ҚАРАҒАНДЫЛЫҚТАР ҚАСЫМ АҚЫНҒА ҚАЛАЙ САЛҒЫРТ ҚАРАП ОТЫР?
2020 ж. 02 ақпан
2445
0
(Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбековтің назарына)
Қасым қазақ тарихындағы ең қасіретті ақын десе болады. Ғұмыр жасы советтік-социалистік, тоталитарлық заманға тап келіп,іштегі қайғы-шерін жалғанның жарығына сарқып шығара алмай, жылқышыға жыр, қойшыға сөз болған ақын осы еді. Қазақ әдебиетіне еуропалық өлең мәдениетін сіңіріп, оның көш керуенін осы заманға түзеген Абайдан кейінгі ақын осы Қасым еді. О кезде қазақ жырының ХХ ғасырдағы ірі өкілі Мағжан- қара тізімде... Мағжанды сол кездегі көзі қарақты, көңілі ояу замандас-қатарластарынан басқа ешкім байқамай қалды... Қазақ жырын Абайдан кейін тезге салған адам – Қасым! Біз де Мағжанды оқи алмадық.
Адамзаттың материалдық және рухани құндылықтарын жасағандардың бәрі де – ноқтаға асау басы сыймаған азат адам, олар Ньютон мен әл-Фараби, Пушкин мен Абай, Бауыржан Момышұлы мен Қасым Аманжолов! Қазақ поэзиясын қияға шығарған 60-шы жылдардағы реформашыл асқақ буын Тұманбай, Мұқағали, Қадыр, Өтежан, Жұмекен, Сағилардың бәрі де осы Абай-Қасым мектебінің қарлығаштары еді.
Қазақ поэзиясындағы Абай, Қасым мектебі ХІХ-ХХ ғасырлардағы қазақ жырын осы күнгі адамзаттық деңгейден де асырып жіберді деуге болады! ХХІ ғасырдағы қазақ өлеңі бүгінде де бүкіл дүниежүзілік поэзияның көш басында тұр! Біз бәсекеге түсіп жүрген озық отыз елдің жыры да онымен тізе қағыса алмайды!
Қасымның қадір-қасиетін одан кейін іле-шала дүниеге келген жас, жасампаз Қасымдар бірден түсінді: «Дейсіңдер-ау Қасымның несі Қасым? Ақынмын деп қомпаңдап жүргендердің әммесінен Қасымның десі басым...» (Мұқағали).
Ол дүниеден үйсіз, күйсіз өтті. "Берсең-бер, бермесең қой баспанаңды, Сонда да тастамаймын Астанамды. Өлеңнің отын жағып жылытармын, Өзімді, әйелімді, жас баламды!"-дейтін аңыз өлең осы кезде туған-ды. "Жүсіпбеков жолдастың үйіне біз, Қараймыз да сыртынан сүйінеміз. Қашан түсіп қалғанша хатшы болмай, Неге ақын болдық деп күйінеміз?"-дегені қандай?! Күллі елді жарылқаймыз деп, ырзығы ат төбеліндей совет шенеуніктерінен аспай қалған... құл-құтанның мемлекеттік жүйесіне деген ащы мысқыл ғой бұл?!
... Ақжайық елі Қадыр Мырза Әліні алақанына салып жатыр. Қасымды пір тұтып келген ақынның мерей тойы салтанатпен өтті. Жетісуда Мұқағали Мақатаевтың атақ-даңқы жер жарып тұр! Ұлттық поэзиямызға алпысыншы жылдары келген осынау асау толқынның пірі Қасым еді. Біз оған қандай құрмет жасадық? Қарағанды-Қарқаралыда дүрілдетіп 100 жылдығын атап өттік. Екі ай сайын республикалық «Қасым» журналы жарық көреді. Одан басқа түк жоқ... Қасымның шәкірттеріне жасалып жатқан ілтипат-құрметтің қасында мұның бәрі – әншейін дүние ғана...
Ресейде Пушкиннің үйі, Блоктың үйі, Прагада Кафканың үйі бар. Өмірден үйсіз-күйсіз өтіп, қазақ жырын бір ғасыр алға сүйреп кеткен Қасымға кіндік қаны тамған Қарағандыда ірі мәдени-рухани орталық (Қасым үйін) салу – кезек күттірмейтін міндет! Соның ішінде Қасым кітапханасы, Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалы, Қасым журналының редакциясы орналасып, онда облысымыздағы ұлттық руханияттың қазаны қызу қайнап жатса, нұр үстіне нұр болар еді ғой?!. Облыс әкімі мен облыстық мәслихаттың депутаттары Оралда қолға алынған игі шаралардан кейін ойланатын шығар деп, дабыл көтергенімізге де біраз уақыт өтті. Елең еткен ешкім жоқ әлі...
Құрметті Жеңіс Қасымбекұлы! Сіз, қазақ руханиятын жақсы білетін уызына жарыған адам ретінде осы бір келеңсіз шаруаға батыл араласып, Арқада Қасым Үйінің шаңырақ көтеруіне ұйытқы болады деп ойлаймыз?!
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ,
Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері,
Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты
Қазақ үні