"Бірікпейді бастары": Белгілі жазушы зиялы қауым туралы айтты
2020 ж. 10 наурыз
3419
0
Ауруханаға бардым. Ұстазымыз Рымғали ағайдың (Нұрғалиев) көңілін сұрай келгенім. Ғабит Мүсіреповтің қызы бүгін түнде осы ауруханада қайтыс болыпты. Рекеңнің қабағы жараспай тұр. «Ауруханаға түскен кезде әңгімелесіп бірге жүріп едік, – Қылжақтап та едім! Ойлы адам еді. Енді, сол адам жоқ... Ғабеңе ауыр болатын болды...» Саушылығын сұрағыштадым. «Ана жылы ұлы ұстазым Бейсекең маған Ақаңның (Байтұрсынұлы) «Әдебиет танытқышын» жасырып ұсынды. «Ешкімге көрсетпе. Сен теорияға барып жүрсің. Оқы, керегіңе жарат, пайдалан. Бірақ, уақыты келмей қышқырма!» – деді. Оқыдым. Таң-тамаша қалдым. «Қышқырма» – дегенін елең қылмадым. «Уақыты келмей» – деп неге айтқанын түсінбесем керек. Академияға бардым. «Сендердің астарыңнан ат басындай алтын тауып алдым...» – дедім. Кенжебаевтың алдына керме тартасыңдар. Өздерің Ақаңды көшіресіңдер. Кафедраға келдім. Өзім қызмет істейтін «Қазақ әдебиеті» кафедрасына. Теоретик ағама: «Сіздің «тапқан» терминдеріңіз мына жерде жатыр екен ғой...» – дедім... Дегенім құрысын, бәлеге қалдым. 32 жасымда қорғаған докторлық диссертациямды құлатты. Қуғындады. Ауру қылды. Асқазан жарасы... Қиын болып тұр...»
...Ұстаз мұңдана әңгіме айтып отыр. Тіпті үмітсіздік күдігіне кіріп кетіпті. Қазақ ғалымдары! Бірікпейді бастары, қойнына тыққан тастары!
Р.С. Өткен ғасырдың 70-ші жылдарындағы әңгіме. Алашорданы ақтағаны, жақтағаны үшін профессор Бейсембай Кенжебайұлы қаншама қуғын көрді. Ақыры аурулы болып, дүние салды. Шәкірті Рымғали Нұрғалиевтің халі әлгіндей... Ал, бүгін ғой, Ақаңды – Ахмет Байтұрсынұлын ұлт ұстазы атап мақтанамыз!
Эй, дәруіш дүние!
Құлбек Ергөбек, Фейсбук парақшасынан