Аққу-әнге айналған ақын
2012 ж. 15 ақпан
17542
17
Шынайы поэзия өкілі, ғажайып ақындардың бірі Мұқағали Мақатаев қазіргі Алматы облысы, Райымбек ауданындағы Қарасаз аулында 1931 жылы 9 ақпанда дүниеге келді. Балалық шағы соғыспен тұспа-тұс келген Мұқағали өлеңді он-он бір жасынан жаза бастайды. Алғашқы өлеңдері аудандық газетте жарық көрген оның шығармалары 1960-1970 жылдары республикалық басылымдарда үздіксіз басылады. Бұл жылдарды ақынның қазақ поэзиясының биік шыңына көтерілген уақыты деп санауға болады.
Ауыл орта мектебін 1948 жылы бітіріп, өз ауылында комсомол, кеңес қызметтерінде болған. Кейін аудандық газетте әдеби қызметкер, Қазақ радиосында диктор болған, «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жұлдыз» журналында поэзия бөлімін басқарған. Қазақстан Жазушылар одағында поэзия секциясында әдеби кеңесші қызметін атқарған. Тырнақалды туындылары Нарынқол аудандық «Советтік шекара» (қазіргі «Хан тәңірісі») газетінде 1948 жылдары жариялана бастаған. 1954 жылы бір топ өлеңі «Әдебиет және искусство» (қазіргі «Жұлдыз») журналында, одан кейін бір шоғыр жыры Ә.Тәжібаевтың сәт сапар тілеген алғысөз – ақ батасымен «Қазақ әдебиетінде» жарияланған.
М.Мақатаев поэзиясының тақырыптары кең ауқымды қамтиды.
Мұқағали қамшының сабындай қысқа ғана ғұмырында поэзия өлкесінде өшпес із қалдырып, бірнеше лирикалық жыр жинағы мен дастандар тарту етті. Жыр аудармасы саласында Шекспирдің сонеттерін, Дантенің «Құдіретті комедиясын» қазақшалады. «Мұқағали өлеңдері әнге сұранып тұрады» деген пікір жиі айтылады. Расында, бүгінде ой жүгіртіп қарасақ, ақын сөзіне жазылған әндерді санамалап шығу мүмкін емес сияқты. Кешегі өткен Нұрғиса, Шәмші сынды біртуар композиторлардан бастап, бүгінгі жас буынға дейін Мұқағали өлеңдеріне ән жазды. Бүгінде қазақ поэзиясының Хантәңіріне айналған Мұқаң аққу-әнге айналып, қазақ көгінде мәңгі қалықтап жүргендей...
Біз газетіміздің бүгінгі санында әр кездің «хиттік» әніне айналған Мұқағали Мақатаев өлеңдерін шама-шарқымызша бір түгендеп шығуға тырыстық...
САРЖАЙЛАУ
(Әнін жазған – Нұрғиса Тілендиев).
Жазира, жасыл кілем өрнектеген
Туған жерге, дариға, жер жетпеген ,Саржайлауым!
Кең өлкем, әлдилей бер, сен деп келем,
Аңсап келем, сағынып, шөлдеп келем ,
Саржайлауым!
Қайырмасы:
Саумал бұлақ – балдай дәрім,
Салқын самал – баурайларың,
Саялаған, беу, туған жер,
Сағындырған, Саржайлауым!
Армысың, ата-қоныс, жасыл мекен!
Ұланыңмын, мен сенің қасыңда өтем,
Саржайлауым!
Басқаның жерұйығын неғылайын
Жерұйығы өзімнің қасымда екен, Саржайлауым!
Жадырап, жұтайыншы тау самалын,
Осы еді ғой сағынып аңсағаным, Саржайлауым!
Гүлдерім, шыршаларым, аршаларым,
Бәріңе арнап мен бүгін ән саламын, Саржайлауым!
Жанымды жырға бөлеп таң атырған,
Әкем едің ақ таңда жаратылған, Саржайлауым!
Төліңнен айналайын жаңа туған,
Айналайын еліңнен дара тұрған, Саржайлауым!
ФАРИЗАҒА
(Әнін жазған – Әбиірбек Тінәлиев)
...Фариза!
Фаризажан, Фариза-қыз,
Өмірде ақындардың бәрі жалғыз.
Шыдай-шыдай ақыры жалығармыз,
Бірімізден біріміз арылармыз.
Біздерді де жоқтайтын жан болса егер,
Шаң басқан архивтерден табылармыз.
...Сен мені білесің бе, білесің бе?
Жаралмаған жан екем күресуге.
Жылай жүріп, өтірік күлесің де,
Жүресің де қоясың, жүресің де.
Бірі итеріп кеудемнен, бірі шалып,
Тастағысы келеді күресінге,
Фаризажан, сен соны білесің бе?..
...Жанарымды тұманмен тұмшаладым,
Серіппесі үзіліп тұр садағым.
Жігітінен қазақтың дос таба алмай,
Қыз да болсаң мен саған мұң шағамын.
Ауырлар деп ойлап па ем мұнша халім?!.
Қыз да болсаң мен саған мұң шағамын...
...Ақын болып несіне жаратылдым,
Арасында қап қоймай қара түннің.
Қасиетін сезем деп Ана тілдің,
Қауырсыны қалмады қанатымның.
Қу тірлікке құл болып, аяң басып,
Құлашымды жая алмай баратырмын.
...Момын едім, жақсы едім, ұяң едім,
Аттап өттім олардың қия белін.
Енді, міне, қауқарсыз құр ашуды,
Жия бергім келеді, жия бергім.
Маңдайымнан сипаған бір жан болса,
Енді қалған өмірімді қияр едім.
...Білмеймін, бұзықпын ба, жындымын ба?!
Кеп тұрады телігім мұңды-мұңға.
Енді қалған өмірдің құрдымында,
Өлтірсе де, көмбеймін жырды құмға!
Нөл болады деп айтам, жалтармаймын,
Көбейтсең де қаншама мынды-мыңға...
...Айналаға қарайық анық барлап,
(Түн кеткесін, күн шығып, жарық болмақ),
He туралы жырласақ, Фариза-қыз,
Бағыштайық бәрін де халыққа арнап.
Фариза, Фаризажан, Фариза-қыз,
Бірімізден біріміз арылармыз.
Том-том болып дүкенде тұрмасақ та,
Подвалдағы архивтерден табылармыз...
БАҚЫТ ДЕГЕН...
(Әнін жазған – Әбиірбек Тінәлиев)
Бақыт деген – сенің бала күндерің,
Бақытсыз-ақ бақытты боп жүргенің.
Бақытын да, басқасын да білмеуің,
Бақытсыз-ақ ойнағаның, күлгенің.
Бақыт жайлы менің мынау білгенім,
Бақыт деген – бірде шаттық, бірде мұң.
Бақытты сол – тәрік етіп түндерін,
Бақыт іздеп азаптанса кімде-кім.
Бақыт деген – әркімдерде бір арман,
Сол арманның шыққан жері құмардан.
Ал сен үшін бақыт деген – дәл қазір,
Бақыт жайлы жаза алмаған шығармаң.
Бақыт іздеп мал бақ, мейлің, тас қала,
Бірақ, балам, мынаны естен тастама:
Бақыттысың – бақыт іздеп сорласаң,
Бақытты боп, сорлап жүрсең, масқара!
Бақытың – мен, бақытым деп біл мені,
Мені білсең, бақытыңды білгенің.
Ал мен үшін ең бақытты күндерім –
Балам, саған бақыт іздеп жүргенім!
ӨМІР СҮРЕЙІК АЛМАСЫП
(Әнін жазған – Алмахан Кенжебекова)
Жапырақ-жүрек жас қайың,
Жанымды айырбастайын.
Сен адам бола бастасаң.
Мен қайың бола бастайын,
Келісесің бе, жас қайың?
(Көрінер, мүмкін, кімге ерсі),
Өміріңді маған бір берші.
Дүрбелең мына дүниені
Адам көзімен бір көрші.
Қайың боп мен де бағайын,
Орманнан орным табайын,
Беймәлім маған өмірге,
Қайың көзімен қарайын.
Сен-дағы жерден нәр алдың,
Мен-дағы жерден нәр алдым.
Біреуден сен де жаралдың,
Біреуден мен де жаралдым.
Тілің жоқ, жанды қайың сен,
Айырмашылығым – Адаммын.
Мендегі бары – бір жүрек,
Беріпті жүрек саған мың.
Сондықтан ұзақ жасайсың,
Құрдасы келер заманның.
Бар-жоғы менде – бір жүрек,
Ол өлсе мәңгі кеткенім.
Сендегі семсе мың жүрек,
Келгенде жасыл көктемің,
Тірілер қайта дүркіреп.
Жапырақ-жүрек жас қайың,
Жанымызды айырбастайық –
Адам боп жүрсең қасқайып,
Қайың боп тұрам қасқайып,
Тәуекел, айырбастайық!
Өмірге өмір жалғасып,
Анамыз жерге жармасып,
Бірде адам, бірде қайың боп,
Сүрейік өмір алмасып...
ҚЫРҚЫНШЫ ЖЫЛДАРДАҒЫ
БЕСІК ЖЫРЫНАН
(Орындайтын «Роксонаки» тобы)
«Кебін киген өледі,
Кебенек киген келеді...»
Майданға көкең кеткенде
Осылай бәрі деп еді.
Бөпем, бөпем, бөпем-ау,
Қай жерде қалды көкең-ау?!
Кей-кейде біздің халық та
Өтірік айтады екен-ау...
«Оралар туған жеріне,
Топырақ сап бер» деді де,
Дұғасын оқып, күбірлеп,
Әжең де қалған жөніне.
«Оралсын аман жеріне,
Көріссін туған елімен...»
Дедім де, көздей қалтаға
Топырақ түйіп беріп ем.
Бөпем, бөпем, бөпем-ау,
Қай жерде жатыр көкең-ау?
Көбісі біздің ырымның
Түкке алғысыз екен-ау...
«Үлкен үйден дәм татса,
Кешікпей қайта оралар.
Ел-жұрты қарғап ант айтса –
Кеткеннен келмес, жоғалар...»
Дегесін, үлкен шаңырақ,
Дәм беріп еді жамырап.
Алақан жайып артынан,
Ақ тілеу айтқан аңырап.
Аужайын түйіп заманның,
Ортаға салып бар малын,
Ала жібін адамның
Аттамап еді ардағым.
Неліктен тәңірім оны алды –
Оранушы еді алғысқа.
Дәуқара аман оралды –
Оранды қайта қарғысқа.
Бөпем де бөпем, бөпем-ау,
Не жазды сенің көкең-ау?!
Халықтың кейде алғысы,
Қарғыстан бетер екен-ау!
Әлди де әлди, бөпем-ау,
Бәрі де бекер екен-ау.
«Сабыр да түбі – сары алтын»,
Сарғайып қашан жетем-ау?..
АҢСА, ЖАНЫМ!..
(Әнін жазған – Дүйсенхан Сыздықов)
Мен тілеймін,
Жарқыным, сен де тіле,
Жақсылық орнасын де жер бетіне.
Аққу тіле айдынның келбетіне,
Айдын тіле аққуды тербетуге.
Мен аңсаймын,
Сен-дағы аңса, жаным!
Жақсыдан жайлап ескен жан самалын.
Аңса, жаным,
Зарығып, шарша, жаным,
Қалса да қанша ғұмыр, қанша амалың.
Мен сағынам,
Сен-дағы сағын, жаным!
Адамнан тек жақсылық табылғанын.
Ашусыз, ала көзсіз бауырлардың,
Аңсаймын алқам-салқам қауымдарын.
Көңілім болса-дағы қанша жарым,
Солармен білінбейді шаршағаным.
Жақсыдан жайлап ескен жан-самалын,
Жабықпай аңса жаным,
Аңса, жаным!..
ДАРИҒА, ДОМБЫРАМДЫ БЕРШІ МАҒАН...
(Әнін жазған –Тұрсынғазы Рахымов)
Дариға, домбырамды берші маған,
Жаныма келші, жарым, келші балам.
Бейуақ, іңірдегі көңіліме,
Күй болып, күңіреніп енші, далам.
Домбырам, жүрегіммен үндес едің,
Сенімен сырласымдай тілдесемін.
Бабамнан қалған мұрам, сен болмасаң,
Өнердің не екенін білмес едім.
Өсірген өнерімді қызыр бабам,
Үніңнен айналайын бұзылмаған.
Киелі пернеңе бір қол соқпасам,
Шектерің жетімсіреп ызыңдаған.
Домбырам, досым менің күй аңсаған,
Өзімді, өмірімді қиям саған.
Шағымда шабыттанған, қиялдаған,
Шанағың бар шаттығын құяр маған.
Ерке назым менің де, сазым менің,
Шыбынсыз, шуақ шашқан жазым ба едің?!.
Дариға, домбырамды берші маған,
Айналып ұшсын аққу-қазым менің.
КҮРЕҢ КҮЗ
(әнін жазған – Гүлнәр Дәукенова)
Қош енді, қош бол, күрең күз!
Күрең мұң саған жібердім.
Күлермін деп ем, түнердің,
Білермін қалай, білермін?!
Күп-күрең менің реңім,
Қош енді, қош бол, күрең күз!
Жаз келер және жап-жасыл,
Жақсылық тағы тілерміз,
Жадырап өмір сүрерміз,
Қош енді, қош бол, күрең күз!
Жыртылып жатыр күрең жер,
Күрең жер – тозған кілемдер.
Күрең тау, анау күрең бел,
Күрең бел – жиған кілемдер.
Жаз келер және жап-жасыл,
Жасауын жердің түгендер.
Қош енді, қош бол, күрең күз!
Ақ қысты тездеп жібергіз.
Ақ қыстай әппақ бір елміз,
Шымшылап аяз, шытынап,
Ширығып біраз жүрерміз,
Шынығып өмір сүрерміз,
Қош енді, қош бол, күрең күз!
ЕСІҢЕ МЕНІ АЛҒАЙСЫҢ
(Әнін жазған – Елена Әбдіхалықова)
Нұр жауып тұрған көктемде,
Гүл тере барсаң бөктерге,
Қоңыраулатқан аспанды
Найзағай шаншып өткенде –
Есіңе мені алғайсың?
Тұнжырап тұрған орманға,
Тұнжырап жалғыз барғанда,
Мен бар деп мына жалғанда,
Жоқ деген сөзге алданба –
Есіңе мені алғайсың!
Жапырақ жанып жатқанда,
Күз келген күрең шақтарда,
Ағаштар мұңға батқанда –
Есіңе мені алғайсың!
Ақ қырау тұрған ақпанда,
Ағаштар сырға таққанда,
Бозарып тұрып ақ таңда,
Есіңе мені алғайсың,
Есіңе мені алғайсың!
САҒЫНДЫМ ҒОЙ ДЕДІҢ-АУ...
(Әнін жазған – Ержан Белғозиев)
Сағындым ғой дедің-ау, жаным, маған,
Бұлт көрдің бе тауларда мамырлаған? –
Сол менің ақ жанымның ақ жалыны,
Аулақта ауылыңнан дамылдаған.
Естідің бе аспанның күрсінгенін? –
Сол менің саған деген тылсым демім.
Ұйықтап жатса – оянсын, ояу болса,
Күңіренген жанымды білсін дедім.
Мен деп ойла, самалды есіп өткен,
Мен деп ойла, нөсерді есі кеткен.
Мен деп ойла, өзіңді әр түн сайын,
Сағынышқа жүрегін бесік еткен...
СЕНІҢ КӨЗІҢ ТҮПСІЗ ТЕРЕҢ
ТҰҢҒИЫҚТАН ЖАРАЛҒАН
(Әнін жазған – Қанат Ибрагимов)
Сенің көзің түпсіз терең тұңғиықтан жаралған,
Сонда жатыр менде жүрген орындалмас бар арман.
Сенің жүзің көкте – Күнен, жерде – гүлден нәр алған,
Шашың сенің – жан баспаған жапандағы қара орман.
Қас-кірпігің қарлығаштың қанатындай қап-қара,
Үлбіреген жүзің сенің ақ жібек пе, мақта ма?
Әсем басың әп-әдемі, мүсініңе шақ қана,
Шиедейін еріндерің қызарып тұр шоқтана.
Толықсыған тұла бойың шыбық па екен, тал ма екен,
Бейнең сенің баяу атқан жазғы шұғыла таң ба екен?!
Күлкің сенің шашылған нұр, сөзің кәусар, бал ма екен,
Бұл ғаламда сенен асқан, сірә, біреу бар ма екен?!.
Бұл ғаламда сенен асқан жан бар деуге сенбеймін,
Сен солайсың, Ләйлім менің, сенбе маған, сен мейлің.
Бұл ғаламда сенен асқан бір жан болса егерде,
Өз көзімді өзім оям, оны мәңгі көрмеймін.
Зәмзәм суы сенен арзан, тата алмаған кәусарым,
Сенің әсем мүсініңді сөзбен қалай тауысармын?!
Мың Мәжнүн, сірә, мендей тебіренбеген шығар-ау,
Аппақ құсым, қайдасың сен, аңсадым-ау, аңсадым...
СӘБИ БОЛҒЫМ КЕЛЕДІ
(Әнін жазған –Тұрсынғазы Рахымов)
...Құс та болғым келмейді қанаты бар –
Қанатым бар күмістен жаратылған.
Сәби болғым келеді, сәби болғым –
Мына өмірден хабарсыз, жаңа туған.
От та болғым келмейді – жылуы бар,
Жылуым бар, керек пе, жылыныңдар.
Әлди болғым келеді, әлди болғым –
Күн сәулесі ойнақтап тұлымында,
Отыратын анасы «құлынымдап».
Қанаттанып өмірге ұшарымда,
Кесілмесе, бәрібір, тұсауым да.
Сәби болғым келеді, сәби болғым,
Сәбиі жоқ Ананың құшағында.
Тар бесігі – кең жаһан, тарылмаған,
Біреуге бар, біреуге табылмаған.
Сәби болғым келеді, сәби болғым,
Ана сүті аузынан арылмаған.
МАХАББАТ МОЛАСЫ
(Әнін жазған –Тұрсынғазы Рахымов)
Аяқтап болып,
махаббат дейтін сапарды,
Қозы мен Баян моласы, міне, атанды.
Қалауын қанша тапқаныменен, қара тас,
Қайырымсыз ата Қарабайдайын қатал-ды.
Басына бардым, қасында тұрмын солардың,
(Қозыдай маңырап,сүймеген, сірә, болармын...)
Егіз жүректі екіге бөліп мола тұр,
Тұмсығы үшкір қанжарындай-ақ қодардың.
Төрт жанардың да тауысып түгел көлдерін,
Төрт бұлақтарынан төге де жүріп селдерін.
Ескерткіш етіп, қос ана тастап кеткен бе,
Аялап жатқан Аякөз сынды белбеуін?!
Жол түсіп, ұрпақ, Таңсыққа барсаң тегінде,
Бір соқпай кетпе күмбезге сонау көрінген.
Қазақтың осынау қасқайып тұрған төрінде,
Бабаларының махаббаттары көмілген...
КЕЛШІ, ҚАРҒАМ...
Иек артқан теңізге мүйістейін,
Келші, қарғам, шашыңнан иіскейін!
Иіскейін тек қана, тиіспейін,
Келші, қарғам, шашыңнан иіскейін!..
Қолаң қара шашың-ай күн қақтаған,
Қос бұрым-ай жотанда бұлғақтаған!
Қарғам, сенде жерімнің иісі бар-ау,
Жердің иісі жұпардан қымбат маған!
Иісі бар-ау дәннің де, шалғынның да,
Қырдың да, қырманның да, жаңбырдың да,
Тұр, сірә, мына шашта иісі аңқып –
Аптаптың, аңызақтың, тандырдың да.
Шашыңнан иіскетші, қарғам, маған?
Есіме түсер ме екен арман-далам.
Иіскетші?
Жауқазын жан екенсің,
Жасанды әсемдікке алданбаған.
Тұрғам жоқ сауға сұрап қылығыңнан,
Жан едім махаббаттың құрығы ұрған.
Иіскейін жұртымның топырағын,
Қарғам, маған иіскет бұрымыңнан?!.
КӨЗІҢ ҚАЙДА...
(Әнін жазған – Тұрсынжан Шапай)
(Алдыңнан терезеңнің жүріп өттім,
Сен мені байқадың ба, құдіреттім?
Тұрдың ба терезеңнің ар жағында
Теңселіп, тұтқан пердең діріл етті.
Неге өртенді?
Жүрегім неге өртенді?
Нелер келіп, басыма нелер төнді?
Балконыңнан қол бұлғап қарсы алушы ең
Неге менен жасырдың көлеңкеңді?..)
Қайран көктем,
Қайран гүл, қайран жазым!..
Сарқылған ба, шынымен сайран-назың?
Айныдың ба, шайлығып шалқарыңнан?
Айдынымда қанатын жайған қазым.
Көзің қайда көшеден мені іздеген,
Сөзің қайда жанымыз егіз деген?
...Терезеңнің алдына келіп тұрмын,
Көгершіндей,
Қысты күн... жем іздеген...
БАЛА ҒАШЫҚ
(Әнін жазған – Тұрсынжан Шапай)
Көңілде ән, көгімдегі Күн көруші ем,
Барғанда маған ылғи гүл беруші ең.
Жалт етіп жай отындай көкжиектен,
Әттең-ай, маған енді бір көрінсең!..
Кетер ем бұлтпен бірге араласып,
Көрер ем найзағаймен жағаласып,
Артыңнан ақша бұлт боп жүзер едім,
Көзіме бір көрінсең бала-ғашық.
Сандал тау сайдан соққан самалым-ай,
Ой-санам құлайды кеп саған ұдай.
Күн кешіп әлдеқандай жүр екенсің,
Сүттен ақ, судан таза адалым-ай.
Сап-сары сағынышпен араласып,
Басымнан жастық өмір барады асып.
Көзіме бір көрінші, тынайын мен,
Қайдасың, қайдасың сен, бала-ғашық?!.
НЕ ДЕГЕН КЕРЕМЕТ КҮН!..
(Әнін жазған – Тұрсынжан Шапай)
Не деген керемет күн, керемет күн!
Жаныңа бәрі даяр не керектің.
Гүлдердің көрінеді бүр жарғаны,
Ұшқаны естіледі көбелектің.
Не деген керемет күн!
Таулардың самал ессе балағынан,
Гүлдер тұр үзілердей сабағынан.
Шауып жүр шартарапта нұр мен шуақ,
Шашырап күннің алтын табағынан.
Сусындап көк аспанның шанағынан,
Шарықтап шыңырауда ана-қыран.
Ару-Жер өз дидарын қарап жатыр,
Мөп-мөлдір тұнық көктің жанарынан.
Не деген керемет күн, керемет күн!
Кейпіне елітесің төңіректің.
Қаласа мына жатқан сәби-дүние,
Келеді өміріңді бере кеткің...
Керемет күн!..
ҚАЙРАН, ҚАРАСАЗЫМ-АЙ...
(Әнін жазған – Тұрсынжан Шапай)
Тамаша еді жазғы орман,
Құстар сайрап, мәз болған.
Көлшіктерде, суларда,
Үйрек ұшып, қаз қонған.
Шыбын-шіркей қаға ма,
Шоршып судан ақ шабақ?!
Таз тырна отыр жағада,
Сыңар аяқ, ақ қабақ.
Елік ертіп лағын,
Еңкейеді суатқа.
Елендетіп құлағын,
Тыншымайды бірақта.
Көкқұтандар көлбеңдеп,
Көтеріле алмайды.
Жалғыз-жалғыз ербеңдеп,
Көк қояндар заулайды.
Мұздай суын атқылап,
Ақ бастаулар қайнаған.
Тана-торпақ шапқылап,
Оқыранып, ойнаған.
...Тамаша еді жазғы орман:
Тамашалап, мәз болғам,
Қайран, Қарасазым-ай!
Үйрек ұшып, қаз қонған!..
АҚҚУЛАР, ҚОШ БОЛЫҢДАР!
(Әнін жазған – Тұрсынжан Шапай)
Аттанып бара жатыр аққу-қаздар,
Қош енді, қош болыңдар, гәкку-наздар!
Кеудемде күңіренген дастан қалды,
Киелі қанатымен аққу жазған.
Аққулар, кешіріңдер, жазықтымын,
Қараймын керуеніңе қажып бүгін.
Адасып кетті-ау бірге сендерменен,
Алапат күшім менен нәзіктігім.
Сыңқылдап соғылғанда қанаттарың,
Таба алмай қалды менің тағат жаным.
Үзілген жолдарыңа, қарақтарым,
Үзілген жанарымды сабақтадым.
Ақ көлдің айдын төсін шимайлаған,
Сұлулар, жатыр сені қимай далам.
Аққу боп неге ғана жаралмадым?!.
Адам боп өзіме өзім сыймай барам.
Аққулар, алданыш па ең, арман ба едің?
Қош енді, қанатым жоқ самғар менің!
Нуларым сыңси жылап қалды-ау менің,
Суларым жетімсіреп қалды-ау менің...