақыны Қазыбек Иса мен өзбек ақыны Фахриддин Хайит. 2019 жыл 27 мамыр.