Сәбит ДОСАНОВ, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері: Әдебиет жаһандану қаупінен сақтайды
2020 ж. 14 қаңтар
5422
0
Мен үшін мерейтой – той тойлау емес, ой толғау
– Сәбит Аймұханұлы, мерейлі 80 жасыңыз құтты болсын! Қазақтың біртуар ұлы Бауыржан Момышұлы жасы үлкен қарттарды: шал, қария, ақсақал және абыз деп төртке бөліпті. Отбасы, ошақ қасынан ұзап шыға алмай, түтін аңдып, үй аралап, саяси өсек айтатын қартты – шал; өз әулетін шашау шығармай уысында ұстап, билік жүргізген қартты қария, тұтас бір ауылдың жыртығын бүтіндеп, айдынын асырып отырған қартты ақсақал, елдің дау-дамайын шешіп, арғы-бергі тарихтан әңгіме қозғап, тұла бойына ұлттық рух, ізгі қасиеттерді молынан сіңірген қартты абыз деп атапты. Сіз еліміздің арғы-бергі тарихын қозғап, тарихи роман жаздыңыз. Сонымен қатар, қарымды қаламгер ретінде ұлтымыздың ұпайын қал-қадіріңізше әлі түгендеп келесіз. Бойыңыздағы ізгі қасиеттер адамдық биігіңізді асқақтата түсетіндей... Соған қарағанда, өзіңізді абыз биігіне көтерілген айтулы азамат десек артық айтқандығымыз болмас... – Рахмет айналайын! Абыз деген ат маған артықтау. Ол үшін әлі де еңбектене түсу керек деп есептеймін. Ақсақал деген ат маған әзірге жарасымды шығар. – Жалпы 80 деген жас қалай екен, көке? Мерейтой алдындағы көңіл-күйіңіз қалай? – 80 жасқа жеткізген Аллаға мың да бір шүкір. Мұндай жасқа жеткен де бар, жетпеген де бар. Маған осындай нұрлы күнді көрсеткен Жаратқаныма ризашылығым шексіз. Өйткені, маған өнегелі өмір сүруді, талантым арқылы талайға танылуды нәсіп етті. Сондай-ақ, сан мәрте ажал аузынан аман алып қалды. Қуанышта да, қайғыда да қасымнан табылатын достарды ғана емес, төңірегіме тек ғана жаны жайсаң жақсыларды жиып беру арқылы Мейірімі шексіз Алла мені жақсы көретіндігін білдіріп тұрғандай. Достарымның көшін қазақтың белгілі ақыны, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов бастап тұр. «Құданы Құдай қосады» демекші, Елбасымыз Н.Назарбаевпен, қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровпен құда болып, өрісіміз одан әрі кеңейіп жатыр. Сондай-ақ, жанымды ұғынатын Құралайдай өмірлік серігім –Жаратушының маған берген ең үлкен сыйы. Мен үшін кез-келген мерейтой – той тойлау емес, ой толғау. Белгілі бір белесті бағындырған кезде, тек той жасап, елдің басын қосып қана қоймай, осы күні ел алдында есеп беремін. Күні бүгінге дейін бітірген, бітірмеген істерімді саралап, бір сүзгіден өткіземін. Қуанышты күні көп тілегінен қуат алып, ары қарай алға қойған жоспарларымды жүзеге асыруға кірісіп кетемін. Бұйыртса, осы жолы да сол үрдіс жалғасын табады деген ойдамын. – Қос дәуірдің куәгері ретінде бүгінгі қазақ әдебиетінің даму барысы туралы ой-пікіріңізді ортаға салсаңыз... – Қазақ әдебиеті өзінің жүз жылға жуық тарихына қарамастан, ғасырлық тарихы бар әдебиеттермен тең түсе алатын деңгейге жетті. Әсіресе, Ә.Нұрпейісов ағамыз бастаған проза жанрының ұлы көші ұлт руханиятына зор үлес қосып, қарқынды даму үстінде. Күні бүгінге дейін кенжелеп келе жатқан драма жанры да Дулат Исабеков, Тынымбай Нұрмағамбетов т.б таланттардың туындылары арқылы биік деңгейге қол жеткізді. Ал, поэзия жанры бойынша жастардың алдыңғы шептен көрініп келе жатқаны көңіл қуантады. Дегенмен, кейде маған поэзия жауапсыз махаббатты жырлаудан ары аса алмай жатқандай көрінеді. Соның салдарынан, әлеуметтік мәселелер көбіне тасада қалып жатыр. Поэзиядағы көтерілетін тақырыптардың аясы тар екендігін айтуға тиіспіз. Өйткені, махаббат, туған жер, арнау өлеңдерімен ғана біз ұзаққа бара алмаймыз. Әйтеуір, қазақ поэзиясы Құдай ерекше талант берген дарындардан кенде емес. Олар тек өз елімізбен шектеліп қалмай, әлемдік биікке көтерілсе екен деймін. Біздің ақындарымызды тек қазақ халқы ғана емес, әлем жұртшылығы білсе екен деймін. Бұл бағытта тыңнан түрен салу үшін, біздің ақындарымыз әлбетте, орыстың, батыстың ақындарының шығармашылығынан сусындап, үнемі ізденіс үстінде жүріп, өз-өздерін жетілдіре түсуі қажет. – Құрылғанына 85 жыл толып отырған Қазақстан Жазушылар одағының бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай? – ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Ұлықбек Есдәулет тізгінін ұстаған Қазақстан Жазушылар одағы бүгінде жаңа серпінмен дамып келеді. Келешекте одақ жұмысы бүгінгіден де жанданып, одан әрі биіктей түседі деп есептеймін. Бағымызға орай, жаңадан сайланған Президентіміз Қ.Тоқаев ә деген бетте-ақ, қазақ руханиятының дамуына айрықша көңіл бөлді. Мемлекет басшысының қазақ әдебиетіне деген қамқорлығын Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулетті және т.б көптеген жазушыларды арнайы қабылдап, олардың жағдайымен жете танысуынан-ақ айқын аңғарамыз. Мемлекет тарапынан одаққа екі бірдей көліктің берілуі – шығармашылық иелеріне көрсетілген қамқорлық.Ал, Алматы қаласының тізгінін ұстаған Бақытжан Сағынтаев 150 ақын-жазушыға грант бөліп, одақ ғимаратын күрделі жөндеуден өткізіп, мүмкіндігінше оларға зор қолдау көрсете бастады. Бақытжан Әбдірұлының Жазушылар одағына арнайы ат басын бұрып, қаламгерлердің жай-күйімен жақын танысуы өзге әкімдерге үлгі-өнеге болар іс. Шығыстың бір ұлы ақыны: «Ақындары әкімдерін іздесе, ондай елдің маңдай соры бес елі, әкімдері ақындарын іздесе, бақыт нұрын кешеді», – деген. Сол айтпақшы, әкімдері іздеген біздің шығармашылық өкілдері шынында да, бақытты.«Аруана» – гауһар тас, інжу-маржан поэма
– Жаратушы Иеміз бармақтай бақ берген жазушының бірісіз. Өзіңізге отызға жетпей-ақ орда бұздырған төл туындыңыз – «Ақ аруана» туралы ақтарыла сыр ақтарсаңыз екен... – «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демеуші ме еді дана халқымыз. Жастайымнан жарқылдап көріне білсем, ол – Әуезовтей әулиенің дәрісін тыңдағанымнан. Мұқанов, Мүсірепов, Мұстафиндей ұстаздарымның ұлағатын бойға жиғанымнан. Менің әдебиет әлеміндегі Сәбит Досанов деген атымды қалыптастырған туындым – «Ақ аруана». Мен бұл шығармамды жиырма бес жасымда жаздым. Араға екі жыл салып, жарық көрді. Шетелдіктердің таңданысын туғызған осы шығармам бүгінде әлемнің қырықтан астам тіліне аударылды. Осыдан кейін, халықаралық баспасөз беттерінде «Ақ аруана әлемді аралап жүр» деген мақала жарияланды. Ал, грузин ақыны, сыншы, академик Мурман Джугубриа: «Аруана» – гауhар тас, інжу-маржан поэма. «Ару-анада халықтарды, әртүрлі діни-сенімдерді біріктіретін нәрселер бас қосқан. Бұл классикалық туынды», – деп жоғары бағасын берген-ді. – Елімізден де шетелден де жоғары бағасын алған «Жиырмасыншы ғасыр» романыңызда бүкіл бір ғасырдың тарихын көркем шығарма тілімен өрнектеп шықтыңыз. Қазақ әдебиетіндегі бұрынғы ұстанымдардың ізімен емес, образдарыңыз өз оқырманын сан қырлылығымен баурай түседі. Аталмыш туындыңыздағы жаңашылдықты тағы бір саралап өтсек, артықтық етпейтін сияқты... – Бұл романды жазудағы басты мақсатым – бірнеше буын ұрпақтың тағдыры арқылы соңғы жүз жылдың көркем шежіресін жасап шығу еді. Роман шынайы тарихи фактілердің берілуімен де ерекшелене түседі. Мәселен, 1905 жылы Бақытжан Қаратаев Думада сөйлеген сөзінде, патшаның жүргізіп отырған отарлау саясатын айыптаған. Бұл сөз Алаш арыстары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы барлығы бірлесе отырып дайындалған деп ойлаймын. Мұндағы басты оқиға – Владимир Ильич Лениннің сол сөзден үзінді келтіре отырып, арыстарымызды қолдағандығында. Бұған дейін қазақ әдебиетінде байлар көбіне жағымсыз бейне ретінде сомдалғаны соншалықты, бай десе халық көз алдына бірден жаман, қатыгез адамды елестетін деңгейге жеткен. Ал мен Нұрдәулет образы арқылы көзі ашық, оқыған байды көрсеткім келді. Нұрдәулет қажылыққа барған, ол орыс және басқа да шет тілдерін өте жақсы меңгерген адам. Сонымен қатар, ол Ахмет Байтұрсынұлымен дос. Қарашекпенділерге қарсы күресте петицияға қол жинап, күрестің бел ортасынан табылады. Нұрдәулеттің ғашығы Айжан өте білімді қыз болады. Бірақ екеуі қосыла алмайды. Айжан гимназияны үздік бітіріп шыққан, 1900 жылдары Франциядағы Сарбонна университетінде жоғары білім алған. Аталмыш оқу орнын бітіріп, үлкен ғалым атанады. «Жиырмасынша ғасыр» романына дейінгі әдебиетіміздегі көптеген шығармаларда қазақ қызы әкесінің айтқанынан шыға алмай, байларға малға сатылып кете берсе, ал Айжан өзінің ойы, көзқарасы бар сауатты қыз. Мен осы Айжан образы арқылы қазақ мәдениетінің жоғары деңгейде екенін, ешкімнен кем емес екенін көрсеткім келді. «Жиырмасыншы ғасыр» романының жаңалығы – Ақбас бүркіттің символикалық биікке көтерілуі. Оқиғаның басым бөлігінің Ақбас бүркіттің көзімен берілуі де әдебиет әлеміндегі жаңалық деп жазды әдебиет сыншылары. Осы тұста Елбасымыз Н.Назарбаев романды оқып: «Қазақ әдебиетінде Әуезовтен кейін эпопея жазған жалғыз жазушы – Сәбит Досанов», – деп ресми түрде ел алдында жоғары бағасын берді. – Оқырман қауым өзіңіздің шығармашылықтағы жоспарларыңызбен де таныса отырса... – «Жиырмасыншы ғасыр» атты роман-эпопеям өз бағасын алғанын өзің де жоғарыда атап өттің. Ендігі жоспарым – «Жиырма бірінші ғасыр» атты роман-эпопея жазу. Бұл туындымда Президенттен бастап, шенеуніктер, олигархтар, жезөкшелер, қайыршылар, яғни, қоғамның барлық мүшесінің өмірін түгелдей қамтығым келеді. Алла деніме саулық берсе, басты қаруым – қаламым арқылы бүгінгі күннің картинасын жасаймын деген ойдамын. – Өзіңіз білетіндей таяуда ғана ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы жарық көрді. Осы мақаладан не түйдіңіз? – Қасым-Жомарт Кемелұлының ел басқарған кезеңімен әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Алтын Орданың 750 жылдығы, Абайдың 175 жылдығы сынды айтулы оқиғалар тұспа-тұс келіп тұр. Бұл бағыттағы жұмыстарды мемлекет басшысы бастап та кетті. Қ.Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы дер кезінде жарияланған бағдарламалық мақала десек артық айтқандық емес. Ендігі жерде, Ұлы Абайдың ұлылығын күні бүгінге дейін жоғары деңгейде танып біле алмай келсек, сол олқылықтың орнын толтыратын кез келді. Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын әрбіріміз қолдауға тиістіміз. Қолдау дегенде тек ғана ой-пікір білдірумен шектелмей, Ұлы Абайдың даналығын бойымызға сіңіре білуіміз қажет. Ол үшін Абай әлеміне дендеп енуіміз керек. Сонау жастық шақта оқып жаттаған Абай жырлары әлі күнге дейін санамда сайрап тұр. Қарасөздері де бір сәт есімнен шыққан емес. Абайға әлде де тереңірек үңіле түссек, шығар шыңымыз да биіктей түспек. – Сәбит Аймұханұлы, бір сұхбатыңызда: «Ел бақытты болмай, ер бақытты болмайды» деген едіңіз. Біздің ел бақытты ма? – Аллаға шүкір, еліміз ашық аспан астында көк туын көкте желбіретіп, бейбітшілік пен ынтымақты ту етіп, бақытты өмір кешіп келеді. Қазақстан атты мемлекетті бүгінгі күнге дейін дүниежүзі таныды. Өркениет жолымен ақырындап дамып келе жатырмыз. – Қоғамның бір мүшесі ретінде ел жағдайына көз тастағанда не ұғасыз? – Елдің бәрінің жағдайы бірдей емес екені белгілі ғой. Сондықтан, біріне қарап, сүйінсең, екіншісіне қарап күйінесің. Әсіресе, ауылдағы ағайынның хал-ахуалы мені қатты алаңдатады. «Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз» деп Бейімбеттің айтқан сөзі әлі күнге дейін күн тәртібінен түскен жоқ. Ауыз суға жарымаған ауылдағы ағайынның халы аянышты. Жарық, жылу, жолдың жырымен жүрген жұртты көргенде жүрегім ауырады. Олардың көзінен тек ғана алдағы жарқын күнге деген үмітті ғана көремін. Сол үміттері ақталса екен деймін... – Тәуелсіздік алғанына отыз жылға таяған, озық отыз мемлекеттің қатарына кіруді көздеген Қазақстанның әрбір ауылы ажарланып, қарыштап даму жолына түсетін кезі әлдеқашан келді емес пе, көке? – Әрине, біздің Қазақстан жер бетіндегі ең бай мемлекеттердің бірі. Санаулы халықтың бар жағдайын жасауға шамасы да жетерлік. Бәріне кедергі келтіріп отырған нәрсе – ол жемқорлық. Қоғамның барлық саласын жайлаған осы бір дертке түп-тамырымен балта шабылса, онда біздің елге жұмақ орнар еді. Оффшорларда жатқан жүз миллиард доллар қайтса, онда еліміздің 20 млн. тұрғынының әрбіріне котедж салып беруге жетер еді.Билік басындағы азаматтардың басты кемшілігі – халықтан қол үзіп кеткендігінде
– Халықтың хал-ахуалы биліктің тізгінін ұстаған ерлерге тікелей байланысты емес пе? Өзіңіз де ел ағасы ретінде басшылық қызметте жүрген азаматтармен байланысып тұрасыз ғой, сіздің ойыңызша оларға бүгінде не жетіспейді? – Осындайда заңғар суреткер Ғабит Мүсіреповтің «Мәдениет пен әдебиет ұлы болмай, ұлт ешқашан ұлы болмайды» деген сөзі еріксіз еске түседі. Біз жаhандануға жұтылып кетпейміз десек, мәдениетіміз бен әдебиетімізді дамытуға күш салуымыз керек. Барлық нәрсе айналып келгенде мәдениетке келіп тіреледі. Мәселен, мәдениетті адам қылмысты да, ұрлықты да жасамайды. Біздің шенеуніктердің дені кітап оқымайды. Кейбірінің кітап тұрмақ, газет-журналдың бетін ашуға да мұршалары жоқ. Шенділерге жетіспей жатқан кейбір нәрселерді атап көрсеткім келіп отыр. Олардың көпшілігі уақыттарын тиімді пайдалана білмейді. Таңнан кешке дейін қайта-қайта жиналыс өткізе берудің түкке де пайдасы жоқ. Мәселен, бізде Президент жиналыс өткізсе, ізін шала премьер-министр, министрлер, одан кейін облыс әкімдері сол әрекетті қайталайды. Жиналыс деген шенеуніктердің уақытын ғана емес, миын да деп жатыр. Пайдасыз жиындарды қысқартып, керісінше, халықты мазалаған мәселелерді шешуге күш салған жөн. Одан соң біздегі бюрократия демократияны жұтып жатыр. Мысалы, отыз жыл мемлекет басқарып, КПСС Орталық Комитеті Саяси бюросының мүшесі болған Дінмұхамед Қонаев керемет демократ еді. Кез-келген адам хабарласып, өзінің мұң-мұқтажын, алғыс-тілегін айта беретін. Ал, босамай жатса, міндетті түрде өздері телефон соғатын. Ал қазір министр тұрмақ, оның орынбасарымен телефон арқылы тілдесудің өзі мұң. Биліктің тізгінін ұстаған азаматтардың басты кемшілігі – көпшілігінің халықтан қол үзіп кеткендігінде. Халықсыз олар кімге министрмін, кімге әкіммін деп қызмет етеді? Елмен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істегенде ғана жоғары нәтижеге қол жеткізбей ме? Түптеп келгенде, халықсыз, жазушы да, ақын да ешкім емес. Әрі-беріден соң, Президенттің де халықсыз күні жоқ. Халықсыз ол кімді басқарады? Сондықтан, әрбіріміз үшін халық ең бірінші орында тұруға тиіс. – Қандай арманыңыз бар? – Менің үш арманым бар. Біріншісі – Тәу етер Тәуелсіздігіміз мәңгілік жасай берсе екен. Екінші арманым: халқымыз бақытты өмірге кенеліп, өркениеттің жемістерін көрсе екен. Үшіншісі – тағы бір он жыл өмір сүрсем екен. Бәрі де бір Алланың қолында, әлбетте. Одан көп өмір сүру нәсібі бұйырса, оны да көрерміз. – Тілегіңіз... – Қазақты кейінге тартып тұрған төрт тұсау: рушылдық, жершілдік, қызғаншақтық, күншілдік. Келер ұрпақ осындай қасиеттерден ада болса екен деп тілеймін. – Әңгімеңізге рахмет! Жүзіңіз жарқын күйде жүзге жетіңіз!Сұхбаттасқан: Гүлмира САДЫҚ
Құттықтау ҚАЛАМЫҢЫЗ ҚОЛДАН ТҮСПЕСІН! Құрметті Сәбит Аймұханұлы! Республикалық «Қазақ үні» газетінің ұжымы Сізді ақсақалдықтың асқаралы кезеңі, кісіліктің кемел шағы саналатын 80 жасқа толған мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтайды. Сіз жас күніңізден-ақ қазақ Қарасөзінің шу асау арғымағын бастықтырып, руханият ісіне еркін араласып өстіңіз. Қандай қызметте жүрсеңіз де азаматтық ісіңізбен жарқырай көрінумен болдыңыз. Сіздің араласуыңызбен атқарылған шаруалар, тындырылған істер ел-жұртыңыздың көз алдында. Сол еңбектеріңіз Өзіңізді адамдықтың айдынында жүздірді. Ғибратты ғұмырыңыз әрбір қазақ азаматына үлгі, өнеге. Бүгін сексеннің сеңгіріне жаныңызға еңбекқорлық пен адалдықты серік етіп, жарасты келіп отырсыз. Осынау шығармашылық ғұмырыңызда әдебиет пен мәдениетке қалтқысыз қызмет еттіңіз. Жазушылық пен азаматтықтың қос тізгінін тең ұстап, толайым дүниелер тудырдыңыз. Сіздің қаламыңыздан туған шығармаларды қазақ көркемсөзіне қосылған зор үлес деп білеміз. Сонау алғашқы «Қайырлы таң», «Тау жолы», «Ақ аруана» шығармаларыңыздан бастап «Дүние жалған», «Жусан исі», «Қыран қалғымайды», «Екінші өмір», «Қылбұрау», «Ұйық», «Тұйық», «Намыс найзағайы», «Тау жолы», «Жиырмасыншы ғасыр» деп жалғаса беретін отыз томдай еңбегіңіз оқырман олжасына айналды. Осы үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, М.Шолохов атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты, Қырғызстан Республикасының «Алтын қалам» әдеби сыйлығының иегері атандыңыз. Шау тартпас шабытыңыздың арқасында бүгін де қолыңыздан қаламыңыз түспей, оқырмандарыңызды қуантумен келесіз. Саналы ғұмырын көркем сөзге арнаған Сіздің алдағы уақытта да жемісті еңбек ететініңізге сеніміміз мол. Өзіңізді үлгі тұтып, шығармаларыңызды өз жүрегінің дүрсілі деп білген қаншама шәкірттеріңіз бар. Сол іні-қарындастарыңыз бен қалың оқырмандарыңыздың құрметіне бөленіп, ақыл айтар ақсақалымыз болып, көш бастап ортамызда аман-сау жүре беріңіз. Құрметті Сәбит Аймұханұлы! Мерейтойыңыз құтты болсын! Отбасыңыз аман, бауырыңыз бүтін, шаңырағыңыз биік болсын! Сізге шығармашылық толағай табыстар тілейміз!Құрметпен, «Қазақ үні» газетінің ұжымы.
Сәбит Досанов замандастары көзімен...
Сіздің қаламыңыздан шыққан әңгімелеріңіз бен очерктеріңіздің, хикаяттар мен романдарыңыздың өз оқырмандары қалыптасқан. Олардың бірқатары шетел халықтарының тілдерінде жарық көріп, қазақ әдебиетінің танылуына қосқан лайықты үлес болды.Нұрсұлтан Назарбаев
Сіз туындыларыңыз арқылы халқымыздың руханиятын еселеуге зор үлес қосып келесіз.
Қасым-Жомарт Тоқаев
Я хочу особо отметит также новую работу Сабита Досанова цикл романов под общим названием «ХХ век». Сама идея создать художественную летопись столетия через судьбы людские заслуживает большого внимание.Мустай Карим
Досановтың «Аруана» хикаясында аналық түйемен оның ботасын сипаттауы адамнан бетер. Тілсіз түйенің мекенін, балажандылығын сипаттағанда Сәбит оқырмандарының сана-сезімін толғандырып кейде көзіңе жас алғандай халге келтіреді. Кейбір сипатында жақсы ақындар дәрежесіне көтерілген автор қазақ тілінің қайдағы бір тәтті балын тамызады.Сәбит Мұқанов
Сабит, ты много сделал для развития казахский литературы. Тебя читают и любят люди. А это много значит.
Чингиз Айтматов
Образ «Белая аруана» преобретаеат символический размах, рождая философские размышления общечеловеческого значения.
Сергей Михалков
Язык у него хороший довольно богатый и гибкий.
Абдижамиль Нурпеисов
Данный сборник не может оставить французского читателя равнодушным. Сабит Досанов является чутким рассказчиком и внимательным художником, показывающим прошлое, настоящее и будущее.Альберт Фишлер