Абай және Фирдауси тұлғасы мен ой-пікірінің үндестігі
2020 ж. 13 мамыр
1491
0
Қазақ халқы мен танымал тұлғаларынын арасынан Шығыс мәдениетіне терең бойлаған Абай болды. Абай Семей қаласындағы Ахмед Реза медресесінде білім алып жатқанында парсы, араб және түркі тілді ақындардың шығармаларымен танысады. Ақынның назарын өзіне аудартқан тұлғалардың ішінде Х ғасырда өмір сүрген ирандық танымал ақын Фирдауси де бар еді.
Фирдаусидің Шахнаме атты еңбегі мен Абайдың шығармаларына жасалған талдаулар олардың ой-пікір тұрғысынан көптеген ұқсас тұстарының бар екенін және Абайдың «Шахнаманың» прозалық және поэтикалық аудармаларымен таныс болғандығын көрсетеді. Осындай ұқсастықтарды Абай өлеңдеріндегі батырлардың есімдерінен, қарулардың атауларынан, оның ішінде Абайдың келесі өлең жолдарынан аңғаруға болады:
* Тас дулыға, тас сауыт киінгенім,
Денемді қысып жатыр бүгін менің.
Оқ пен қылыш бұзбастай киінсем де,
Қайран атым, иең жоқ жалғыз сенің.
* Ескендір, Темір, Шыңғыстай
Мұсылманда атақты.
Сонымен қатар Абай жел мен бораннан құлап қайта қалпына келе алмаған қайыңның жағдайын мынандай әдемі өлең жолдарымен сипаттайды:
* Мен көрдім ұзын қайың құлағанын,
Бас ұрып қара жерге сұлағанын.
Жапырағы сарғайып, өлімсіреп,
Байғұстың кім тыңдайды жылағанын?
Абай өзінің қара сөздерінде отандастарын оқу-білімге, өз ана тілдерінен басқа араб, парсы және орыс тілдерін үйренуге шақырады:
* «Сол өрістетіп, өрісімізді ұзартып, құмарланып жиған қазынамызды көбейтсек керек, бұл жанның тамағы еді. Тәннен жан артық еді, тәнді жанға бас ұрғызса керек еді.» (Жетінші сөз)
* «Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған хаж, ешбір ғибадат орнына бармайды» (Оныншы сөз)
Абай шынайы құлшылықтың басты шартын иман мен ғылым үйрену деп атап, мынадай кеңес береді:
* Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Артық білім кітапта,
Ерінбей оқып көруге.
Фирдауси Шахнамасының кей тұстарында да ғылым мен білімнің маңыздылығы мен құндылығын дәріптейді. Мысалы, шығарманың алғашқы бейттерінде былай делінген:
توانا بود هر که دانا بود ز دانش دل پير برنا بود
( Білімді адам ғана мықты болады, білім қартайған жүректі жасартады)
تو را دانش ودين رهاند درست ره رستگاري ببايدت جست
(Білім мен дін сені құтқарылуға жетелейді )
Абайдың діни дүниетанымында өтірік пен ғайбат айту, менмендік, жалқаулық пен ысырапшылдық адамның бес дұшпаны деп аталады:
* Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның, білсеңіз.
Оған керісінше бес асыл іс пен адами қасиеттерді атап, адамдарға оларға ұмтылуға кеңес береді:
* Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой –
Бес асыл іс, көнсеңіз.
Абай да, Фирдауси де адамдарды материалдық, рухани және өмірлік қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін көп жұмыс істеп, талпынуға шақыра отырып, халықты бұл пәни әлемнің жалғандығынан да хабардар етеді. Екі ақын да адамның бұл әлемнен тек қажеттісін қана алу керек екенін, себебі оның күнінің санаулы екенін және бұл өмірді тәрк ететінін айтады. Абай былай дейді:
* Мен көрдім дүние деген иттің к...н,
Жеп жүр ғой біреуінің біреуі етін.
Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда,
Көбінің сырты бүтін, іші түтін.
* Адамзат – бүгін адам, ертең топырақ,
Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ.
Ертең өзің қайдасың, білемісің,
Өлмек үшін туғансың, ойлан шырақ.
Өлім мен тағдырға немқұрайлы қарау - екі ақын да назар аударған мәселе. Абай бір өлеңінде адамдардың өлім мен тағдырға немқұрайлы қарайтынын айыптап, олардың бұл немқұрайлылығын маскүнемдікке теңейді.
Фирдауси да Шахнаменің кей бөлімдерінде қиямет, өлім, тағдыр мен өлімнен кейінгі өмір туралы баяндап, адамды надандық ұйқысынан оятады:
بدو گفت پردخته کن سر ز باد که جز مرگ را کس ز مادر نزاد
(Тәкаппарлықты ойыңнан шығар, себебі, анадан туған әр адам өледі)
Абайдың діни ойларының келесі бір өзегі – дұға. Дұға адамның жүрегі мен рухының жұбаныш құралы әрі мәңглік Жаратушымен рухани байланысты нығайтудың бірден-бір жолы:
* Өмірден тепкі жесем жазығым жоқ,
Ешнәрсеге көңілім болмаса тоқ,
Қайта-қайта оқысам бір дұғаны,
Сөніп қалған жүректе жанады шоқ.
Қуаты бар дұғаның қуантарлық,
Қапаланған жүректі жұбантарлық.
Адам ұқпас бір тәтті лебізінен
"Уан" деген естілер ұлы жарлық.
Көңілім ауыр жүктен бір құтылар,
Кек арылып көкіректен ұмытылар.
Адамның баласына ашып жаным,
Ізгілікке жүрегім бір ұмтылар.
Абай осы өлең жолдарында Құран Кәрімнің Рағыд сүресінің «Алланы еске алумен жүректер орнығады» делінген 28 аятынан шабыт алған көрінеді. Бұл ой-пікір Рустамның Сохрабпен шайқасындағы дұғасын еске түсіреді. Фирдауси абсолютті кедейлік пен абсолютті байлықтың көрінісін көркем тілмен суреттеп:
شنيدم که رستم از آغاز کار چنان يافت نيرو ز پروردگار
(Рустам іс батамас бұрын Жаратушыдан былайша күш-жігер алғанын естідім)
Фирдауси дұға қылу және жалбарынудың әдебін жетік білген. Оның дұғалары ерекше әдеппен баяндалған. Ол жыр-дастандардың кейіпкерлерінің Құдайдан сұраған дұға-тілектерінің кіріспесінде илаһи құдіреттілік пен ұлылықтың биік ұғымдарын келтіріп, Хақты дәріптейді. Мысалы, Кей-Хосроу мен Афрасиабтың шайқасында былай келтірілген:
وزآن جايگه شهريار زمين بيامد به پيش جهان آفرين
ز لشکر بشد تا به جاي نماز ابا کردگار جهان گفت راز
(Өзінің жердегі патшалық тағынан шығып, жаһанды Жаратушының алдына келді. Әскерден шығып, намаз қылатын жерге келіп, Жаратушымен сырласты)
Абай шығармашылығында бұқаралық мәдениет, мысалдар мен үкімдерді пайдалануда Шығыс мәдениетінің ықпалы байқалады. Бірнеше мысал келтірейік:
* Сағаттың өзі ұры шықылдаған,
Өмірді білдірмеген, күнде ұрлаған.
Тиянақ жоқ, тұрлау жоқ, келді, кетті,
Қайта айналмас, бұрылмас бұлдыр заман.
Бұл өлең жолдары парсы тіліндегі мына мақалды еске түсіреді: «Кеткен су арнаға қайта оралмайды».
* Мал жияды мақтанып білдірмекке,
Малмен шұқып көзіңе күйдірмекке.
Өзі шошқа басқаны ит деп ойлар,
Сорпа, су мен сүйекті сүйдірмекке.
Бұл өлең жолдары «хамам суымен дос болу» деген мәтелге келеді.
* Күшік асырап, ит еттім,
Ол балтырымды қанатты.
Біреуге мылтық үйреттім,
Ол мерген болды, мені атты.
Бұл өлең жолдары «жеңінде жылан өсіру» мәтелімен барабар.
Сондай-ақ, өмірден өткен перзенттеріне жоқтау айту да екі ақынның шығармашылығынан орын алған. Абай 1895 жылы өзінің ең сүйікті, сауатты әрі ең қабілетті баласы небәрі 27 жастағы Әбдірахманнан айырылады. Осы ауыр оқиғаның қайғысы ақынға қатты әсер етеді. Жүрегі қан жылай отырып, көптеген өлеңдер жазып, өзінің жан дүниесін жұбатқандай болады.
Абай Әбдірахманды жоқтап 8 өлең, ал тағы бір перзенті Әкімбайға арнап бір жоқтау жазады.
Біз Фирдауси Шахнамасында да осындай жоқтауды көреміз. Бұл жоқтаулар шығарма кейіпкерлері қаза болғанда оның артында қалған жақындары тарапынан айтылады. Осындай жоқтаулардың ең жақсы мысалы Рустам мен Тахминаның өздерінің перзенті Сохрабқа айтқан жоқтауы:
همي گفت زار اي نبرده جوان سرافراز و از تخمه پهلوان نبيند
چو تو نيز خورشيد و ماه نه چوشن نه تخت و نه تاج و کلاه
که را آمد اين پيش که آمد مرا بکشتم جواني به پيران سرا
(Рустам: О, жас жігіт, батырдың ұрпағы! Сендей батырды күн мен ай да, еш тақ пен тәж де көрмеген. О қатал тағдыр, қартайған шағымды өз ұлымды өлтірдім.)
Қазақтың ұлы ақыны Абай өз шығармаларында Шығыс әдебиетіне, әсіресе, парсы тілді ақын-жазушылардың туындыларына көңіл бөледі. Абай парсы тілді ақын-жазушылардың арасында Фирдауси мен оның Шахнаме шығармасына ерекше назар аударған. Сондықтан оның шығармаларында Шахнаманың көптеген тақырыптары мен мазмұнын кездестіруге болады.
Әли Кебриайзаде,
Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің мәдени істер жөніндегі кеңесшісі