ЕРКІН ІБІТАНОВ БИІГІ
2020 ж. 08 сәуір
3245
0
Арамыздан өзі кетсе де Сөзі кетпеген, терегі құласа да Өлеңі құламаған, топырағы суыса да, отты жырлары суымаған арда ақынымыз Еркін Ібітановтың туғанына 85 жыл толды.
Ақын туралы әңгімені бастамас бұрын өлең туралы, поэзия туралы бірер сөз айта кетейін. Өлең туралы данышпан Абайдан асырып ешкім айта қоймаған шығар. «Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең», – деген Абай баршамызға белгілі «Адамның кейбір кездері» атты дүниесінде ақындықты «Тәңірінің берген өнері» деп бағалайды. Яғни, Адамға Алладан ғана берілер қасиет қой. Ендеше мұндай қасиетті өнер тегіннен-тегін кез келген пендеге қона бермесе керек. Еркін ағамыз кеудесіне Өлең қонған, қазақтың қасиетті қара өлеңімен өмір сүрген ақиық ақындарымыздың бірі әрі бірегейі болатын.
Қарағайы мен қайыңын былай қояйық, қарағашының өзінен де жапырақтай боп өлең төгілетін қасиетті Қарасаздың жырқұмар халқын өлең туралы жалаң пәлсапамен таңқалдыра алмайтын шығармыз. Десек те, бүгін біз жиналып отырған аспантаулар аясындағы, Шәлкөденің шалғайындағы, Елшенбүйрек етегіндегі Қарасаз – қазақ жырының қасиетті мекендерінің біріне айналғаны ақиқат. Бұған атадан қалған асыл өнерді аманат ретінде кейінгі ұрпаққа саф қалпында жеткізе білген Мұқағали мен Еркіннің қосқан үлесі зор деп білеміз.
Жазиралы жайлаулары мен қолат-қойнауы ырыс-құтқарлы қыстаулары ұштаса жалғасқан осынау аймақ Аспантаулар аясы деп құлаққа сіңгелі бері қасиетті сөз өнерін арының туына балаған тұлғалар бұл өңірде аз өтпеген. Кешегі Қабай жырау, Сабдалы жырау, Көдек, Албан Асан, Бөлтірік, Шарғын, Құлманбет, Қойдымдар, беріден қайырсақ Бердібек Соқпақбаев, Әлнұр Мейрбеков, Баққожа Мұқаев, Сағат Әшімбаев, Нүсіпбек Исахметов, бүгінде дертпен тең өнерді жанына жалау еткен С.Тәнекеев, Н.Оразалин. С.Жанболатов, Э.Төреханов, Ж.Тұрлыбаев, Д.Жанботаев, Ж.Аупбаев, А.Әбдіқалов, Т.Шапай т.б қаламгерлерді қара орман оқырмандар әлі де іздейді, әлі де оқиды деп сенгіміз келеді.
Сөз өнерінің көрнекті тұлғаларының бірі – Расул Ғамзатовтың бір айтқаны бар. «Күніне бір өлең оқыған адам – ақын, аптасына бір өлең оқыған адам – азамат!» – дейді. Көшесінде кезіккен кез келген
қарадомалағы Мұқағали мен Еркіннің өлең жолдарын жатқа заулататын Қарасазды азаматтар ауылы десек те, тіпті ақындар ауылы десек те жарасатын шығар?!
Ерекеңді – Еркін Ібітанов ағамды өзімнің алғаш қалай танығанымды айтайын.
Ақынды оқырмандары алғаш рет «Социалистік Қазақстанға» жарияланған «Қойшылар» поэмасы арқылы таныды. Іле-шала осы аттас кітабы шықты. Бірақ осыдан кейін 20 жылға жуық уақыт ақын жинағы жарық көрген жоқ. Ақын өлеңдерін анда-санда баспассөз беттерінен ғана оқып жүрдік.
80-жылдардың орта шенінде Нарынқол ауданына аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне Бақыт Оспанов ағамыз келді. Өнер десе, өлең десе ішер асын жерге қоятын осы азамат ағамыздың бастамасымен қатар жатқан қос ауданның арасындағы барыс-келіс, қарым-қатынас жаңа жолға қойыла бастады. Әсіресе қаламгерлердің басқосуы жиіледі. Бір күні нарынқолдық бір топ ақын-жазушылар Кегенге келіп Мәдениет үйінде халықпен кездесу өткізді. Ақындар кезек-кезек жарысып өлең оқыдық. Еркін ағаның ұсынысымен кездесуден кейін поэзия кеші Кегендегі біздің шаңырақта жалғасқан болатын. Қазір арамызда жоқ Тілеужан Сақалов, Еркін Ібітанов бастаған ағаларымыз түннің бір уағына дейін алғаусыз сырласқан едік.
Осы басқосудан соң аға екеуміз бір-бірімізге ағалы-інідей бауыр басып кеттік. Нарынқолға келген сайын Алтын тәтемнің қолынан дәм татқызбай жібермеуді Еркін ағам әдетке айналдырды.
Әлі есімде, бір келгенімде көпшіліктің көзінше:
– Кәдіш, саған бір қызық айтайын ба? – деді.
– Айтыңыз, – деп елп ете қалдым.
– Мына ақ арақ, «водканы» айтам, бүгіндері оқылмайтын қызықсыз проза сияқтанып кетті, – дейді Ерағам көзін сығырайта, қулана күліп. – Анау айтқандай алхимик болмасам да, мен осы «прозаны» «поэзияға» айналдырудың керемет бір тәсілін таптым.
– Ол қандай тәсіл? – дейміз ынтығып.
Ерағам темекісінің түтінін бір будақтатып алып, әңгімесін әрі қарай жалғайды:
– Бальзам деген сусын бар. Білетін шығарсың?
– Білем, – деп басымды изеймін.
– Білсең, біздің ауылдың дүкеніне сол «бальзам» түсіпті. Атының өзі «поэтично» емес пе! Ақ араққа, яғни «прозаға» осы
бальзамның бірер тамшысын тамызып кеп жіберсең, мөп-мөлдір поэзияға айналып шыға келеді екен.
Мынадай қазақы тапқырлыққа риясыз күліп жібердік.
Мұқағали Мақатаевтың күнделігінде мынадай жолдар бар: «...Мен өзімнің «Менім» арқылы жасырмай, жаппай өмірімнің шежіресін жасап шықтым. Жанымның мұңы мен қуанышы – бәрі сонда. Солар басқа жүректерге өз сәулесін түсіруге тиіс деп ойлаймын.... Бүкіл менің жазғаным – бар-жоғы бір ғана бүтін поэма. Адамның өмірі мен өлімі, қасіреті мен қуанышы туралы поэма. Егер, нанбасаңдар, барлық өлеңімді жинап, бір жинаққа топтастырып көріңдерші. Естеріңде болсын, әрбір өлеңім өз орнында тұрсын. Яғни, жылына және бойына қарай, сонан соң көз алмай оқыңдар. Сюжетіне көңіл аудармай-ақ қоюларыңа болады, ал композициясы мен архитектоникасына зер салыңдаршы. Егер мені содан таппасаңдар, онда ақын болмағаным!»
Бұл үзіндіні босқа келтіріп отырған жоқпын. Айтайын дегенім, Еркін Ібітанов та өз өмірін, өз өмірінің қамырықты, қуанышты сәттерін үлкен поэзияға айналдыра алды.
Әуелгіде «Әдебиет және искусство» журналында жарияланған «Тян-Шань эскиздері» арқылы елді елең еткізген Еркін ағамыздың одан кейін жұрт аузына ілігуі «Қойшылар» поэмасы болды. Осы поэмасын ақынның Алматыда, ортылық кітапханадағы кездесуде қалай оқығанын Қазақстанның Халық жазушысы, Ерекеңнің сырлас досы Әбіш Кекілбаев жақында «Егемен Қазақстанда» жарияланған мақаласында жеріне жеткізіп, тәптіштеп тұрып жазғаны мәлім.
«Қойшылар» поэмасы қазір де оқылады екен. Оған шығарманы қайталап оқығанда көзіміз жетті. Қой түлігі көшпелі қазақ экономикасының қайнар көзі екендігін күрсініп еске алдық. Еске алдық дейтінім қазір қой да, қойшы да азайды емес пе.
Жақында интернеттен баяғы тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жазушы Сәкен Жүнісовтің Елбасына айтқан бір базынасын көрдім. «Қазақта «Ханда қырық кісінің ақылы болады» деген сөз бар. Шын мәнінде бұл қырық кісінің ақылы емес, ханның айналасында қырық ақылды уәзірі бар деген сөз. Хан осы қырық ақылды уәзірмен кеңесе отырып, кемел шешімдер қабылдаған, елін жарқын болашаққа бастаған. Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіздің айналаңызда қырық демей-ақ қояйын, 4-5 ақылды уәзір болса көптеген түйінді мәселелер оңтайлы шешімін тапқан болар еді», –деген Сәкен Жүнісовті Президент жымиып күліп тыңдап отырды...
Президенттің айналасындағы бірқатар «ақылды» уәзірлер тәуелсіздік алар тұстағы жекешелендіру, яғни «прихватизация» кезінде Қазақстандағы күллі колхоздар мен совхоздарды «қызыл директорларға» пышақ үстінен бөліп берді. Колхоз-совхоздармен бірге қой да, қойшы да көзден бұл-бұл ұшты. «Ақылды» уәзірлердің айтар уәждері – шетелдерде ауыл шаруашылығының бәрі жеке фермерлердің қолында-мыс. Ал, АҚШ сияқты капиталистік елдерде бүкіл ауылшаруашылық өнімдерінің басым бөлігін мемлекет дотациясындағы алып агрокорпорациялар мен агрохолдингтер өндіретінін, өнімнің тек 4-ақ проценті фермерлерге тиесілі екенін олар дәл сол кезде біле тұра білгілері келмегені ақиқат. Өйткені уәзірлердің көкейін тескен нәрсе – ақша болатын. Миларын тек баю дейтін тажал дерт меңдеп алған атжалман уәзірлер тәуелсіздіктің таңы атып келе жатқанда шетелдік алпауыт капиталистердің ақылымен жұмыс істеді. Ал капиталистерге керегі – Қазақстандағы қуатты ауыл шаруашылығы мен өндіргіш күштердің жойылуы еді. Оларға керегі – өз өнімдерін өткізетін рынок қана болатын.
Ауылдағылар ауыздарынан ақ май ағызып отырған колхоз бен совхоздан, яғни қой мен қойшыдан қалай айырылса, қаладағы қаламгерлер қауымы қаламақыларынан да солай айырылды. Әлгі әпербақан уәзірлердің біреуі: «Ойбай шетелдің жазушылары өз кітаптарын өздері сатып күн көреді екен» деген «ақылды» Үкіметтің тынымсыз зырылдаған диірменіне салып келіп жіберді, нәтижесінде мемлекет идеологиясын жүргізуі тиіс қаламгерлер қайыршылық кепке түсті. «Қарыны ашқан ханға қарайды, суыққа тонған күнге қарайды» деген мәтел осы бүгінгі біздің қаламгерлерге қаратып айтылатын сияқты...
Әңгіме «Қойшылардан» шығып кетті ғой. Міне, көрейік:
Ет пен жүнге қарық қып ерікті елді,
Біздің жайлау құлпырды, көріктенді.
Әкем баққан отардан бес жүз тоқты
Комсомолдық жолдама бөліп берді.
Мен қойшымын!
Мал сырын жастан ұқтым.
Дей алмаймын өмірден бос қалыппын.
«Папам сатып әперген» туфлимен
Шаңын сүртіп жүргем жоқ асфальттің.
Қойшылар еңбегінің қиындығы мен қызығы параллель тәсілде қатар суреттеліп, асқақ пафоспен жырланған поэманың тынысы барынша кең, үні асқақ. Шынын айту керек, қарапайым оқырмандарға қазіргі күнде де маусым сайын өзгеретін жаңылтпаш бағдарламалардан гөрі нақты еңбек пен еңбек адамдары туралы осындай көркем дүниелердің берері анағұрлым мол болар еді деп ойлаймын.
Алдымда бар талай сын, неше мектеп,
Шабысымды үдетем, еселеп кеп.
Сонда маған сүйсініп риза боп,
Ұлы Отаным қол соғар қошеметтеп.
Жолығысар келсе егер кездерің дөп,
Бір ғажайып сыр айтам сезгенім деп,
Қойда,қойда рахат, бақыт деген,
Нанбасаңдар бағыңдар өздерің кеп! –
деп ақын поэмасын еңбек рахатын сезінуге шақырумен түйіндейді.
«Қойшылардан» кейін ел ақынды біраз жыл үнсіз қалды деп ойлады. Алайда арадағы жылдар босқа өтпеген екен. Ақын кеудесіндегі жыр жанартауы өлең шоқтарын тынбай қоздатып жатыпты.
Еркін ағамыздың шығармашылық концепциясының ең бір күрделі, ең бір шарықтаған шағы – бәрімізге белгілі «Хан Тәңірі, қайдасың?» поэмасының дүниеге келуі болды. Қаламгер осынау кең тынысты, ғұмырбаяндық поэмаға үлкен әзірлікпен келген. Бұған дейін жазылған толғаулар мен поэмалар, балладалар осынау үлкен дүниеге кірісердегі сынақ баспалдақтары сияқты.
Ақын «Конституция – тағдырым менің» толғауында кеше мен бүгінді салыстыра отырып, әділет деп аталатын адами асқақ ұғымды жырласа, «Боздақтар» және «Ескерткіш» поэмаларында соғыс тақырыбын, тылдағы ауыл бейнесін ғажап шеберлікпен жеріне жеткізе санаға құяды. Ал, «Елшенбүйрек» очерк-дастаны өлеңмен сомдалған қазақ ауылының поэма-портреті болып, қазақ жыр жауһарларының галереясынан көрнекті орын алды. «Төрт таған» толғауында он сегіз мың ғаламның Жер – деп аталатын тіршілік орбитасын ғарыштық масштабта көркем тілмен кестелеп шықты. Міне, осындай жемісті ізденістерден кейін қазақ жырының жарық жұлдыздарының бірі, өзінің ағасы Мұқағали туралы өлеңмен роман жазып шығу, осынау Аспантаулар аясында дамып
келе жатқан әдеби процестің шартты заңдылығы болды десек шындықтан аса алыс кете қоймаспыз.
Кез-келген кесек дүниені ойда қорыту бар да, оны толғатып, дүниеге әкелу бар. Классик жазушыларымыздың бірі Мұхтар Мағауин айтатын «Пісуі жетілген көркем дүние дер кезінде қағазға түспесе күйіп кетеді», – дейтін бір тәмсілі бар еді. Сол айтпақшы, Еркін ағамыздың «Хан Тәңірі, қайдасың?» поэмасының сәтті бір күні дүниеге келуіне кезінде осы ауданда басшылық қызмет атқарған Бақыт Оспановтың түрткі болғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмейді.
Поэманың сүйіншісіне Орман шаруашылығы мекемесінің жаңадан салынған үйінің кілтін сыйлағанын да Бәкеңнің өз аузынан естіп, алғысымызды айтқанбыз.
Кеше ғана әлеуметтік желілердің бірінен аудандық газеттің бас редакторы Қанат Біржансалдың Қарқара орта мектебінде Еркін Ібітановқа арналған мүшәйра өткені туралы хабарын оқып риза болдық. Енді осындай мүшәйраларды және “Еркін Ібітанов оқулары” сияқты ақынды еске алу шараларын облыстық және республикалқ деңгейде өткізуді де қолға алу керек. Өйткені бүгін ұрпағымыз өлең деп аталатын киелі өнерден ажырап қалса, ертең қазақ деп аталатын ұлт барлық асылынан айырылып қалуы әбден мүмкін!
Жыр қаламын қолыма ерте алғанмын,
Ел аяғы бармаған жер шалғанмын.
Жалғандықты жат көрді, шіркін, көңіл,
Ол рас қой,
аз жаздым,
кем толғандым.
Тым ертерек жыр болып соқты демім,
Ерте сездім өлеңнің отты лебін.
Тықылдатып есігін қаққан жоқпын,
Мен өлеңнің қақпасын тепкіледім.
Жасқанбадым, төріне кіріп бардым,
Жаутаңдамас жанымнан сыр ұққанмын.
Жұрт тайсалған биікке қарғып шығып,
Сол биіктен түсе алмай тұрып қалдым, –
деп өзі айтпақшы ақын Еркін Ібітанов, өз биігінде мәңгі жарқырап тұра бермек!
Кәдірбек Құныпияұлы,
ақын
Қазақ үні