Ибрагим ИСА: Ақын деген әдемі атым кез-келген сыйлықтан кем емес
2019 ж. 21 қыркүйек
4702
0
– Бір апта бойы сізді қаладан таба алмадық. Естуімізше, елге барып, ағайын-туыстың ортасында аунап-қунап қайтыпсыз. Жұрттың көбі жастық шақта қалаға құмартқанымен, жасы келе бастаған уақытта ауылға аңсары ауып тұрады екен. Сіздіңше, қалай?
– Бізді басқа ұлттардан ерекше бөліп тұратын басты қасиетіміз – ол туған жерге деген махаббатымыз, ауылға деген сағынышымыз, ағайынға деген қимас сезіміміз. Бұл қазақ халқының әу бастан қанына сіңген, жанына жақын, өзіне тән болмысы. Мен бұл жерде басқа ұлтты кемсітіп, абыройына нұқсан келтірейін деп отырған жоқпын. Бірақ кейбір мемлекеттің азаматтары күн-көрісі дұрыс, жағдайы жақсы болатын, жайлы жер іздеп кете береді. Олардың түсінігінде туған жерді аңсау, іздеу деген ұғым жоқ. Мәселен, біз әскерде жүрген уақытта «қашан үйге қайтамыз?» деп күн санап, сағат санап, сәт санап, жүрегіміз дүрсілдеп жүрсек, кавказ халықтарының өкілдері бізден «сендер жақта ақша табу оңай ма? Жолдары қандай? Сенімен ілесіп бірге барсам, күн көрісімді түзеп алам ба?» деп сұрайтын. Ақшаға, дүниеге құмартып, күтіп отырған әке-шешесіне барғысы келмейтін. Ал біздің туған жерге деген махаббатымыз ала-бөтен. Ол қасиет кімнің болса да, бойында бар шығар. Бірақ шығармашылықтағы, қалам ұстайтын ағайындарда бұл қасиет артығырақ, көбірек кездеседі деп ойлаймын. Олардың бар ынтасы, ықыласы көлденең табыс немесе басқа шаруалар төңірегінде емес, туған жері, өскен елі, дос-жараны, ауыл-аймағына ауып тұрады. Жатса да, тұрса да ойлайтыны сол туған жердің әр шұңқыры, ойы-төбесі, тауы-тасы ешқашан көңілден кетпей, ыстық болып жүретіні сондықтан.
– Әупірімдеп алпысқа қадам бастыңыз. Жетпіс-сексенге толғандар «қайран, алпыс» деп көкіректері қарс айырылып, күрсініп жатады. Бағамдай алдыңыз ба, алпыстың бағасы неде екен?
– Алпыс деген әр елдің шекарасын айқындау үшін бөліп қойған сызықтар сияқты, адамның жас мөлшерін, өмір сүрген уақытын белгілеу үшін жасалған дүние ғой. Әйтпесе, алпыс деген үлкен асу немесе көпір емес, аттап өткеннен кейін бергі жағында алпысқа дейінгі өмірің қалып қойып, арғы жағында басқа өмір басталатын... Сол жылжып ағып бара жатқан өмірдің заңды жалғасы. 59 бен 60-тың айырмасы жоқ. 60 пен 61-дің де айырмасы адамға сезілмейді. Мәселен, ескі жаңа жыл алдындағы 31 желтоқсан күнгі табиғат пен 1 қаңтардың да арасында ешбір өзгеріс болмайды. Сол табиғат, сол тіршілік, сол баяғы таң атып, күн батады. Бірақ бұл жерде адамның көңілі басты рөлге шығып тұр. Мерейтойға келгенде де сондай көңіл күйді бастан өткересің. Тек әр адам алпысқа әртүрлі жағдаймен келеді. Біреулер шаршап-шалдығып, біреулер ауру-сырқаумен, жүдеңкіреп, енді біреулер құр аттай тың жетеді. Түріне қарасаң, шөгіп, демде шал болып қалғандар да бар. Біздің алдымызда кейбір жетпістегі ағаларымыз әлі күнге шауып жүр. Сөзіне қарасаң да, өзіне қарасаң да ширақ...
– Өзіңіз қалай жеттіңіз....
– Өзім алпысқа жаман жеттім деп айта алмаймын. Бір қуаныш, бір үрей адам бойында үнемі жүреді ғой. Екеуі қатар жүрмесе, онсыз өмірдің мәні де, сәні де болмайды. Үрей адамның бойында қорқыту үшін емес, өзіңнің кеше бірге жүрген қатарларың, үзеңгілес достарың сен жетсем деп жүрген жасқа жетпей, дәл өзің сияқты денсаулығы да, жүріс-тұрысында да еш кемшілік жоқ болып жүріп, солардың аяқ астынан, себептен-себепсіз қылжиып қалғанына, о дүниеге аттанып кеткенін ойлаған кезде... туады. Олар бірен-саран болса екен, біздің қатарымыздан кеткендер көп. Кеңшілік Мырзабеков, Жарасқан Әбдірашев, Сағат Әшімбаев, Жұматай Жақыпбаев, Тынышбай Рахимов, Марат Қабанбай, Дәуітәлі Стамбекұлы, Ерлан Бағаевтың барлығы 40 пен 50-дің арасында мәңгілікке аттанды. Солардың денсаулығы сыр беріп, «ана жер, мына жерім ауырды» деп айтып, қиналып жүргенін көрген жоқпын. Тағдыры солай жазылған соң, бәрі бір Алланың ісі дейміз де қоямыз ғой. Бірақ соларды ойлаған кезде алпысқа жетем бе, жетпеймін бе деген күдік үнемі мазалап жүрді. Аман-есен жеткен кезде бойында бір қуаныш пайда болады екен. Сол қуанышымды ел-жұртыммен, ағайын, дос-жарандарыммен бөлісу үшін ел жаққа барып қайтқан бір себебім де сол еді. Аллаға шүкір, «ағайынның азары болса да, безері жоқ» дейді қазақта. Ағайын-туыстың болғаны жақсы ғой, өйткені, олар да өз арасынан халыққа қадірлі, елге белгілі, әулеттің атын шығаратын адамдардың болғанын жақсы көреді. Қадірлеп, құрметтейді. Сондай артымызда тіреу, арқа сүйер ағайынымыздың барын біз де мақтаныш етеміз. Мені алпысқа толды деп, ат шаптырып, той жасаған ағайындарыма үлкен алғысымды білдіремін. Әулеттің бас көтерер ақсақалдарының, іскер азаматтардың ауызбіршілігінің арқасында елдегі мерейтойым өте жақсы өтті.
Менімен бірге қаламдас бауырларым, қазіргі қазақ әдебиетінде кім бар дегенде аттары алдымен ауызға ілінетін аға-інілерім, қазақтың қабырғалы қаламгерлері Исраил Сапарбай, Ғалым Жайлыбай, Бауыржан Жақып ілесіп барды. Олардың да көңіл-күйі жақсы болды, ризашылықтарын жасырмады. Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары Мұрат Мұхамедов қолынан келгенше елмен кездесуге мүмкіншілік жасады. Елдің аты – ел. Одан суып кетуге де, ренжіп кетуге де болмайды. Ешкімнің оған қақысы жоқ. «Су ішкен құдығыңа түкірме» дейді. Әлемдік қаржы дағдарысы болып жатқан кезде ешкімнің ешкімге өкпелейтін, міндет қылатын уақыт емес. Сондықтан, облыс басшыларының қайраткерлік танытқанына қуанып, әдемі кеш өткізіп кайттық.
– Демек, туған жерге барып, шығармашылық есеп беріп келдіңіз. Қалай ойлайсыз, есебіңіз түгел ме?
– Әр адам барлық уақытта сырт көзге төрт құбыласы тең сияқты болып көрінуі мүмкін. Бірақ ол қандай адам болса да, мейлі патша болсын, мейлі дүниенің байлығына шомылып отырған миллиардер болсын, бәрібір о дүниеге кетер кезде, бір сәт өткен өмірі жайлы ойлануға, есеп беруге мұрсат берсе, еш пенде «барлық нәрсемді түгелдеп, армансыз кетіп бара жатырмын» деп айта алмайды. Бұл жарық дүниеден ешкім түгенделіп кетпейді. Бірақ барлық дүниеге салыстырмалы түрде, шүкіршілікпен қарауымыз керек. Бұл тұрғыдан келгенде, мен өзім Алла тағаланың бұйрығы шығар, көмегі шығар, өмірде түзу жолмен жүрдім, көңілім толатындай жағдайдамын деп айта аламын. Оның себебі отбасым, шаңырағым Құдайға шүкір, түзу. Үш ұлым бар, үшеуі де үйленген. Бес немерем бар. Өмірдегі қуаныш осы ғой. Қазір денсаулығы сыр бермейтін адам жоқ, денсаулығыңды айтып жылай бергенмен, одан ол түзеліп кетпейді. Сондықтан басым аман, осындай жап-жақсы болып жүргеніме шүкіршілік жасаймын. Барлығына қанағат, тәуба. Ал басқа жағынан келгенде әлі де көңілім толмайтын жағдайлар жеткілікті. Ол –шығармашылық жағынан, материалдық жағынан «көп нәрсе жасай алмадым-ау» деген өкініш. Алтын кезеңдерімді, қымбат уақыттарымды босқа өткізіп алдым-ау деп қынжыламын. Алпысқа келгеннен кейін әрмен қарай қайтадан өмір бастайтын, қайтадан күш-қажыр жинайтын, қайтадан тіршілік жасайтын жас емес. Сондықтан, шығармашылық жағынан ертерек қимылдап, көбірек уақытымды бөлу керек еді, маңызды, мәнді, әлі де халықтың, оқырманның, өзімнің көнілімнен шығатын дүниелер қалдыра алатын едім ғой деген ойлар мазалайды. Көңілде бәрі сайрап тұр, іште жатқан, сыртқа шықпаған айтылатын сыр көп. Бірақ солардың бәрін жариялайтын уақыт сынаптай сырғып өтіп кетті-ау дейтін күрсіністер бар. Оған қоса, материалдық қиыншылықтар болып тұрады. «Мен сәл пысығырақ болғанда, жағдайым бұдан да жақсы болатын еді...» дегендей... Дегенмен, Құдайға шүкір, қатқан нанды суға батырып жеп отырған жоқпыз ғой, ел қатарлы өмір сүріп жатырмыз. Тамағымыз тоқ, көйлегіміз көк, көңіліміз бүтін. Барына қанағат дейміз.
– Несіне өкінесіз? Қайта кейбір кісілер зейнеткерлікке шықққаннан кейін бұрқыратып жазып жатады ғой...
– Дұрыс айтасың. Бірақ мен бір нәрседен қорқып жүрдім. Елуге толғанда, ол қорқынышым көбейе түсті. Алпысқа жақындағанда, тіпті қорқа бастадым. Бірақ өзімнің жазған дүниелеріме, жазып жүрген шығармаларыма қарап, ол бекер екеніне көзім жетті. «Кішкене жастау, отыз-қырықтағы кезіңдегі шешім, сол кездегі жазу мүмкіншілігің уақыт өте келе бәсеңдейді, сол кездегі сезімдер әлсірейді, сен қанша күшенгенмен, сол кездегі сезімдерді, сол кездегі көңілді жеткізіп бере алмайсың. Сен әрмен қарай қанша талпынғаныңмен, жас кезіңде жастық жалынмен жасайтын дүниелерді жасай алмайсың» деген әңгімелерді де құлағым шалып, әр жерден көзім көріп қалып, оқып жүрдім. Алдындағы өкініш дегенім сол, осы уақытқа дейін көп нәрсені бітіре алмай қалдым-ау, бұл мәселелер енді шықпай қалады-ау, уақытты жіберіп алдым-ау деген өкініштер еді. Сөйтсем, жоқ, олай емес көрінеді. Адамның бойында бар қасиет, қабілет өлмейді екен, қартаймайды екен. Ақынның қолын байлайтын бір ғана жағдай. Ол тағы да материалдық тұрғыда. Мысалы, үйіңде пәтерақыны төлей алмай, балаларыңның бас-аяғы бүтінделмей, тиын-тебенің жетпей, әйелінің көңіл-күйі болмай, қабағы түсіп, күңкілдеп жүрсе, мұның бәрін көріп, сезіп, естіп отырып, көңілденіп отырып, ойдағыдай жұмыс істей алмайсың ғой. Көп нәрсе емес, отбасыңның кем-кетігін түзейтін жағдайың болса, сосын басқа дүниені ұмытып, рахаттанып отырып шығармашылығыңа кірісесің. Міне, сонда алпыстан кейін болсын, жетпіс, сексеннен кейін болсын, көп нәрсе тындыруға болады. Әбділда Тәжібаевтың өмірінің соңғы жылдарындағы поэзиясын оқыңызшы, баяғы жас кезіндегіден әлдеқайда жалынды, қажырлы, қайратты өлеңдер жазды. Сондықтан, бойында қайраты бар, қабілеті бар қаламгерге жас ешуақытта кедергі болмайды деп ойлаймын.
– Басқа дүниенің бәрін былай қойып, жиырма бесте, қырықта жырлаған мәңгілік тақырьш – махаббатты дәл қазір алпысқа толғанда сол күйінде жеткізе алар ма едіңіз...
– Махаббатты сезінген сол көңіл-күй алпыста да адам бойында жүреді. Сол нәзік сезім адамның жасы уақытқа бөлінгенімен, физикалық, биологиялық тұрғыда ағзамыз әлсірегенімен, шашымыз ағарып, бетімізге әжім түскенімен, махаббат ешқашан әлсіремейді, сезім қартаймайды. Жүрекке әжім түспейді. Сол махаббатты қазір жырлап бер десең, сол күйіп-жанып, өртеніп, жиырма бесте жазған өлеңді қазір де жаза аламын. Бірақ ыңғайсыз көресің, ұяласың. «Мына шал алпысқа келіп, не деп былжырап отыр» деп айтады екен деп, кейінгі жас оқырмандардан ыңғайсызданасың. Екіншіден, ертең бала-шағаң, әйелің, немерең оқыса да, басқаша түсінуі мүмкін. Әйтпесе, «мен сені сүйіп қалдым, түнімен ұйықтай алмай шықтым» деп әкесін танытып, әлі де сол сезіммен жазуға болады. Бірақ қазір одан көрі салмақтылау, ойлылау, өзімізден кейін келе жатқан ұрпақтарға ой салатындай, халықтың көңіліне серпін беретіндей дүниелер жазғың келеді...
– Сіз неге шығармашылық еркіндікке ерік бермейсіз. «Ел не дейді, бала-шағам не дейді» деп неге тартынасыз....
– Жалпы, шығармашылықтың қай түрі болса да әруақытта таразының бір басында адамның ақыл-ойы, парасаты тұруы керек. Ойыңа не келсе, соны айта салуға, жаза салуға болмайды. Ойыңдағыны ақылыңа салып, елеп-екшеп, барып жазбасаң, ол соңынан саған қайтып айналып келіп, қолайсыздық тудырып, кері жағдайлар әкелуі мүмкін. Сондықтан сол жағын ойлайсың, әйтпесе ішкі шығармашылық еркіндігімді жоғарыда айтқандарым тұсап отырған жоқ. Егер сондай қажеттілік туып жатса, жаза беремін. Мысалы, мен әнге мәтінді көп жазамын. Әншілердің, композиторлардың көбі жастар ғой, өзің айтып отырғандай, «жастық махаббатты, албырт сезімді білдіретін мәтін жазып берсеңіз» дейді. Мен сол кезде солардың қалпына түсемін. Міндетті түрде жазып беремін. «Жоқ, айналайын мен ондай жастан өтіп кеттім, маған ондай өлең жазған енді ұят болады», – деп айта алмаймын. Өйткені, менің өзім де соны жазып, өз ішімдегіні сол сәтті пайдаланып шығарып қалғым келіп отыр. Ол мүмкіндікті жібермеуге тырысамын.
– Ақын – махаббаттың жыршысы. Махаббатты ақын-жазушыдан артық ешкім суреттеп бере алмас. Сондықтан тағы да сізден сұрағым келіп отыр, сіз алпыстағы кездесетін махаббатты жоққа шығарасыз ба? Жоқ, сіздің жасыңызға келгенде осы сезімді бастан өткеруге бола ма?
– Жоққа шығара алмаймын. Менің жасыма жетсең, міндетті түрде ғашық бола аласың. Өлгенше ескірмеген Естай мен Қорланның махаббатын білесің. Кез келген тәлтіректеп, қисаңдап жүрген шалдың да, өлмелі кемпірдің де бойында махаббат бар. Бірақ ұлттық қанымызға сіңген бәрінен күшті ұят деген ұғым әрдайым жоғары тұрады. Бізді сол сақтайды. Сол арқылы үлкен кісілер өзінің бойындағы керемет қасиеттерін құрбандыққа шалады. Тарихта бұған дәлелдер көп. Өзі сүйетін қыздарды айттырып беріп жібереді, не болмаса танымайтын, түсінбейтін бөтен біреу алып қашып кетіп, қыз байғұс сүймеген адамына қосылады. Олар махаббатын құрбандыққа шалып, ел-жұрттың бетіне тіке қарау үшін амалсыз көнеді.
Әйтпесе, ештеңеге қарамай, қашып, барлығын тас-талқан ғып кетсе де болады ғой. Бірақ «мынау бір оңбаған, көргенсіз, ұятсыздау адам екен» деген сөзді естімес үшін мойнына түскен қамытқа иіледі. Яғни, «ұят болады» деген ұғым басқа сезімдердің барлығын басып тастаған. Соғыстың кезінде де қаншама біздің жап-жас келіншектеріміздің күйеулері опат болды. Мысалы, сіздің еліңіздегі Созақтан шыққан Асқар Сүлейменовтің анасы Айтоты апамыз да жап-жас кезінде жесір қалған. Тоқсанға жақындағанда қайтыс болды. Сол кісі жетпіс-сексенге келген уақытында ажарлы, әдемі, сүйкімді, ақылды кісі болатын. Парасат деген қандай десеңізші. Қазіргі қалалық жердегі әже болған көп апаларымыз бет-аузына біреу ұн шашып жіберген сияқты аппақ қып опа жағып, тырнағын, ернін шиедей етіп, шашын қараға бояп, басына орамал салмай бұйралатып, жалбыратып, жалаулатып жүр ғой. Тура сонымен сүйкімді көрінетіндей... Ол қадір-қасиетті сүйкімді болу үшін, балаларына, немерелерінің алдында өсиетін айтып, келісті киініп, басына ақ жаулық салып отырса, қандай жарасымды. Асқардың шешесі сондай адам-тын. Әбіш Кекілбаевтың, Өмірзақ Сәрсеновтің де аналары жастай жесір қалып, өмір бойы жұбайына деген махаббатын өшірмей өтті. Қайта оралып, келмейтінін білсе де, жас ғұмырларын сарп етті. Сол кісілер күйеуге тиіп кететіндей, махаббатты қайта бастан өткеретіндей еркек таппай қалған жоқ. Тағы да ұяттан аса алмады. Намысы оған жібермеді. Олар одан гөрі балаға деген, алғашқы сүйіп қосылған жарына деген махаббатының ізін жоғалтқысы келмеді. Содан нәр алды, сонымен рухтанды. Сол өмірімен өзін бақытты сезінді. Мәселен, орыстарда, басқа ұлттарда алпысқа, жетпіске келіп немесе елуден асқанда отбасын тастап, басқаға қосыла салып, жаңадан шаңырақ көтеру деген оларға түкке де тұрмайды.
– Сонымен, ойыңызды түйіндесеңіз...
– Сонымен, махаббат деген қай жаста болса да, адамның бойында өлмей жүреді. Жүрегінде қанша жалынды махаббаты болғанымен, оны ұят ұстап тұрады. Бірақ адам қанша қартайса да, махаббат өлмейді. Өзіңмен бірге өмір сүреді.
– Бүгінгі танда, бейбіт күнде қосағынан көз жазып қалған ақынның жарлары да жоғары құрметке әбден лайық қой. Бірақ жесір қалған сол аналарға, сіздің қатарыңыздан кеткен ақынның әйелдеріне өзге нәзік жандар тура сондай түсіністікпен қарай ма? Кей жағдайда өз күйеулерін қарадай қызғанып, күнәға батып жататын замандастарыңыздың бары ащы да болса, шындық емес пе?
– Бұған өзім куә болып көріп те, сезіп те жүрмін. Тонның ішкі бауындай болып бірге жүрген, әдебиетке бірге келген, отбасымызбен араласқан достарымыздың біразы өмірден кетіп қалды. Осылардың әйелдерінің бәрі жесір қалғанымен, жылы ұясын бұзбай, сақтап отыр. Анда-санда, әр жерде жиын-тойда көріп қаламыз. Мұны өзіме байланысты айтып тұрған жоқпын. Кешегі достарымыз, кешегі дастарқандастарымыз қайта хабарласып, телефон шалып, шүйіркелесіп сөйлескісі келмейді дейсің бе, келеді. Оған күйеуі жоқ болғаннан кейін, өзі ыңғайсызданады. Күйеуі бар әйелдер «мен туралы не ойлайды, менің күйеуіме көңілі түсіп, көздеп жүрген жоқ па екен деп қала ма» деп қуыстанады. Сен де белінен басып, не ойласа, соны ойлай берсін деп, бара берсең, өз әйеліңнің де көңіліне күдік келеді. Осындай қолайсыз, ыңғайсыз нәрселер көрініп тұрады. Бұл уақыт өткен сайын қалыңдап, шекарасы ашыла береді де, ертең бөтен адам сияқты болып кетесің. Көшеде көрсең, «ой бәленше, амансыңдар ма, балаларың қалай?» дейсің де жүре бересің. Кейде Құдай өзі кешірсін, менің де жақын жолдастарымның зайыптары ішінен ренжитін шығар. «Кеше дос болып жүргендері бекер екен ғой бұлардың. Арысым өмірден өткеннен кейін ешқайсысы бұрылып қарамай, бізге араласпай кетті» деген ойы болуы әбден мүмкін...
– Сонда әйелдеріңізден, елдің алып-қашпа өсегінен «қорқып» достарыңыздың есігін ашып, бала-шағасы не тіршілік жасап жатқанынан хабар алмайсыздар ма? Достық көңілдеріңізді біддірмейсіздер ме? Мүмкін, қиналып жүрген шығар...
– Дұрыс, олардың бәрімен бірдей арамыз ажырап кетті деп айта алмаймын. Оның ішінде әлі күнге араласып-құраласып жүргендеріміз де бар. Бірақ бұл күйеулері қайтыс болып кеткен әйелдердің мінез-құлқына да байланысты. Өздері ықылас білдіріп, отбасымызбен әрі қарай араласа беруге құштарлық танытып тұрмаса, өзің барып жабысқандай болып жүргенің біртүрлі ғой. Адал ниетіңді түсінбей де қалуы мүмкын. Сондай себептер, кедергілерден арамыз суып, салқындап кеткендері де жоқ емес.
– Сіз бағана бірнеше рет материалдық жағдай жөнінде айттыңыз. Материалдық жағдайыңыз қалай, шығармашылығыңызға кедергі жасап жүрген жоқ па?
– Кейде менің материалдық жағдайыма қарап, «Қалай қиналмай, әбіржімей, отбасының шырқын бұзбай жүр» деп таңғалатын қаламдас жолдастарым, ағаларым, достарым көп. Біз егемендік алғалы бері Үкіметіміздің әдебиетке деген самарқаулығы тым басымдау болып кетті. Шындап келген кезде әдебиет те, әдебиетшілер де халыққа керек емес сияқты болып қалды. Кітап шығару үлкен мәселеге айналды. Пәленбай жыл жаныңды тебірентіп, көз майыңды тауысып жазған дүниеңе қаламақы төлеу деген болмай кетті. Ал қаламақы болмаса, басқа табыс көзің болмаса, күнкөрісің қалай жақсарады? Әр адамға Алла өмір сүруі үшін бір нәсіп береді екен. Маған Алла тағаланың берген несібесі әнші-композитор ағайындармен байланысым ерте басталып кетті. Жетпісінші жылдардың орта кезінен бастап сұраныспен әнге мәтін жазамын. Шынын айту керек, мені асырап жүрген сол әнші ағайындар. Маған сұраныс көп түседі. Айлық алғанда, қаламгерлердің орташа жалақысы 50-70 мың теңге болуы мүмкін. Мен бір айдың ішінде 200 мың, кейде одан да көп ақша табатын кездерім бар. Менің материалдық жағдайымды ұстап, көтеріп жүрген сол.
– Тұрақты жұмысыңыз жоқ па?
– Мен айлық алатын, мемлекеттік жұмысты қойғаныма 27 жыл болды. Сексенінші жылдардың басынан бері тұрақты жұмыс істемеймін. Тек қана шығармашылықпен айналысамын.
– Зейнеткерлікке қалай шықпақшысыз...
– Бұрын зейнетақыны Жазушылар одағы шешетін. «Соңғы жылдардың айлығының есебімен зейнеткерлікке шығады» дегенді естіп жатамын, Бірақ Кеңес одағының кезінде мұнымен одақ айналысатын. Одаққа мүше адамдар кәсіби маман деп есептелетін. Шығармашылықпен айналысса, жұмыс істемеуге қақы бар-тын, еңбек өтілі жүре беретін. 120 сом көлемінде республикалық дербес зейнетақы тағайындайтын. Кейін көп нәрселер күйреп, өзгеріп кетті ғой. Қазір өзім зейнеткерлік жасқа жетпегеннен кейін, анық-қанығын толық білмеймін. Әлі зерттеп, қызығушылық танытпадым. Қызылорда жақта Орынбасар Бәйімбетов деген көкеміз бар еді, кезінде көп жыл ауданның бірінші хатшысы болған. Орталық комитеттің мүшесі, Жоғарғы кеңеске бірнеше мәрте депутат болған. 33 жасында Социалистік Еңбек ері атанған. Сол кісіге қазір ешқандай жеңілдік жоқ екен. Сол кісілерге жасалмай жатқан жағдайға қарап, біздің зейнетақымыз қалай болатынын мен білмеймін. Қандай зейнетке шығамыз, ол жағын көре жатармыз. Бұйырғаны болар... Алты жыл бұрын жүректен ауыр инфаркт алғанмын. Содан кейін тісім ауырып, стоматологтар «басқа тіс салып берейік» дегенде, «осы тісті салғанда, қанша жүремін, жетпіс-сексенге келем бе, келмеймін бе, қайтем ол тісті» деген ой келген еді. Зейнетақыға да солай қарап жүрмін, зейнеткерлікке жетем бе, жетпеймін бе деп...
– Алпыс жылдық мерейтойыңызды 24 мамыр күні Абай атындағы опера және балет театрында атап өткелі отыр екенсіз... Дайындығыңыз қалай?
– Кешке қатысып, қызықтайтын қонақтар келеді, көреді, кетеді. Мұның ауыртпалығы, қиыншылығы, салмағы оларға онша сезілмеуі, білінбеуі мүмкін. Кештің бар салмағы той иесіне түседі екен. Республика сарайына шамамыз жетпеген соң, театрды жалға алдым. Әлі де майда-шүйде жұмыстары көп. Оның жүйесін, жолын білетін адамдар көмекке келмесе, қиын нәрсе екен. Сосын тәжірибесі бар, әрі ауылдас Алтын Махамбетоваға өтініш айтып, соған тапсырдым. Қала әкімі Ахметжан Есімовке, Бостандық ауданының әкімі Амангелді Каримуллинге, Жетісу ауданының әкімі Әмір Құлмахановқа, өзім тұратын Әуезов ауданының әкімі Әділ Несіпбаевқа қайраткерлік танытып жатқаны үшін көп-көп рақмет айтамын. «Қазақстан» ұлттық телеарнасы түсіреді. Амандық болса, 24-мамыр күні, кешкі сағат бесте халықпен бірге тойламақпын.
– Сіздің өмірбаяныңызды әрі-бері іздестіріп, таба алмадым. Өзіңізден сұрағаныма айып етпеңіз... Қандай сыйлықтарыңыз бар деп жазайын...
– Біріншіден, мен сыйлыққа лайықты емеспін деген мағынада емес, бірақ осы уақытқа дейін неге сыйлық алмаған себебімді айтайын. Өйткені, жиырма жылдан астам уақыт кітабым шыққан жоқ. Кітабым шықпағанда, шығармай қойған ешкім жоқ. Жылда өзім келесі жылы шығарамын ғой деп, уақыттың өткенін байқамай қалыппын. Былтыр жылдың аяғында Мұхтар Құлмұхаммед Қызылорда облысының әкімі болып тұрған кезінде, «Сырдария кітапханасы» сериясымен 200 томдық Қорқыттан бастап тараған Сырдария өңірінің шайырларының кітаптарының жарық көруіне мұрындық болған еді. Соның ішінде менің де екі томдығым басылды. Одан бөлек, «Жазушы» баспасынан «Салқын сәуле» жаңа өлеңдер жинағым оқырман қолына тиді. Тиісті орындар ықылас білдіріп жатса, осы еңбектерімнің біреуі бір сыйлыққа ілінер деген үміттемін. Яғни, менде сыйлық жоқ. Әзірге ақын деген атымның өзі жетеді. Ақын деген әдемі атым кез келген сыйлықтан кем емес.
Әңгімелескен
Қаншайым БАЙДӘУЛЕТОВА
21.05.2009 жыл
ҮШ ИСАЕВ немесе ИБРАГИМ КӨКЕ
Өткен өмірде белгісі жатыр әр күннің, Шайырмен Сіздей шалқып бір талай желпіндім. «Қасқырға қойды бақтырған» дейтін достарым, Көкеме көрші қыздар жатағында мен тұрдым…
Қызығы менен шыжығын айтып жастайғы,
Әдемі көкем әріден сөзді бастайды:
«Исаевпын» деп кеудемді қағып келгенде
«Базарбайсың ба?» деп танысқандар жасқайды…
Өтті ғой уақыт, өлеңмен өрген әр күні,
Танылдым мен де, жыр сыйлап әсем таң нұры.
Базекең кейін фамилиясын айта бастаса,
«Ибрагимсің бе?» дейді екен елдің барлығы…
Алматыға, інім, ақын боп дайын келдің-ау,
Ақындық деген қилы да қилы жол құрау.
Мен енді қазір «Исаевпын» дей бастасам
«Қазыбексің бе?» дейтін де болды ел мынау».
Дегеніңді, аға, демеуіңе зор баладым,
Қолдадың сонда пейіліменен даланың.
Дүбірі бөлек, дүлдүлі де көп бәйгеде
Ақын боп мен де көсіле шауып барамын…
Еркін ақынсың, ел ішінде биік беделі,
Әнші мен сазгер алдыңа күнде келеді.
Гүл қыздар келсе, көкеме көркем жымиып,
Жұлдыздар көрсе – жүгіріп сәлем береді…
Көңілің ашық көрікті жансың деп білсем,
Талантың барда, тақпай-ақ тегі кеттің шен…
Атырау барып арқырап шарап ішкенде,
«Бауырмыз» деп те баршаға мәлім еттің сен…
Шабыттың буы шарпыған кезде таза шын,
Шаршасаң кейде аласың елдің мазасын…
Шапқылап жүріп, шалқып бір мен де кеткенде,
Ауырып қалсам… ағалық сөзбен жазасың…
Жағымпаздарды жақтырмай қаны қызатын,
Жүлдегер өзің –
Жарысқа түссе жүз ақын…
Ұмыта алман – мекенмөр меңдеп тұрғанда
«Тегіміз бір» деп ұсындың үйдің құжатын…
Келеді күтіп керім ұлдарын кең дала,
Ақынның нағыз қадірін білер ел дана.
Тұма жырыңа Тұмағаң берді зор баға!
Жұмыссыз жүріп, еркелеп Олжас ағаға,
«Еңбектегі ерлік» медалін алған сен ғана…
Пайғамбар менен Абаймен аттас шайырсың,
Тастаяқ қусаң, тастауға бәрін дайынсың.
Шырпыдай жанған шырт ете қалар ашумен,
Шырылдай жырлап келесің елдің жайын шын…
Ұнаған бізге –
Шыдаған сізге әпкеме не мін тағамын?..
«Ауырып қалсаң» – адвокат болып барамын…
«Исаевтың сен қайсысың?» десе ел бүгін,
Ибрагимнің інісі болып қаламын!
Қазыбек ИСА