Серік Тұрғынбекұлы. БҮГІНГІНІҢ БИІ

Қазыбек Исаға

Есімің елге мәлім, Би атында,

Соншама қызықпайсың, 

Сый – асылға. 

Көрініп тұрады ылғи Адамдығың –

 Бойдағы арың менен ұятыңда. 

Ұлтының жүрегіне Ұялаған. 

Шынында – Біздің Қазыбек зиялы адам. 

Орыны оқырманның ортасында, 

Көрген жоқ оны ешкім би алаңнан. 

Таттырдың оқырманға Тілдің дәмін. 

Көп сеуіп кеуделерге Гүлдің дәнін. 

Бір үміт жанарыңда шырақ жағып, 

Білемін – Қабағыңда бір мұң барын. 

Тартқан бір, 

Тауқыметі азабының – 

Жырының, Өлеңінің, Ғазалының 

Қадірін, Қасиетін сонда ғана 

Біледі ел, 

Оқыған соң «Қазақ үнін». 

Байланған баяғыда арға басы. 

Соғылған талай-талай жарға басы. 

Бәлкім ол, Ертіс те емес, Есіл де емес, 

Өзінің жарқыраған Шардарасы. 

Заманның байқап біліп қас-қабағын, 

Тақпайды жөн-жосықсыз басқаға мін. 

Көрдім мен жауыздықты ауыздықтап, 

Жолынан жалмауызды - жасқағанын. 

Айтады ойын бүкпей – сөзін ашық. 

Керенау – Көрсоқырдың көзін ашып, 

Үнемі ұлылықты ұлықтаған, 

Болған соң сұлулыққа өзі ғашық. 

Отырсаң – 

Лайықсың төр басына, 

Сөзіңнің тәнті болдым жорғасына. 

Еліңнің қайғысы мен мұңы сенде, 

Келген соң – 50 деген Ер жасына. 

Заманының ахуалы – күйіне еріп, 

Асыл сөз – Алқымыңа жиі келіп... 

Баяғы Казыбек атаң секілденіп, 

Сөйлей бер – Бүгінгінің Биі болып! 

Серік Тұрғынбекұлы,

Астана, 

04.10.2012 ж.