АҚЫТ ҮЛІМЖІҰЛЫНЫҢ «ЖИЫРМА ТОҒЫЗ ҚАРІП ӨЛЕҢІНДЕГІ» ИМАН МӘСЕЛЕЛЕРІ
2020 ж. 15 сәуір
1616
0
Ақыт Үлімжіұлының шоқтығы биік өлеңдерінің бірі - «Жиырма тоғыз қаріп өлеңі». Бұл өлең алғашында «Әліпби өлеңі» деп аталып, араб әріптерін тану, еске сақтау және жеңіл үйрену үшін шығарылған. Өлең 1926 жыл Делунде жазылған. Жалпы, Ақыт 1890 жылы 22 жасынан бастап, 1910 жылы 42 жасына дейін Моңғолияның Қобда өлкесі Делун ауданында қызмет жасаған. Лайық қажы, Бардам үкірдай ауылдарында мектеп ашып, бала оқытқан. Жуанған гүңге және басқа керей билеріне хатшылық қызметте болған [1, 39б]. Ақыттың шығармашылық қалыптасу кезең осы кезден басталады.
Ақыт қажы бұл өлеңді жазудағы мақсаты туралы өлең соңында былай деп түсіндіреді:
Жаратқанның біздерге берген сыйы,
Пайғамбар Мұхамедім араб еді,
Құран тілі, ғарасат сұрағы да,
Араб тілімен болары аян еді.
Сол үшін араб тілі қаріптері,
Танып, білсін, елім деп жазып көрдім. [2, 109б]
Ақыт өмір сүрген кезеңнің қазақ даласындағы әдеби үдерістің қалыптасуы туралы философия ғылымдарының кандидаты, доцент А. Омаров: «XIX ғасырдың екінші жарымы мен XX ғасырдың алғашқы кезеңінде жаңаша көзқарастар қалыптасып жатты. Өйткені, отаршылдық қысым қос өкпеден қысқан қысылтаяң тұста қазақтың озық ойлылары, жайбарақаттықты сілкіп тастап, исламға тәрбие жолы ғана емес, елдікті сақтап қалудың бір қаруы деп те қарай бастаған-тұғын. Содан да болар, осы кезде қазақ сахарасында шыққан кітаби ақындардың дені діншіл ақындар еді» - деп сипаттайды [3, 120б].
Осы айтылған үрдіс Ақыт Үлімжіұлында толығымен көрініс тапқан деп айта аламыз. Ақыт өз шығармаларын жазудағы және оларды Қазан баспасынан неше дүркін кітап етіп басып шығарудағы мақсатын ел-жұртқа тағылым болса екен деген ізгі ниеттен туғандығын айтады [4, 181б]. Және бұл ұстанымын:
Қоршаған төңіректі бұлт пен тұман,
Ғылымсыз құтылмайсың тіпті мұнан.
Хан-қайқы, биің-бүкір, моллаң-соқыр,
Мен түзу дегеніңнің бәрі бұраң,
Ғаділет, ғылым менен өнер тілеп,
Бәрінен құр қалғанша алшы мұнан - деген өлең жолдарымен бекемдей келіп, «бықсымас дінін күтсең түтініңіз» - деп түйіндейді.
Демек, Ақыт жырларының негізгі мақсаты – халықты иманға, ғылымға шақырып, ел-жұртқа тағылым беру, өнеге үйретуден тұрады.
Имандылыққа шақыру мәселесі - Ақыт шығармашлығының негізгі түйіні деп айтуға болады. Бұған себеп ақынның кез-келген өлеңінен иманға, имандылыққа қастыты ойлардың менмұндалап тұратындығында.
Ақыт Үлімжіұлының көзқарастарының қалыптасу алғышарттарын төмендегі жағдайлармен байланыстыра қарастыруға болады:
1. Отбасы тәрбиесі. Ақыттың анасы Жібек Бекенқызы келбетті, әдепті, салмақты, сауатты, саналы адам болған. Баласының аса дарындылығын байқаған Жібек оған кесе-көлденең болатын істердің алдын-алып, жебеп, демеп отырған [1, 31б].
2. Өскен ортасы. Ақыт өмір сүрген кезең - Өр Алтайдағы игі жақсылардың мешіт салып, медресе аштырып, Орта Азиядан білікті ұстазлар әкеліп, бала оқытып жатқан дүбірлі кезеңімен тұспа-тұс келді. Ақыт осы ұстаздардан араб, парсы, шағатай, түрік тілдерін үйреніп, осы тілдерде шыққан дүние әдебиеті мен ислам мәдениетін толық меңгереді [4, 16б];
3. Қызметі. Өр Алтай мен Қобда арасында почта қызметінде жүруі – Қазан баспасында басылған Фирдауси, Низами, Қожа Хафиз, Науаи және Сопы Аллаядың шығармаларымен танысуына мұрындық болды.
4. Ұлы қажылық сапарына барып қайтуы. 1907-1908 жылдар аралығында Қобдадан шыққан қажылық керуенімен бірге қажылыққа барып қайтады. Сапар барысында Ақыт Мекке, Мәдина, Жиддә, Шам, Бейрут, Измир, Одесса, Пенза, омбы, Орал, Семей, Зайсан қалалары мен Сауд Арбия, Ресей, Түркия, Сирия елдерінің хал-ахуалымен, шығыс елдерінің мәдениетімен танысып, көкірек көзі ашылады.
5. Абай шығармаларымен танысуы. 1931 жылы Моңғолияға КСРО-дан елді қайта құруға көмекке келген Абай Қасымовтан Абай өлеңдерін сыйға алып, танысуы - Абай дүниетанымынң молыға түсуіне, жаңаша бағыт алуына жол ашты.
Ақыт қажы Үлімжіұлының «Жиырма тоғыз қаріп өлеңі» 1926 жылы ақынның 58 жасында жазылғаны туралы басында айтып өттік. Өлеңнің бұлай аталуындағы себеп – өлеңнің араб әліпбиіндегі 29 әріптің (араб тілінде 28 әріп бар. 29-әріп ол Әлиф пен Ләм әріптерінің қосарланған «لا» түрі) оқылуына сәйкес, әріптерді жаттау және еске ұстауға арналуына байланысты. Бұл ертеден келе жатқан «бір дегенім - білеу, екі дегенім - егеу, үш дегенім - үскі, төрт дегенім - төсек, бес дегенім – бесік ...» деп басталатын қазақтың көне ауыз әдебиетін еске салары хақ.
Жалпы, қазақ тарихында, араб әліпбиін рет-тәртібімен өлеңге қосқан ақындар жетерлік. Олардың көш басында тұратындары – көне жыраулар дәстүріндегі сөз шебері Абыл Тілеуұлы (1777-1864), екіншісі, Абай (1864), Үшіншісі, осы-Ақыт (1926).
Абыл Тілеуұлының өлеңдері негізінен ауызша таралғанын және «Арғымақ атта сын болмас» атты өлеңінің өзі 1924 жылы алғаш рет баспа бетінен жарық көргенін ескерсек, Ақыттың Абылдың «Араб әліппесі» өлеңін естіген, естімегендігі туралы нақты бір нәрсе айту қиын. Ал, Абайдың
«Әліпби өлеңі» 1933 жылы жарияланғанын ескерсек, Ақыт онымен танысып, өз бетінше жырлаған болуы да мүмкін. Немесе, араб әліпбиін өлеңге қосу дәстүрін шығыс ғұламасы Науаидан алуы да мүмкін.
Жалпы, Ақыттану мәселесі - күрделі тақырып. Олай дейтініміз, Ақыт - ойпыл-тойпылға толы қараңғы да күрделі заманына қасқая қарап, шындық пен әділдікті батыл жақтаған еңбегі сан салалы ұлы ақын. Соған сай Ақыт шығармашылығы туралы айтылар, зерттелер қыры әлі де көп. Бұл арада біз тек Ақыт Үлімжіұлының «Жиырма тоғыз қаріп өлеңіндегі» иман мәселелері туралы сөз ететін боламыз.
Иман сөзінің шариғаттағы мағынасы – Пайғамбарға (с.ғ.с) Алла Тағаладан жеткен нақты үкімдерді растап, ешбір күмәнсіз қабыл ету, әрі бұлардың хақтығына шын көңілмен сену болып табылады [5, 66б].
Ақыттың «Жиырма тоғыз қаріп өлеңі» иманның мұсылман өміріндегі маңыздылығы туралы түсіндіруден басталады. Алдымен «Әғузу ауызға алам бір құдайды» деп Ұлы жаратушы Алланың атымен ниет етіп өлеңін бастайды.
Мұндағы «Әғузу» сөзінің мағынасы: «Қуылған шайтаннан Аллаға сиынамын» дұғасындағы «әғузу» сөзі Құранда «Истиғаза» және «МәғәзАлла» түбір сөздерінен туындаған етістіктің бірінші жағы болып – сыйынамын, пана тілеймін деген мағына береді [6, 7б]; .
Осы шумақтың соңғы тармақтарында ақын «имансыз бұл жалғаннан өткен жанның, түтіні қабырынан бұрқырайды» - деп адам баласын иманды болуға, имансыздыққа ұрынбауға шақырады. Ақынның бұл өлеңі қасиетті Құран Кәрімнің Нахыл сүресінің 106 аятындағы «... сондай-ақ біреу көңілін имансыздыққа берсе, оған Алланың ашуы және оларға зор азап бар» (16.Нахыл-106) - деген ескертуімен сабақтасып келеді.
Өлеңде баса жырланатын келесі бір мәселе – иман мен амал мәселесі. Әһли сүннет жамағатының сенім мектебінің ғалымдары мен мен Ханафи ғұламаларының пікірі бойынша, амал мен иман екеуі екі бөлек нәрсе деп қарастырылады. Мұның дәлелі ретінде Құран Кәрімдегі мына аятты келтіруге болады: «Ал кім иман келтірген түрде ізгі іс істесе, сонда ол жамандықтардың артуынан, жақсылықтардың кемуінен қорықпайды» («Таһа» сүресі, 112-аят). Ханафи мәзһабы, Матуриди сенімін ұстанушы Ақыт бұл туралы:
Байқарсың иман жәйін аңғарсаң да,
Иманың қабыл болмас жалбарсаң да.
Иман, намаз, ораза тұтпай барсаң,
Қабыл емес, иманыңыз қаж барсаң да – деп әһли сүннет ғалымдарының «амалсыз иман ақыретте пайда бермейді, Иманның кәміл болуы, жетілуі, қуатты болуы - амалға байланысты» - дейтін пікірмен бір ұстанымда екенін көрсетеді.
Өлеңнің кірспе бөлімінің соңында Ақыт қажы Үлімжіұлы:
Қырық парыз, жеті уәжіп ұққаныңа,
Бүркеніп ажал қоймас бұққаныңа.
Иманың ақыретте азық болар,
Азықсыз ақ көйлекпен шыққаныңда - деп қасиетті Құран Кәрімнің Таһа сүресінің «Ал кім иман келтірген түрде түзу іс істесе, сонда ол жамандықтардың артуынан, жақсылықтарының кемуінен қорықпайды»- деп келетін112 аятымен сабақтаса жырлайды.
Демек, Ақыт қажы Үлімжіұлының Құран Кәрім негізіндегі иман туралы пайымдаулары ақынның Құран аяттарын терең түсініп тәпсірлегенін көрсетеді.
Осы шумақтардан кейін ақын араб әліпбиін өлеңге қосады. Өлеңнің басқы жолдарын араб әліпбиімен тізбектей келіп, халқына өнеге, өсиет арнайды. Имандылық жолынан алыстамай, мұсылмандықтың бес парызын өтеуге шақырады.
«Жиырма тоғыз қаріп өлеңінде» сөз болған иман мәселелерін қарастырсақ, өлеңде имандағы жеті парыздың толығымен жырланғанын байқауға болады. Ақыт жәй жырламайды, терең шариғи біліммен, құран аяттарымен, хадиспе ұштастыра отырып жырлайды. Иманның жеті парызы өлеңде былайша көрініс тапқан:
1. Аллаға иман мәселесі. Ақыт өлеңдеріндегі басты ерекшелік – әр өлеңнің Алланың атымен басталуы дегенді айттық. Бұл құран стилі. Ақын бұл жолы да дәстүрден таймай, «Әуелі әлиф Алланың аты болар» деп бастайды, «Сәбіт бір Алланың жарлығында, дінің күт шыбын жаның барлығында» - деп Аллаға иман етуге шақыра келіп, «Аллаға құл» болудың адам баласы өміріндегі маңыздылығын баяндайды.
2. Періштелерге иман. Ақынның аталған өлеңінде періште сөзі тек бір-ақ жерде, иәй әрібінде қолданылған. Ақыт өлеңде «жақсы-жаман ғамалыңды жиып әкеп, сұрағы періштенің болар қатты» - деп Алла Тағаланың көркем жаратылысы, нұрдан жаратылған періштелердің бар екендігіне және олардың жаратушы әмірімен қызмет ететіндігіне иман етеді. Айтылған шумақтар «Құл қабірде жерленіп, ағайын-достары кері қайтқанда мәйіт олардың қадамдарының дыбысына дейін естіп жатады. Сосын оған Мүнкар, Нәкир деп аталатын екі періште келеді. Олар мәйітті отырғызып, сұрақ қоя бастайды» деген Пайғамбар хадисімен үндесіп, сабақтасып жатыр [7].
3. Қасиетті кітаптарға сенім. Алла тарапынан басқан барлық кітаптарға иман ету мұсылмандарға парыз етілген амалдардың бірі. Қасиетті кітаптың Алладан келгендігін жоққа шығарған адам мұсылман болып саналмайды. Халықты имандылық жолына шақырушы Ақыт Құран Кәрімінің Алладан келгендігіне иман ете отырып, халықты адаспауға үндеп:
Бес парыз дін исламға жеті уәжіп,
Оқы деп тәңірім берген Құран жазып.
Отыз пара Құранның сауабы үшін,
Шүкірлік етпей жүрміз жолдан азып – деп жырлайды.
4. Пайғамбарларға иман. Ақыт Үлімжіұлы хақты, таухидты жырлаған ақын. Сол себепті де, ақын өлеңдерінің кез-келген бөлімінен пайғамбарларға қастысты жырларды кездестіруге болады. «Жиырма тоғыз қаріп өлеңінде» де Ақыт «Шапағат иесі хақ пайғамбар» деп пайғамбарға иман ете отырып, «Алла Тағала өзі шапағат етуге рұқсат берген адамның басқа адамдарға
шапағат ете алады» - деп көрсеткен әһли сүннет ғалымдарымен бір ұстанымда екенін көрсетеді.
Алла Тағала алдымен барлық дүниенің бастауы болған тіршілік нұрын жаратып, «Нұр» сүресін де түсірген. Нұр шапағаты Ақыт өлеңінде жүйелі түрде баяндалған. Ол жаратылыс құдіретінің бастауына баланған нұр сипатын жыр жолдарымен былайша кестелейді:
Нұрды жаратыпты әуел бұрын,
Алланың нұрынан пайғамбар нұрын - деп Нұр-шапағат – адамзаттың асыл тәжі болған Алланың соңғы елшісі Мұхаммедке (ғ.с.) нығмет етілгенін, барша бастауға негіз болған нұрдың Мұхаммедед (ғ.с.) пайғамбарға ғана тиесілі ұлы нығмет етілгенін баяндайды.
5. Ақырет күніне иман. Ақыт ислам дініндегі сенімінің бір тірегі ақырет күніне иман етуді де өлеңнің негзі бір мазмұны ретінде жырлайды. «Мәуіт тірі кісі өлмек анық», «Ләм алып біркүні жоқ боларсың, қызарып дүние үшін шоқ боларсың» - деп жұмыр басқа өлімінің түбі бір бар екенін ақиқат деп біліп, «Бес намаз бекер жүріп оқымасаң, барғанда Тәңір алдында шын сөзің бар» деп пенденің бұл дүниедегі барлық іс-әрекеті үшін о дүниеде міндетті түрде есеп беретіндігін ескертеді. Сонымен бірге, ақын «түйені түгімен жұтқандардың, ақыретте жағдайы қиын болатындығын», «ақыретте ғазап көрсе жаны төзбейтіндігін» де ескерте келіп:
Барғанда ақыретке қор болмайды,
Молланың Құдай үшін ізін басқан.
Намазды, оразамен күтіп барсаң,
Көрің жарық, сұрағың болар жеңіл.
Иншалла қияметте қор болмайды,
Нәпісге осы күнде салсаң тиым.
Бұл күнде аш-арыққа жәрдем берсең,
Күнінде ғарасаттың тоқ боларсың – деп Ақырттегі азаптан тақуа, мұмін жандардың құтқарылатынын айтып, халықты имандылыққа шақырады.
6. Тағдырға иман. Ақыт өлеңдерінде Алладан өзге жаратылыстардың барлығының ғұмырының өлшеулі екендігін айта келіп, бес күндік жалғанда хақты тануға үндейді.
Рақым, үміт қыл құдайыңнан,
Пайда жоқ ойлағанмен уайымнан.
Инәмал ағмалу байна ати,
Табасың не көрсең де ниетіңнен - деп адам баласының не көрсе де, өзінің пиғылынан көретіндігін ескертеді.
7. Өлгеннен соң қайта тірілуге иман. Ақыт исламдағы алты иманнан өзге, өлгеннен соң қайта тірілуге сенуді де иман негіздеріне қатар қосып:
Иманды жеті парыз түгендесе,
Көңілді бөтен жаққа жібермесе.
Мұны білмей мұсылман бола алмаймыз,
Амал қанша шайтаның жүгендесе.
«Бес парыз, дін исламға жеті уәжіп» - деп санап көрсетіп, Алланың хақ жолынан адаспауға шақырады. Ақыретке иман ету мен өлгеннен соң қайта тірілуге сенуді жеке-жеке парыз ретінде қарастырады. Сөйтіп, Ақыт қажы өзінің діни ұстанымының Ханафи мәзһабы, Матуриди ақидасымен бірдей екендігін көрстеді.
Қорыта айтқанда, Ақыт Үлімжіұлының «Жиырма тоғыз қаріп өлеңі» өзінен бұрын өткен шығыстық ақындардың ізімен, ұлы Абайдың стилмен жазылған өлең екендігін айтып өттік. Өлеңде иман мәселелерінен өзге, мұсылман өміріндегі маңызды - намаз, ораза, қажылық, зекет қатарлы амалдар сөз болады. Сонымен қатар, шынайы мұсылмандарда болуға тиісті көркем мінез-құлық туралы да баса айтылады. Демек, ақынның «Жиырма тоғыз қаріп өлеңі» - әлі де көп ізденістерді талап етері сөзсіз!
Махмет Мұратхан,
Нұр-Мүбарак университеті
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Ғ. Ақытұлы. «Ақыт Үлімжіұлы» атты «Қазақ тарихындағы әйгілі адамдар» ұласпалы жинаққа енген еңбек: Алматы: «Мұсылман баспа үйі», 2008ж., -144 бет
2. А.Үлімжіұлы шығармалары. 4 том. Шыңжаң халық баспасы-2015- 610б
3. А. Омаров. Шәкәрімнің діні. Шәкәрімтану мәселелері, 4 том, - Аматы: Раритет, 2007. – 304 бет
4. А. Үлімжіұлы. Шығармаларының толық жинағы: екі томдық. – Кония, 2011. Т-1. - 652 бет.
5. С. Сейтбеков. Иман негіздері: Алматы. – 2011ж. - 376 бет.,
6. С. Окан. Үкім аяттардың тәпсірі: Монография – Астана: 2018. – 120 бет
7. Бұхари, Жаназа. 68, 67; Муслим, Жәннат, 70; Әбу Дәуд, Жаназа, 78