Қазыбек Иса: Сезімдегі тұнықтықпен емделдім
2020 ж. 16 сәуір
1815
0
15 сәуір - Ғашықтар күні!
ЕҢ БІРІНШІ КЕРЕМЕТ
Мына өмірде шарласам да жолды мың, Дәл өзіңдей кереметті көрді кім? Махаббаттың шексіз ғажап екенін, Біз екеуміз дәлелдедік Мөлдірім!
Сені таппай, серілікпен сенделдім, Сезімдегі тұнықтықпен емделдім. Әлем жеті кереметті біледі - Ең бірінші кереметті Сен дермін,- Сұлулықтың құдіретін мен көрдім...
Арудайын шыға келген дастаннан, Періштесің түскен маған аспаннан. Сені жырлап өту, жаным, басты арман! Әлемдегі кереметтің барлығы, Ең алдымен Махаббаттан басталған...
Жарық ету үшін өмір түнегін, Бізді құдай жолықтырды, білемін. Кереметтің бәрін жасай алады, Сені сүйген Менің нәзік жүрегім!
ДЕРТТІЗАР
Егiлiп көптен жүрегiм, өзiңдi аңсадым, Төгiлiп кеткен, бiлемiн, сезiм моншағын...
Боздайды желдi үн бiр тынбай Бозiнген сарын... Жаздайғы елдiң жұртындай езiлген шағым...
Айтатын күнде ғашықтың зарын бiлсе едi... Қайтатын күнге асықпын, Сағындым сенi...
Сапарым бiтпей алдымда жатқан сан мекен, Атарын күтпей таңның да, аттансам ба екен...
Егiздер үшiн ең ыстық неге сыңары?.. Менi iзде, құсым. Кеңiстiк көресiң әлi...
Бағыма бiткен тұр гүлiм Уақытқа шыдар... Сағына күткен бiр-бiрiн Бақыт та шығар...
06.06.1996 жыл
КЕҢІСТІК КЕРЕМЕТІ
«Параллель жолдар түйiспейдi» (Сенiң сөзiңнен)
Қатар жолдар түйiспейдi десек те, Қатар жүру екеумiзге зор бақыт. Өмiр заңын жүрегiңмен есепте, Үмiтiңнiң өз үкiмiн орнатып.
Отырғандай өзiң келiп жаныма, Жан сырымды ақ қағазға жаямын. Қатып қалған қатал өмiр заңына, Кеңiстiктiң заңын қарсы қоямын.
Ондай сөздi ойламашы, ойы iзгiм, Жауабымды мәңгi есiңде қал ұстап. Қосылмайтын қос жолы да пойыздың, Қосылады кеткен сайын алыстап.
Бiздi ендеше ерiп жүрген елеске, Ақыр түбi түйiстiрер бiр нүкте. Санамызда бiрге жүрмiз емес пе, Қосыла алмай қалсақтағы тiрлiкте.
Кеңiстiктiң кереметiн ендi ұққан, Бiздiң де бiр жақындады нүктемiз. Алдымызда кеңiстiк бар, сондықтан Өмiр бойы алдан үмiт күткемiз.
Сүйенемiз сенiмге бiз әрбiр күн, Сүйгенi үшiн қандай жанға бар айып? Қинағанда қиын жолы тағдырдың, Кеңiстiкке көз жiберiп алайық.
БІЗ БӘРІБІР БІРГЕМІЗ!
Тарихта махаббат дастандары аз емес. Соның бірі де, бірегейі де, 18 жастағы Ару Бегімай мен алпыстан асқан ақын Ыраймалының махаббатын сол қоғамдағы түсінбеген тобыр қос ғашықты отқа өртеді…
Бегімайдың әнін тыңдап жүргенде, Мен де бүгін саған, күнім, жолықтым. Ғашық болған ақынды ақтап бір демде, Жүрегімнің барын білдім – соны ұқтым… Туылсақ та сен кештеу, мен ертелеу, Бізді босқа жолықтырған жоқ құдай… Еркем, саған жарасады еркелеу, Аялаймын, бойымды өртеп от бұлай… Түсінер ел – асқан кезде арнадан, Ақынды бұл сөзі құнды, көзі -мұң… Біздер, жаным, тілейік бір Алладан, Бегімайдың тағдыры емес, сезімін… Жанғандарды Маxаббаттың отына Неге өртеді тобыры өңкей түнектің. Тап болмай біз соқырлардың сотына, Өртенейік жалынына жүректің!.. Құлай сүйдім- Түсе алмай бір байыпқа, Кінәлайды ойлайтындар тым қысқа… Ару болып тусаң айым, айып па, Сұлулыққа ғашық болсам, қылмыс па?!. Қиындықтың бәрін бірге жеңерміз, Күллі әлемнен Күттім сені, біле біл… Елігім-ау, кездеспесек егер біз, Әділетсіз болар еді бұл өмір!.. Саған, жаным, алып ұшып жетейін, Бір көруге кедергі екен тегі не?. Еркем, сені ертіп алып кетейін, Ел бармаған Ертегілер еліне! Тосқауылдар жолымызда жоқ емес… Оның бәрін, жаным, жақсы білеміз… Көңілдерден кетпес мәңгі көп елес – Біз бәрібір бірге өмір сүреміз!
Қазыбек ИСА,
Қазақ үні