ТАУ АЛЫСТАҒАН САЙЫН АСҚАҚТАЙДЫ ( Қазақтың біртуар азаматы Ақселеу Сейдімбек туралы )
2012 ж. 17 сәуір
2943
0
Қазақтың маңдайына біткен абыз ұлы, ғажап сөз саптау майталманы Ақселеу аға көп жылдар тілші қызметінен соң Л.Гумилев атындағы Еуразиялық университетте ұстаздық қызмет атқарды, қарапайым тіршілік кешті. Шәкірт тәрбиелеуді бақытым деп білді. Мен алғаш рет Ақаңды 2005 жылы Астана қаласында өткен Дүниежүзі қазақтарының ІІ-құрылтайында көрдім. Өзбекстан Республикасынан келген делегация қатарында тұрған едім. Анадайдан ұзын бойлы, қабағы сұсты, қырма сақалды кісі бірден көзіме жылыұшырады. Баяғының патшалары секілді асықпай адымдап келіп, қоңыр даусымен «Қандастар, қай жақтан келіп едіңіздер?» деді. Мен ол кісінің жазғандарын мектепте жүргенде «Социалистік Қазақстаннан» оқып жүретінмін. Бірақ, жүзбе-жүз кездеспеген едім. Енді міне, құдай сәтін салып, Ақселеу кемеңгер алдымда тұрды. Ақаңды мен бірінші танып: – Ассалаумағалайкум, аға! Біз өзбек жерінен келіп едік, – дедім. – Бәрекелді!.. Сол жерде Ақаң бізге біраз әңгіменің шетін қайырып үлгерді. Қазақ шежіресінен хабары барлығы соншалықты, кімнен кім туатынын жатқа айтып берді. Таңданбасқа шараң жоқ, қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрлерін өз бесігіне бөлеп алу ісінің қас шебері екендігін мойындатты. Қасымызға суретші келіп, «естелікке суретке түсіңіздер...» дегені сол-ақ еді, Ақаң: – Қане, жігіттер, естелікке суретке түсейік, – деп екі қолын айқара ашып екі жағында тұрған екі жігітті бауырына тартты. Сол сурет әлі күні үйде сақтаулы тұр. «Ұлық болсаң, кішік бол» қағидасынан тыс бауырмалдығы көрініп тұрды. Суретке бірге түспек тұрмақ, сөйлескісі де келмейтіндерді көріп те, естіп те жүрміз. Сонан бастап, көз жұмғанға дейін Ақаңмен бір кісідей қойын-қолтық араластым. Ол кісіден өзіме өмірлік азық жинадым десем артық айтқандық болмас. 2008 жылдың қараша айында Л.Гумилев атындағы университетте түрколог-ғалым Қаржаубай Сартқожаұлының кабинетінде түсті асқа Парламент депутаты Алдан Смайыл, Ақаңның жан досы Қойшығара Салғараұлы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Хангелді Әбжанов, Сәкен Сейфуллин мұражайының бастығы Серік Оспановтар жиналып еді. Сол дастархан басында сауатты ойлар мен салиқалы ұсыныстар айтылған-ды. Түскі асты ішіп болған соң, оңашада менен: –Қош, не шаруамен келіп едің? – деп сұрады. – Өткенде өзіңіз пікір жазып берген «Өнер алды – қызыл тіл» кітабымды сыйлап, сізге табыс етуге келдім... – Ой, айналайын, Жұмамұрат, үлкен рахмет!.. – деп ризашылығын білдіріп, қолымды қатты қысты. Сәл іркіліп барып, қоңыр даусымен сөзін сабақтады. – Мені мұқият тыңдап ал, Шәмшінің немересі. Кім не десе, о десін, сен тынбай жаза бер. Менің жасым 66-да, сенің жасың 31-де, менің жасыма жетемін дегенше 35 жыл уақытың бар!.. Егер сен ізденіп, талпынып жаза берсең, күндердің күнінде дәрежең менікінен биік болмаса, төмен болмайды. Қолыңды жай, батамды берейін, – деп қолын жайды. «Болсын көңілің хош, аман, Бауырың бүтін, бас аман. Қыдыр дарып, бақ қонып, Қолдай берсін Жасаған!..» – деп, бауырына басып, маңдайымнан сүйді. Мұндай сөздерді маған туған әкем Кеңес айта алмай, о дүниеге аттанған. Тұла бойым тоқ ұрғандай тебіреніп кеттім. Қандай кемеңгерлік десеңші! Өзіңнен кейінгі жас қаламгерлерді қолдау осындай-ақ болар. Ақаңның осы бір-ақ ауыз сөзі үнемі құлағыма келеді, маған шабыт береді... Бірде Ақселеу ағама «өмірде қандай құбылысқа таңданасыз?» деп сұрақ бердім. – Жұмамұрат, білесің бе, кейінгі уақытта еш нәрсеге таңданбайтын болып барамын. Өйткені менің «Қазақ әлемі» дейтін 600 беттік кітабымды бір әрпін қалдырмай тұтас көшіріп алып, өз атынан шығарып жіберген адамды да көрдім. Ол жөнінде «Егемен Қазақстанға» фельетон шықты. Мұны мен тоналғаннан соң айтып отырғаным жоқ. Исі шығармашылық әулеттестерім, әріптестерім осындай бір заңсыздықтың, бассыздықтың қорлық-зорлығын бастан өткеріп отыр. Біздің шығармашылық адамдар туралы не заң жоқ, не мемлекеттік деңгейде қорғау жоқ, не оның еңбегін елеп-ескеріп, қаламақысын төлейтін тетік жоқ. Баспагерлер бізге не қаласа, соны істей алады. Қандай зорлық жасаса да қолында. Не деген сұмдық, айдың-күннің аманында 600 беттік зерттеу еңбегімді үш жыл жазған едім, алдына үш бет, артына жеті бет қосады да біреу өз атынан шығарып жібереді. Оған әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ. Бұл өз алдына зар ғой... Бұндай іс-әрекеттердің бәрі құлдық санадан бастау алады. Себебі, құл әрдайым өзі секілді құлды қорлағысы келіп тұрады. Көп жылдар бойы отарда болған елдің өз жүрегі өзіне шабуыл жасайды. Оның емі – рухани азаттық және рухани жаңару. Азаттық дегеніміз – өз еңбегің өзіне бұйырып, өз жүрегіңдегіні жасқанбай айта алуың. Кеңес Одағы кезінде жеке ұлттардың тек-тамырына үңілудің қажеті де болмады. Көптеген ұлттар өздерінің этногенетикалық тамырынан көз жазып, сырттан зорлап таңылған «бұрынғы жабайы жұрт» деп келетін теориясымақты жатқа айтуға мәжбүр болды. Соның салдарынан идеологиялық өктемдіктің зардабын түркітілдес халықтардың ішінде қазақ халқы қатты тартты. Ассимиляция мен аккультурация қарқыны жағынан қазақ елі құрлықтың қай пұшпағынан да кем түспеді. КСРО-ның энциклопедиялық сөздігінде «ассимиляция—это слияние одного народа с другим с утратой одной из них своего языка, культуры и национального самосознания» деп жазылыпты. 1940 жылға дейін қазақ әліппесін бір емес, екі рет ауыстырып жіберді, әдейі халықты өз тарихынан мақұрым қалдыру үшін, кейінірек мүлдем өз-өзінен жатырқайтын ұрпақ өсіп жетілді. Ақырында қазақ сияқты бодандықтың бұғауында болған ұлттар тарихи даму үрдісіндегі өзінің ақиқат болмысын парақтау қабілетінен айырылды. Асылын аяқасты етіп, жасыққа малданатын, жатқа жалтақтайтын болды. Бұл дегенің, этникалық таным мен талғамның дертті болуы, яғни сапасыздану еді. Батыс пен шығыстың жазба деректерін айтамыз-ау, өзіміздің аузымызды ашсақ ақтарылған ас та төк бай фольклорымыз, біле білсек, ең алдымен тарихи дерек көзі ретінде қанағаттанарлық деңгейде зерттеліп отыр ма? Енді қара, өткен ғасырдың 70-80 жылдарынан бастап руға, жүзге, атаға, жікке бөліну індеті басталды. Жүзге бөліну деген сөз барып тұрған ақымақтық, төл тарихын білмеушілік болып шығады. Жаман індет басталғанда, өрт секілді – елді шарпып кететін әдеті. Бұл індет талай адамдарды азапқа, әуреге салды. Әлі де әуреге салып келеді. Сорымыз болар, бағымыз болар, Тәуелсіздік алғаннан кейін әркім өз қотырын өзі қасып, нарықтық жүйені таңдадық. Ал нарықтық жүйе дегеніміз байлықтың бәйгесі. Баюдың бәсекесі. Баю жолына түскен адамдар өзіне қолайлы әдіс-тәсілдің бәрін қолданады. Үлкен ақыл, тәжірибені қолданудан бастап, кісі өлтіруге дейін барады. Оны өзің де естіп, көріп жүрсің. Демек нарықтық жүйе өзінен-өзі протекциялық аңсарды дүниеге әкеледі. Протекция деген не? Белгілі мақсатқа жету үшін топ құрады. Әрине, кез келген адам топқа өзі білетін адамдарды тартады. Олар өзінің рулас, аталастары болуы мүмкін. Бірақ сол руластары, аталастары көңілінен шықпаса, соның өлігін аттап тұрып, мүлде басқа ұлтпен пәтуаласады. Дегенмен, түпкі мақсатқа жетуден тайынбайды. Протекция деген осы. Біз протекциялық ындынды жүзшілдікпен, рушылдықпен шатастырып отырған жәйіміз бар. Қазақта рушылдықтың болуы мүмкін емес. Оны болдыртпайтын тетікті ата-бабаларымыз жасап кеткен. Өйткені, менің шешем, әйелім, келінім басқа жүзден. Сонда басқа жүзден болғаны үшін анамды тәрк етуім керек пе? Бұл ешбір адам бара алмайтын механизм. Оған бару мүмкін емес. Мұндайға тек жынды адам ғана барады. Демек, қазақта рушылдық, жүзшілдік бар деген адам мүлде қазақ ұлтының ішкі этножарылым тетігін, механизмін білмейтін көрсоқырлардың тірлігі. Ондай адамға мүсіркеп, рухани кемтар ретінде жаның ашып қаруға тура келеді... Мен Ақселеу ағадан «қазақстандық ұлт» туралы ойын сұрадым. Ақаң терең тыныс алып, жауабын былай қайырды. – Социализмнің қазанында қайнаған көптеген ұлттардың бойында бұл дерт бар. Өйткені 1,5-2 ғасырға созылған отаршылдық жүйе, 1 ғасырға созылған социализм... Идеология күндердің күнінде ұлттың діліне, менталитетіне айналады. Қанына сіңеді. Ол да бейнелеп айтқанда, дерт сияқты. Батпандап кіреді, мысқылдап шығады. Демек, белгілі бір ұрпақ ауысқанға дейін біз социалистік идеологияның жалаңбұт ұраншылдығынан, желбуаз әпербақандығынан көпке дейін арыла алмаймыз. «Қазақстандық ұлт» деген баяғы Сусловтың кезіндегі «паспортқа ұлтым Совет Одағы деп жазайық» деген ұсынысы сияқты болып естіледі маған. «Қазақстандық ұлт» деген сөз өзінің бастауын американдық ұлттан алады. Америка аборигендерін жаулауда Джеймс Кук, Лаперуза, Магелан мен испандық конкистадорлар барлық әдіс-тәсілдерін қолданды. Тұс-тұстан барған басқыншылар үндістерге жаудай тиді. Сөйтіп, оларды ағылшын тілінде ғана сөйлейтін, ұлтқа бөлінбейтін американдық ұлтқа айналдырды. АҚШ елінде бес жыл тұрсаң болды, американдық деп қолыңа паспорт бере салады, шығу тегің аса қызықтырмайды. Тап сондай шетелдік басып алудың, тізе батырудың алуан түрі біздің елімізде жүріп жатыр. «Казахстанская правда» газеті (№20, 2003 ж.) былай деп жазыпты: «Большинство месторождений нефти и газа оказались в руках иностранцев. «АктюбеМунайгаз» перешло в руки Китайской нефтяной компании. Китайцы стали собственниками многомиллиардного состояния... Мы стали бесправными рабами китайцев. Город превращается в китайскую провинцию... в каждом многоэтажном доме целые китайские кланы...Требуются на работу люди, владеющие китайским языком... Китайские нефтяники поработили нас...» Өйткені еш уақытта бірнеше этностан құралған ұлт болмайды. Ұлт деген жеке адам сияқты өте дара жаралым. Ал ұлт пен мемлекетті шатастыруға болмайды. Мемлекеттің аясында бірнеше ұлт болуы мүмкін. Бірақ міндетті түрде мемлекетке ұйытқы, тірек, іргетас жалғыз ұлт болады. Өзге ұлттар ұлт болып есептелмейді. Сол мемлекет аясындағы диаспора, өзге ұлттардың өкілдері болып қалады. Бұл тарих, этнология ғылымындағы аксиома. Мені өкіндіретіні, мемлекет идеологиясының тізгінін ұстап отырған пақырлардың қарапайым этнологиялық зердесінің жоқтығы. Басқасын былай қойғанда, қазақтың қара тілінен көсіліп әңгіме-дүкен құрай алмайтын шырақтардың соңынан қазақ ереді дегенге кім сенеді? Билік басындағы осындай шенеуніктерден не үміт, не қайыр? Сондай адамдарға тізгінді қорықпай қалай ұстатады екен?! Бұл баланың қолына жалаң, өткір қылыш ұстатқанмен бірдей. Ешуақытта мемлекеттің бірнеше ұлттан жаралуы мүмкін емес. Империя болуы мүмкін. Онда да негізгі тірек ұлт өз өктемдігін көрсетеді. Оны біз кеше ғана Ресей империясынан көрдік. Орыс ұлты басқа 204 ұлтқа білгенін істеді. 70 жылға жетер-жетпес уақытта 93 ұлт жер бетінен жойылып кетті. Қазіргі таңда, Якутия мен Читаның арасында 20 ұлттан 50-ден асқан оншақты ғана адам өз тілінде сөйлей алады екен. Олар о дүниеге аттанса, өздерімен бірге 20 ұлт жер бетінен жоғалады деген сөз. Қазақстанды алайық. Қазақстанның тірек ұлты – қазақ. Қазақстанның жері – қазақтікі. Басқа ұлттардың өкілдерінің маңдайына біздің Республикада өмір сүру жазылды. Сондай тағдырдың қалыптасқаны үшін оларды кінәламауымыз керек. Оларды біз тағдырластар, отандастар ретінде жақсы үмітпен, жақсы болашақты қарсы алуға насихаттауымыз қажет. Бұл ретте артық доза айтып, жалпақшешейлікке барудың қажеті жоқ. Қазақстанда 130 ұлттың өкілі бар деп даңғырап мақтанудың керегі не? Қазақстанда 130 ұлт жоқ. Өйткені ұлттың анықтамасы бар. Оның жері, тілі, мемлекетінің беріктігін білдіретін банкілік ақшасы болуы керек. Қазақстандағы басқа ұлттардың жері басқа жерде. Негізгі ұлты басқа жақта орналасқан. Өркендеп, гүлденетін тілі де басқа мемлекетте. Сол себепті қазақ халқына да, Қазақстанды мекен еткен басқа ұлттарға да ақиқат шындықты ғана айтуымыз керек. Шын ниетімізді ғана білдіргеніміз дұрыс. Жауырды жаба тоқымаған жөн. Оны сыртымыз да, ішіміз де, тарихтан, этнологиядан хабары бар адамның бәрі біліп отыр. Ал біздің кейбір саясаткерлеріміз, орысша айтқанда, «лукавит» етуге құмар. «Әртіс» болуға құмар. Мені осы өкіндіреді... – деді. Соңғы рет 2009 жылдың қыркүйек айының басында асығыс көшеде көріп қалғаным болмаса, одан кейін Ақаңмен хабарласып, сөйлесудің реті болмады. Жалпы, Ақселеу ағаға ықыласым шексіз еді. Мезгілсіз қазасын естігенде төбемнен мұздай су құйып жібергендей қатып қалдым, ішкі жандүнием алай-түлей болып кетті, көзіме ыстық жас келді... «Өлмейтұғын артына сөз қалдырған...» ол жан-жақты дарын иесі ретінде өзінің бүкіл білімі мен қажыр-қайратын туған халқының мүддесіне бағыштап, мейлінше мақсатты әрі жемісті еңбек ете білген аса айтулы тұлға еді. Ақаңды жақсы білетін адамдардың сөзіне қарағанда, үй толы кітаптарын кітапханаларға асығыс жүріп, таратып бергенін, құнды суреттер мен қағаздарын мұрағатқа қаттап, тізімдеп қайтыс боларынан бір күн алдын яғни, 2009 жылы қыркүйектің 15-і күні өткізгенін мұрағат қызметкері Марал қарындас айтып отыр. Сондай-ақ, ауылына соңғы рет барғанында «өле қалсам, осы жерге қоярсыңдар» деп інілеріне құлаққағыс қылғаны сан-алуан ойларға жетелейді. Араларында өзіне-өзі қол салыпты деушілер де ұшырасты. Оған өз басым сенбес едім. Тіпті, бір досына «Әй, мен осы жылдан қалмаспын» депті. Соған қарағанда, Ақаң ажалын алдын ала сезіп-білген және соған асыққан сыңайлы. Азабы мен мазағы қатар жүретін бұл жалғаннан ертерек кеткенді жөн көргендей. Ақаң билікке де, байлыққа да қызықпайтын мәңгілік мекеніне бұрынырақ баруға, әруақтар арасына тезірек жетуге асыққандай көрінеді де тұрады... Жаның жәннатта болсын, асыл аға!.. Жұмамұрат ШӘМШІ