АХТАНОВТЫ ІЗДЕУ
2020 ж. 27 ақпан
2604
0
Тынымбай Нұрмағанбетов, жазушы
1963 жылдың жазында жастар шығармашылығына арналып жарық көрген «Жұлдыз» журналының алтыншы саны қолыма тигені бар. Ол кез менің бірдеңелер жазғым, оқығым келіп алабұртып жүрген кезім. Сол санда Ш.Айтматовтың «Құс жолы» повесі мен Т.Ахтановтың «Дала сыры» романы бастап жарияланды. Жазушының шығармашылығы түгілі, суретіне де қызыға қарайтын шағымыз. Тахаң әуелде маған өзбек пішіндес болып, аты-жөні де қазақ арасында кездесе бермейтіндей көрінді. Қалай дегенде сол жаздан бастап Тахаң менің аты-жөнін білетін, шығармашылығымен де таныс жазушыларымның бірі болып қалды. Газет-журналға, ол кісінің шығармашылығы жайында жазылған сын мақалаларды да оқып жүретінмін. Шығармашылығы ұнаған жазушының өзі де оқырманның танысындай, тіпті жақынындай көрінетін де бір құпия сыр бар. Бір жағынан, бұл көркем әдебиеттің құпия сыры мен қасиетінен деуге де келеді.
Қызылорда педагогикалық институтында оқып жүрген кезімде оқыған қазақ прозашылары ішінен Тахауи Ахтанов пен Сайын Мұратбеков шығармалары маған айрықша әсер қалдыратындай болып жүрді.
1969 жылы қыста Алматыда жас жазушылардың кеңесі өтті. Сол кезге дейін республикалық газет-журналдарға бірсыпыра әңгімелерім жарияланып, жас жазушылардың тырнақалды әңгімелерін жинақтаған «Бәйшешек» атты жинаққа бір топ әңгімелерім еніп үлгерген мен де осы кеңеске шақырылған едім.
Кеңес жиындары кезінде Тахаң көрінген жоқ. Ал Сайын Мұратбеков Жазушылар одағы кеңесшілерінің бірі ретінде кеңес жұмыстарының басы-қасында жүрді.
Кеңес біткен күннің ертеңіне Сайын мен Тахаңды Жазушылар одағының төменгі қабатында кітап сататын дүңгіршек жанынан жаңадан сатылуға түскен кітаптарды қарап тұрған жерінен көрдім. Тахаңның киінуі де, тұлға болмысы да маған ұнады. Әрине, жақындап бара алған жоқпын. Талантты жанға талантылығына қоса сырт болмыс-бітімінің сәйкес келуі де мені қуантқандай болды. Тахаңа жақындап бара алмағаныммен, Сайынмен сол күндері таныстым. Біраз шүйіркелесіп сөйлестік те. «Сенің әңгімелеріңді Сайын ұнатады екен» деген хабарды Алматыда оқып жүрген мектептегі сыныптасым Сейсен Мұхтарұлы әлденеше рет маған жеткізген.
1973 жылы мен де Алматыға жеттім. «Жазушы» баспасының проза редакциясына редактор болып орналастым. Енді Тахаңды күнде болмағанмен, Жазушылар одағы үйінде аптасына бірнеше рет көріп жүрдім. Әрине, көрген жерде амандасамын. Ол кісі өзін қай кезде де тік, маңғаз ұстайтын. Сондықтан ол кісіге өзінен кішілермен шүйіркелесе кетудің жөні оп-оңай емес еді.
1975 жылдың жазы болуы керек. Менің «Жұлдыз» журналына «Сушы», «Бұлақ» атты әңгімелерім жарық көрген. Бір күні баспаның ұзын дәлізінде кетіп бара жатсам, Тахаң анадайдан атымды атап шақырды. Жанына барып сәлемдестім.
– Айналайын, мен сенің «Жұлдыздағы» екі әңгімеңді оқыдым, – деді Тахаң. – Сүйсінгенім, сенің социалистік реализм дегенмен шаруаң жоқ екен. Ал бізді құртқан сол социалистік реализм ғой.
Тахаңмен арадағы қатынасымыз осы әңгімеден кейін басталды. Жазушылар одағының әртүрлі жиындарында кездескенде жылы ұшырап сәлемдесетін, шүйіркелесетін болдық.
Жазушының өз басының мінез-қасиеті мен жазған шығармашылығы арасында байланыс бар. Ол екеуінің екі басқа болуы әсте мүмкін емес. Тахаңның шығармаларын оқығанда сезілетін байсалдылық, жинақылық, сөзді саралап, ұтымды пайдалану дағдыларын оның өзімен сөйлескенде де аңдап отыруға болар еді.
Жазушының басты шығармаларының бірі – «Боран». Әуелдегі аты – «Дала сыры». Әу баста жазылу табиғаты жағынан жаңаша бастау-бағыт көрсетіп басқа елдерде де жариялануында кемдік болған жоқ. Алайда, бүкілодақтық деңгейде өз дәрежесінде танылып мойындалмаған секілді. Оның осылай елеусіздеу қалуына басқа одақтас республиканың белгілі жазушыларының жазған шығармаларымен тақырыптас болуының да әсері тигендей.
Осы орайда Тахауи Ахтанов шығармашылығына арнап жазылған белгілі қаламгер, сыншы Әбіш Кекілбаевтың «Өмірмен өзектес өнер» атты мақаласындағы мына бір жолдарға тоқтала кетсек те болады. «Жаңашылдықтың көркем творчестводағы үздіксіз процесті қамтамасыз ететін ең жемісті түрі – ізденіс аясын тек творчествалық процесс аумағымен шектемей, өмірдің өзіндегі әлеуметтік өзгерістерге баса көңіл бөліп, сол арқылы қоғамның даму диалектикасының өзекті арнасына жол таба білу екені баршаға аян. Бұл нағыз барлаушы таланттарға ғана тән жаңашылдық».
Тахауи Ахтанов жаңашылдығы – біздіңше осындай жаңашылдық. Оның «Боран» романы жарық көрген тұста соғыстан кейінгі ауыл өмірін мейлінше шыншылдықпен зерттей суреттеген Ф.Абрамов, С.Залыгин, В.Белов, В.Распутин, Ш.Айтматов шығармалары әлі дүниеге келген жоқ-ты. Қазір совет жазушылары ден қойып жүрген кейіпкер алдында тұрған «екінің бірі» үшінші жол жоқ дегендей сын сағатты, сыншылар тілімен айтқанда, «экстремальды ситуацияны» көрсету де үрдіске ене қоймаған-ды. Қарапайым қазақ қойшысы Қоспан турасындағы хикая әдебиетімізде психологиялық-әлеуметтік талдаудың тереңдетілуіне, ұлттық характердің интернационалдық астарларының жан-жақты ашылуына, қоғамдык болмыстың трагедиялық сипаттарына бара алатын батылдық пен шыншылдық күшеюіне ойдағыдай әсер етті. Ол тек қазақ қаламгерлеріне ғана емес, туысқан ұлттар әдебиетінің өкілдеріне де түрткі болды. Мәселен, Шыңғыс Айтматовтың «Қош бол, Гүлсары» повесіндегі жылқышы Танабай мен қойшы Қоспан арасындағы туыстықты аңғару онша қиынға түспейді. Екеуінің тағдырында, мінез-құлқында қанша үндестік бар!
Қарап, ойлап отырсаңыз – әдебиет те соғыска бергісіз сұрапыл майдан-жарыс. Онда да біреу мертігеді, біреу озады. «Бап шаба ма, бақ шаба ма» деген қағидаңыз да осында. Ш.Айтматовтың «Қош бол, Гүлсарысын» былай қоя тұрайық... украиндық жазушы Олесь Гончардың Лениндік сыйлық алған «Қоңырау» («Колокол») атты туындысы да Ахтановтың «Боранымен» тақырыптас шықса не дейміз?
Ұлттың әдебиеті айналып келгенде сол ұлттың өзіне қызмет етеді. Сол ұлт әдебиетінің табысы, жемісі болып та қалады. Әдебиет пен өнердің өрісі қаншалық дегенде ойға оралар қағидалар осы. Айтқалы отырғанымыз, «Боран» романы ұлттық прозаның өсу жолындағы бір асу болып қалары анық. Сондықтан бұрынырақта жеңіліс пен жеңісті әлгіндей сыйлық алулармен өлшеген заман да қазір өтті-кетті болып қалғаны анық. Енді барымызды қадірлей білетін, ардақтайтын қасиет-дәстүрден айрылмасақ болғаны. Жоғарыдағы Ә.Кекілбаев пікірін біз жазушы шығармашылығының жетістігімен бірге әдебиеттегі орны мен қадірін дәл басып айтқандығы себепті тілге тиек етіп отырмыз.
Тахаңның көркем дүниелерін былай қойғанда, «Үнді дәптері» атты жолжазбасының өзіне қызығамын. Индияға делегация бастап барған бір айлық сапары кезінде, көрген-білген, түйген нәрселерін анау-мынау романға бергісіз етіп мөлдіреген моншақтай етіп тізіп шыққан. Атақты «Тәдж Махалдан» бастап, Индияға белгілі сәулет орындарын қаншалықты ықылас-пейілімен суреттеген, сипаттаған десеңізші. Осылай жазу жазушының сәулет кұндылықтарына үңіліп қарап қана қоймай, оның әрбір оймыш-өрнектеріне үңіліп зер салумен бірге, сол оймыш-өрнектерді қалаған, сылап-сипаған өнер адамдарының зергерлік өнеріне де қиялындағы қызығу, құрметтеу ме деп қаласың. Елдің хал-жағдайы, жаратылыс берген, аққан суы мен мұнартқан таулары, жарқыраған теңізі бәрі-бәрі де жазушының назарынан тыс қалмаған. Индияның құжынаған халқының хал-жайын суреттеген тұстарда әлеуметтік жағдайын суреттеумен бірге, діни наным-сенімдеріне, адами болмыстарына дейін тәптіштеген.
Құдайым-ау, қайыршыларының жүріс-тұрысы... Олардың өзі ғана емес, көтеріп тұрған сәбилерінің алақанын жайдыру арқылы өткіншілердің назарын аудару амалына қалайша көңіл аудармассың. Осындай жағдайды оқығандағы менің әсерім: бәрін де көріп, бағып, бір көрініске сүйсініп, екінші көрініске іштей мұңайып тұрған қаламгер Ахтановтың алай-дүлей көңіліне де бей-жай қарауыңыз мүмкін емес секілді.
Мен осы үнді дәптерін оқып, өзім де Индияға барып келгендей әсерде отырғаным бар. Өйткені, мен барып бір ай Тахаңның ізімен Индияны аралап келсем де, Ахтановтай оқырманға осынша көріністерді, осынша пайыммен, көркемдікпен, суреткерлікпен баяндап беруім тіпті де мүмкін болмас еді.
Біреу түсініп, біреу түсіне бермейтін жазушының болмысы мен ой-түйсігі қалам қарымының ерекшелігі дегеніміз осы! Бала кезімізде біз үнді фильмдерін көретінбіз. Солардың ішінде «420-шы мырза», «Қаңғыбас» («Бродяга») фильмдері айрықша есімде қалған. Өйткені, олардың оқиғаларының өзі ұмытылмастай қарапайым, мұңлы болумен бірге, фильмдегі әуендер өзге халықтікі екендігіне қарамастан жүрекке жақын, бірден көңілге жатталып қалардай әсерлі еді. Ауыл балалары сол әуенді бірден жаттап алып, кино көрсетілген күннің ертесіне-ақ ыңылдап айтып жүретіндігі мені таңдандыратын. Тахаңның сол фильмдердің сценарийін жазған үнді жазушысы Ахмад Аббастың үйінде қонақта болып, сол кісінің өз қолымен әзірленген ас-ауқаттан дәм татқан әсерлерін оқып отырғанда менің бойымда әлдеқалай мақтаныш сезім пайда болды. Балалық шағым есіме түсіп, қиялымда әртүрлі көрініс, оқиғалар түзіліп өтіп жатты. Тахаңның құдай берген болмыс-бітімімен, мінезімен Үнді елінде де өзін сыйлатып жүргендігіне шын сүйсіндім.
Ұмытпасам, 1985 жылдың басы болуы керек, Мәдениет министрлігі заман тақырыбына арнап жазылған пьесаларға конкурс жариялады да, мен сол конкурска «Сан-Францискодан келген бұлт» атты пьесамды жіберіп, өзім Пицундыда өтетін Бүкілодақтық драматургтер семинарына баруға әзірленіп жүргенімде конкурс жюриінің төрағасы Ахтанов болыпты деген хабар да құлағыма жетті. Сол кезде Тахаңның Совминнің ауруханасында жатқанын білетінмін. «Пицундыға жүрерде көңілін сұрап кіріп шығармын» дегенді ойлап та қойғанмын. «Енді конкурсқа қатысқанымды да айтқаным дұрыс болар» деп Совминнің ауруханасына, Тахаң жатқан бөлімге барсам, сол күні ол кісінің денсаулығында қандай да бір өзгеріс (кризис) болып, күллі медбикелер мен дәрігерлерге палатасы толып кетіп, мен тіпті сәлемдесу үшін де жақындай алмадым. Медбикелер палатасына кіргізген де жоқ. Өзім де сол ауруханада емделіп жатқан бір таныс кісіге: «жағдайы түзелген соң менің келіп кеткенімді айтарсыз» дедім де, қайтып кеттім.
Ол кезде Пицундыдағы семинар жиырма төрт күн өтетін. Сол мерзімді бітіріп, Алматыға қайтып келгенде әлгі конкурсымыздың қорытындысының шығып қойғанын да естідім. Оразбек Бодықов – бірінші, Есенжол Домбаев – екінші, мен – үшінші бәйге алыппын.
Аз күннен соң бәйгемізді тапсыру жоралғысы да болды. Бәйгемізге пьесамызды репертуарға қабылдау төлемін қосқанда едәуір ақшалы болып қалдық. Конкурс жюриінің төрағасы болғандықтан жиынға Тахаң да келген. Тарай берер кезде Тахаң маған:
– Тынымбай, мен сенімен қайтамын, – деді. Мен ол кісінің емеурінін түсініп, сәті түскенде: – Таха, мұнда бірінші, екінші орын алғандар да отыр, олардың көңілдеріне келіп қалмай ма? – деп әзілдеп те қалдым.
– Екеуінің де енесін ұрайын, – деді Тахаң жайдары күлкісін араластыра сөйлеп.
Жұрт күліп жатты. Таксиге мінген бойда Тахаң маған:
– Конкурсқа қатысқаныңды неге айтпадың? – деді бірден.
– Айту ойымда болып еді. Таха, мен Сізге соққан күні Сіздің жағдайыңыз болмай жатыр екен, – дедім ақталғандай боп.
– Ия, біраз күн қиындау жаттым, – деді сосын Тахаң да сөзімді қостап.
Абыр-дабыр әңгімемен екеуміз «Алматы» ресторанының екінші қабатына көтеріліп келе жатканымызда:
– Сен екеуіңді мұнда айдап келе жаткан қай Құдпай? – деп алдмыздан үнемі арқа-жарқа жүретін Садықбек Адамбеков ағамыздың шыға келгені.
– Сенің де жүрмейтін жерің жоқ, – деп Тахаң да оған әзілдеп жатыр.
Үшеуміз бір столға орналасып, даяшыға керек-жарағымызды айтып бола бергенде:
– «Ассалаумағалейкум!» – деп анадайдан күркірей амандасып, сол кездегі Қазақ радиосының дикторы Әнуарбек Байжанбаев келді.
– Таха, өзіңізді анадайдан көріп, – деп келісінің мәнісін айтпақ болған Әнекеңді Тахаң сөзден тосып:
– Танысаң болды, отыр, мен сені танымай қала ма дей қоркып едім, – дейді. Әнекең қарқ-қарк күлді. Біз де ілесе күліп жатырмыз.
– Әй, осы Алматыда Тахаңды танымайтындар да бар ма екен өзі? – деп Садықбек ағам да әзілге әзіл жамап жатыр, әрі қарай Тахаң дастархан билігін өзіне алды. Тост айтатын да өзі, өзгелерге сөз беретін де өзі. Даяшыны шақырып керек-жарағымызды айтатын да өзі.
– Бәйге алған, өзі, қайсысың едің? – едің? – деп Сәкең столдың астынан менің санымнан түртіп, әзіл қашырып қояды.
Қашқан-пысқан әзілге де Тахан уәж қайырып әуреге түсіп жатқан жоқ. Сөйлеген кісінің бетіне бір қарап алып, өзі айтып отырған ой, өзі бастаған әңгімені жалғастырып жатқаны.
Үш кісі ол түні көп әңгіменің басын қайырды. Сол әнгімелердің көпшілігі әдебиет пен өнерге қоса өз замандастары жайлы болды. Өлісі бар, тірісі бар. Сонда көбіне сөйлеген Тахаңның өзі. Өзгеміз тыңдаушы ғана.
– Әй, сендердің тезірек тағы бір бәйге алғандарыңды қалап отырмын, – деп Сәкең ғана ұтырлы жерде кезекті әзілін қыстырып отырды.
Не керек, ресторан жабылуға қам қыла бастаған шақта біздің де әңгімеміз бітті-ау...
Садықбекпен ресторанның аузында қоштасып (ол кісі сол маңайда тұратын) Әнекең мен Тахаңды мен таксимен үйлеріне жеткіздім.
Риза болған Тахаң таксиден түсерде:
– Жақсы отырдық, – деді маңғаз үнімен. Сосын аз-кем үзіліс жасап: – Бірінші орынды саған беруіміз керек еді, – деді.
– Онда мен Әнекең мен Сәкеңді Сізге қосып үш күн ресторанға шақырар едім ғой, – дедім.
Тахаң мәз болып ұзақ күлді. Ол күн сол көңілді түнімен есте қалумен бірге менің өз басым үшін қымбат та, қимас сәттер секілді еді.
Сыйламаған кісі үшін кесір мінезі де, айтар сөзі де жететін Тахаң сыйлаған жанына оның бірін де жасамайтын. Керісінше кең, әрі мейірімді-тін. Мейлі ол үлкен болсын, кіші болсын... және бала секілді ақкөңіл сәттері де жетіп жатады.
Бірде шығармашылық үйінде Сафуан Шәймерденов екеуін бөлмеме оңаша отырысқа шақырдым. Отырыс деп отырғаным – ермегіміз бірер бөтелке шарап пен үйден пісірілген дәм ғана болады. Шығармашылық үйінде көңілі жарасқан жандардың осындай дағдылары да болып жүрді. Тахаң бөлмеге аңқылдап айтылған уақытта келді де, Сафуан жарты сағаттай кешікті. Осы жарты сағатқа Тахаң оны жарты күн күткендей сабырсызданғаны.
– Ойпырмай, осылардың осындай біреуді күттіру әдеттері бар. Сонда бағалары арта ма, әлде бұлданғандары ма, не мінез? Күйіп-жанып бара жатқан не істері бола қалды деші... Түк те жоқ, әдейі жасайды.
Осылай сөйлеген күйі балконға бір кіріп, бір шығып жүргенде Сафуан да есік қақты-ау. Бірақ Сафекеңнің көзінше Тахаң әлгіндегі өкпе-кінараттарының бірін де айтқан жоқ. Керісінше, ештеңе болмағандай арқа-жарқа отырды. Бірер рөмкеден соң көңілденгені сондай, Тахаң жалғыз сөйлеп отырды. Әлден уақытта:
– Тахауи маған да бірдеңе айтуға мұрша берші, – деп Сафекең сыпайы (бір жағы сөзбен тістегендей) рұқсатпен сөзге араласса да, Тахаң сәлден соң берген рұқсатын ұмытып кеткендей сөздің тізгінін қолға қайта алып алады.
– Ойпырмай, Тахауи, саған дауа жок екен, – дейді Сафуан көңілі қалғандай болып. – Екеуара отырып-ақ сөзге таласу екеуміздің ғана басымызда шығар.
– Менің айтқаныма көнбейсіздер ғой, болмаса сағатқа қарап отырып сөз кезегін екеуіңізге тең бөліп берер едім, – дедім ағаларымды көңілдендіргім келіп. Екеуі бірауық жарыса күліп алды.
Оңашада осындай ақкөңіл, аңқылдаған Тахаң көпшілік арасында қандайда бір принципті әңгіме үстінде өзін өте салқынқанды ұстайтын. Пендешіліктерге бара бермейтін.
1980 жылдың көктемінде мен Москвада Жоғарғы әдебиет курсында оқып жүрген кезімде Тахаң командировкаға барды. Үш-төрт күндей бірге жүрдік. Алғаш кездескен күніміз болар, аман-саулық, оны-мұны әңгімеден соң екеуміз ресторан іздеп кеттік. Біреуіне барсақ – ремонт, екіншісіне барсақ – уақытша жабылған, не керек, көшеде жүрумен шаршадық. «Ойпырмай, әншейінде күндіз кіретін кісі таппай отыратын ресторандардың мына әуресін-ай!» деп қосыла күңкілдесіп келе жатқанымызда, қалың бау арасынан жазғы ресторанға ұшыраса кеткеніміз. Әлде столдар қойып уакытша осылай ұйымдастырылған ба, әйтеуір ақ матамен жабылған столдары тап-таза және әр столға әсем гүлдер койылған. Неде болса екеуміз де қуанысып қалдық. Жақындаған кезде әлгі ресторанның ұйымдастырушылары болуы керек, екі-үшеуі алдымыздан шықты. «Мына кісілер Тахаңды таныды-ау» деп ойладым іштей. Содан әлгі кісілер алға түсіп бізге төрден орын ұсынып, жік-жаппар болып жүріп, біз енді жайғасып бола бергенімізде әлгі күтіп алғандардың бірі:
– Профсоюздың кеңесіне қатысушылар боларсыздар? – дегені.
– Жоқ, – деді Тахаң бірден. Біздің профсоюзға ешқандай да қатысымыз жоқ.
Күтіп алушылар аңтарылып калды. Сосын батылдау біреуі:
– Ондай жағдайда кешірерсіздер, – дегені. Тахаң бірден орнынан тұрды. Тахаң тұрған соң амалсыз мен де көтерілдім. Кайтадан ресторан аралап көше кезіп кеттік.
– Таха, екі-үш сағат профсоюздың қайраткерлері болғанымызда неміз кетер еді? – деймін бір жағы әзілге бұрып.
– Ой, құрысын, – деді Тахаң колын сілтеп.
Содан ақыры бір ресторанды таптық-ау. Тапқанда да әңгімелесіп отыруымызға оңтайлы, сол ресторанның оңаша бір жайлы бөлмесіне барып жайғастық. Ол бөлмеге біз кеткенше өзге ешкім кірген де жоқ.
Тахаң еркінсігендегі ақкөңіл мінезімен де, қатуланғанда жапырып сөйлейтін батырлығымен қоса, шешендігімен де әдеби ортада сыйлы болған кісі. Ол кісінің досын сүйсіндіріп, қасын ықтырып жүретін ерекшелігі бар еді. Қайсыбір жиындарда, отырыстарда айтқан сөзінің өзі ауыздан-ауызға оп-оңай тарап кететін. Мәселен, Бауыржан Момышұлының қаралы жиынында сөйлеген сөзі жұрттың аузында аңызға айналып кетті. Әсіресе, өзінен кейінгілердің айрықша сыйлайтынын Тахаңның әдебиетке адалдығы дер едім. Әдебиетке келген талантты жігіттерді ол қолдау жағында жүретін. Қандайда бір жұрт сүйсінтер шығармаларын баспасөзден, трибунадан мақтаудан да тартынған емес. «Жазушының фамилиясы ештеңе айтпаған жерге, оның том-том кітаптарының, алған атақ-дәрежелерінің құны болмайды» деген сөзді әркез айтып жүретін еді. «Жұлдызда» (айтпақшы, «Жұлдыздың» көлемін көбейткен де осы Тахаң) аз уақыт бас редактор болған кездерінде сол кездегі түртпек көріп қызметсіз жүрген Мұқағали Мақатаев, Асқар Сүлейменов сияқты азаматтарды ойланбай-ақ қызметке алғанын білетіндер әлі күнге дейін мақтанышпен естеріне алып отырады.
Тахаң өз заманында оппозициялық ұстанымда болған қаламгер. Бұл көзқарасы қайсыбір шығармаларынан да аңдалады. Сондықтан да билік оны үлкен басшылық жұмыстарға жақындатқан жоқ. Әрине, оны өкініш еткен Тахаң да болмады. Шын жазушыға керегінің өзі шығармашылығымен ғана қалу, бірақ әділ де батыл, талантты кісінің әдеби салаға басшылық етуі оның өзінен бұрын өзгелерге, әдебиетке келіп жатқан ұрпақ үшін керек еді.
Тахаң еліміз егемендік алған жылдары қатты қуанды. Қуанышын оңашада да, жұрт көзінше де, ашық айтып жүрді. Билікке жаңадан келген азаматтарды да қолдады. Оларға үміт артты. Дәл осы күндері Тахаң тірі болса, егемендігіміздің хал-жайына нендей пікір айтары менің өз басым үшін түсінікті болса да «Тахаң не дер еді?» деп елеңдейтіндеймін. Іздейтін де секілдімін. Бұлай іздеу кейде жалғызсырайтын, жабырқайтын мінездегі адамдарда болары да түсінікті жай.
Тахаңмен бірге болған, сырласқан сәттерге көбірек тоқталғаным – оқырманға Ахтанов есімді жазушының адам, азамат ретіндегі болмысын танып-білуге, түсінуге септігі тиетін жайлар болғандықтан ғана. Ал ол кісінің шығармашылығы менің мақтауыма да, талдауыма да мұқтаж емес. Ол шығармалар қазақ деген ұлт жер бетінде қанша өмір сүрсе, сонша жасай алатын дүниелер. Сол дүниелерді оқып-тануға өресі жетер, сауатты, салауатты ұрпақ болса болғаны.
qazaquni.kz