ҚУАНЫШҚА ҚҰШТАР ЖҮРЕК
2020 ж. 04 тамыз
2914
0
Қазіргі таңда баршаға танымал көрнекті қайраткер,ана тілінде тұңғыш рет заң жазған ұлтжанды азамат, ақын, жазушы, сазгер қимас, сыйлас қаламдасым Әкім Ысқақ асқаралы Алпыс жасқа толды. Ол «Жүректегі жазулар», «Адам іздеп жүрмін» атты күнделік-эссе және «Әкеге хат», Ой-шырағдан» кітаптарының авторы Әкімнің мерейтойының құрметіне әр түрлі мазмұнды-маңызды шаралар ұйымдастырылып жатыр. Соның ішінде, туып-өскен Ордабасы ауданы Жастар орталығының Әкім ағаларының, сүйікті жерлесінің шығармашылығына арнап республикалық Байқау ұйымдастыруы мені айрықша қуантты.
Игі бастаманы қолдап, қуаттаймын .Байғазы ретінде Әкім Ысқақ жайлы жазылған «Қуанышқа құштар жүрек» атты естелік-эссемді ұсынамын.
***
Әншейінде қуанышым мен ренішімді айналама байқатқым келмейді. Күлкіге де сараңмын.Әңгімеге аз қосыламын. Ал Әкіммен кездессем, ағыл-тегіл ақтарыламын. Жырымды да сырымды да жайып саламын. Оның тілі мен түрінде екінің бірі жеткізе алмайтын сүйкімділік пен мен тартымдылық тұнып тұрады.Ол адамдарды қуантқысы келеді. Өзі де қуанышқа құмар.Алаңсыз сөйлейді,риясыз күледі. Әділді жақтайды,адалды мақтайды.
Мен Әкіммен 1985-жылы Шымкент қаласында өткен жас таланттардың облыстық «Жігер» фестивалінде кездесіп, таныстым. Шардарадан мектепте сабақ берген оқушым Қазыбек Иса екеуміз шақырылыппыз. Мен аудандық «Өскен өңір» газетінің қызметкерімін. Қазыбек – өзі оқыған «Қызылқұм» орта мектебінде мұғалім. Қазыбек Иса – қазір, өздеріңіз білесіздер, талантты ақын, танымал қайраткер. Шардарадан самолетпен ұшып бардым.
Қаладағы ең сәулетті «Шымкент» қонақүйінде жиналдық . Орын дайын. Ас әзір. Оңтүстік өлкесінің түкпір-түкпірінен келген есімдері елге танылып қалған Әлібек Тойлыбаев, Пердеш Есенбеков, Төрегелді Байтасов, Алпысбай Боранбаев, Баян Бекетова, ұмытпасам, Үміт Битенова, Эра Орманова, осы Әкім тағы басқа да бір топ ақын танысып-білісіп, шұрқырасып жатырмыз. Мұхтар Әуезов атындағы технологиялық институттың Мәжіліс залында өлең оқыдық.Әлібектің тұңғыш қызына арнаған «Лирасы», Пердештің «Мақта терген қызғасы»,Қазыбектің «Көктем суреттері», Алпысбайдың сатиралық шумақтары көптің көңлінен шықты. Әсіресе, Әкімнің «Бір физиктің махаббаты» өлеңі барлық тыңдаушысын баурап алды. Алғашқы кеш аяқталды. Қай періштемнің сыбырлағанын қайдам, мен қаламдастар алдында: – Қазылар емес жеңімпазды өзіміз таңдайық, өлеңдерімізді салтанатты залда емес қонақүйде оқиық,– деп ұсыныс айттым. Бәрі қолдай кетті. Төрехан Рамдердиев, Төрегелді Байтасов, Әбділда Аймақ, Әлібек Мейірбеков сияқты республикаға есімі танылып қалған ақындар да арамызға қосылып, үш-төрт күн шөлімізді қандырып, өңімізді жандырып өлең оқыдық. Сол кезде Одаққа әйгілі, өндіріс алыбы атанған «Қорғасын» заводының қыз-жігіттері ақындарды күнде кешке қарай кезекпен қонаққа шақырады. Таңға дейін кезекпен өлең оқимыз. Шіркін, шалқыған көңіл, шайқалған дәурен-ай! Жас кеудемізде пайда да, айла да жоқ. Дастарханда әр қилы тақырыпта өзара айтыс ұйымдастырамыз. Бір-бірімізді қолдаймыз, қуаттаймыз. Қызғаныштың қызыл көз иті күшіктемеген кез. Аз уақытта әбден бауыр басып қалдық. Әкім мен Қазыбекті арамыздан жеңімпаз деп бірауыздан танып, Алматы қаласында өтетін республикалық «Жігер» фестиваліне шығарып салдық. Олар білектес, тілектес достарының сенімін ақтап, үлкен додада топ жарды. Өз кезеңіндегі ең танымал «Лениншіл жас» газетінде қос ақын жайлы мақтаулы пікірлерді оқып, бөркімізді аспанға аттық. Олар әлі де алдыңғы лекте келеді. Тұяқтары бекіп, алқымдары ашылды. Айтпақшы, аталмыш іс-шараның басы-қасында жүрген облыстық комсомол комитетінің қызметкері, қазіргі белгілі ақын әйгілі әдебиетші, қоғам қайраткері Қасымхан Бегманов жерлесіміз болатын.
Содан бері Әкім екеуміздің арамыз бөлінген емес. Абзалдық хаттары мен көңіл сырлары ұдайы жалғасып келеді. Өкінішке қарай, Әкім досым өзі жетекшілік ететін мектеп оқушылары мен қызметкерлерінен құралған Қосжан Мүсірепов атындағы әдебиет үйірмесінің мүшелерімен кездесуге, алтын ұя ауылымен таныстыруға бірнеше рет шақырды. Әр түрлі себеппен бара алмадым. Сүйікті бауыры Қасым қаза болғанда, жан жүрегіммен қайғырдым. Көзімнен жасым, көкірегімнен шерім төгіліп қарашаңырақтың есігін аттап, көңіл айттым.
Әкімнің жүрегі шапағат пен мейірімге толы. Ол сыздағанға ем, қызбағанға дем болғысы келеді. Қуансаң қосыла қуанады.
Бірде белгісіз себеппен жұмыстан шығарылдым. Заңға арқа сүйеп, іздендім. Көңілсіз күндер өтіп жатты. Кездейсоқ Әкім хабарласты. – Нұреке, Арысқа кел. Кездесу өтеді. Өлең оқы. Көппен таныс, – дейді. – Қайтуды уайымдама, Шардараға жеткізіп тастаймын. Алыста жүріп дос көңілін аулаған, тағдырыңа алаңдаған асыл азаматтан қалай айналмайсың?! Осындай бауырмал досты қалай бас иіп,бауырыңа тартпайсың?! –Жасасын жақсы адамдар!– деп дала жаңғыртқың келеді.
Заң әділ шешіп, мектепке қайта оралдым. Тағы да Әкім телефон соқты.– Хабарыңды алайын деп едім, – дейді ақырын. Мейірімінің лебі телефон тұтқасынан құйылып тұр. – Ауылға келіп едім.
Аз-кем саулық сұрасқан соң: – Онда соқпайсың ба? – дедім. –Міндетті түрде соғамын, – деді ол.Мен әдебиет сүйетін оқушылар мен мұғалімдерді асығыс жинап, күттім. Кешікті. Қайта хабарластым. – Арыстан енді астық, – деп тұр сабазың. Сөйтсем, Шымкенттен шыққан екен. Мектеп ұжымымен кездесті. Танысып, сырласты. Әкім сөйлегенде залдан шыбынның ызыңы естілуші ме еді?! Оқушылар да ұстаздар да қимай-қимай қоштасты. Асығыс, тамақтанбастан Шымқалаға қайтты.Жауапты іссапарда жүріп, арасы алыс Шымкенттен менің қуанышыма ортақтасып, құтты болсын айтып келген адал ниетін қалай қуаттап, риза болмайсың, айтыңызшы, ағайын! Әкімнің бойында көпке таныла бермейтін ерекше қасиет бар. Оның батасын алсаң,үнемі асығың алшысынан түседі. Айың оңынан туады. Дәлел ме, дәлелді өз өмірімнен алайын тағы. Мен басқаратын мектептің бітіруші түлектері Әкім ағаларының батасын алып, сол жылы ұлттық бірыңғай тест сынағынан жоғары нәтижеге қол жеткізді. Аудан мектептері арасында жүлделі екінші орынды иелендік.
Оның ел десе, әсіресе, ана тілі десе, ет жүрегі езіледі. Сөзімді ақтау үшін, бірнеше мысал келтірейін. Республика Парламентіне депутат кезінде мұқит асып, ең бірінші, америкалықтар асырап алған қазақ балаларын іздеді. Олардың өмірі, мен тыныс-тіршілігімен мұқият танысты. Кішкентай бауырларын жатсынбай, құшағына тартты. Қазақ сөзін үйретті. Атамекеннің қадірін ұқтырды. Біздің қанымызға ғана тән мейірімділік пен ізгіліктің отын жақты жанарында сағыныштың жасы моншақтаған жәудіркөз балапандарға! Олар ертең Әкім ағасын еске алады, Әкім ағасы арқылы туған топыраққа деген махаббат алауы маздайды. Санасында сағыныш сабағы тамырлайды. Ана тілін ардақтаған азаматтың Америкада тек қана қазақ тілінде қатынас жасауының өзі – үлкен ерлік, өшпес өнеге. Әкім Ысқақ алғаш рет мемлекеттік тілде «Көші-қон туралы» Заңды дайындап, халық алғысына бөленген азамат. Ол туған жерінің тауын да тасын да бозторғайдай шырылдап қорғайды. Туып-өскен ауылы – Ордабасыға тарап кету қаупі төнгенде сауаттылығы мен білім-білігін, абыройын аянбай жұмсап, аман алып қалды. «Жас алаш» газетінде тілші болып жүрген кезінде іс-сапармен Шардараға соқты. Қоштасарда кенет әйгілі «Қара бауыр қасқалдақ» әнінің авторы Лесбек Амановпен кездесіп, танысты. Көп ұзамай республикалық беделді газетке көлемді мақала жарияланды. Лесбек жарыққа шықты. Жалпы ел таныды. Өнері де,өмірі де оңға өзгерді. Қанша асыл дүниелерді жарыққа шығарды. Міне, жанашыр жанның жақсылығы мен қамқорлығын айта берсек таусылмайды. Оның шығармалары мен қанатты сөздері мектеп оқулықтарына енді.
Атырауда, Нұр-Сұлтанда, Таразда, Шардарада, Шымкентте, тағы басқа қалаларда, үлкен-кішілі елді мекендерде ақынға арналған кештер,кездесулер жиі өтіп келеді. Алда да игі шара, маңызды үрдіс жалғасады деп сенеміз.
Бірде өзі оқып, жоғары білім алған, қазіргі Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде өткен кездесуде Әкім Ысқақтың туып-өскен топырағына сіңірген еңбегін ескеріп, Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы атағына ұсынған болатынбыз. Университет ұжымы Әкімді құрметтеп, есіміне оқу кабинетін сыйлады. Жоғарыдағы орынды ұсынысымызды ел ағасы жасы Алпысқа толған кезінде тиісті азаматтардың есіне қайта салғымыз келеді. Бұл өтінішімізді Түркістан халқы тегіс қуаттап-қолдайтыны анық.
Оның ізгі жүрегі қуанышқа құмар. Әкім Түркістан топырағын сағынып оянады. Аңсап әнге қосады, өлеңмен өрнектейді. Оның абзал жаны нағыз адам іздейді, адал дос іздеп сарылады. Ақынның айналасы Алтынға толы. Арман аралында еркін жүзіп, күнге қарай бет алған ағалық жасқа толған асыл досқа жарқын таң,қайратты қалам тілейміз!
Нұрғали ИБРАЙЫМ,
«Қазақ үні»
Әмбебап Әкім
Мәжіліскер hәм іскер, сатирик және лирик, сазгер, заңгер,
әрі физик Әкім Ысқаққа
Сықақтың тартса садағын, Салады ел және сазды әнін. Бал менен уын араның, Сіңірген бірдей маздағым. Жазады ойға батыра Физули сынды ғазалды... Физиктің махаббатына Шалынған қыздар гөзал-ды... Қосжанның қосын көтеріп, Достардың көшін демеген. Өжет бір кетпес еті өліп, Сөзі өткір тіпті жебеден... Ел ынтық ерек қалпыңа, Әмбебап Әкім атандың. Қалаулы болып халқыңа Бата алдың – Жолға бет алдың. Жұлдыздай, досым, жарқыра Басы бұл ұлы сапардың. Үзеңгі арттың үмітке Асу көп алда әлі асар... Ордабысылық жігітке Ордада жүрген жарасар! Қазыбек ИСА 1998 жыл qazaquni.kz