ӨРЕКПІГЕН ӨТТІ ҒОЙ құштар күнім...

 Тобаяқов Бақытжан Ошақбайұлы 1953 жылдың 21 сәуірінде Талдықорған (қазіргі Алматы) облысының Гвардия ауданындағы Бостан ауылында туған, Талғар ауданының Тұздыбастау кентіндегі орта мектепті алтын медальмен бітірген. Қ. Сәтпаев атындағы Қазақ мемлекеттік техникалық, Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университеттерінде білім алған. Академик Ш.Шөкин атындағы Энергетика ғылыми-зерттеу институтында, мемлекеттік органдарда, көптеген газет-журнал редакцияларында, «ХАБАР», «ТАҢ» телеарналарында қызмет істеген. Қазір Астанадағы ұлттық «КЕGОС» компаниясында Менеджер. Ол Қазақстан Жазушылар, Журналистер одақтарының мүшесі. Халықаралық Түркі поэзиясы, Абай поэзиясы сыйлықтарының лауреаты, академик С.Бәйішев, Ә.Бөкейханов атындағы, Журналистер конгресі сыйлықтарының иегері. Нәзір Төреқұловтың, Үмбетей жыраудың, Қарсақпайдың, Астана қаласы мен ұлы Абайдың мерейтойларына арналған мүшәйралардың жүлдегері. Қазақстанның еңбек сіңірген энергетигі, ҚР Ұлттық Инженерлік академиясының мүше-корреспонденті, Қазақстанның Мәдениет қайраткері, Алматы облысы Кербұлақ ауданының құрметті азаматы. 30-ға жуық кітаптың авторы. Орыс классиктері А. Сумароковтың, С. Есениннің, тәжіктің аса көрнекті ақыны Г. Сафиеваның өлеңдерін тәржімалаған. 2005 жылдан Астана қалалық «Мемлекеттік тіл» қозғалысы Төрағасының бірінші орынбасары. Тіркелмеген «Халық рухы» партиясын ұйымдастырушылардың бірі. «Қазақстан Республикасының Тәуел­сіздігіне 20 жыл» мерекелік ме­далімен марапатталған (2011 ж.)

Тәуелсіздік жыры Тәуелсіздік! Тәттісің ғой сен балдай, Еркіндікте елім қандай, жер қандай! Азаттықтың арқасында бостан боп Келемін де өз жолымды мен таңдай. Тәуелсіздік! Осы сөзде сиқыр бар, Естігенде көңіл-күйім қиқулар. Артта қалда қиямет пен қиянат, Алаңдау мен уайым-қайғы ұйқы ұрлар. Тәуелсіздік! Сенде бабам қаны бар, Желтоқсанның ызғырығы, зары бар. Оңайлықпен келмедің сен, ұғынса Адам деген жамандықтан арылар. Тәуелсіздік! Құшағыңа қыстың сен, Алақайлап көгілдірге ұштым кең. Желтоқсанның өтіндегі алаңда Ғасыр бойғы запыранды құстым мен. Тілім дедім, дінім дедім, діл дедім, Уайым шектім, қайғыландым, күлмедім. Талатса да иттеріне зор билік, Иілмедім, бүгілмедім, үндедім. Таяғына жон арқамды тосқам-ды, Сабағанда сілімтіктер достарды. Аямады антұрғандар, жендеттер Шаштан жұлды махаббатты, бостанды... Боз таңым да арайланды атқалы, Бостаным да босағадан аттады. ...Балдәуренді қызықтаған балғындар Тәуелсіздік жырын талай жаттады. *** Өмір болмас тұтастай ерлік тізбе, Абайдың жасына ғой келдік біз де. Қайда сол бір махаббатқа мас жылдар, Сарғайдық та шау тарттық, ендік күзге. Енді оралмас алғаусыз албырт шағым, Мосқалданған бүркіттей салғырттамын. Айта алмаймын ғұмырым сірә мәнді, Көрдік небір шырғалаң, бұралаңды. Шайылса да өзенге қайран жылдар, Өзімменен серіктей жыр аман-ды. Сақтаймын ғой сырымды осы өлеңде, Тіршіліктің мәні де, хошы өнерде. Базардағы нарықты жебір бұлдар, Жақтырмайды ақын деп небір мұндар. Мүбарактай мөп-мөлдір, о, дариға, Қол бұлғайды арттағы сеңгір жылдар. Селт етемін түсімнен оянғанда, Тірлігіне адамзат тоя алған ба. Келмес енді көктемім, жаз қарайта, Қайрылмайды, қарашы, қаздар қайта. Қатар ұшқан аққулар қақ төбемнен Мұңлы әуенді сыңсиды саздар айта. Санам менің сарсиды сарғайғаннан, Тек жырымнан байырғы қалғандай мән. Өрекпіген өтті ғой құштар күнім, Таң сібірлей тыңдаушы ем құстар үнін. Бәйгелерде шаң бермес ардакүрең Атымды кім ендігі ұстар бүгін. Сергелдеңді, серуенді ұмытпайын, Енді ұлағат тарихты ұлықтайын... *** Бес жаста тайға міндім ашамайлы, Болғандай көңіліме аса жайлы, Он жаста орғыдым мен кер құландай, Өсетін бала ғой бұл дер бұлаңдай, Он бес жас – бала менің махаббатым, Дәмін де алғаш рет тата алатын, Жиырмада дөнендердей дөңді астық, Жалыны жан күйдірер келді жастық, Жиырма бес – жастық шақтың шамшырағы, Сайрайтын сансыз құстар әнші бағы, Отызда орда бұздым ор-қамалды, Еңбекшіл ерен жігіт зор саналды, Отыз бес – жігіттіктің төр биігі, Тау-тастан тайсалмайтын ор киігі, Қырықта қиып түсер қылыштайсың, Құйылған сом білекті құрыштайсың, Қырық бесте қырағы қырандайсың, Бұла күші қайтқан бір бұландайсың, Елу деген еңселі биік екен, Жастық атты отаудан үйі бөтен, Елу бес те елеңдер артқа қарай, Жас жеткіншек жатады қартқа балай. Кезінді ұлықты да сүйекті едік, Енді міне алпысты иектедік, Төрге қарай ақырын жақындадық, Отырғызар інілер сүйеп келіп, Өмір деген қас-қағым біле-білсең Көпірден тербетілген күй өткелік... Сені көргім келеді... Сені көргім келеді сеңгірлерден, Гүл ұсынып өзіңе бергім келген. Алатаудың бар гүлін саған арнап, Етегінен, белінен, тердім жерден. Сені көргім келеді белестерден, Түсімде мен өзіңді елес көргем. Жаздым жырды жазира-жаһандарға, Жүрек сырын ешкіммен теңеспеген. Сені көргім келеді қыраттардан, Мөлдіреген тау-өзен, бұлақтардан. Қоштасқанда өзіңмен жаным, сәулем, Езілгендей жүрегім жылап қалғам. Сені көргім келеді кіл шыңдардан, Тұңғиық сыр-әлемнен, тылсымдардан. Ғашықтық – дерт, әлі де мен Сезінемін өзімді қымсынған жан. Сені көргім келеді баурайлардан, Ақсисалы өлкеден аумай қалған. Күте-күте қамықтым әм жабықтым, Осылайша жанымда жаурайды арман. Сені көргім келеді ормандардан, Біле білсек бұл өмір болған, жалған. Сені ойлап сенделген сері жүрек, Тозбайтұғын толайым толғам қалған. Сені көргім келеді... *** Қарашада қаздар өтті, Қарап тұрдым ұзақ тым. Қайран дәурен қайда кетті, Көңіліммен ұзаттым. Қарашада қар ұшқындар Арқа жақта қылаулап. Көк жүзінде ал ұштыңдар Тырналарым тыраулап. Қарашада қарағайым, Қабығың да қатқылдау. Сал-сері едім, бар ағайын Мына мені жат қылды-ау. Қарашада қайыңдарым Қайыстанды бездері. Аспандағы Айым барын Жүрек енді сезбеді. Қарашада сұрамайды, Қараша жұрт, қыс келді. ...Алағайлы-бұлағайлы Өткен өмір түске енді. Әуезов әлемі Көңіл қандай – көк дөнендей! Алаң тар, Сәйгүлікті сондадағы салам пар. Әуезов – әдебиетте әлемиет, Ғарыш төсін айналатын ғаламшар. Әлі талай жазар шайыр, ақындар, Бір өзінде мың кісілік ақыл бар. Сөйлеп кетсе таудан аққан тасқындай, Көмейінен төгілгендей нақылдар. Кең маңдайы кереқарыс келіскен, Жүзген өрге, Жүрмеген ол еңіспен. Мәдениет алпауыттарымен мәреде Көрінген ғой даналығы тең істен. Қандай өре, Сондай сере ойлары, Бұлқынғанда бұла күші бойдағы. Мойындаған сахараның сардарын Әлемдегі әдебиеттің сойлары. Қандай шабыс, Сондай намыс тұла бой, Тумысынан билегендей Тұран-ой. Әуез ата тағлымынан сіңірген Әптиек пен терең сырлы Құран ғой. О, данышпан, Кемеңгерім, кемелім, Кермиығым, кең даламда кеме едің. Сенің салған ізіңменен шиырлап Зау биікке өрмелеп мен келемін. ...Қайран Мұқаң, мұқалмасым – құт қандай, Ұлылығын ұрпақтары ұққандай. Бір ғасырда бір-ақ рет туатын Бар ма екен шандоздарым Мұқтардай! Асыл тас жарқырайды ғасырларда...

Тұрсын Жұртбайға Бастаған өлең-өнер – «Қоңыр қаздан», Бебеулеп ырғитұғын көңіл саздан. Тұрсыным – тұтас бір энциклопедия, Әуезов сипаттағы өмір жазған. Әр сөзі теңіз түбі сәдептердей, Абайдың ғақлиясы, ғадеттердей. Асыл тас жарқырайды ғасырларда, Жазады осыны да газеттер кей. «Бесқарагер», «Дулыға» дүр маржандай, Оқыр оны есті жұрт бір жан қалмай. Жіпке тізген замана зәуірлерін Тұрсынменен қатарлас тұрған қандай. Тұрпаты Тұрсынымның тұйғындардай, Өлеңді ғеззатыммен құйдым балдай. Әр ізін өзі жазған ақтангердің Жүрегім-тілегіммен сүйдім таңдай. Орнатар оларға тас халқым тағы, Өнердің өткен ғасыр алтын шағы. Алашты ұрандатты сонша Тұрсын, Өзі де арыстардың сарқыншағы. ...Азаттық, Қазақтық ой-тылсымдарым, Жас ұрпақ білсін оны, білсін бәрін. Алаштың рухы өлмейді ешқашанда Жерімде желкен жайса Тұрсындарым! Махаббаттың бал шағы... Мөлдіредің, Елжіредің елігім, Сені Ай мен жұлдыздарға телідім. Ән мен күйді әуелеттім сен үшін, Тарқалардай бойымдағы желігім. Тал шыбықтай бұралушы ең сымбалым, Сыңғырлаушы ең бұлақтардай сырғалым. Оралар ма сол бір шақтар, гүл бақтар, Білсең ғой сен жүрегімде сыр барын. Өмір – өзен, Өтер-кетер жылыстап, Тұрушы едік, Жүруші едік гүл ұстап. Қарайлаймыз қайта оралмас жаз күнге, Орта жолда отырамыз тыныстап. ...Шіркін, дәурен, махаббаттың бал шағы, Сені ойладым, тағы жүрек аңсады. Үзілмейді үзік жібі үміттің, Сайра бұлбұл-сандуғашым таңсәрі! Келешекке тігіп кеткен байрағын... Өзбекәлі Жәнібековке Тумысынан өткір, өжет, өскелең, Жанарынан от ұшқындап өшпеген. Мұражайға мұраларды дестелеп, Өзі-дағы өрнек салған кестемен. Өзағамыз өр тұлғалы десе де, Есімі жоқ Астаналық көшеде. Жанкештілік арқасында жампоздың Жаңғырды ғой Яссауилық кесене. Жәдігерлер сан құбылды, құлпырды, Көрісті жұрт көнеменен былтырғы. Мұқияттап мұқтасардай кітапты Жиып берген Өзағамдай ұл тұрды. Қайсар еді жанып қалсаң қайрағым, Сүйіп өткен айпаралы аймағын. Жығылтпайды, нық ұстайды ұрпағы Келешекке тігіп кеткен байрағын. Қаламады бостекілік жанжалды, Сұқсадағы бүйірінен қанжарды. Аршып алды нақақ кеткен арысты: Шәкәрімді, Ахаң менен Мағжанды. Қақ-соғы жоқ сойқыменен, шойқымен, Топқа ермеді тобанаяқ тойтымен. Жер-жаһанға пәруайлап паш етті Отырардай ордамызды ойкүмен. ...Ұлыларды ұлықтай ма тез адам, Мінберлерде мінкен ердей сөз алам. Арыстанбап аясынан әлемге Алаулайды шырағымен Өзағам! *** Көкейіңде жүрмеді топтың қамы, Іштің, жедің секілді оттың малы. Байлығыңнан кердеңдеп, кекірік атып, Абай айтқан болдың ғой боқтың қабы. Қай ісіңді татитын санамақпын, Нақақтан жақыныңа жала жаптың. Дүние жинап шіріген ескі байдай Қара қоңыз дегенге баламақпын. Пәле жаптың кезінде ақын жанға, Одан адал жоқ еді жақын маңда. Сенің жетті түбіңе дүние-боқ, Ал ол теңдес алаштық ақылманға. ...Қиындыққа өмірдің дәп шыдаймыз, Рухы биік адамға тапшыдаймыз. Аулақ жүрсін ұрпақтан пәле-жала, Қорқаулардан қорғайтын сақшыдаймыз. *** Тағдыр-талай, сен мені асықтырма, Істерім бар тірлікте бітпей қалған. Жарқабақта жанымды жасыттырма, Сүйем өмір, уыздай-сүттей қанғам. Жал-жал толқын қамалайды жан-жақтан, Қайығым да қалтылдайды теңізде. Көтере алмай түскен ауыр салмақтан Боркемік, бос өтті өмірден дегізбе. Өршелене ұмтылатын дауылда Қыран едім қияларды шолатын. Бар ырысты шашып дос пен қауымға, Мерекеге менің күнім толатын. ...Асықтырма уақытым, аса мені, Алда талай асу бар алынбаған. Ішімдегі іңкәр үн жаса деді, Межелерге жетемін бағынбаған. *** Аңсағаным, іңкәр сезім, жан дауа, Тамсанамын тамылжыған таңға да. Неткен сурет, айналаңа қарасаң, Жар саламын, өтем бе өстіп таң қала. Өз-өзімнен күбірлеймін, күпсінем, Жүргендеймін пейіштердің үстімен. Қуыстанам өз ішіме тығылып, Жуыспаған пендәуиді ұғынып. Аспандағы Айды әпермедің деп, Туыс маған салады ғой қиғылық. Көндігемін айтар сынды көпсінбей, Кетбұғыдай кер заманды кештім кей. Көңіл бұзық, оқыс ойдан дір еткен, Өмір қызық жарығымен, түнекпен. Астымдағы-үстімдегі байлықты Жемір сүзіп жұлымырдай күнелткен. Наушаруандай әділ қашан қонар-ау, Мың асқанға бір тосқандар болар-ау! *** Күмбірлеген күй-сандық күйім менің, Отанымды шаңырақ, үйім дедім. Жаһанданған керуеннен қалыспай еш Болса екен көш ілгері дүйімді елім. Ұлттан ада мігіттің бір қор ісі, Ұлтын сүю жігіттің дүр борышы. Үкімет дәліздерін дәндеп алып Қазақтың іштен шыққан жүр орысы. Селт етпейді пәтшағар тымырайған, Қыр көрсетсең аюы қыңырайған. Іші мерез, өтірік ләппайлаған Шығысыңнан қысық көз сығырайған. ...Отаным оттан ыстық ошағымдай, Бәйгеге дүлдүлдерді қосамын сай. Жау шықса іштен-сырттан қарамаймын, Жүрек пен білегімді тосамын дай.