Төлемырза Темірбекұлы: Қош, Мырзашөл...
2020 ж. 02 сәуір
4546
0
(носталгия)
Менің ата-мекенім - менің жаным, Жаныма жара түссе көңіл жарым. Жеткізіп бір кісідей айта алмадым, Білсем де мың кісідей оның зарын...
Есенғали Раушанов
КСРО көсемдері жүргізген өктем саясат әсерінен 1963 жылдың 26 қаңтарында «Халыққа аса қажетті мақта дақылын өсіруді бір орталыққа шоғырландыру» деген кереғар уәжбен 1 миллион 200 мың гектар аумақты алып жаткан Мырзашөл жері Өзбекстанға берілді. Оның ішінде 27 мақта шаруашылығы, бір жүзім шаруашылығы, Шымқорған, Қызылқұм, Темирязев ірі қаракөл шаруашылықтары кетті. Араға сегіз жыл салып, 1971 жылдың көктемінде Мақтаарал, Киров, Жетісай аудандары Оңтүстік Қазақстан облысына қайтып берілді. Бірақ Қазақстанға тиесілі он шаруашылықтың жері өзбектерде қалып қойды. Бұл қалып қойған қазақ жері - Құлыпсары, Өскеншоқы, Қаратөбе, Балықты, Бозайғыр, Табақбұлақ, Пістелі,Үшқұлаш тауының жағалауы, Ұзынқұдық, Нұрата өңірі, қазақтың ғасырлар бойғы тарихында, қыс-қыстауы, жаз-жайлауы болған, қойнауы қазынаға толы, өзі бай, өзі мырза, қазақтың ежелгі ата-қонысы Мырзашөл өңірі еді. Осы қалған Мырзашөл жеріне, бүгінгі таңда ала тақиялы ағайындар 7 мақталық ауданға бөлінген, бір облыс ашып алды. Ол бүгінгі таңда Республикада шитті мақтаны ең көп беретін Жыззақ облысы.»
Орталық басылымдардан.
***
«Басынан Қаратаудың көш келеді, Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді. Ел жұртынан айрылған жаман екен, Мөлтілдеп қара көзден жас келеді».
Мөлтілдеп жас келеді қара көзден, Жеткізу қиын болып қара сөзбен. Ән болып бізге жеткен қасіреттің, Сарыны құлағымда бала кезден.
Осы ән жан дүниемді тебіренткен, Осы ән өксік қысып еңіреткен. «Ақтабан шұбырынды Алқакөл» тұс, Кезі екен дүниенің кері кеткен.
Тағыда бұл дүние кері кетті, Кері кетіп талайды еңіретті. Қайтпады бабалардың кегі кетті, Мырзашөлдей қазақтың жері кетті.
Мырзашөл бақ-тұғыры орнаған жер, Бабалар найза ұшымен қорғаған жер. Тағдыры бір «қаулы» мен торға түсіп, Ата-жұрт қолды болып зарлаған жер.
Жүрген жоқ қалың елім текке налып, Айтқанмен шешілмеді «Бекке» барып. Жігері құм, рухы тапталған ел, Көшті енді Қаратауды бетке алып.
Бүгінде Мырзашөлден көш келеді, Көшкен сайын бір КАМАЗ бос келеді. Жер-Анадан айрылған жаман екен, Мөлтілдеп қара көзден жас келеді...
Жас келеді, Қош,Мырзашөл!..
Төлемырза Темірбекұлы,
Фейсбук парақшасынан