ӨМІР (әңгіме)
2012 ж. 27 сәуір
2127
0
– Көшетін жеріміздің аты не екен? – дейді атам келініне қарап.
– Жалаңаш, – дейді үйрек тұмсық шәйнектен сыздықтатып шәй құйған бес биенің сабасындай келіншек.
– Апырмай, оның киімін кім сыпырып тастады екен?!
Шәй құйып отырған келіні күн жарықта емес, ымырт жабыла оқып, кешкі мектепті бітірген. Мектеп директоры қоймай кісі жіберіп, кеңес заманында әрбір азамат жалпы орта білім алуы керектігін айтып, сиыр сауып отырған жерінен алып кетіп сынақ тапсыртып, келіні аяқ астынан аттестат алған. Жағрафияға келсек, оған Жалағашыңның да, Анталияңның да қайда орналасқаны бәрібір, мәшинеге мініп, төрт дөңгелек ентігіп, жететін жеріне жеткізсе болғаны. Атам болса сауатты, КомВУЗ бітіріп, көп жерлерде басшы болған, сол Қызылдың құмының ортасындағы жалға біткен жалғыз ағаштың атауын алған Жалағашта да талай тірлікті тындырып қайтқан. Келінінің орта білімін сынақтан өткізгісі келді ме екен, көшетін жерінің атауын әдейі сыздықтатып сұрап отыр, сосын бұл кісі өмірді қалжың сөзбен өрнектеудің шебері, қашан көрсең де миығы тартып, көріністен мін іздеп тұрады, балдыздары тұрмақ келіндерінің арасында да ретті жерінде құйтырқы сөзді өмірмен шендестіріп жібереді. Одан аузының дуасы аспаса кеміген жері жоқ, қайта «Ережеп солай депті» деп, жұрт жыр ғып айтып жүреді. Сегізінші Наурызда келіндерімен тырна сирақ тікбақай ыдысты соғыстырып аққайнарды тартып та жібереді, «үбірлі-шүбірлі болыңдар, етектеріңді құрғатпаңдар», – дейді ағынан жарыла ақтарылып. Келіндері бетін басып сылқылдап күлгенмен «Атамдікі дұрыс қой» дейді бір-біріне көздері жайнап, бойлары жіпсіп қарап.
Жалпы, біздің атам бақытты адам. Некелі тоғыз қосағынан артында жалғыз ұл қалған, ол – ағам да, тұңғыш ұлынан қалған тұяқ – менмін. Тоғызыншы қосағы да сексеннің бесеуіне келгенде о дүниелік болды. Жылынан кейін: «Өздеріңе шеше, маған кемпір іздей жүрсеңдерші» деп еді, «Енді қойыңыз» дедік жабылып. Сөйтсек, шалдікі дұрыс екен, суын жылытып, жанын аялап, оңашада атқан оғына нысана болар қасында біреу болу керек екен ғой. Біз болсақ, күндіз қасындамыз, шам сөнгесін өз қызығымыз өзімізде. Қателік менен және менен үлкен ағамнан. Келіні де қазан-ошаққа бөгде біреудің киліккенін қаламаса керек. Сонымен, ағам сол Жалаңаш-Жалағашқа көшіп келді. Мен де бүгін қаладан келдім. Атам жатып қалыпты. Көшпей тұрып, таңғы шәйдің үстінде тоқсандағы бір қатерден құтылса жүз екіге келетінін айтқан, «түсімде көкем аян берді» деген. Сонда ағам: «Онда біз құримыз ғой» деп шошып кетіп еді, басын бұрмастан көзінің астымен бір қарады. Байқаймын, қатер төніп тұрған сияқты, тек атама емес, жылжыған күндердің жетегінде бір бұлыңғырлық бардай көрінеді.
Адамға өмір дәрісі қашан да керек. Заман бетін кері бұрғанда сол заманның қадасын қағып, соқасын өгізше сүйреп, бас-көз болғандардың жанын аялайтын дәрі керек. Жылы сөз жоқ жерде көкнәр запыран шығарады, екеуара әңгіменің ілгегін ағытады. Бірге көңіл көтеретін ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы болған Байқожа есімді тамыры бар еді, ол да жұртта қалды. Өткен өмірді саусақ бүгіп санамалап, сынақтан өткізетін. Екеуі де атқамінер, колхоздың уығын шаншып, шаңырағын көтерген. «Қожа мен төреге қауіп жоқ, екеумізге шығатын қаулы бірге шығып кеткен, енді оның қащ-а-а-н күші жойылды» деп, өткен-кеткенді айтып көңіл көтеріп, көк шөптің буына масайып, маңдайындағы шыпшып шыққан терді саусағымен сыпырып тастап, айыздары қанатын.
Кешкі шәйға жиналдық. Атам беліне байлаған қол басындай қалтасын салпылдатып, иіліп-бүгіліп келе жатыр еді, жарты ғасыр ғұмыр кешіп, Жалағашқа қызыл шәпке – милиция бастығы боп келген баласы:
– Дорбабай келе жатыр, дорбабай, – деді.
– Әкеңе арнаған арнауың ба?
– Мен маскүнемдік және нашақорлықпен аяусыз күресуім керек. Маған бюрода аупарткомның бірінші хатшысы осындай талап қойды. Біздің аудан Қызылдың құмының арасында, бір жағы Өзбекстанмен, бір жағы Қарақалпақстанмен шектеседі. Сондықтан аса сақ болуымыз керек.
– Әкең де осы аймақта тұрады ғой. – Мен атамның сарқытын ішіп жүрем. Ағам болса, сарқытта микроб болады деп жоламайды, сонан ба құйтырқы сөзден құлан-таза.
– Қызартып құяйын ба? – деп жұбайы шәйнекті еңкейтіп, қосағының сөзіне қосылғанын сездіріп, кіртиген көзімен күлімсірей қарады.
– Сүтін аз, қызылын көп қыл, – деді ағам. Әкесінің сарқыншағы тілінде болмағанмен қанында болмай қойсын ба.
– Баяғы Байқожа да жұртта қалды, жалғыздықты басқа бермесін, – дедім әкемнің серігін іздеп.
– Қазір қайта құру. Біз бәрін бақылауға аламыз. Жұмыс тоғызда басталып, алтыда аяқталса, біз соның бәрін қалт жібермей қадағалаймыз. Жұмыс уақтысында моншада жүргендерді де тыржалаңаш тұрғызып қойып «бұл не жүріс?» деп тексереміз. Ал, нашақорлар бізден құтыла алмайды. – Майордың өң-жүзі нұрланып, жұлдызы жанып отыр.
– Осындай өтпелі кезеңде өмір дәрісі қашан да керек. Жер бетінің берекесі қашқанда, өзі жасаған игілік талан-таражға түскенде, адамдар қандай да болмасын әрекетке барады. Артық қылықтар көп қазір. Енді қоғамда кәйіп ұстаушылар көбейеді. Бұл – Адам санасының арпалысынан туатын әрекет. Өмірдің тәттісін жоғалтсаң, жұрт бәрін тастап, ащысын іздеп кетеді, – деймін мен жазушылығыма салып.
– Қылмыс құрықталмай, тұрмыс дұрысталмайды, – деп ағам орталық газеттің айдарын бұлтартпай алдыма тартты.
Үйден атыла шықтым да, таяқ тастам жер – Төретамдағы мәскеулік танысыма тарттым. Ол бір күн Мәскеуде, бір күн Төретамда, ғарыш айлағының шаруасымен Жер мен Көктің арасында жүреді. «Бәрінің бастауы Мәскеу, біздің жарым нәпақамыз Төретамда ғой» деген сөзін алға ұстап, алып-ұшып танысыма келдім.
– Дос, көңіл көтерілмей тұр...
– Қазір көкнәрсіз кімде көңіл-күй бар дейсің. Қайда?
– Үйде. Майордың үйіне ешкім де тінту жүргізе алмайды.
– Жөн.
Бір дорбасын алып, кері қарай құстай ұштым.
Атам өз бөлмесінде – қара текемет, құрақ көрпешенің үстінде теріс қарап бүктүсіп жатыр. Колхозды құрды, ол миллионер болды, талайды топтан оздырып, биікке ұшырды, солар қазір бұрылып сәлем бере ме екен? Тоғыз некелі болды, одан қалған жалғыз ұл иықтағы бір жұлдыз үш жұлдыз боп жанса деп әкесімен де аяусыз күресіп жатыр. Үлкен ұлдан қалған жалғыз тұяқ – маған қараса, бір лып-лып еткен шырақтың сәулесі бар, бірақ алаулап жанып, Адам бойын жылыта ала ма, жоқ па деген жорғалаған жылан-күдігі де жоқ емес.
Дереу су қайнаттым да, бір кесе ыстық суға үгітілген мүкті салып, бетін жауып, біраз бөктірдім. Сосын ақ дәкеге орап, сапар кесеге сығып-сығып сөлін толтырып, алдына қойдым.
– Ата, дайын.
Иісін сезіп жатса керек, өмір иісі де, өлім иісі де бұл кісілерге алыстан сезіледі ғой.
– Төретамға барып келдің бе? – деді күбірлеп.
– Иә, танысыма бардым.
– Оларға қайта құру жүрмей ме екен?.. – әрең сөйлеп, бір бүйірден түртіп отыр, өліп бара жатса да өмірге айтар әжуасын бірге алып кетпесі, кейінгілерге талқыға тастап кетері белгілі біздің әкемнің.
Қолы қалтырап, сапар кесені аузына апарды да, көкшіл суды бір тамшы қалдырмай құныға тартты. Бала кезімде, сапар кесені осылай толғай тартқанда, қасында отырып көрпені тырнағыммен сызып түрткілесем, «Ти-и-і-іш!» деп сұқ саусағын шошайтатын. Сол сәттегі жан дауасы тек тыныштық екен ғой. Мүлт кетсе кәйіп те көңілден сытылып, көкірек құлазып сала береді екен. Ілкіде тұңғиық көзін бір нүктеден айырып: «Осы сен нешедесің?» дейтін. Қасында жатқан мен түгілі Ленин, Сталиннен бастап, ауыл-аудандағы атқамінерлердің туғаны мен өлгенін жатқа айтып отыратын атама жыным келетін. «Он үш-те-мін!» деймін аспанға қарап айқайлап. «Сенің жасыңда қызын ұрып тұрып көкпарға барушы едім, жұрттың үйіне салым тастаушы едім». Атам, шынында, көкпаршы болыпты дегенді естимін, бір керсен қымызды түрегеп тұрып тартып кете беретін дегенді шалдар тамсанып отырып айтады. «Ер арыса әруақ», қарашы, бет сүйегі шодырайып, ақ көйлегінен қабырғасы ыржиып көрініп, бір шөкім боп жатысын.
– Қызметің қалай? – деді әдеттегідей баяу үнмен. Көк шөптің буы алпыс екі тамырды жайлаған кезде сыздықтатып сауал қою дағды болса керек.
– Қызмет сол, жақсылы-жаманды жазу ғой.
– Көргеніңді бұлтартпай таза жаз. Біз «Сталин жолы» мен «Еңбекші қазақтан» бастап оқыдық. КомВУЗ-да оқып жүргенімде «Еңбекші қазақта» тәжірибеден өттім. Бір ауыз өтірігі жоқ газет еді. Жазсаң шындықты жаз, заманың бұра тартса да сен тура тарт, бір жерден шығасың. Мынау қайта құру дегенді бастаған кісі Мәскеудегі кәтта жиылыста: «Сөзімізге ісіміз сай болмай тұр» депті. Оның қанша жерге баратынын бір Құдай білсін. Ағаңа қайда барып келгеніңді айтсаң ұстатып жіберуі мүмкін. Айтасың ба, айтпайсың ба?
– Айтам. Қылмыс құрықталмай, тұрмыс дұрысталмайды ғой.
– Тұрмыс... нағыз қылмыскерлер ұсталса жұрттың айызы қанар еді. Қазір жұрт қылмыс жасайтындарды құрметтейтін болды, жігіттің бесаспабы деп. Ауылдан көшкелі бір жыл болыпты, әлі барғаным жоқ. Қырманды бұзыпты, астық сақтайтын қойманы бұзып, кірпішін бөліп алыпты. Перзентхананы бұзыпты, дейді. Сонда келіндер қайда барып босанбақшы?
– Етектерің құрғамасын деп бата беруші едіңіз, енді құрғап кетеді де. – Мен де шалдың сарқытымын ғой, тілім тиісіп тұрады.
Атам жас кезінде жаны жаз жігіт болыпты, әзіл айтпай жүре алмайды екен, қайда жүрсе де өмірдің күретамырын сайқымазақ күлкімен дір-р еткізетінін көзіміз көріп жүр ғой.
– Жер құрғап жатыр егін екпегендіктен. Баяғы күріштік алқаптарды жиде қаптап кетіпті. Оған жайылатын мал жоқ, мал тастап кеткен тезек жер үшін таптырмайтын тыңайтқыш емес пе. Қаланың құрғақшылығы далаға да келгені ме? Келіндердің етегі құрғаса, жиде тырнағаннан не пайда? Еккен егінін көрсетіп, тоғыз ай, тоғыз күнде перзентханаға барып жатпаса... орақ пен балға қол ұстаспаса ештеңе де бітпейді.
Атам балбұл жанып отыр. Сойдиған бет сүйегі бүлк-бүлк етіп, екі ұшы алаулай бастады.
Бас жағы толы газет, арасында «Время» секілді орысшасы да бар. Алыстан көретін минус 10 көзілдірігінің бауы салбырап, бәрінің үстінен үлкейтіп қарап тұр.
– Қара қой қырық алты миллионға жетіп еді. «Ел тілегі – елу миллион» деген бос сөз емес еді. Қойынан айырылған қазақты көріп отырсың. Қой баққан қазақты маскүнем деп, нашақор деп, енді солармен күресіп жатыр. Құмкөлдегі мұнай деген қара алтынға айырбасталған біздің ауылдың қара қойының даусы құлағыма келеді. Ұйықтатпайды, – деп баяу сөйлеп кесесін ұсынғанда газға қайнатқан жез құманның шүмегінен жіп-жіңішке боп сарқынды су ақты. Жүгіріп барып қайта су қойып келдім. Атам айналасына баяу басын бұрып, шәй іздей бастады. «Тез әкелу керек».
– Ойсылқара ауылды аралап жүруші еді. Келген уәкілдердің алдына өркеш майын қоюшы едік. Орысы да, қазағы да: «Қандай тәтті» деп ауыздарынан маймен қоса су ағатын. Олардың ешқайсысы «малды құртыңдар» демейтін. Біз қой мен бидайдың күшті сортын Канада, Аустралия секілді елдерге сатуымыз керек қой. «Сол елдерден сатып алатын болдық» деп сандалады мына «Время» деген еріккен гәзитің.
– Бұл – өтпелі кезең. Бұл да өмірдің бір өткелі, – деймін сәл саяси экономия араластыра сөйлеп.
– Өмірде не болса да бірінші кезекте Адам тұруы керек. Жақсы өмір сүру үшін Адамға барлық жағдай жасалу керек.
Жез құманның ысқырған жіңішке даусы шықты. Бұрын ескі құмандар сақылдап қайнайтын, қазір ысқырып қайнап, ызыңдап тұрып алатын болыпты.
Шал қайнаған құманнан бетер бұрқылдап отыр.
Сөйлеген сайын бүрісіп, шөгіп бара жатыр.
– Сен қалада тұрасың, ауылдағы бірге оқығандарыңа мал дайындап кет. Баққаны үшін ақысын төле. Малсыз қайда барасың? Мені шығарып салуға соятын да ірі қараларың болуы керек. Соятындарың сиырдан кем болмасын. Жыл-қы... – деді де, тұтығып тоқтап қалды.
Атам қызық. Өлмей тұрып өлер күнін ойлап отыр. Екінің бірі бұндай емес, өліп жатып та өз намысын жыртатындар көп емес. Қазір ол жаназада айтылар қазаққа тән жел сөзден қашып отыр, берілген асым атыма сай болса деп алабұртып, бізді ел-жұрттың алдында езге ұқсап қалмаса екен деп ертеңгі күннің тартар сый-сияпатын саралап, ескертіп отыр. Қып-қызыл беті бір бозарып, бір қызарды. Ыстық шәйдан құйып беріп едім, бір ұрттап тағы нұрланды, бірақ сөзінде күйініш басым.
– Бір қозыны екеу ғып, емізікпен сүт беруші едік. Қойшы біткен жаңа туған қозыны суыққа ұрынбасын деп, қоржынға салып ап жылы жерге иықтап тасушы еді. Маңыраманы ұлыма жеп жатыр дегенді білуші ме ең. Ұлымаға бір қойды да жегізбей тікұшақпен төбеден аңдушы едік. Даланың ұлымасы жейтін мал қалды ма, жесе өз ішімізден шыққан ұлымалар жеп жатқан шығар...
– Ата, мен сізді Алматыға алып кетем. Қолымда боласыз.
– Алматыңда шал ұстауға бола ма? – тағы да ащы иірімге тартып кетті.
– Неге болмайды. Орыстар ит те ұстайды.
– Соны оқып едім бір газиттен, – дегенде, алабажақ «Времяның» үстінде бауы салбырап тұрған минус 10 көзілдірік орысша газеттің әріптерін одырайтып көрсетті. – Баласының үйіне қыдырып келген шал таң намазына тұрып, азан шақырса, көршісі мілитса шақырыпты, таң атпай біреу үйді басына көтеріп айқайлап жатыр деп. Келген мілитсаға шал: «Ит ұстауға болғанда, шал ұстауға болмай ма?» депті. Балам, ниетіңе ырзамын, осы мілитсаның қолында отыра берейін, – деп, сырты гүлмен көмкерілген сапар кесеге көзін сығырайтып шүйіле қарады. Атамның бар гүлді өмірі, мейрамды күндері, тіпті ащы шындықты айтып салар аңырақай сәттері де осы шып-шып толған сапар кесенің ішінде секілді. Осы сапар кесені ерніне тигізіп емірене тартқанда жер бетінің жақсысын асырып, жаманын жасырады... жоқ, біздің атам жоқты бар дей алмайды, жаманды жақсы деп айта алмайды. Өтпелі кезеңдегі өмір суреттерін өкініш аралас үнмен тамағын қайта-қайта кенеп, баяу бастаған кезде құлағыма енесінен қалып қойған қозы-лақтың маңыраған жіңішке даусы естілгендей болды. Ол дауыс бізге етене ғой. Атамның даусы енесі етке сойылған қарамарқаның шыр-шыр еткен үніне де ұқсап барады.
– Кешке пойызға шығам...
Көзінен бір тамшы ыршып кетті. Өзі Тәжікстан жақта жолсапарда жүргенде он алтыдағы бойжеткен қызы үш күн ауырып, о дүниелік болғанда, ел-жұрт жолын тосып, аңырап қарсы алғанда көзінен жас шықпағанын ауылдағылар безерлікті бетке басқандай аңыз ғып айтады. Сол қайыңның безіндей қатты адамның көзінен жас ыршып кетті.
Жақсыдан қалған тұяғы жолға шығарда қолын бермей теріс қарап жатып алды. Әр пенденің әрекеті өзі үшін, бекетте екі минөттен артық аялдамайтын жүрдек пойыздан қалып қоймайын деп, дызақтадым.
Бір жетіден кейін топырақ салуға келдім.
Атам үйілген топырақ боп томпиып жатыр. «Зиратты қашан соғамыз?» десем, екі жұлдызы жанған ағам: «Тұра тұрайық. Жұрт не дейді. Заманың болса мынау», – деп сақтана сөйледі. Сонда әкемізге белгі қою үшін де біреудің аузына қарап, нұсқауын күтуіміз керек пе?
Ол үшінші жұлдызын күтіп жүр.
Менің өз жұлдызым – өзімде.
Жыламайтын адамды жылатқан да өмірдің өтпелі кезеңі. Өмір дәрісі табылып тұрғанда өзі айтқандай жүзден асып жығылар ма еді.
Еске алған сайын аузынан тастамай кеткен қара қойды қайдан болса да тауып ап, алқымына пышақ тигіземін. «Сенде жазық жоқ, менде азық жоқ, жаның құдайы, жануар!» деп, бауыздамай тұрып күбір-күбір етемін.
Қуандық ТҮМЕНБАЙ