Сара апаны сағыну
2020 ж. 29 ақпан
5455
0
жазушы С.Мыңжасарова туралы сыр
Орта Азия елдерінде тұңғыш роман жазған әйел қаламгер Сара Мыңжасарова Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, Қара-шоқат темір жол стансасының бойында 1924 жылдың 29 қазанында дүниеге келген. Әкесі Рахман теміржолшы, анасы Ылайық – оқытушы. Мектепті, Ақтөбе оқытушылар институын бітіріп, мұғалім болып, он сегіз жасында Шалқар аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшылығына сайланғаннан бастап қашан өмірден өткенше белсенді еңбек етті. Шығармашылық жолы Талдықорған, Алматы қалаларымен тікелей сабақтас. Талдықорған облыстық комсомол комитетінің мектеп жастары арасындағы жұмыс жөніндегі хатшылығынан 1949 жылы журналистік жұмысқа ауысады. «Сталиншіл» газетінде бөлім меңгерушісі боп, келесі жылы Қазақстан республикалық партия мектебінің аудармашылар бөліміне оқуға түсіп, қызыл дипломмен бітіріп оралады. Талдықорған облыстық «Сталиншіл» газетінің жауапты хатшысы, «Семиреченская правда» газетінің әдеби қызметкері, Алматы облыстық «Коммунизм таңы» газетінің тілшісі, «Казахстанская правда» газетінің аудармашысы. Сара Рахманқызы жастайынан белсенділігімен, әншілігімен, алғырлығымен көзге түсіп, еңбекке ерте араласқан. Қоғам қайраткері ретінде тындырғаны ел есінде. Мемлекеттік биік лауазымдар иемденген Бижамал Рамазанованың естелігіндегі мына сөздерге ден қоялық: «Әке-шешеммен бірге ат арбамен Талдықорғанға облыстық комсомол кеңсесіне келдім. Бәрі орысша сөйлейді екен. Өзімше ауданға белгілі болып қалғанмын. Бірақ мұнда келсем түкке жарамайтын адам болып қалдым. Мені ешкім танымайды. Обком комсомолдың бірінші хатшысы Забиров та әңгімелесті. Мәскеуден ЦК ВЛКСМ-нан келген әйел менімен сөйлесіп болып, «Бұл кісі орысша білмейді екен. Сірә, қызметке ала алмаспыз» деді. Енді қайда барамын? Ат арбамен 200 шақырым жол жүріп әрең жеткенбіз, оның үстіне елге қайта бару – ұят. Біраз уақыт өткенде обком комсомолдың мектеп жөніндегі хатшысы Сара Мыңжасарова шақырып, «Бөлімде жалғыз өзім жұмыс істеймін, сен маған хатшы боласың» деді. Жұмыс істегенде орыс тілі жағынан көп қиындықтар болды». Ал, Сара апай кішкентайынан екі тілге бірдей және айналасына үлгі болды. Ақтөбелік еңбек ардагері Ақбике Түйешова Ұлы Отан соғысына қатысып қайтқан Сүлейменова Айыш, Кінәзбаева Қамажай, Ерниязова Өрік, Бәтенова Балжан, Тойбазарова Тоти туралы жазған мақаласында былай дейді: «Бұлардың бәрінің де еліктеп өскен апалары Сара Мыңжасарова болды. Сара сол мектепте оқып жүргенде белсенді қыз еді. Толық, ақсары жүзі күлімдеп тұратын. Сырдың «Қара торғай» әнін тамылжытып айтатын. Кейін Алматыға оқуға барды, Жазушылар одағының мүшесі болды. Бұлардың бәрі темір жол интернатында жатқанымен, Шалқардағы жалғыз орта мектепте оқыды. Бірақ тәрбиешілері орыстар еді. Бәрі де Кішіқұмның қыздары». Ақтөбе облысы,«Шалқар» газетінің 2014 жылғы бір санынан «Қарттарымыз болғаны қандай жақсы?!» мақала оқып, қатты қуандым. Тоғыз стансасында тұратын Нұрбану Жақанова былай деп жазады: «Ауылымызда Лайық Нұрпейісова есімді әже бар. Оны алғаш көрген адам бірден назар салады. Аққұба, өңді, келісті келбеті, жігері жасымаған жанары кезінде аяулы ару болғанын білдіріп-ақ тұрады. Жақынырақ араласатын болған соң әжеден өткен өмірі туралы сыр тарттым бір күні. – Мен 1933 жылы осы Тоғыз станциясында дүниеге келдім. Әкем Нұрпейіс 16-шы ауылда Тоғыз советінің секретары болған. Осы жерде Лайық Мыңжасарова есімді мұғалім болды. Сара деген қызы бар-ды. Осы өңірден шыққан Сара Мыңжасарова деген жазушы апаларың сол кісі. Әкем: «балам осындай мұғалім болсын», – деп есімімді Лайық мұғалімнің құрметіне қойған ғой». Өзім он тоғыз жылдан бері шығарып келе жатқан «Балбұлақ» республикалық балалар журналының оқушы кезінен редколлегия мүшесі болып, бұ күнде еңбек етіп жүрген Изатима Сәмтікбаеваның «Сара Мыңжасарованың «Әйел бақыты» романындағы Балымай есiмдi кейiпкердің қатты ұнағандығы соншалықты, туған сiңiлiмнiң есiмiн Балымай қойдық. Бiр қызығы, сiңлiм тура сол кейiпкерден аумай өсiп келедi, – дегені де есімде. Жазушының шығармаларына бүгінгі таңда оқырман ғана емес, ғалымдар да ықылас танытуда. Мұның бір дәлелі Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті баспасөз және баспа ісі кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Меңдігүл Бұрханқызы Шыңдалиеваның «Төзім шеңбері» деген зерттеуі. Романның әр бөлімін түбегейлі талдап, мынадай қортынды жасайды: «Жазушы Сара Мыңжасарованың бұл романында ауыл тіршілігі және ауыл адамдарының бір-біріне деген шынайы қарым-қатынасы, туыстық сезімі біршама тәуір сипатталған. Күнсұлудың басына іс түсіп, қиыншылық көргенде құрбыларының көмекке келуі де нанымды берілген. «Күн батып кетті. Қырманда күзетшіден басқа ешкім жоқ. Күнсұлу әлі бидай суарып тұр. Бұл күндері Күнсұлу қорасында бір – екі ұсақ жандығына, жалғыз сиырына да қарауды қойған. Оларды іздемейді, сиырды саумайды. Көршілес, ағайындас әйелдер ертелі – кеш үнсіз келіп, малын жайғастырып, сүтін пісіріп кетеді»- деп автор сол шақтағы Күнсұлу қайғы-қасіретіне ортақтасқан ауыл адамдарын мәні бар штрихтар беру арқылы көрсетеді. Қиын қыстау шатқалаңда шыныға түскен Күнсұлу жарық күндерден үмітін үзбей, жігер мен күрес үстінде көрінеді. «Төзім шеңбері» романының қаһарманының алдағы тағдыры, кейінгі халін топшылауды автор оқырманның үлесіне қалдырады. Қорыта айтқанда, автор бұл романда қазақ әйелінің еңбекке араласып, өз бақытын тауып, қызғылықты өмір кешетініне оқырманның көзін жеткізе суреттеген». Бүгінгі сұраныс талабынан туындаған мұндай талдауға қалайша қуанбасқа! Уақыт алға жылжыған сайын көзден де, көңілден де алыстай берер есімдерге дәл осылай аракідік оралып, қаламдас аға-апаларымыздың мұрасын түгендеп тұрғанға не жетсін. Әлдеқалай пікір жарыстырып, сыр бөліскенде, қасындағылар телегей-теңіз лықсыған ойларының шаңына да ілесе алмайтын. Әдетте сұстылау көрінер түрі мұндайда жадырап шыға келетін. Кез-келген тақырыпты түп тұқиянына шейін талдап беретін. Шіркін-ай, дейтінмін іштей, радио, теледидардан уақыт бөлсе, мәселе түйткілін қалай зерттеп, қалай сөйлеудің үлгісін көрсетер еді-ау! Көл-көсір білімі қалыптастырған ішкі мәдениеті қатарынан озық көрсететін оны. Біреулердің жаман әдеттерінен түңілгенде «Мынау кітап оқымаған сорлы ғой» дейтін. Осы тұста өзінің естелігінен мына бір үзіндіге назар аударайық: «...ол кезде кеңсе қызметкерлері кешкі жұмысқа баратын. Ертеңгі сағат тоғыздан кешкі алтыға дейін, кешкі сағат сегізден түнгі он екіге дейін шұғыл жұмысың болмаса да кеңседе отыруға тиіссің. Жексенбі күні ғана бір күн демалыс беріледі. Ал кешкі қызметтің жақсылығымен сағат сегізден түнгі он екіге дейін көркем әдебиет кітаптарын оқуға мүмкіндік алдым. Бұрақ бұл әдетім сөз болмай да қалған жоқ. Цекакомсомолдан Дяглева деген бір нұсқаушы келіп жүрген, ол Мыңжасарова жұмыс істеудің орнына кітап оқып отырады деп, цекамолдың басшыларына хабарласа керек. Мені дереу цекомолдың бюросына шақырды. Бюроның алдында сол кездегі бірінші хатшымыз Әмір Қанапин шақырып алып сөйлесті. – Кітапты жұмыстан бос уақытта оқу керек қой, – деп сөз бастай бергенде, сөзді ұзатпай мен: – Жастар арасындағы жұмысқа өрелерің тар, дүниетануларың нашар, оқымайсыңдар, адамның психологиясына қарай жұмыс істеуді білмейсіңдер, қолдарыңнан қаулы жазудан басқа ештеңе келмейді, оны да біздің қаулыларымыздан көшіріп жазасыздар десеңіз дұрыс болар еді. Бізге кітап оқисыңдар деп емес, оқымайсың деп ұрысыңыздар, - деп едім, Қанапин күліп жіберді. Маған сәл қарап отырды да, «бұл да дұрыс екен, кете бер, мәселеңді бюроға қоймаймыз» деп ұлықсат берді. Сондықтан болар, мен комсомол қызметінен кеткенде Талдықорғанның обком партиясының хатшыларын сынға алып, Әмір Қанапин мен Хиуаз Доспанованың іскер, сауатты кадрымыздан айырылып қалдық деп, айтысқа дейін барғаны. Ал комсомол қызметін атқарған жеті жылдың ішінде кешкі жұмыс мерзімін пайдаланып, батыс, шығыс, орыс, қазақ, әдебиетін оқуыма, қолыма қалам алуыма, қоғам өмірінде болып жататын құбылыстарға зер сала қарап, ой өзегінен өткізуіме әсер еткені сөзсіз». Сара Рахманқызы «Қыр қыздары» романын жазған елуінші жылдардың соңы, алпысыншы жылдардың басындағы ахуал бәрімізге белгілі. Қазаққа тән қасиет ескінің сарқыншағы саналып, жаппай жасықтыққа бой алдырып үлгерген едік. Соған қарамастан «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі» екенін қалай түсінген десеңізші. Жан, тәнімен үлтын сүйіп, іштей дәріптегенімен өткен шақтың мұң, зарына оралу оңай емес-ті. Алайда бірден қиын жанрға ден қойған автор сол қилы-қилы кезеңдегі қазақ қыз, келіншектерінің тірлік тынысы, жаңалық атаулыға ілесуі қиялын самғатып, тақырып аясын бірден анықтап алды. Әйел мұңы, әйел төзімі, әйел бақыты бүкіл шығармашылық ізденісінің өзегіне айналды сөйтіп. Соғыстан сау қайтқаны үшін жолдасы Мұқыш жұрттың бәріне көмектесуге тиістімін деп санайтын. Мемлекеттік жоспарлау комитетінің бөлім бастығы, ортасына сыйлы, Ахмет Жұбанов, Төлеу Басенов сынды небір атақты тұлғалармен жақын араласты. Әттең, тым ерте кетті. Бүкіл әулеттің мұң, мұқтажын енді өзі атқарып, таңертеңнен кешке шейін үкіметтің жұмысы, қосымша табыс үшін түнімен аударма жасап, жалындаған шағында көркем дүние стихиясына сүңгуіне мүмкіндік тумады. Сара апамыз жазушылықты шахтердың қауіпті де азапты еңбегімен салыстыратын. «Қайдағы шабытты айтасың, күтетін уақыт жоқ, жазу – кен қазумен тең» дейтін. Иә, ол өмір бойы қаруымен – қаламымен құм, тас, түйіршіктерінен алтын, күмісін ажырата аршуға тырысты. Соның арқасында «Қыр қыздары», «Әйел бақыты», «Төзім шеңбері» романдары, «Өмір көріністері» әңгімелер мен повестері күні бүгінге шейін кітапхана оқырмандарының сұранысына ие. Ғалым, композитор, күрішші, шопан, тігінші, жылқышы, дәрігер, дирижер,т.б. мамандық иелерінің жан сырын ақтарған «Замандастар» очерктер жинағының «Ақылымен, қолымен, дарынымен заманауи Қазақстанды жасап жатқан нақты адамдарды қоғамға таныту» деген бүгінгі күн талабымен үндесуі ғажап. Рас қой, «Біз «Жаныңда жүр жақсы адам» деген сөздің байыбына бара бермейміз. Шын мәнінде, Тәуелсіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білімімен, өнерімен озып шыққан қаншама замандастарымыз бар. Олардың жүріп өткен жолдары – кез келген статистикадан артық көрсеткіш». Рухани бағдарламаның мән, мағынасы Сара Мыңжасарованың ғана емес, өмірден өткен талай қазақ қаламгерінің туындыларынан да айқындалады. Киноға, небір мәнді сериялдарға сұранып тұрған Кемел Тоқаевтың детективтерінен, хикаяттарынан, ұлтының бүгінгі сұранысын жасап үлгерген Ілияс Есенберлин, қайталанбас эпикалық туынды қалдырған Хамза Есенжанов, Зейін Шашкиннің он тоғызыншы ғасыр қоғамын шынайы бейнелеуінен, Сейітжан Омаровтың шуақты, лиризмге тұнған дүниелерінен, Жәрдем Тілековтың оқыс оқиғалар арқылы көп жәйтті қамтығанынан, Өтебай Қанахиннің уақыт, заман қасіретін нақты жеткізуінен, Рахметолла Райымбековтың өмірдің өзіндей нанымды қолтаңбасынан, Қалмұхан Исабаевтың тарихи деректерді әлеуметтік көрініске ұластыруынан (тізімге ілінбегені қанша десеңізші) рухани жаңғырудың бағыт, бағдарламасын тереңірек түсініп, сипатын анық-қанық көруге болар еді. Сара Мыңжасарованың қалың жұртшылықтың қызығушылығын тудырып, жүздеген мың таралыммен шыққан кітаптары да бар. Белгілі баспагер Әбілмәжін Жұмабаев «Сара, сенің «Қыр қыздарыңа» кітапханалардан, халықтан көп сұрау түсіп жатыр, соны қайта қарап, толықтырсаң, шығарып берейін» деп, уәдесін орындады. Тіпті орысша шығуына да тікелей ықпал етті. Мәскеулік аудармашының қасына атақты актер Леонид Куравлевты ертіп, апамыздың кең дастарқанында болғандары есімде. Саясат, әдебиет, өнерге қатысты әңгіме тиегін орыс тілінде ақтарғанда, қонақтар қайран қалған. «Казахстанская правда» газетінде 1960 жылдан 1971 жылға дейін тілші, яғни осы басылымдағы тұңғыш журналист қазақ қызы болғанын біреу біліп, біреу білмейді. Орысы, еврейі бар, кілең ығай мен сығай, мықтылармен иықтас, ешқайсынан тайсалған емес. Туған ұлтының мүддесіне қатысты сәл түйткілді байқаса, «сендер қазақтың жерінде тұрып жатқандарыңды ұмытпаңдар» деп, қаны қызып ұшып тұратын. Өткен ғасырдың жетпісінші, сексенінші жылдары Байланыс министрлігінің баспасөз тарату бөлімінің бастығы боп тұрғанда, атағы дүркіреп, қазақ тіліндегі газет, журналдарға, жоспарға енген кітаптарына тираж сұрайтындардың меселін қайтарған тұсы болмаса керек. Мереке Құлкенов жазғандай: «Қазір кейбір классикпін деп жүрген қаламгерлеріміз алдымен кітап саудасы мекемелеріне, сосын Райхан жеңгем, ( Райхан Зейнутдинқызы Мертенова – Қазақстан Тұтынушылар одағының кітап саудасы бөлімінің басшысы), марқұм Сара Мыңжасарова (Қазақ баспасөз одағының басшысы, жазушы) сияқты көркем шығарманың қадірін білетін жандарға қарыздар». Шынында да талай ақын, жазушы сол тұста Сара Рахманқызының көмегін көрді, өйткені тираж дегеніңіз қып-қызыл табыс, мың, миллиондаған қаржы еді. Дәл сол жылдары талай әріптесінің материалдық жағдайларын түзеп, құт, берекесін тасытқаны анық. Қазір сендіру қиын, әлем классиктерінің таңдаулысы, толық шығармалар жинағы бар, жалпы кітап сатып алу аса күрделі, таныс арқылы арнайы жазылып, жылдар бойы әрең толығатын небір мықтылардың жеке кітапханалары. Осы шаруалардың біразы Мыңжасарованың тікелей ықпалымен жүзеге асатын. Түрлі жиналыстарда алыстан көретінмін. Түйдек-түйдек пікірін нақты жеткізіп, мінбеден түсіп, ой құшағына беріле темекі түтінін будақтатып, оқшау отыратыны есімде. Арнайы барып сөйлесуге біртүрлі батпайтынмын. Бас редакторлар, қалам тербейтіндердің алдындағы беделі зор. Кез-келгенінің мәселесін тез шешіп береді деп еститінмін. Мәриям Хакімжанова, Фариза Оңғарсынова,Тәшіңке Бәрібаева, Әмина Мәметовалардың ортасынан жиі кездестіріп, бірте-бірте жақын араласып кеттік. Бұл – о кісінің зейнетке шығып, денсаулығының нашарлығына қарамастан өндірте жазған кезі. Тағайындалған пенсиясы да мардымсыз, титтей жеңілдікке де ілінбегеніне қарамастан мырзалығында, қайырымдылығында шек жоқ еді. Қашан барсаң, дастарқаны жаюлы, еті асулы, бауырсағы пісірулі, азық-түліктің, тағамның ең маңыздысын ғана таңдайтын. Қызы Қарлығаш ештеңеден тарықтырмады. Қолы ашық, пейілі кең, тәтті, дәмдісін, қазы, қартасын дайындап, жақсы көрген жандарын күтіп отыратын. Жазушылар одағында бухгалтер боп істейтін Ибада екеуміз апамның қандай тапсырмасын да мүлтіксіз орындап, айтқанын екі еткізбедік. Көңіл қалауымен өмір сүрді, кез-келгенді жанына жақындатпайтын, тура айтып, тіке сөйлейтін. Сонша адамға жақсылық жасап, қолындағы билік арқылы түрлі мәселелерін шешіп бергенде, жеке басына орай ешкімнің алдына барған емес. Мақтау, марапат күтпеді, дүние, лауазым қумады. Бұған шамасы да жоқ-ты. Комсомол, партияның, газет редакцияларының қым-қуыт шаруасымен, білімін шыңдаумен өтті жастық шағы. Балаларының тәрбиесі, қарттардың жағдайы, ағайын-туғанның өтініші ешқашан назарынан тыс қалмады. Ел игілігіне қалтқысыз еңбек етті. Жақсы, жайсаңмен араласты. Үлкенді, кішілі әріптестерінің табысына қуана білді, күндеу, қызғану табиғатына жат еді. Мәриям апамызға деген қамқорлығы қандай еді, шіркін! Елу жасқа толғанымда, «Қазақ әдебиетіне» шығармаларым жайлы алғаш жазған Сара Мыңжасарова болатын. Әттең, қасында жұргеніммен Сара Мыңжасарова апамның шығармаларын тиіп-қашып қана оқып, жазушылық лабораторияларына, өмір жолдарына қатысты тереңірек сыр бөлісуге ынталанбағаныма дәл қазір өкініп отырмын. Бір-бірімізге мұншалық бейқамдық, салғырттық танытқанымызда, сыншыларға, замандас әріптестеріне ешқандай пікір, жақсы, жаманды лебіз білдірмепті деп өкпелейтінімнің жөнсіздігін, мұны ең алдымен өзіміздің атқаруға тиіс екенімізді тым кеш ұққандаймын. Науқасқа шалдыққанымен түрлі жоспарымен (Әмина Мәметова туралы кітап жазу, т.б.) бөлісіп, сиясы кеппеген шығармасынан үзінді оқуды ұнататын. Сағынамыз Сара апамызды. Небір күйзелісті өткерді басынан. Анасы, сүйікті жары тым ерте көз жұмды. Жиырма жасында дәрігердің қате қойған диагнозынан қайтыс болған жалғыз ұлы Оспан мүлдем қаусатып кетті. Он жылдай қалам ұстай алмады, денсаулығынан айырылды. Білгір хирург Мұхтар Әлиевтің тікелей көмегі, Қарлығашының қамқорлығы, Салтанат немересінің қызық, қуанышы ауыр дерттен айықтырып, өмірге – жазуға қайта оралтты. Сөйтіп жаңа туындыларымен табыстырды оқырманын. 2001 жылдың маусымында Сара апамыздың үйінде бас қосқанымыз есіме түсіп отыр. Ауруханада жатқанына қарамастан арнайы келген Әбдіжәмил ағамыздың шын көңілінен ақтарылған әңгімесін сүйсіне тыңдадық бәріміз. Мектепте қатар оқыған екеуінің әңгімесі жарасымды еді. Әбдіжәмил Нұрпейісов өте көңілді, тебірене сөйлеп, мектептегі кезін есіне алып отырды. Сара құрдасының қандай киім киетініне шейін есіне түсіріп, өте көп адамды атады. Әбдіжәмил аға осы уақытқа шейін бір көмек көрсетпегенін, Сара апамның да ешқашан ешқандай өтініш айтпағанын, талай адамға пәтер алуға ықпал еткенін т.б. әңгіме тиегін ақтарды. Өзінің жастық шағын армансыз еске түсіргендей болды ғой деймін… Мен Сара апамның ешкімге бармайтынын, пенсиясының мүлдем аз екенін айттым. Әбдіжәмил аға «қағаздарын жинап, маған әкел» деді. Апамыз бірақ елп ете қоймады. Не істеп, не қойса да айналасынан қолдау күтпеді, билік басындағыларға құрақ ұшпады. Өйткені есін білгеннен төңірегіндегілерге өзі қамқор, өзі би боп дағдыланған еді. Өтірік, өсектен, жәдігөйліктен, жамандықтан бойын аулақ ұстады. Ішкі тәуелсіздігі, көлгөсір білімі, әлем әдебиеті інжу-маржанынан телегей-теңіз сыр шертетіні, кішкентайынан қалыптасқан талғамы, өз заманының кем-кетігін тереңнен түсінетіні, ортаның, қоғамның даму жолын айқындай алатын биік өресі өкінішке орай рухани айналымға түскен жоқ. Бұған сұраныс та болмады, айрықша жаратылған болмысы алдынан ұдайы кедергі туғызып отырды. Айналып кеп әлем таныған кластасы Әбдіжәмил ағамен сол бір кездесудегі Сара апамның маңғаз түрі, тіпті менсінбегендей сыңай танытқаны орала береді көз алдыма. Мінезі сәл-пәл жұмсақтау боп, дәл қазір ретімен өтінішін жеткізсе, бәрі-бәрі басқаша жүйесін табар ме еді деген ой қылаңдаған со жолы. Әдебиет кеңістігінде бағы жанған Ә.Нұрпейісов бала кездегі танысына қалайда демеу болар деп үміттенгенмін... 95 жылдығы ресми аталмағанымен, оқырмандары есімін ұмытқан жоқ, кейіпкерлерінің атын перзенттеріне қойдық деп жатады, кітапханаларда шығармаларын іздеп сұрайтындар жетерлік. Түрлі фразеологиялық, лингвистиқалық, филологиялық, топонимикалық, терминологиялық, т.б. тақырыптық сөздіктерде шығармаларының сөйлемдік құрылымдары өте жиі мысалға алынады. Романдарын жан-жақты зерттеп жүрген ғалымдар да бар. Жоғарыда атап өткеніміздей, өнер – өмірі рухани жаңарып, жаңғырудың сипатына тұнып тұр. «Семиреченская правда», «Казахстанская правда» газеттері мен партия, комсомол саласында атқарған жұмысынан небір сырлар ақтаруға болар еді. Еврей мен орыс (шетінен мықты) әріптестерімен пікір таластырып, ұлттық мүддеге келгенде, бет қаратпайтыны жайлы сұхбаттарында, естеліктерінде талай айтылған. Совет заманында қазақ басылымдарының, кітаптарының таралымын көбейтудегі тәжірибесі өзалдына. Шіркін, дәл қазір Сара Рахманқызындай мамандар жетпейтіндей көрінеді маған. Өрлігі, суырып салма шешендігі, тез шешім қабылдайтыны адалдығымен, әділдігімен үндесіп, кез-келген мәселені түбірінен түсіне қоятын. Рухани жаңғыру бағдарламасына жан кіргізу үшін де бір сәт жүрегі қазағым, ұлтым, тарихым, тілім деп лүпілдеген осындай тұлғалардың архивтердегі, кітапханалардағы мұрасынан сусындаған жөн-ау. Тазарудың, жаңарудың, сананы оятып, дүр сілкінудің амал, тәсілін өткен шақтан да үйренуге болады. Мағира Қожахметова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты qazaquni.kz