ПОЭЗИЯ

Құбылыс құдіреті Қайғы жұтып, қан құсамын, болашақтың қамы үшін. Қазақ болып туғаннан соң, жырттым қазақ намысын. Қыл суырған сары майдан, жарғақ басқа алданып, Қара нанға жетпей жатыр, айлық тапқан табысың. Қында жатқан алдаспанды, тот бастырмай алып шық, Қараң болар қалған өмір, терсең біреу тарысын. Қутыңдаған көп қулардың, бақырына алданып, Қолың қалды жағасында, қайтейін-ай арысым. Қоламта боп қалған шоғым, жағылғанда жалын боп, Қопадағы қабандардың, қарнын жарар барысым. Қалай шыдап жата аласың, текті ұрпақтың баласы, Қырсық қылып өз еліңде, тапталғанда намысың Қырық жылғы қырған болса, қан кешетін ел үшін, Қайдасыңдар Қабанбайлар, қазағымда бармысың?!!! Құлдық қағида Қағида бар, заңдылық бар, ұқса адамдар дұрыстап, Нарық оған бағынбайды, алғаннан соң құрық сап. Құмандардың кодексін, еске алғанмен жи біз, Амал қанша оралмайды, кетті бізден жылыстап.. Көрсетпеді залым заман, нағыз бізге жарықты. Пенделерді тарықтырып, талай жерде налытты. Өткеніміз надандық,- деп, айтқанменен қаншама, Күшпен емес, ақылменен, бағындырған халықты. Еркіндіктің сол заңдарын, қайта алсақ қолға біз. Ақылға сап, шешер едік, көп істерді онда біз. Батыстан да, шығыстан да, алған заңдар өгей боп, Түсініксіз біздер үшін, бүгін қандай жолдамыз. Еркін болмай, ерік болмай, тізгін колға тимейді. Заңдылықты білмегендер, заманасын тілдейді, Бүгінгінің кәрі – жасы, қоянжүрек, екіжүз, Шыбындаған жылқыдай боп, айтқанға бас изейді Бүкіл қоғам құл болған соң, заманың да оңбайды. Құл болғанның болашағы, әсте дұрыс болмайды. Сондықтан сол бір дерттен, ерте сақтан қандасым, Құлдық атты аурумен, ауырғаның сол қайғы. Құлдық деген таңдамайды, ұлтың менен ұлысты. Таңдамайды және-дағы, еркек, әйел жынысты. Алдап –сулап, бақыр беріп, арам ойлы жылпостар, Құл қылам деп қазағымды, талай жылдар тырысты Мынау фәни жалған деген, бітіп қалар бес күнде. Сол себептен байлық үшін, басты име ешкімге. Құл боламын дегендерге, есік ашық айқара, Сондықтан да ой тастадым, ақылдыға, естіге. Қылымсыған қыздай болып, өзгерді де қоғамым. Жарамсақтар жағынғанда, қанымды ішке сорамын. Байлық үшін басшыларға, сақалымен бас ұрған, Ақсақалды көрген кезде, құл көргендей боламын. Құндылық туралы баллада Қоғам қанша құбылса да, құбылмасын құндылық. Қарға бойлы Қазтуғандар, айтып кеткен жыр қылып. Қорадағы қойын сатып, қамын ойлап бір күннің, Қайран қазақ бара жатыр, бір жығылып, бір тұрып. Қайта алдық егемендік ғасырлардан ғасыр сап. Құба белде көп тарландар қалды бірақ тасырқап. Қудың қазған құдығына құлағандар құландар, Құлағында құрбақалар ойнап жатыр асыр сап. Қырандардың тұғырында, қарқылдайды қарғалар. Қыр басына ат шықпайтын. шығып алды арбалар. Қулығына құрық салсаң, бойламайтын жылпостар, «Қарық қылам қазақты» деп, бар әлемге жар салар. Құрғап қапты қайран елім, аққу жүзген айдының. Қара бұлттай сейілмеді, жүректегі қайғы мұң, Құлан таза арыла алмай, санадағы құлдықтан, Қанша қазақ шегіліп жүр, арбасына қайғының. Қиналады қандастарым, суға толмай тоғаны. Қашан-дағы жарамсақтың, мәртебесі жоғары. Қанша таза жүремін деп, тырысқанмен пенделер, Қу құлқыннның құрығынан, құтылғандар жоқ әлі. Қоңырқай боп өтсе-дағы, бар тұрмысың, тірлігің Қалың қазақ керек енді, мызғымастай бірлігің. Қойдай тасты аспанға атқан, батырлардың ұрпағы, Қарақшы мен парақордың, атын ерттеп жүр бүгін. Қасқыр болды қой дегенім, таңдай қағып таң қалма. Қалай шыдап тұра аласың, қандас айғай салғанда Қандай жауап береміз біз, бабалардың алдында, Қыл көпірмен ұзақ жүріп мәңгі орынға барғанда. Қаршыға жем болады, қашан дағы тұрымтай Қанымызды теспей ішті, сырттан келген сұмырай. Құлқындардың құлы болған, жерін сатып басқаға, Құлдар кетіп бара жатыр, туған жерге бұрылмай. Қылғып жұтты бар байлықты, түйең менен жылқыны, Қылтан тұрып тамагына, бітелмей – ақ құлқыны. Құзғын мен тазқараға, қара қарға қосылып, Қарағайды шортан шалар, заман болды бұл күні. Қолын жайған қайыршыны қонақ етті Тұраным. Қор қылды ғой есерсоқтар қазағымның жыр-әнін. Қымызыңды біреу ішіп, арақ беріп орнына, Құрсағында құрып жатыр ел қорғайтын ұланым. Қалай бұдан құтыламыз, не істедің япырмай? Қорамсақта қалған жебе, қалар ма екен атылмай. Қарызға алған қымбат өмір кетер ме екен арзандап, Қайыршының қолындағы, сылдыр қаққан бақырдай. Қалам ұстап найза орнына, қамығамын кейде мен Қалай Алаш азат болар, сана болмай егемен, Қосетекті қыздарымды, қорлағанда басқалар, Қалмақ қырған Қабанбайдай, қан қақсатсам деген ем. Қарсы шыққан бұтақтайын, қисық шыққан еменге. Қыңқ етпеймін бәзбіреулер, қарсы шықпа дегенге, Қақыратып қабырғамды, сөксе-дағы бір-бірлеп, Қазақ болмай кетейін мен, үн шығарсам егер де. Қай заманда күң толғатса, құлақкесті құл туар. Қазағыма қажет боп тұр, қабыландар біртуар. Құса болып мен өтермін, бірақ қазақ аруы, Қыннан шыққан қылыштай ғып алтын айдар ұл туар. Қан құю немесе жан қию Ингушетиядан келген қаныпезер Астана қаласында үш бала мен олардың анасын пышақтап өлтіріп кетті. Теледидардан Қоғамда мынау құбылған, опық жедік қаншама?!. Қалды артта арман күн, жыр ғып айтар тамсана. Қарны – қазан, беті – түк, талтаңдайды басқа ұлт, Қазаққа тулақ бұйырмас, аспаннан киіз жауса да. Қандастарым тартып жүр бұл жалғанның азабын, Қаңғып келген қаңғыбас, көрсетті ғой мазағын. Қаныпезер мерт етті, үш сәби мен ананы, Қанішерді дарға асып, қолданады жаза кім?? Қаны қатқан қасқаға, менің де бар сұрағым, Қылмыскердің қолынан, талай қазақ құладың. Қасапшыдай базарда, жалаңдатып пышағын, Қыршынынан қиды ғой, қазағымның ұланын. Қара көзден мөлтілдеп, мұны естіп жас тамар, Қорғансызды қорғамай, заманым-ай тас қамал. Қасқыр тектес казағым, қоян болып кеткен бе? «Қойдан жуас қазақ» деп, басынады басқалар. Қанды шашты сұмырай, тоймай ішіп - жегенге. Қарық болып көпірдік, көп ұлттысың дегенге. Қылышпенен бастарын, шауып тастау керек қой, Қасымханнан қасқа жол, қайта оралса егер де. Құлдық тұрса жасырын, ем қонбайды деседі. Құтылмасаң құлдықтан, басты біреу кеседі. Қанша қатал болғанмен, қорғап өткен ұрпағын, Қанаттыға қақтырмай, бабаларым кешегі. Қасиетті хақ жолдан, артық нәрсе жоқ маған. Қара сөзде ұлы Абай, оған толық тоқтаған. Қоқаңдаған Қодарды, аға сұлтан Құнанбай, Қара қылды қақ жарған, шариғатпен соттаған. Ән құдіреті (Жәнібек Кәрменовтың рухына) Қазағымның тұғырынан, түлеп ұшқан қыраным. Құлдығымнан ада етті, шырқалғанда бір әнің. Күлдір-күлдір күрең мінген, аталарды еске алып, «Неге сондай болмадым?!.» деп, тұншығып бір жыладым. Сол бір әннің құдіреті, жазды жүрек жарасын. Ашып кетті бар қазақтың, құлдықтағы санасын. Ей, қазағым, маған керек, сенің батыр болғаның, Алпыс екі тамырыңмен, ән бойыңа тарасын. Шырқалғанда осы бір ән, ойға кеттім тұңғиық. Сақалынан жас сауғалап, қарттарым да тұрды ұйып. Жүйрік болып желдей ескен, шыдатпаған шабытым, Буырқанып бұлқынды да, жүрегіме жыр құйып. Шартарапқа шуақ шашқан, жадыраған жарық күн. Сол әніңді естісем деп, шетте жүріп зарықтым. Еңкеймеген батырлардын, салған әні бүгінде, Жүрегінде соғып жатыр, қазағымдай алыптың. Талай көрдік қиындықтар, қияметтің өткелін. Сол әніңнен көргендеймін, армандардың көктемін. Бір қылмысың болса егер, Ұлы әнші басыңда, Бар қылмысың қазақ атты, ұлтты сүйіп өткенің. Өркениет көші Қасиетті халқымыздың, кімдер білген қадірін. Үш тірегі босап қалды, білінбей – ақ ақырын. Дінді, ділді былай қойып, тіл білмеген баламыз, Басқа тілде немереге, айтып жатыр ақылын. Қайдан келді мұндай үрдіс, кімдер бізге үйретті Басқа тілде сөйлеген соң, ана тілден күй кетті. Құндылықтар жоғалған соң, иман қашып жүректен, Ал біреулер қариялар үйіне, ата - анасын сүйретті. Осындай бір көріністер, тұз сепкендей жараға. Келді қайдан мұндай дәстүр, қалай сіңді санаға. Түрме де жоқ, сақшы да жоқ, имандылық заңымен, Жетім-жесір, қайыршылар, болып па еді далада? Бабаларым жүрген жолға, көп қарадым тесіле. Қазағымның дала заңы, түсті талай есіме. Сол заңдарды біреу емес, өз қолыңмен өлтірдің, Ілесем,- деп, қайран қазақ, өркениет көшіне. Бүгін міне, сана семіп, шылбыр шықты уыстан. Береке мен бірлік болмай, ырылдасты туысқан. Бөліп ал да билей бер,- деп, ұстанған бір саясат, Бар қазақты құл етуге, жанын салып тырысқан. Өзгергерді,- деп, заманымыз, заңдар жаңа шығардық. Басқа дәстүр, басқа ғұрып, салды бізге бұғалық. Ұлтымызға керек болған, көп нәрсені жоғалтып, Қалай болды мұнымыз,- деп, енді кімнен сұрадық. Билік үшін, байлық үшін, жан бергенше терледік. Ұлтымыздың көп дәстүрін, тірідей біз жерледік. Жастар кейін жөндейді,- деп, алданғанмен болмайды, Ұлттық сезім жатпаған соң, тал бесікте тербеліп. Абай атам айтқан сөздер, басшы болса Алашқа. Онда біздер бөлінбес ек, түспес те едік таласқа. Арғымақпен келсе ағайын, сынамайық күндеп біз, Құйрық -жалсыз жалғыз атты, байлап жатып ағашқа, Тасқа қашап сөз қалдырған, өшпестей ғып санадан. Қандай ғибрат алдық біздер, Ұлы ұстаз, данадан. Қолда барда алтыныңнын, болмайды ғой қадірі, Бөтен емес өз қазағым, Абайды да сабаған. Советқазы НҰРСИЛА