МӘҢГІ ЖАС МАХАББАТ ЖЫРШЫСЫ
2020 ж. 18 сәуір
2669
0
Бауыржан Үсенов - 60 жас
Б.Үсенов туралы бір үзік сыр
Ол заманда қазіргідей көрінген көк атты кітап шығарып, «Мен - ақынмын» деп көпірмейтін. Ең алдымен әуселеңді әдеби орта мен оқырман байқап, көңілінен шықсаң ғана «Ол-ақын!» деп мойындайтын. 1982 жылы КазГУ-ге келгенде біздің алдымызда осылай мойындалған, қалыптасқан мықты толқын: Ертай Ашықбаев, Светқали Нұржанов, Бауыржан Жақыпов, Гүлнар Салықбаева, Баян Бекетова, Қайрат Әлiмбеков, Бейбiт Құсанбек, Темір Көпбаев және т.б. сияқты кілең жампоздар болды. Бұл Табыл екеуміздің елден бұрын абитуриент боп келгенімізде алғаш естіген есімдеріміз еді. Біздің тырнақ алды туындыларымызға баға берген де, сынаған да осы толқын. Сол толқынның бел ортасында жан-жақты талант иесі, болмыс-бітімі бөлек Бауыржан Үсенов жүретін. 1982 жылдың қазан айында әдебиет абызы Әбділдә Тәжібаев бастаған бір топ қаламгерлермен кездесу болды. КазГУ-дің үлкен залына жыр сүйер қауым лық толды. Дәстүр бойынша кездесудің соңында жас ақындар өлең оқи бастады. Жас ақындар деп отырғаным осы күнгі 60-70 жастағы қазақ әдебиетінің ақсақалдары. Есенғали Раушановтың «Әдеби жыл қорытындысы баяндамасына қосыша» өлеңінде: Мына шалдар кетеді ертең, дау бар ма? Біз өзіміз айналамыз «тауларға». Мейірхандар қартаяды қудай боп, Есенқұлға ақсақалдық ауғанда,- деп жазатын тұсы осы тұс болса керек шамамда. Cол жолы маған үлкен аудитория – тағылымы биік алқалы топтың алдында тұңғыш рет өлең оқу бақыты бұйырыпты. Оған себепші болған Бауыржан Жақыпов екенін кейін білдім. «Бірінші курста пәленше деген студент бар еді, ол да өлеңін оқысыншы» деп кеш жүргізушісіне бір тілім қағаз жазып жіберіпті Баукең. Баукеңдердің бәрі бауырмал... Жоғарыда аттары аталған толқын өз қатарына осылайша он жетідегі баланы жатсынбай қабылдап, сол уақыттағы әдеби ортаға алып келді. Студент жылдары «Аудитория», «Қарлығаш» атты ұжымдық жинақтарға өлеңдеріміз қатар енді. Бірде бізді Қостанай облысы Краснопресненск ауданына картоп терімге жіберді. Бауыржан Үсенов бастаған он екі жігіт Қозыбаев атындағы ауылдағы құрылысы бітпей қалған мектепке жәрдем беру үшін бөлек кеттік. Халқы орыстанып кеткен ауылдың аспанында бір ай бойы қазақша ән қалықтап тұрды. Клубына жан бітіп, кітапханасына оқырмандар келетін болды. Бір күні Бауыржан «Мен жаңа ән шығардым, сен соған мәтін жазсаң» деп маған қолқа салды. Өмірімде әнге сөз жазып көрмеген мен ат-тонымды ала қаштым. «Қолымнан келмейді-ау!» десем де қолқалап қоймады. Бір қызығы, дүниеге келген әуенді ұмытып қалмау үшін өзімен бірге алып жүрген Қадыр Мырзалиевтің кітабынан махаббат тақырыбына мүлде қатысы жоқ, тек буын саны сәйкес келетін бір өлеңді «рыба» етіп алыпты. Содан не керек, біраз қиналып «Ақ шағаланың» сөзін жазып шықтым. «Ұя салдың жағаға қай, Менің аппақ шағалам-ай?!» – деп келетін әнді араға қаншама жылдар салып, үлкен сахнаға Саят Медеуов пен Ақбота Керімбекова алып шықты. Ал біз оны көп болса студенттердің арасында, шағын отырыстарда шырқалатын әндердің бірі болар деп ойлағанбыз. Мектеп құрылысы бітті. Біз Алматыға аттанып барамыз. Баукең салған ән біресе әуелей, біресе төмендеп жүрек түбіндегі шерді қозғайды. Сол жылы, сол ауылда бір мұғалім қыз мұңайып қалғандай көрінді маған... Бауыржанның «Бір келіншек», «Жетінші пойыз», «Тымырсық» деген әндері Алматы студенттерінің арасында хит болатын. Өкінішке қарай, бір әнінен басқасы әлі күнге қалың елге жетпей жатыр. 1986 жылдың күзінде үйленетін болдым. Елге жеделхат жібере сала, ертесіне жарты вагон студент думандатып Қызылорда қайдасың деп тартып отырдық. Сыр бойы бізді төбесіне көтере қарсы алды. Ауылда клуб құлап қалған, арақ-шараппен қатар көкпар секілді ұлттық ойындарға да тыйым салған Горбачевтің «қайта құру» заманы. Ел ән-жырға әбден шөлдеген екен, алматылық өнерпаз жігіттерді жібермей екі күн бойы кезек-кезек ән шырқатты. Бір кезде ауыл жастары көкпар сұрап келгенде сельсовет рұқсат бермей біраз сергелдеңге түстік. Ақыры ортаға серке тасталып Құрманғазының күйіндей ұлы думан басталды деңіз! Ат десе, көкпар десе делебесі қозбайтын қазақ бар ма, Бауыржан бір жылқының жалына жабыса кетті. Табылдың да шабыты тасып шаба жөнелгені сол еді, әудем жерге жетпей ақшаңдақта аунап жатты! «Шалбарымды жыртып алдым, велисопед болмаса өмірімде атқа мініп көрмеппін» дейді екі езуі екі құлағында. Сол жылдары жастар арасында қыпша бел, кең балақ «банан шалбар» сәнге айналған. Кешкі тойда жігіттердің көз жауын алып әлгі сәнді джинсиді өзіне жарастыра киген әдемі қыз жүрді. Дастархан үстінде Бауыржан мен Табылды әзіл-шыны аралас қайым айтыс дәстүрімен сөз қағыстырып отырды. Сондағы екеуінің екі жолдан кезектесе суырып салған мына бір жыр жолдары жадымда жатталып қалыпты: «Банан» киген қарындас, «банан» киген Қарай бердім сен жаққа алаң күймен. Көңіліміз жарасса, кім біледі Табылармыз сәлден соң қараңғы үйден! Жастыққа бәрі де жарасады. Осынау әдемі көрініс күні кеше болған сияқты еді, қарап тұрсам содан бері табаны күректей отыз үш жыл өте шығыпты-ау. Қазір арамызда Бауыржан да жоқ, Табыл да жоқ. Соңғы рет Табылмен телефон арқылы сөйлескенімде «Баукеңнің жиырмаға тарта әндерін нотаға түсіріп қойдым, керемет лирикалық туындыларын халыққа кеңірек таныстырып, насихаттаса, шіркін!» деп еді. Шерағаң айтпақшы бір кем дүние... Әбубәкір Смайылов, Қазақ үні