Шоқауыз
2019 ж. 22 маусым
9674
0
Мектеп қабырғасында жүрген кездің өзінде Садықбек Адамбековтің ірілі-ұсақты шығармаларына қанық едік. Ол жазған фельетон кейіпкеріне шығарылған үкімдей көрінетін. Фельетонын оқып шығысымен «Сабазың осымен қызметімен қоштасатын-ақ шығар» деп түйетінбіз. Әсіресе «Ара» жорналынан Сәкеңнің өткір, уытты дүниелерін көбірек оқитынбыз. «Араға» жақындап, сатира жанрына жастай жан тартуымыздың бір сыры – немере ағам Көпен Әмірбектің сын-сықақ жанрына әуестенуіне, жаза жүріп «бала сатирик» атанып үлгеруіне де байланысты болуы керек. Туасы Ергөбектен тарайтын оншақты үй таңның атысы, күннің батысы бір-бірін әзіл-қалжыңмен іліп-қағып жүретін әзілкештер ауылы дерлік еді. Ауылда айтылатын әзіл-қалжыңды түзіп, ақ қазға ешбір қоспасыз түзіп кеп жіберсе юморлық жинақ шыға келерліктей. Ал, оны белгілі бір сатиралық кейіпкер бойына жинақтаса – Ярослав Гашек, Карл Чапек, Әзіз Несін, Оспанхан Әубәкіров шығармаларындай желілі туынды шыға келеріне күмән жоқ.
Өмірдегі осындай сайқымазақ ортаға өнердегі сатириктер келіп қосылған соң не болсын?! Сатиралық әдеби орта қалыптасты. Асқар Тоқмағамбетов, Садықбек Адамбеков, Қалтай Мұхамеджанов, Оспанхан Әубәкіров, Ғаббас Қабышұлы, Үмбетбай Уайдин шығармаларын екінің бірі жатқа айтар еді біздің ауыл азаматтарының! (Көпен осындай ортадан шыққан). Оспанханның Алматыдан арнайы келіп Әмірбек ағаның үйіне қона жатуы тіпті аңызға бергісіз.
Қып-қысқасы, біз Садықбек Адамбеков есіміне мектепте оқып жүрген бала кезден қаныға өстік. Садықбек аға туралы ұғымымызды алпысыншы жылдары жарық көрген «Атылған қыз туралы аңыз» аталатын роман-сатираның бірінші кітабы тіпті жаңалап кетті. Көпен бастап Төпен, Сапаш, Бақыт, Нұржан дегендей, бәріміз әлгі кітаптың түте-түтесін шығарып оқыдық. Пікір алмастық. Пікір жарыстырдық. «Өмірде болуы мүмкін», «Өмірде болуы мүмкін емес» – бозбала жастар пікірінің екі жарылған жері осы! Әдеби шарттылықпен шаруамыз болмаған сияқты.
Жетпісінші жылы КдзМу-дің филология факультетіне оқуға түстім. Оған да себепкер – Көпен Әмірбек. Алматыда Көпекең әдеби ортамен недәуір араласып үлгеріпті. Бізді қолымыздан жетелеп оқуға түсірген Әнуарбек Дүйсембиев Көпенді құрдасындай қабатында ұстайды. Оспанхан Әубәкіров «аузына түкірген», Садықбекпен сұхбат құрады, Ермек (Өтетілеуов) – қамқор аға... Менде Көпекең арқылы осы ортаға сығылып қарап, сыналап кіре бастадым... Ермек ағаның үйіне қонамын деп таң атқанша бүргеге таландым. Неге екенін, үй иелерін бүрге шақпайды. «Бізді таниды» – деп қояды Тұрар жеңгем. Үйренгенше бүргеге талана берейін бе, ақырын жылыстап кетіп, өзі дархан, жары Рәбиға мейірбан – бала мінезді балалар ақыны, ғажайып адам Әнуарбек Дүйсенбиев үйіне көбірек үйірсектейтін әдет таптым. Сәуле, Зәуре қарындастарыма, Ержан, Нұржан інілеріме айналды. Жамбылмен домбыра қағысатын Сәндібала әже дайындайтын тәтті тамағы, Рәбиға жеңгемнің әрдайымғы ашық қабағы тіпті ғажап. «Сенен балалар әдебиеті сыншысын тәрбиелеп шығарамын» – деп Әнуар ағам әуре.
Осындай күннің бірінде Көпен мені Садықбек ағамен таныстырды.
– Інім.
– О, жақсы. Бірдеңе жаза ма?
– Жазады.
– Сен сияқты, мен сияқты сатира ма ындынын құртқан?
– Жоқ.
– Енді?
– Сын. Сыншы болады.
– Ә!..
Сәкең маған сынай қарап қойды.
– Әй, біздің ауылдың балалары жақсы бастап кейін тастап кетеді, – деді сосын.
Көз алдына бір образ елестеп өткендей жанары күлім қағып әңгіме сабақтады. Кесірткені білесіңдер ғой. Бізде құмда жүретін кесіртке емес пе? Өзге өңірдің азаматтары қолына үлкен тор алады. Торға кішкене кесіртке отырғызады. Кішкене кесірткенің аузына жұқа көк шөп тістетеді. Алдына жем, су қояды. «О, бұл мықты ғой» – деп әспеттейді.
Ал, біздің Қызылдың құмынан кісі көрсе құлағы қып-қызыл болып қызара ысылдайтын, ысылдаған сайын денесі дірілдеп айбат шегетін келес кесіртке келеді.
Алматы ғой бұл енді.
Күндер өтеді. Әлгілердің кесірткесі ысылдаған келеске айналады. Ал, біздің келес күтімсіз жаман кесірткеге айналады.
Ол жұмбақтай сөйлеп отырды.
– Әрине, оған бұл балалардың кінәсі жоқ. Біз ғой кінәлі. Елден келген талантты балаларға аға болып қол үшін бере алмайтын, тәрбиелей алмайтын, – деді.
Түсінбедім.
Мен үшін жұмбақтау әңгіме еді. Оның үстіне осы бір бейтаныс та таныс адамды қайдан көргенімді есіме түсіре алмай өзіммен-өзім болып отырмын.
Бір кезде барып есіме түсті.
Қала автобусы. Гоголь көшесі бойымен келеміз. Шашын бір жағына қайырған ақсаңдай басатын ақсары кісі жап-жас жолаушы қызға төне сөйлеп тұр.
– Мен кино режиссерімін. Киноға түскің келе ме?
– Отыр. Отыр айналайын. Сенің отырғаның – менің отырғаным.
– Әкең бар ма? Шешең бар ма?
– А, күйеуің ше?
– Е, мен кино түсірем деп үйленбей қалған ағаңмын.
– Киноға түсуге қалайсың, а?
Міне, таптым, таптым. Сол кісі – осы кісі!
Кезінде көкөрім (шамасы студент болса керек), қызға отырған жерінде өңкиіп үстіне түсердей болып сөйлеп тұрған недәуір ересек кісінің әрекетін ерсі көргем. Енді, сол кісі – Садықбек Адамбеков болып шыққанына таң қалдым. Күлкі қысты.
– Әй, Көпен, мынау інің жынды ма? Күлгені несі-ей? Жылайтын әңгіме айтып отырсам күледі-ей келіп.
Үндемедім. Көпен күлкіні одан әрман өрістетіп әкетті.
Бәріміз күлдік.
Қысқасы, біз ресторанға Садықбек ағаны «түсіру» үшін келген екенбіз. Зорлаған ешкім жоқ. Жалғызілікті жан Көпен Әмірбек, Бейсембай Сүлейменов секілді інілерін кейде осылай ресторанға шақырады екен. Мен тыңнан қосылып отырмын.
Іштік, жедік.
Сөз арасында Арыс қаласында бес жыл мектепте оқығанымды айтып едім, Сәкең тіпті жылы ұшырай түсті.
Әңгіме арасында Сырбай Мәуленов, Жұбан Молдағалиевты сілейткен өлеңдерін оқыды. Ол өлеңдерге қарап «Сәкеңнің бұл айтулы екі ақынмен жүзі жараспаған екен ғой» – деп ойлайсың.
Кейін білдім. Қимас достары екен.
Бір әңгіме есімде.
«Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет істеп жүрген уақыты болса керек. Сәкең жорналист ретінде іс-сапарға шығады. Бас редактор Сырбай Мәуленов қаражат қомақтылау етіп белгілейді. Сәкең Қызылорда бағытына «Қазақстан» поезына билет алады.
Жол жүретін күн. Достары Сәкеңді жолға шығарып салмақ. Құрдастар өзара акылдасып алған. «Сәлем» рестораны. Ішім-жемнен дастарқан майысады. Төлейтін – Сәкең. Қымбат арақ-шарап, қымбат тамақ. Басып-басып заказ беріледі.
Сәкеңнің іс-сапарға арнап алған қаражаты ресторанға төлеуге жетпесі белгілі болады.
Құрдастардың қалжыңы өзінің қалтасын қағу екенін Сәкең де түсінеді. «Қазір келемін. Сендер еркін ішіп-жеп отыра беріңдер» – деп тысқа сұранып шығып кетеді, Сәкең.
Достары – ресторанда!
Сәкең шыққан бойы такси жалдайды. Таксилетіп Жұбан досының үйіне келеді.
– Софья, Жұбан жұмсады. Тез-тез.
– Тыныштық па?
Орталық дүкеннен саған ғажап норка шубасын көріп, алайын десе ақшасы жетпей қалды. Кезекте тұр. Мені ақшаға жіберді. Бол. Бол енді. Шуба таусылып кетеді.
Софья жеңгей Садықбектей құрдасының қолына сомадай ақша ұстатады.
Таксилетіп Сырбай досының үйіне келеді. Олар Қызылордада бірге оқыған.
Софьяға айтқан өтірігін Гүлжамал құрдасына да қиналыңқырап айтады.
– Әй, Садықбек біздің Сырбай мен түгілі өзінің үстіне киім алмайтын еді ғой.
– Өзің білесің ғой. Ана Жұбан қатынының трусиіне дейін өзі сатып алады ғой. Сол Софьяға норка шуба алған соң Сырбайдың да намысы қозып, саған сыйлық жасағысы келіп... Қалтасында ақша жүре ме Сырбайдың. Гүлжамал, бол. Қай размер керегін қағазға жаз. Ақша шығар.
«Артистік» бұл номер де өтеді.
Таксилетіп Сәкең ресторанға жетеді.
Дуылдаса қызып отырған құрдастарына келіп ішім-жем үшін артығымен ақша төлеп, поезға мінеді. Үзеңгіге аяғын салып тұрып:
– Үйлеріңде сый күтіп тұр, тезірек қайтсаңдаршы! – дейтін көрінеді құрдастарына.
Қазақы қалжыңға пірі зор Сәкең осындай болатын.
Сәкең ресторанда қыз-қырқынға қырындамай сабыр сақтап отырды.
Қиялы жан-жаққа алып-қашып отырған Көпен мен Бейсембай даяшыға қырындай сөйлеп қалып жатса Сәкеңнің шыр-пыры шығады:
– Даяшыға қалжындауға болмайды, антұрғандар-ау, – дейді Сәкең ондайда, – Олар сендердің әрбір қырындағандарыңа он сом қосып есептейді.
Ресторан дұрыс-ау.
Қолайсыздықтың көкесін Садықбек көкеміздің үйіне барғанда көрдік.
Қазіргі Қарасай батыр көшесінде шағын екі бөлмелі пәтерде тұратын ол тазалықгы жақсы көреді екен. «Ана жерге отырма, мына жерге отыр», «Олай отырма, былай отыр» – деп есіңді шығарады. Оның үстіне алдына фартук байлап қазан-аяққа өзі кірісіп, тамақты өзі дайындағанда кісі қолайсыз күй кешеді екен.
«Әйелі қайда Сәкеңнің?» – деген сұрау көкейімнен кетпеді. Әйел исі сіңбеген пәтер жетім кейіпте. Көңілді әлдебір аяушылық буды. «Өзі классик... Жалғызбасты...» Кісінің басына бермесін.
«Қатыныңыз қайда?» – деп сұрау әдепсіздік. Көпен мен Бейсембайдың айтуына қарағанда, Сәкең күніне төсек жаңғыртады...
Кім білсін?!
Осы сұрауға жарым-жартылай жауапты кейін таптым. «Лениншіл жас» газетінде әдебиет және өнер бөлімінде қызмет істеген жылдары бірде Махфуза Байзақова есімді әртіс апай келді редакцияға! Айтулы ақиық ақын, айтыс өнерінің ақтанкері Иса Байзақовтың қызы екен. Көп жыл жастар театрында бірсыпыра роль ойнаған Махфуза Байзақова соңғы жылдары қолына калам алып, өнер жайлы ой-толғаныстарын қағаз бетіне түсіріп жүреді екен. Сол материалдарын жариялату үшін келген беті.
Міне, осы кісі Сәкеңнің жар қосағы, біздің жеңгеміз екен. Әттең, біраз бірге тұрып ажырасып кетіпті. Салихалы кісі еді, жарықтық. Шамасы, бар кінә біздің ағамыздан болар-ау...
Сәкең тұратын пәтердің есігі Алдаркөсенің жел кеулеген жыртық шапаны секілді. Пырым-пырым. Құлыбы көп ауыстырылған. Және бір байқағаным – Сәкең кілтін есікке салардан бұрын тың-тыңдап біраз тұрады. Сосын ақырын кілтті құлып көзіне сұғады.
– Ау, мұныңыз не? – деймін.
– Бала, дұшпаным көп, – дейді ол, – Байқамаса болмайды. Кезінде «Крокодил» жорналының меншікті тілшісі болып істедім ғой. Ол кезде маған мылтық ұстауға рұқсат ететін. Адамдар мені өлтіру үшін келіп талай рет есігімді бұзған ғой...
Сәкең қай-қайдағыны қозғайды. «Ара» жорналының өзі аз емес. Ал, ол кісі «Крокодил» жорналының меншікті тілшісі. Қастандық жасалса, жасалған да шығар.
Сәкең отанында бірер рет болған соң жиі баруға зауқым соқпады. Өзі де қайдағы бір әпенді әңгімелер айтады. Жазғаны дана дерлік, қайталанбас сатириктің өмірі сұрқай, айтары баланың әңгімесі, ала-құла бірдеңелер.
Көшеде кездесіп қалса бұртиып өкпелеп, жер-жебіріңе жетіп ұрсып, мазаңды алады.
– Бір үйде бір өзім. Өліп қалсам қайтесіңдер? Сасып кетсем қайтесіңдер?
Сәкең бастырмалатады.
Біз желкемізді қасимыз.
Бірде Сырбай Мәуленовтің үйінде әңгімелесіп отырдық. Телефон шар ете түсті. Гүлжамал жеңгей Сырағаңды телефонға шақырды.
– Әй, құнсыз, қалайсың? Тірімісің? – дейді гүрілдеп. – Арам өліп қалып жатқан жоқсың ба?
Әрине, телефон трубкасындағы жауап естілмейді бізге. Ол да есесін жібермейтін болса керек. Оны Сырағаң жауабынан аңғарарлық.
– Сенің Садықбек ағаң ғой, – дейді Сырағаң қайтып келіп, орнына жайғаса беріп.
– Апыр-ай, ауыр айттыңыз-ау? – деймін.
– Е, ол да мені оңдырады дейсің бе. Бәрімізді елге масқаралап болды ағаң.
Сырағаң оқ тиген кеміс қолымен жағын сипап-сипап қойды. Сөйтті де Садықбек Адамбековтің өзі жайында мазақтап шығарған өлеңдерін оқи жөнелді.
Риясыз күледі.
Ол өлеңдер дәлме-дәл есімде сақталмапты. Алайда, ұзын нобайы былай келетін.
Бір жылы Сырағаң Оңтүстікті сапарлайды. Ел аралап, «Сарыағаш» шипажайында ем-дом алып, есін жияды.
Сүйікті ақынға Оңтүстік азаматтары машина мінгізеді.
Алматыға көңілді оралған Сырбай аға Садықбек досын іздейді. Тауып сөзбен қажайды.
Сенің ауылыңда болдым. Сенің атыңды айтсам, жан баласы білмейді. Ауылыңа бір түйір қадірің жоқ екен. Ал, мені сыйлап, машина мінгізді.
Мұндайда Садықбек аға қарап қалған ба?
Көтенінен теуіп, бір түнде,
Өзінің Торғай даласы.
Біздің Сырбай бұл күнде,
Оңтүстіктің асыранды баласы!.. – деп өлеңдете жөнеледі.
Бозбала шақтан қажасып бірге келе жатқан екі достың әзіл, қалжыңының беталысы осындай. Екеуі қимас дос еді. Сырағаң қайтыс болғанда еңкілдеп жылағанын көзіміз көрді.
Сен кетіп барасың,
Соңыңды қара орманға
көшіріп,
Мен кетіп барамын,
Өзім жаққан отты өзім
өшіріп! –
дегендей (жатқа келтірілген өлеңде дәлсіздік болса ғафу өтінемін) кісінің кұйқа тамыры шымырлайтын шумақты айтқан да Садықбек!
Сәкеңнің ендігі бір қимас досы – Жұбан Молдағалиев. Жұбағаң жайында Сәкең шығарған шымшыма шумақтар сүйектен өтерлік. Алпыс жылдығына орден берілмей, мақтау грамотасымен марапаттағанына көңілі толмай қоңылтақсыған Садықбек:
Сафуанға орден тапсырып,
Маған мақтау қағаз жапсырып,
Жалғыз адал досым деп,
Құшақтайсың қапсырып.
Бұрынғы өткен заманда,
Сырбай – лапша аманда,
Айлы жаздың кешінде,
Алабұтаның ішінде,
Шпанаға қаратпай,
Бұралқы итке жалатпай,
Шыбыныңды қағып
отырған досыңа
Көрсеткенің осы ма? – деп те шымшыма өлең шығарған.
Сөйткен Жұбан аға Желтоқсан оқиғасында ерлік көрсетті. Қоғамға назырқанды. Наразылық соңы бүйрек ауруының асқынуына әкеліп соқты да, қапашылықпен көз жұмды. Сонда Садықбек табан астында тауып айтқан «Жұбан – Жұбан болып туып, Махамбет болып өлді» деген сөз бір демде қазақ жұртына тарап кеткен еді.
Садықбек аға драматургияда комедия жанрында, сатирада роман-сатирадан тартып әзіл әңгіме, фельетондарды аса көркем де, уытты жазғаны баршаға мәлім. Сонымен қатар алдындағы Ғабит Мүсірепов сынды ағаларына, Қалтай Мұхамеджанов секілді қанаттас құрбы-құрдастарына арнап тотияйындай ащы, мейлінше тапқыр өлеңдерді табан астында суырып салып, айтып жіберіп қарап тұрар еді.
Өзі айтар еді: «Отауыз», «Шоқауыз», «Боқауыз» аталатын үш циклды үш дәптерге түздім» деп. Өмірінің ақабалы сәтінде өзі туып өскен Арыс қаласына қоныс аударғаны белгілі. Арыс әкімі Әлімжан Құртаев кейін жазушы музейі болар деген оймен сәулеті келіскен бір үй бөліп те берген. Сондай-ақ, әлгіндей шата сөздері мен шатақ өлеңдерін, шымыр шумақтарын сол кезгі әкім орынбасары Тазагүл Байлароваға «жазып ала бер» – деп өтініш айтқан едім. Бірсыпыра материал жинақталса керек. Біразын мен де қойын кітапшама түсіріп отырдым.
Жоғарыда Сырбай, Жұбан, Қалтайға арнаған қалжың өлеңдерін алға тарттық. Олар – қазақ әдебиетінің классиктері. Садықбек аға да өз жанрында өміршең туындылар қалдырған классиктер санатында. Қазақ қаламгерлері өмірде қалжындаса жүріп, қатар жасаған, өнерде қатар тұра қалып жыр қашаған.
Жасында балалар үйінде өсіпті. Фельетонына кейіпкер етіп, әкесін алса керек. Кім білсін?
Жас шағында «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жорналист болып, қалам ісіне баулынды. Аталмыш газеттің көне тігінділерін ақтара парақтаған жан Сәкеңнің көптеген өлеңдеріне тап болады. Сәкең жасында жалындаған комсомол ақыны болған. Ақын жазған мәтіндерге аты, заты бар сазгерлер ән шығарып, ол жұртқа кең тараған кезінде. Кейін Алматыға ауысты. «Ара», «Крокодил» жорналында, «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет атқарды. Кейін келе шығармашылық жұмыспен бірыңғай айналысты.
Сәкең сатиралық дүниелермен қатар тілі шұрайлы, оралымды очерктерді де көп жазған, көп жариялатқан қаламгер. Өзі тұрған пәтердің балконында бір қоңыр кітап шкафында тұратын, онда кітаптар, газеттер бір бұрышта үйіліп жатар еді. Бір барғанда «Кітаптарыма негізінен көркем дүниелерім кіреді, ал фельетон, көркем очерктер міне жатыр» – деп әлгі газет, жорналдарды нұқыды.
Әрине, кітаптарға енген дүниелер сақталар. Тасқа басылған дүниелер табылар. Табылар да жанашырлар қамқорлығымен қайта басылар. Ал, әлгі газет, жорналдарда басылған дүниелер Сәкең кейін елге қоныс аударып, үйі жөндеуге түскенде жоғалып кетіпті. Ешкім білмейді. Өкініші сол. Кім ыждағаттап жиып, кім ол очерк, фельетондарды кітапқа топтастырып, жарыққа шығара қояр?!
Ғылымға айналдырсақ деген оймен Садықбек Адамбековтің әдеби мұрасын кандидаттық диссертацияға тақырып ретінде Тұрсынай есімді қыз балаға ұсынғам. Сәкең марқұмның фотосуреттері, кейбір құжаттарын осы ізденуші қыз жинақтап қолына ұстап отыр. Оған да шүкіршілік!
Садықбек Адамбеков өмірінің ақырғы жылдарында Оңтүстікке қоныс аударды. Арыс қаласында тұрды. Қала әкімшілігі, немере інісі, ағайын-туыс дегендей қолдарынан келгенінше қаламгерді ардақтап бақты. Денсаулығына байланысты шығармашылық іспен дендеп айналыса алмады. Рас, бір роман жазды. Сүйегі – Желтоқсан оқиғасы.
Өзінің жетпіс жылдығына орай шығармаларын екі немесе үш кітапқа жинақтамақ еді. Сәті түспеді. Қатарларына бұйырған шығармалар жинағы Сәкеңе бұйырмады.
1999 жылдан мен де Оңтүстікке біржолата қоныс аудардым. Облыс әкімшілігінде басшылық қызмет атқарған жылдары Садықбек ағаны мәжілістерге шақырып тұрдық. Барып халін біліп жүрдік. Әсіресе, әдебиетке жақындау – облыс басшысы Сапарбаев Бердібек Сәкең қадір-қасиетіне жетіп, ұдайы сұрағыштап, сыртынан тапсырма беріп, қамқорлық жасаумен болды.
Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен 1996 жылы жазушылардың кезекті съезі болды. Насыр Фазылов бастаған өзбекстандық қонақтарды, Садықбек Адамбековті съезге алып барып қайту маған жүктелді. Ақсақалдарға шәй жасап, дастархан жаю үшін жарым – Баянды сапарға бірге ала жүрдім. Диктофонды дайындап үстел үстіне қойдым. Осы сапар Алматыға барғаннан, келгенше дегендей Сәкенді диктофонға сөйлетіп алдым. (Таспа менің архивімде сақтаулы.)
Алматыға келіп жеткен соң, қарт кісі, қонақүйде жағдайы бола қоймас деп, үйде күтуді ойладым. Ақсақал қарсы болды.
– Мені енді қанша жүреді деп отырсың. Қаламдастардың арасында болайын. Қолым қалт етсе «Кеңсайға» барып, пайғамбар ағаларым, құрдас-құрбы жігіттер рухымен сырласып, қоштасайын. Енді мен Алматыға келмеспін. Рұқсат ет!
Сақалы шошайған бір шөкім шал соншалықты жайбарақат сөйлеп тұр. Алайда көзінде – мұң.
Жүрегім дір ете түсті.
Зират аралатып қайтуды ойладым. Тәуекелім бармады. Өзі де жалғыз барғанды хош көрді.
Кешке шаршап-шалдығып келіп тұр. Әбден болдырған.
Көңілінде бір ғана «ойға алғанымды орындадым-ау» деген медеу-ой!
Қайтып келеміз.
Түн.
Әлдене тықыр-тықыр етеді.
Ет желінген, шәй ішілген. Енді не тықыр?
Көмек керек болып қалар ма деген оймен төменге түстім. Сөйтсем, Сәкең стол үстіндегі арақты уысына құйып алып, денесін сылап отыр.
Іргелес жатқан қалжыңға жүйрік Насыр аға:
– Ағаңның мас емес жері қалмады... – дейді.
– Е, кішбұрыштар, сендер мұны ішесіңдер. Ал, мен к... ді жуамын! – дейді Сәкең жайбарақат.
– Ойбай, ағаң боғауыз сөз айтты. Анау жаман сөз! – дейді Насыр аға.
Міне, Алматыдан осылай әзіл-калжыңмен қайтқан едік.
Ұзамай Сәкең көз жұмды.
Ағайын-туғандарымен ақылдаса отырып Сәкең тәнін Түркістанға қоялық деп ұйғардық.
Қазақ сатирасының классигі Садықбек Адамбеков Түркістанда зиялылар мазаратында ескерткішке айналып, тас-тұғыр үстінде тұр. Ол айтқанда тауып айтатын, күйдіріп айтатын, әдеби ортаның өзін ықтырып жүретін шоқауыз каламгер болатын.
Өз шырағымды өзім өшірдім-ау деген бірде өкінішпен Сәкең. Кім білсін? Ал, өнер шырағы өшпек емес... Талай жүректерді нұрландырып жасай береді. Айтқаны алмас қылыштай қиып түсер отауыз ақын үнемі біздің есімізде!
Құлбек ЕРГӨБЕК
филология ғылымының докторы, профессор
qazaquni.kz