Ең бақытты жазушы
2019 ж. 09 қараша
4777
0
«Алматы облысының мемлекеттік архиві» коммуналдық мекемесі Қаскелең қаласындағы Сүлеймен Демирел атындағы университетінде көрнекті жазушы, белгілі бауыржантанушы Мамытбек Қалдыбайдың сексен жасқа толуына орай кездесу кешін өткізді.
Өзара бүкпесіз пікір алысу, тартымды сыр-сұхбат сипатында өрбіген іс-шараны бір сәт сырттай қызықтап отырдым. Аумағы атшаптырым залда студент жастар, ұстаздар қауымы мен кешті ұйымдастырған мекеме басшылары, өзге де меймандар сөз кезегін алған қаламгер лебізін сонша ынталана, ыждаһаттана тыңдайды.
Бір қарағанда, өмірдің өзіндей қарапайым көрінгенімен, болмыс-бітімі күрделі жазушының жан әлемінің тұңғиық тереңдігінен бе, бәлкім, жазу мәнерінің бөлектігімен қатар, ауызекі әңгімесінің де тартымдылығынан шығар, әйтеуір, көпшілікті еріксіз баурап алатын қасиетін сезінесіз. Және бір қызығы, осы Мәкеңді керемет шешен адам деуге де келмес еді; ал оның аудиторияны айрандай ұйытатын сыры – кедір-бұдырлау сөзінің өзі белгілі жүйе, тосын дерекке, мағыналы мәнге құрылатын әңгімешінің лебізі кіршіксіз көңілден мейлінше шынайы шығатындықтан ба деп топшылайсың...
Әлбетте, әсіреқызыл бояудан ада, асқақ пафостан алыс кештің шырайын даңқты Бауыржан Момышұлы тақырыбының өзі-ақ кіргізе түскендігіне дау жоқ; дегенмен, қасында жиырма бір жылдан аса бірге жүріп, батырдың тірі шежірешісіне айналған жанның жүрекжарды лебізі кім-кімді де тартпай қоймас...
Атақты жазушы Дмитрий Снегин қандыкөйлек досы Бауыржан туралы: «Ол соғыста бір ерлік жасаса, бейбіт өмірге арласып, Әдебиет майданында екінші ерлік жасады» дейтініндей, Бауыржан Момышұлы соғыстан кейін өле-өлгенше еңбектеніп, жас ұрпаққа мәңгілік азық боларлықтай қисапсыз рухани мұра қалдырып кеткені мәлім. Ал ұзақ жылдардан бері қоғамға Бауыржан әлемін өзгеше қырынан таныстырып келе жатқан Мамытбек Қалдыбай кітаптарының да аса мол байлық екені анық. Қазір мұнсыз бауыржантану саласын елестетудің өзі қиын...
Мамытбек Қалдыбай бүгінге дейін Совет Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы өміріне қатысты бес том дүние жазыпты. Бұларда сұрапыл толқындары буырқанған мұхиттай іспеттес батыр ғаламының саналуан қырлары нәзік сезіммен, талғампаз ой айшығымен, кестелі тілмен жан-жақты баяндалады. Кездесуде кеш иесінің алдында сол кітаптардың он-жиырмасы қаттаулы тұрды. Жазушы бұларды іс-шара соңында студент жастарға беру үшін әкелсе керек.
Осыларға қарап отырып, неліктен екенін, Баукең туралы алғаш сонау 1941-1942 жылдары қалам тербеп, кейінірек «Волоколамск тас жолы» кітабын жазған әйгілі Александр Бектің кескіні көз алдыма келді. Оның бұл кітабы бүгінде әлемнің қырықтан аса елінде мың-миллион таралыммен үздіксіз шығып жатқаны туралы ойладым. Тіпті, таяуда ғана Алматы баспаларының бірі осы дүниені қайталап шығару үшін Александр Бектің немере-шөберелерінен зорға деп рұқсат сұрап алғаны есіме түсті...
Яғни, Александр Бек осынау жалғыз кітап арқылы өз ұрпақтарына материалдық тұрғыда сарқылмас дәулет қалдырды. Ал біздің Мамытбек Қалдыбай ше...
Бұ кісінің батыр Баукең туралы кітаптарының таралымы бір мың, екі мың данамен шыққаны да түсінікті. Елдегі кітапханаларға жетуі былай тұрсын, қаламгердің өз айналасынан-ақ артылмайды. Және мұны қаламгер ұдайы өз қаражатына шығарып келеді.
Ал «Волоколамское шоссе» бертінде ғана Мәскеуде 200000 тиражбен, Алматыда 25000 таралыммен басылды...
***
Әрине, жоғарыдағы ой әртүрлі әсерлердің көрінісі. Әйтсе де, сол төңіректе шешімін күткен талай мәселе жатқаны да рас. Енді бір сәт кешке жиналған меймандардың жекелген пікірлеріне кезек берейік.
Шара Қанатқұлқызы,
Қаскелең қаласы Қазақ тілі кеңесінің төрайымы:
– Мен кезінде, Құдайға шүкір, Мұхтар Әуезовті де, Сәбит Мұқановты да, Ғабит Мүсіреповті де, Ғабиден Мұстафинді де, Хамза Есенжановты да, Ілияс Есенберлинді де... бәрін көрген адаммын. Міне, енді Мамытбек Қалдыбаймен жүздесіп отырмыз. Бұ кісі жаңада аталған тұлғалардың баласындай болғанымен, қазір ірі тұлға, үлкен жазушы, атақты бауыржантанушы. Батырмен қоян-қолтық араласқан адам. Ширек ғасыр жанында жүріп, қаншама еңбектер жазған. Енді сол еңбектердің бәрін үлкен-кішіміз, әсіресе, жастар оқуы керек. Бауыржандай жанның қасында жүру оңай іс емес, ал батырдың хатшысындай болып, түкірігін жерге түсірмей, аузынан шыққан сөзін халық қазынасына айналдыру – үлкен ерлік!
Көлбай Адырбек, жазушы:
– Мамытбек ағадай тұлғамен жүздесу – зор ғанибет. Бәрімізге де ой салып, дүниетанымымызды байыта түседі. Бұ кісі шығармашылық өмірінің елеулі кезеңін Бауыржан Момышұлына арнады. Даңқты батырмен жанасу оңайға түспеген. О кісімен көптеген жазушылар сөйлескісі келді. Бірақ батылы бармады. Жүрегі дауалағанның өзінде Баукеңнің қатал сынынан өте алмады. Ал Мәкең қаршадай кезінен-ақ батырдың сол жоғары талабынан шыққан адам. Батыр Бауыржан, бір жағынан, өте ғұлама адам еді. Үлкен фиолсоф, психолог әрі шебер әңгімеші кісі-тін. Ойлап қарасаң, құдыретті табиғат бір адамның басында қаншама қасиеттерді үйіп-төгіп берген. Соғыс тақырыбы, бейбіт заман әңгімелері – соның бәрін терең ой, сарабдал сана безбеніне салып, толғайды. Ал оның бәрін екшеп, қалың оқырманға ұсыну үшін айрықша қаламгерлік қабылет, ересен еңбекқорлық қажет. Міне, бұл біздің Мамытбек ағамыздың да басына тоғысқан қасиеттер. Келешекте сіздердің де араларыңыздан да үлкен жазушылар шығатынына сенемін. Сонда мына кездесуді де еске алатындарыңыз хақ.
Дүйсебай Шаштайұлы, Қаскелең Мәдениет колледжінің директоры, композитор:
– Кезінде Нұрғиса Тілендиев ағаның үйінде жатып оқыдым. Бауыржан Момышұлының, сондай-ақ бүгін арамызда отырған Мамытбек Қалдыбайдың еңбектерін сол үйде жүргенде көрдім. Мәкеңнің дүниелері нақтылығымен, шыншылдығымен, сыршылдығымен ұнайды. Автордың жазу үлгісі, материалды ұсынуы, тоғыз өрім қамшыдай қиыннан қиысатын өрнекті иірімдері еріксіз тартып, тамсантып отырады.
Жұмат Тілепов, профессор, ақын:
– Мамытбек Қалдыбай «Атақ пен шатақ», «Ұмтылмас кездесулер», «Мен – халқымның Бауыржанымын», «Мен – қазақтың баласы», «Ажал апанында» сынды еңбектерінен бөлек «Димекеңе кешігіп жеткен ақиқат», «Жорға мінген жолаушы», «Мың жыл аңсайды», «Өз заманының асыл азаматы», «Ақсақал», «Ерлерсіз ел жетім», «Қарқара қыраны» сияқты өзге де көптеген кесек кітаптар туғызған қаламы өнімді жазушы. Мұхамеджан Әбдіхалықов, Дінмұхамед Қонаев сияқты ұлт мүддесі жолында бүкіл өмірлерін сарп еткен тұлғалар туралы туындылар берген адам.
Сексен жасқа келу оңай іс емес. Ал осы белеске халық қазынасына айналатындай қыруар еңбек пен шалқар шабыт үстінде келу екінің біріне бұйыра бермейтін жақсылық. Оның өзінде көптің ішінен де іріктеліп қана шығады. Атақты Индира Гандиге журналистер: «Сізге рахат болған шығар, барлық үлгі әкеңізде тұр ғой!» деген екен. Сонда ол: «Жоқ. Мен барлық ізгі дүниені, негізінен, халықтан үйрендім» деп жауап беріпті. Сол айтқандайын, біздің Мәкең де, байқап отырсақ, халықпен біте қайнасқан қаламгер. Бұ кісінің өзгелерден ең басты артықшылығы да осында болуы ғажап емес.
***
Жиналған шәкірттер алдында ағынан жарылған жазушы Мамытбек Қалдыбайдың өз сөзінен үзінді:
– Тарих деген – ілімнің төресі. Біреулер оңай деп ойлауы мүмкін. Олай емес, өте қиын, күрделі, пән. Бір ғана фактіні дәлелдеу үшін қаншама жылдарды сарп ететін жағдайлар бар. Мен Баукеңе мыңдаған сұрақтар қойған адаммын. Оның әрқайсын бір апта, екі жеті жүріп даярлайсың. Ал ол кісі бірден жауап беретін еді. Таң қалатынмын. Мысалы, белгілі дарын иелерінің өсіп-өнуі, пісіп-жетілуіне қатысты сұрағыма: «Ол үшін бойыңда титтей дән болу керек. Дән болмаса өнім өспейді» – деп жауап қатты. Қазір қарап отырсам, адалын айтайын, менің болмысымда да сондай кішкене дән болған секілді. Әйтпесе, көптің бірі болып қалатын едім. Тұрмыстық жағдайым нашар-тын. Жастай жетім қалдым. Институтты сырттан келетін бір тиын көмексіз оқып бітіріппін. Азын-аулақ стипендия беретін. Одан соң газет-журналдарға мақала жазып, аз-маз қаламақы алатынмын. Әрине, үнемі еңбекпен жетілдіріп отырмасаңыз бойдағы дән – қабылет те аздық етеді. Талмай оқып-ізденуің шарт. Жоғары оқу орнын түгесер кезде қатарластарыммен бірге суретке төлейтін ақшам болмай, түсе алмадым. Кейін оқу бітірер кезде: кішірек үйім болса, бір сиыр ұстасам деп армандайтынмын. Әкем жасымда қой бақты. Мектепте үш ай жазғы каникулға шыққанда соған жәрдемдесетінмін. Сондағы үлкен олжам – ат үстінде жүріп, қазақ әдебиеті классиктерінің еңбектерімен бірге Пушкин, Лев Толстой, Лермонтов, Крылов сияқты орыс әдебиеті алыптарының кітаптарын оқыппын. Түсте де, қой кішкене үйездегенде көлеңкеде жатып алып және оқушы едім. Әкем қолым ұзарды деп қуанса, мен кітап оқыдым деп қуанатынмын. Сол маған үлкен қор болды. Әкем жарықтық: «Баламды басым жерге тигенше оқытамын» деуші еді. Сол сөз маған қанат болды. Жастайымнан институқа түссем деп армандадым. Әкем қайтыс болса да, соны қуантсам деген тілегім болды. Көп талпындым. Кейін тағдыр Баукеңе жолықырды... Сөз орайында айта кетейін, кейін менің ізденуіме, еңбектенуіме зор қолғабыс жасаған адам – үйдегі апайларың, қосағым Күміс Сырғабайқызы еді. Сендер де көп ізденіңдер, маңайларыңдағы жанашыр адамдарды құрметтей біліңдер.
***
Ойыма: «Ұлылық қарапайымдылықтан басталады» деген тіркес оралған. Осы қарапайымдылықты кейде қарабайырлықпен шатастыратынымыз еске түседі. Биік ұлттық мүдде жолында, қастерлі ұрпақ сабақтастығы бағытында нар жүгін арқалап келе жатқан Мамытбек ағамның ең бақытты жазушы екенін түйсінемін...
Мамытбек Қалдыбай кітаптарының қазір аз ғана қазақтың өзіне жетпей жатқаны жөнінде, егер Мәкең кітабы өзге тілдерге аударыла бастаса, миллиондаған данамен таралатыны туралы қиялдайсың.
Ал, ел аман болса, ертеңдері ондай күндердің де жететініне өз басым шығар күндей сенемін.
Құлтөлеу МҰҚАШ
qazaquni.kz