«Айтыңыз, атыңыз кім болады...»
2012 ж. 15 маусым
13366
13
Кезінде әнші анамыз Роза Тәжібайқызы Бағлан шырқап, кейін «Дос-Мұқасан» тобының орындауында кеңінен тарап, әлі күнге дейін шырқалып жүрген әннің осы сөздері көп нәрсені білдіреді. Себебі қазақ өте балажан халық. Дүниеге сәби келсе, қазаққа одан өткен зор қуаныш жоқ екенін:
Бар нәрсенің ләззаты,
Ата-ананың жаннаты,
Бұл дүниенің мұрасы,
Перзентіңнің ырасы, –
деп ақын Майлықожа Сұлтанқожаұлы төрт ауыз өлең жолымен жеткізген.
Дүниеге келген жаңа өмір иесі-
нің қуанышына әйел босанған күні кешке ауыл жастарының шілдеханаға жиналып таң атқанша, сәбидің анасын ардақтап ән салып, күй тартуы, кейде шілдехананың үш күнге дейін созылуы осы қуаныштың белгісі. Бұндай шілдеханаларға тек жастар ғана қатысатын болған. Себебі, жаңа туған нәрестені түрлі жын-шайтан, перілердің салқынынан қорғап, күзету халқымыздың сенімі бойынша тек қана жастардың міндеті саналған.
Қандай бір жаңалық болса да қазақтың сүйінші сұрау әдеті бар. Ал бала туған кезде нәрестенің ата-әжесінен, әкесі мен туған-тысқандарынан сүйінші сұраудың орны тіптен бөлек. Жақсы хабар жеткізіп сүйінші сұраған адамға бағалы сыйлықтар берген. Сүйінші хабарды жеткізуші қанша алыс жер болса да баруға даяр болған.
Қазақ есім таңдауға үлкен жауапкершілікпен қараған. Дүниеге келген сәбилерге қуана отырып, ат қойып, жаңа өмір иесіне болашақта мынадай бол деу арқылы, өз армандарының орындалуын да тілек ете білген. Сонымен қатар қарабайыр сөзбен емес өрнектеп, жүректен терең орын алардай есім таңдаған.
Есім таңдауда халық түрлі сенімге сүйенгенін халық ауыз әдебиеті шығармаларынан көптеп кездестіруге болады. Қазақ радиосынан берілген «Алдаркөсенің алғашқы қадамы» атты ертегіде, оның неге осылай аталғаны жөнінде былай деп айтылды: «Адам өзінің азан шақырып қойған атына сай өмір сүреді» дейді халық. Солай болса солай да шығар. Алдаркөсенің әкесінің есімі Алдан екен. Ол шынында да өмір-бақи алданып өткенге ұқсайды. Содан да болуы керек алданудан зәрзап болған аңқау азамат тұңғышының атын Алдар қойыпты. Жаратқан Жаппар иеміз соны түсінген ғой. Алдар тәй-тәй басып тілі шыға бастағаннан ешкімге есесін жібермейтін ақылды да алғыр бала болып өсіпті».
Қазақтар есім таңдауды халықтық болмыстың діңгегі – үлкенді сыйлау арқылы жүзеге асырып отырған. Сондықтан нәрестеге ат қоюды елдің сыйлы адамынан өтінетін. Немесе, дәл сол кезде ауылда атақты ақын яки басқа өнер иесі қонақтап жатса сол кісіге қолқа салатын болған.
Халқымызда баласына немесе немересіне жақын адамдарының есімін қоюға рұқсат сұрау әдеті қалыптасқан. Дәл осындай оқиға театр және кино артисі Серке Қожамқұловтың жиен немересіне есім таңдау барысында орын алған. Жазушы Мұхтар Әуезұлы Лениндік сыйлық алған кезде Серке Қожамқұлұлы жазушының үйіне, лауреат болуымен құттықтай барып: «Сіз сыйлық алған күні менің тұңғыш немерем де дүние есігін ашты. Соған өзіңіздің атыңызды қойсам мүмкін бе?» деп рұқсат сұрайды. «Атымды қой, құрдас, бәлі, сенен мен немді аяймын?!» деп Мұхаң да мейірлене жауап берген.
Халық түсінігі бойынша қыз балаға тіл-көз онша тие қоймайтын болған, сондықтан оларға әдемі аттар таңдалған. Қыз аттарына аспан әлемінің, сұлу-момын аңдардың, асыл тастар, қымбат маталар, нәзік және сирек кездесетін өсімдік аттары т.б. пайдаланылатын. Мәселен Айман, Шолпан, Жұлдыз, Құралай, Тоты, Маржан, Алтынай, Күміс, Жібек, Мақпал, Шынар, Раушан, Қызғалдақ т. б.
Қыз балаларға есім таңдағанда жаңа туған нәрестенің түр-түсіне де қарап ат берілген. Жазушы Сәбит Мұқанұлының шешесі ақ сары кісі екен. Төрт-бес ұлдың артынан сүт кенже боп туған соң, атын Балсары қойыпты.
Еркек баланың атын көбінесе үлкен әкесі, ауылдағы қариялар, оның бірі болмағанда баланың өз әкесі қояды. Ер балаға бұрынғы өткен ата-бабаларының, батырлар мен билердің, ақын мен жыраулардың аттарын; баласы тұрмай жүрсе ешкім ескеріп көзге түспейтін жұпыны аттарды (Малбағар, Бүйен, Боқбасар, Боққайнат, Ұлтарақ, Көтібар), бала туған жер су, күн, ай аттарына байланысты (Бұлақбай, Көлбай, Ілебай, Дүйсембай, Қаңтарбай), әкесінің немесе атасының жасына қарай (Елубай, Алпысбай, Жетпісбай, Сексенбай, Сексенбес), дені сау, жаны берік болуын меңзеп (Темірболат, Шойынбай), бұрын-соңды болған қару-жарақ атауларына байланысты (Найзабай, Қылышбек, Шоқпар, Балтабай т.б.) есімдер беріліп отырған.
Қазақ халқы ежелден мал шаруашылығымен айналысқандық-
тан жан-жануарларға, оның ішін-
де үй жануарларына, төрт түлік малдың, жабайы аңдар мен құстардың атауларына байланысты (Бөдене, Бүркітбай, Жолбарыс, Қарлығаш, Қойлыбай, Серкебай, Сілеусін) берілген есімдер көптеп саналады.
Кенесары ханның есімі қойылуы туралы қызық оқиға бүгінгі күнге жетіп отыр. Болашақ хан өте кішкентай болып туылыпты. Шоқай би жаңа туған сәбиді қолына алып: – Өзі кенедей кіп-кішкентай екен, аты Кенесары болсын, – деген екен.
Балаға өзінің туған айының, мысалы: Маусымжан, Ақпан, Ақырап деп беру үрдісі де болған. Қасым ханның тоқалы босанып, Көкшетауда үлкен ұлан-асыр той болады. Наурыз айында дүниеге келген сәбидің атын Наурызбай қояды. Ауыр найзасын екі қолымен ұстағанын ешкім көрмеген қара күштің иесі, батыр Наурызбайға есім осылай берілген.
Кейбірде дүниеге келген нә-
рестеге өскенде орындауы керекті міндетті меңзеп ат қойған. Сырым Датұлының әкесіне берілген есімге байланысты оқиғаны атақты Мәшһүр Жүсіп былайша жазған: Сырымның атасы Шолан батырды жаулары қылыштап өлтіреді. Шоланнан
Дат. Іште қалып дүниеге келгесін қара қазақ жиналып, арадағы кек ұмытылмас үшін жас ба-
ланың атын Дат қояды. Дат сөзі:
Әділеттілікті талап ету, мұң шағу, тілек айту мағынасын білдіретіндіктен бұл есім болашақта әділеттікке қол жеткізсін, өмірінде әділетсіздік көрмесін деген тілекпен берілгені анық.
Қазақта нәрестенің денесінің бір ерекшелігіне қарап ат қоятын әдет те бар. Қазақ КСР Коммунистік партиясының бірінші хатшысы Дінмұхаммед Ахметұлы Қонай «Өтті дәурен осылай» атты кітабында: «Қажылық жол Жұмабай атамның сегіз ай уақытын алыпты. Оның 1886 жылы туған ұлы Меңліахмет – менің әкем. Оң жақ бетінде алақандай меңі болса керек, атын соған қарап қойыпты» деп жазады.
Кейбірде адамдарға басқа есім де беретін болған. Бұл үрдісті қазақ «аттеріс» немесе «аттергеу» деп атайды. «Аттеріс (аты теріс) – жанама атты қоюдың әлеуметтік негізі жасы үлкенді қадірлеуден, жастарды ізеттілік-
ке, кішіпейілділікке тәрбиелеуден шыққан. Көп ғасыр бойы қа-
лыптасқан қазақ халқының әлеу-
меттік, үй ішілік жосыны бойынша жасы үлкен кісілерді олардың өз атымен бадырайтып айту – өте өрескел, ерсі болып көрінген. Халық арасында өз ойынан жанама ат қою – әсіресе жаңа түскен келіншектерден сыпайылық, әдепті мінез талап етілгендіктен туындаған. Жаңа түскен келіндер күйеуінің ауылындағы адамдардың үлкен-кішілерінің өз ат-
тарын еш уақытта атамай барлығына жанама ат қойған. Тек өзі түскеннен кейін туған балаларды ғана өз ата-анасы қойған атпен атаған. Жанама ат әрқашан адамның түріне, мінезіне, кәсібіне қарай қойылған. Мәселен, «Ұста қайнаға», «Арбашы ата», сері, аңшы болса: «Аңшы жігіт», «Сал жігіт», «Мырза жігіт»,
оқыған болса: «Молда жігіт», қайын сіңлілерін: «Еркежан», «Үкі
ліжан», «Тетелес» дейді. Қайын ініге қоятын аттар көбінесе (Қалқанқұлақ, Алақанкөз, Қарабала, Сарбас т.б.) сықақ, әзілмен келеді.
Келіндердің тапқырлығы, әсі-
ресе, жаратылыс пен географияға, жан-жануарларға, тұрмысқа байланысты аттарды өзгертіп алуында көрініс табады. Ауылдағы қариялардың ішінде ай, күн, боран, тау, қасқыр, жылқымен басталатын аттар болса,
бұл есімдерді келіншектер еш уақытта тура атамай, жанама ат қойып алады. Айды – түнгі жарық, күнді – сәуле шашқан, жұма – ауыр күн, бейсенбі – атам аттас күн, көрпе – жуырқан, қасқырды – ұлыма, боранды – шаңғыт, жылқыны – туар, жолды – соқпақ, тасты – қайыршақ деген. Өйткені мұны айтып отырған келіншектердің аулында бұл аттарға ұқсас, атауға болмайтын Айтуған, Күнтуған, Боранбай, Жылқыайдар, Жолдыбай, Тасболат деген кісілер болған.
Кейбірде жанама есімдер азан
шақырылып берілген есімдердің орнын басуы жиі кездеседі. Мысалы: академик Қаныш Сәт-
байұлының шын есімі – Ғабдұлғани, әнші Күләш Байсейіт –
Гүлбаһрам, биші Шара Жиенқұлқызы – Гүлшара. Сазгер – Шәмші Қалдаяқұлының өзінің есімі де, әкесінің есімі де басқаша. Өзінің шын аты – Жәмшид. Әкесі Әнәпия аяғындағы қалына байланысты Қалдаяқ атанып кеткен.
Ұл балаларға батырлардың атын беру, әсіресе, жаугершілік заманда, соғыс жылдары кең өріс алып отырған. Ұлы Отан Соғысының Батыры Мәлік Ғабдуллин майдан шебінде жүргенде 1943 жылдың 18 көкегінде күнделігіне осындай үрдіс туралы былай жазған екен: «Жуырда мен бір адамнан хат алдым. Ол кісі хатында былай дейді: «Мәлік-ау, осы сенде не арман бар екен? Арманың жоқ та шығар. Оқу оқып, білім алдың. Майданға барып ең, атағың шықты. Сені халқың мақтан етіп отыр. Жаңа туған жас балаларына көп адамдар сенің атыңды қойып жатыр.
Мұндай дәрежеге жеткен адамның арманы болмасқа тиісті».
Қазақтар перзенттерін ұл-қыз
деп бөлмей жақсы көреді. Қыз
баланы да, ұл баланы да бірдей
есімдермен атау дәстүрі соның дәлелі. Бауыржан Момышұлының әкесінің есімі Момынәлі болса, ақын Абай Құнанбайұлының шыққан тегі, халық шежіресі бойынша Арғынның екінші әйелі Момыннан туатын төртеудің бірі Тобықтыға жатады. «Шәріп» есімі көбінесе ұл балаларға беріліп отырғаны белгілі. Дегенмен, соң-
ғы кезде бұлай болмағанмен, бұрынғы кезде қыз балаларды да осы есіммен атау үрдісі болғанын ақын Абай Құнанбайұлының «Шәріпке» деген өлеңінің «Түң-
лікбайдың қатыны атың Шәріп...»
деп келетін жолын оқығанда бі-
луге болады. Ал бұл есімнің араб-
шадан қазақ тіліндегі мағынасы «атақты, мейірімді, пайғамбардың әулетінен деген атақ» дегенді білдіретінін ескерсек, осы есімнің ақын Абай ғұмыр кешкен ХІХ ғасырдың екінші жартысында ғана емес, одан бұрын да ислам дінінің қазақ еліне келген уақытынан бері қолданыста болғанын көрсетеді. Музыка зерт-
теуші Ахмет Жұбанұлы Біржан
салдың көпке белгілі «Айтбай»
әні туралы баяндай келіп: «Айтбай – қыздың аты. Қазақта қыздың соңынан ұл тумаса, қызға еркектің атын береді. Айтбайдың аты қойылуда солай болған» деп жазуы ұл балалардың есімдерінің қыздарға берілу себебінің пайда болған кезі әріде екені байқалады.
Егерде дүниеге бірінен соң бірі
қыз келген жағдай болса бұдан
былай ұл туылсын, деп қыздың атын Балтакүл, Толбала, Ұлбо сын, Ұлмекен, Ұлжан, Үзілхан, Үмітхан деп қойған. Қазақ халқының арасында бұл сенім әлі күнге дейін орын алып келеді.
Бала шетіней берген жағдайда жаңа туған сәбиге Жасұзақ, Жүзжасар, Мыңжасар, Тұрар, Тұрғын, Тұрсын, Тұрғынбай, Тұрсынай, Тұрсынкүл, Өлмес, Өскен деп ат қойған. Ырым етіп нәрестенің кіндігін балтамен кесіп, біреуге бірнәрсе беріп сатып алатын кездер де болған. Немесе жаңа туған нәрестені ұзақ жасаған бірнеше кемпірдің етегінің астынан өткізу дәстүрі болған. Бұндай балаларды Үшкемпір, Төрткемпір, Бескемпір деп, жоралғыға қатысқан
кейуаналардың санымен атаған. Бұндай ғұрыпты атқаруға ақсақалдарды да шақыратын болған. Әйгілі ақын Кенен Әзербайұлы елуден асқанда көрген қызына осындай ырым жолын жасап, есімін Төрткемпірбіршал қойғаны белгілі. Кейін қызы өскен соң мектепке барғанда балалар мазақтай берген соң атын Төрткен деп өзгерткен.
Қазақ есімдері халықтың рухани болмысының, тұрмыс-тір-
шілігінің айнасы іспетті. Ұлттық есімдерге зер сала, көңіл аударған адам, қазақ халқы туралы көп нәрсені білу мүмкіндігіне ие бо-
лады. Мысалы: Арқалық батыр-
дың есімінің – бесіктің екі басын қосып тұратын үстіңгі ағаш; ғалым Шоқан Уәлиханның жақ-
сы көріп тыңдайтын әншісі Әл-
жан Атубайұлының әкесінің Ату-
байдың есімінің мағынасы – жұмсақ былғарыдан тігілген жеңіл етік, мәсі; Қозы-Көрпеш пен Баян Сұлудың ұлының аты Сайтүлек. Бұл есімнің мағынасы екі сөзден құралған: Сай – а) үлкен жыра, аңғар, ә) сәйкес, үйлесімді, лайық, дәл. Түлек – қыран құстың жетіліп, бабына келіп ұшқан балапаны. Ақын Сара Тастанбекқызының інісінің есімі Сақари. Бұл есімнің де бірнеше мағынасы бар. Сақар – а) қазақ оташылары емге пайдаланған шөп, ә) ораза кезінде таң атпай ішетін тамақ, сәресі. Ақын Сауытбек Ұсаұлымен айтысқан ақын қыз Майсаның есімі «шөбі қаулап өскен, көгалды жер» дегенді білдіреді. Жаза берсем, бұндай мысалдардың шегіне жету қиын.
Еліміз егемендігін алып әлемге танылып жатқан бүгінгі бейбіт за-
манда Гүлжауар, Жаншуақ, Әріби-Әрібек, Ерхалық сынды есім-
дердің пайда болуы да қазақ халқының арманшыл халық екенін және сол армандаған мақсатына жететінін дәлелдейді.
Бердалы ОСПАН. Мәдениеттанушы