«Ақтым мен талай, «Құс жолыменен» бұрқырап...»
2019 ж. 14 маусым
8299
0
Менің Қасқыр ақынмен (Қарсыбай Серікбайұлымен) танысқаныма 4-5 жылдың жүзі болды. Таныстығымыздың басы, Қасекеңнің қызы менің туған бажама келін болып түсті де, содан бері екеуміз түрлі жиын, той-томалақтарда жиі кездесе бастадық. Бір-біріміздің шығармашылық кештерімізде болдық. Осылай шығармашылық өмір жолдарымызбен де танысып, бір-бірімізді бір кісідей білетін шаққа жеттік. Әсіресе, мен бұл кісіні, оның 2013 жылы «М-талант» баспасынан шыққан «Өткел» атты кітабын оқығаннан соң жете біле бастадым ғой деймін. Бұл кітаптағы шып-шымыр жыр ұйқастары мен кісіні еріксіз селт еткізер тосын теңеу, терең ой, жазық далада бауырын жазып көсіле шапқан дүлдүлдей ақынның жыр жазудағы еркін қалам тербеуі шынында да бізді тәнті етті. Сөйтіп, кітапқа алғысөз жазған М.Ерімбетовтің сөзімен айтқанда «әр сөзі алтыннан да зият қасиет Қасекеңнің көзінде емес, сөзінде екеніне, заманынан 200 жыл кеш туған сері Қасекеңнің өлеңіне шіреге үймелеген шіркейдей құмар адам» шынында да өте көп екеніне көзіміз анық жетті. Осылай бұл кісінің соқтықпалы да соқпақты өмір жолы бізді енді одан сайын қызықтыра түсті.
Сөйтсек, Қасекең 1950 жылы бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, Қызылқұм ауданы, «Қызылқұм» кеңшарының Дарбаза елді мекенінде дүниеге келіпті (Бұл жер 1963 жылдан Өзбекстанға беріліп кеткен). Ондағы 10-жылдық мектепті бітірген соң, Самарқанд ауыл шаруашылық техникумына оқуға түсіп, оны зоотехник мамандығы бойынша бітіреді. Одан соң әртүрлі шаруашылық ұжымдарда зоотехник және басқа да мамандықтар бойынша жұмыс істей жүріп, 1970 жылдан аудандық «Шаруа» газетіне тілшілік қызметке тұрады. Сол күннен бастап бұл кісінің шығармашылық жолының тың бастауы ашылады. Бұрыннан да шама-шарқынша өлең-жыр жазып жүрген жас жігіт енді біржола бұл іске шабыттана кіріседі. Жастарды адамгершілікке, ізгілікке, ата дәстүрді құрметтеуге шақырған жаңа терме, жыр-толғаулары өмірге келеді. Бұл жырлар аудандық газет арқылы тез тарап, оны үлкенді-кішілі жыраулар қағып алып, елден елге таратып айта бастайды. Бұл жас ақынға тың шабыт беріп, арқаланған жас жігіт енді қолына домбыра алып, өз термелерін өзі де орындап, жұрттың ыстық ықыласына бөленеді. Құдай берген құлақ құрышын қандырарлық зор дауыс пен терең мағыналы терме-толғаулар тыңдаушысын тамсандырып жұртшылыққа тез тарай бастайды. Ә демей-ақ, ел жас жігітті «ақын бала, жырау бала» атап кетеді.
Иә, айтса айтқандай, дана табиғат бұл кісіге «осы баладан қарыздар болмайыншы» дегендей жыраулыққа тән бар асыл қасиеттің бәрін берудей-ақ берген екен. Дене бітіміне қарасаңыз, Балуан Шолақтың өзін көзге елестететін, қорғасындай салмақты әрі әсерлі, зор дауысына қарасаңыз Левитан мен Ермек Серкебаевтың өздері келіп қалды ма дейтіндей, ал домбыраға қосылып шырқай жөнелгенде, деміңізді ішке тартып, әлде бір пейіш дүниенің сиқырлы құшағына еніп бара жатқандай, осы әуен үзілмесе екен деп, жан рахат күй кешетініңіз тағы бар. Тоқ етерін айтқанда, шайыр дауысы сізді еріксіз өз әлемінің тұтқыны ететіні сөзсіз. Осылай Қасекеңнің жыраулық өнері жұртшылыққа кеңінен танылып әр-түрлі той-жиындарға шақырыла бастайды.
Меңгеріп жырдың түрлі мақамдарын,
Отызда ақын Қасқыр атанғанмын.
Сонан соң назым сөзге үйір болып,
Шөліркеп тұнығынан бас алмадым,–деп Қасекеңнің өзі айтқандай, атақты Құтбай ақын, Қайыпназар, Тәшман жыраулармен қатар жүріп, бірі-бірінен үйреніп, шеберлігін шыңдай түседі. Қызды-қыздыға келгенде өткір де, ғажап ұйқасқа толы жыр шумақтарын суырып сап, төгіп-төгіп тастайтын да шамаға жетеді. Бұл қасиет Қасекеңді ақындар айтысына әкеп қосады. 1989 жылы атақты Таубай әулиенің асында үш ақынды жеңіп ақбоз ат мінеді. Бұдан өзге де айтыстарға қатысып Әселхан, Тәушен апамен де сөз қағыстырған кездері болады. Тәушен апа мұның ұрымтал, өткір сөз ұйқастарына қарап, «сен ақын болғанда да, ақынның қасқыры екенсің» дейді. Дуалы ауыздан шыққан сөз тегін бола ма, сонау 1984 жылдан бастап бұрынғы Қарсыбай жыраудың аты өзгеріп, ол енді Қасқыр ақын атала бастайды. Содан уақыт өте келе, халық бұл кісіні біржола «Қасқыр ақын» атап кетеді, кітапқа да Қасқыр есімінің берілуі содан екен.
1992 жылы Ташкентте атақты қолбасшы, шешен, баһадүр Сырым Датұлының туғанына 200 жыл толуына орай өткізілген халықаралық айтыстың ақтық сынында алматылық ақын Есенқұл Жақыпбековты жеңіп 1-ші орын алады.
Тек өкініштісі, ел егемендігін алған 90-шы жылдары барлық шаруашылықтар ыдырап, бүкіл ел дағдарыстан не істерін білмей, күйзелген халық қап арқалап кеткен кезең Қасекеңнің отбасына да оңай соқпаған секілді. Айтыс түгілі, өлең-жыр жазу жайына қап, ақынымыз жанбағу жолына түседі. Шығармашылық ақыны қашан да шаруаға олақ келеді емес пе? Бір жағынан шамырқанған шабыт қысса, бір жағынан шын тарыққан қатын-бала қамы есеңгіретіп, Қасекең тығырықтан шығар жол таппай әрі-сәрі күйге түседі. Біршама алтын уақытын босқа өткізіп алған Қасекең тек екі мыңыншы жылдардан соң қайта ес жиып, қолына қаламын қайта алып, жаңа жырлар жазып, бұрынғы жазғандарын да жинақтай бастайды. Нәтижесінде 2013 жылы Қасекеңнің «Өткел» атты жеке жинағы баспадан шығып, оқырманның қолына тиеді. Бұл кітап шынында да оқырмандар арасында үлкен қызығушылық тудырған жинақ болды, қолдан қолға ауысып оқыла бастайды. Қасекеңнің «Қасқыр ақын» атты 2-ші кітабы да қолымызға тиді, үшіншісі баспада жатыр. Қарымды қаламгердің шығармашылық көші осылай өз бағытын қайта түзеуге көшеді.
Ал енді осы кітаптарда жазылған жыр жолдарын біраз көз сүзгісінен өткеріп қарасақ, әр бетінде ғаламат сыр тұнған тұп-тұнық шәрбат сусынындай керемет жыр жолдарын көреміз. Оны бас алмай, ақырына дейін оқып шықпауыңыз да мүмкін емес. Өйткені сіз, Жыр-құдіреттің алдында жәй мүсәпір пендеге айналдыңыз. Бұл, әрине, нағыз сөз зергерінің ғана қолынан келетін көсем ой, қас шеберлік, жүрекке жылы ұялайтын қазақы уыз тіл бір-бірімен жымдасып, терең өрілгенде ғана болатын құбылыс. Соңдықтан да Қасекеңнің «Күзгі бақта», «Төлқұжатым», «Қазыбек Исаға», «Құтбайға» деген сықылды көптеген өлеңдері Қадыр Мырзалы, Темірхан Медетбек сықылды жыр сүлейлерінен оң бағасын алыпты.
Енді біз бұл айтылғандардың бәрі құрғақ сөз болмас үшін төмеңдегі «Төлқұжатым» өлеңіндегі мына бастапқы екі шумақты алайық:
Ей, оқырман – жырларым ұнағандар,
Мен өлгенде ешқайсың жыламаңдар.
Өмірі өксіп өткен ақын деңдер,
Кімдігімді болса егер сұрағандар.
Жыламаңдар,
Ешкім де жыламасын!
Шошытып аласыңдар Жыр-Анасын.
Артымнан сөз көп ерген бейбақ едім,
Көрде тыныш жатсыншы мына басым.
Міне осы екі шумақ өлеңді оқығаннан соң әрі қарай жылы жауып қоя аласыз ба? Жүрегіңізді дір еткізген бұл жұмбақ жолдардың арғы жағында не жатыр? Ақын не айтпақшы? Сөз жоқ, әрі қарай да бар ынтамен бас алмай оқып шығатыңызға біздің сеніміміз кәміл. Сондай-ақ, мұңдағы тасқа қашағандай шебер ұйқас, сөз мәнісіне қараңыз, буын үйлесімділігіне үңіліңіз. Бір үтіріне дейін өзгерте алмайсыз. Немесе Қасекеңнің сонау жылдары Өзбекстан елінде қалып қойған «Қызыл» атты туған жеріне деген сағынышты жыр жолдарын көрейік. Осы қасиетті жер пұшпағын ақын естен шығармауды ұлына аманаттап отырып, былай дейді:
Ұлым менің, бұл саған аманатым,
Алыс емес айтардай ара да тым.
Жұмыр жерде нүкте бар «Қызыл» деген,
Туған жері әкеңнің саналатын.
Барсаң балам несі бар салмақтайтын,
Пенделіктен бір жола аулақтайсың.
Ата-әжеңнің сүйегі сонда жатыр,
Топырағына алаңсыз аунап қайтқын.
Кездеспейсің адамның ұсағына,
Ыстық келер құмындай құшағы да.
Барғаннан-ақ бағланын жығып салып,
Жүгіргілеп жатады пышағына.
Ұяндықтан алған жөн араны ашып,
Құм елінің қашан да қабағы ашық.
«Қаншайымдай» шоқы бар шыға қалсаң,
Жұлдыздармен кетесің араласып.
Сексеуілін айтсайшы, сексеуілін,
Балықкөзге жете ме екпе гүлің.
Күн төбеден аумайды, содан болар,
Қысқа болар ғұмыры көктемінің.
Бұл жерде де біз ақынның туған жерге деген сыздықтаған сағынышымен қоса қатар өрілген құм табиғатының ғажап суреттерін көреміз. Оның адамдарының ыстық ықыласына бөленгендей боламыз. Өзіміз ақынмен бірге болғандай керемет ой кешеміз. Міне, осының бәрін бір арнаға сыйыстырып, оқырманды өзімен бірге қоса тебірентіп отырған шайыр шеберлігіне енді қалайша сүйсінбейсіз?!
Сол сықылды Құтбай ақынға арналған мына жыр жолдарына қарасаңыз:
Тұлғасы Нұратаудан асқан ақын,
Сырнайын созып біраз баптанатын.
Сонан соң қоңырлатып, мамырлатып,
Бір әуен жанға жайлы басталатын.
Бір кезде мұзбалақтай сілкінуші ед,
Билеп ап тыңдаушының астанасын.
Қолтығы қызғаннан соң бірте-бірте,
Жырлардың не жәуһарын ақтаратын.
Хабарын естігендер шартараптан,
Ауылға шұбап келіп бас салатын.
Туырлығы туралып киіз үйдің,
Сынуға керегесі шақ қалатын.
Осы жыр жолдарын оқи отырып, біз бүгінде көзден ұшып, ұмыт болуға айналған баяғы қазақ ауылының ғажап бір көрінісін қайта көргендей болатынымыз анық. Ақын жыр өрнегін қайта жалғай отырып:
Ел қимай қоштасарда ертеңіне,
Құтекең айналатын ертегіге.
Әйелдер ырым жасап жатушы еді,
Баласын аунатып ап етегіне, – деп, тарихи таза этнографиялық көріністі көз алдыңызға қайта жайып салады. Бұдан артық жауһар дүние, бұдан артық шеберлік бола ма?
Сондай-ақ Қасекеңнің кітапта көптеп кездесетін:
Дүниеге келгеннең соң сапарланып,
Қайтуың сол жолменен қашан да анық.
Пысықсып жүргендер де ертелі-кеш,
Аяғын үзеңгіге артар барып.
***
Жалқау мен әккі қудың күні туды,
Құр шықпас сасық судан қармақтары.
Көзіне пұлдан өзге дым көрінбей,
Ел ішін екі аяқты аң қаптады.
***
Кеудедегі шыбын жан,
Аманаты Алланың.
Өмір – теңіз, біз – балық,
Әзірейіл – балықшы,
Қабамыз бір күн қармағын.
Осы секілді кісіні бір көз жүгірткеннен селт еткізер тосын сөз саптау мен ой-толғамдары оқыған жанды бір ойландырмай қоймайтыны тағы бар.
Сонымен қорыта келе айтарымыз, осы кітаппен танысқан жан 70 жастағы ақынның туабітті табиғаттан алған ең қымбат сыйы – ата-ана, туған жер, туған елге деген перзенттік жүрек соғысының адалдығына көз жеткізері сөзсіз. Сондықтан, бүгінгі қазақ поэзиясы майталмандарының легіне ел күйінсе күйініп, ел сүйінсе сүйініп, оған арнап керемет жырлар жазып жүрген өзіндік дара жолы, дара айтары бар нағыз жыр сүлейінің бірі келіп қосылғанына еш күмәніңіз болмасын.
Бердалы РЫСБЕКОВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
Оқырманға
Жалғыз тұрып, таңында талай тамыздың,
Жанарымнан жұлдызды шақты ағыздым.
Ақтым мен талай «Құс жолыменен» бұрқырып,
Үкісіменен көз жасымды сүртіп ап.
Қара бұлт болдым ақ жаңбырларын тұрған ауырлап,
Ақпан да болдым дауылдап.
Қырғауыл болып қарқарама көміп өттім кеп,
Атырауларды бауырлап.
Алуан гүлдер жарғанда жаңа бүршігін,
Қауыздарынан мөлдір шық болып ыршыдым.
Шекара бойлап Аллажар айттым халқымның,
Мінәжат етіп бұзылмауын тілеп шырқының.
Азаттығыңа болсын деп тарту, жоралғым,
Ғарышкерлерше жұлдызға сонау жол алдым.
Мақталықтарда мақтадай аппақ қыздардың,
Мойындарына мизам жібіндей оралдым.
Шарқ ұрдым талай теңіздің аппақ құсы боп,
Жылу да төктім шілденің шаңқай түсі боп.
Дүниеде мынау өткенге, шіркін, не жетсін,
Сендерге деген жақсылықтардың өкпе тұсы боп.
Бастап еді бір өлең
Белгілі ғой өмірдің қиындығы,
Табу қиын мойымас иіндіні.
Ақын үшін тәңірі о басында,
Жаратпаған ақылға сиымдыны.
Бас білігі бағынбай ырығына,
Түсті келіп нарықтың құрығына.
Ол аз десең аңдыған әр қадамын,
Түсінбей жүр биліктің қылығына.
Жабайылау екен,– деп,– түсінігің,
Әкімдері көрсетер кісілігін.
Кеңселерден талайы қуып шықты,
Ұнамады-ау жыртығы ішігінің.
Жас та келіп ұғымның көнергені,
Көнермесе бұл кепке көнерме еді?
Пышақ қырлы бір кітап бола алмай жүр,
Төрт кітапқа жүк болар өлеңдері.
Ұтарың не өткенді жасырғанда,
Жылап өткен Сәкен де, Қасымдар да.
Бастап еді бір өлең бітпей қалды,
Ұқсаңқырап сарайлық ақындарға.
Төлқұжатым
Ей, оқырман, жырларым ұнағандар,
Мен өлгенде ешқайсың жыламаңдар.
Өмірі өксіп өткен ақын деңдер,
Кімдігімді болса егер сұрағандар...
Өтінішім, ешқайсың жыламаңдар!
Жыламаңдар,
Ешкім де жыламасын!
Шошытып аларсыңдар Жыр-Анасын,
Артымнан сөз көп ерген бейбақ едім,
Көрде тыныш жатсыншы мына басым.
Шыға алмай жоқшылық үдесінен,
Шаршадым мен, шаршадым күресуден.
Қасқыр ақын өмірден өтті деңдер,
Талай қазақ хабардар бұл есімнен.
Мен де адаммын қуаныш, болған қайғым,
Енді бүгін оталған ормандаймын.
Оттай ыстық біреуге ғашық болып,
Оттан сақтай алмаған сормаңдаймын.
Болмаса егер бәрінің санасы өлген,
Біреулер кеп ап кетер қаласа елден.
Бәрінен де қиын-ау бауырыма,
Бір омыраудың ақ сүтін таласа емген.
Өткенімді сұрама, толы мұңға,
Бастан өтті қорқыныш, қорыну да.
Мен өлген соң кәнігі ақындардай,
Жерлей қоймас Кеңсайдың қорымына.
Құрысыншы, бәрі де құрысын да,
Қимайтындай не қалды ұлысымда.
Жер де, су да, байлық та, бостандық та,
Жемқорлар мен жебірлер уысында.
Ей, оқырман, жырларым ұнағандар,
Мен өлгенде ешқайсың жыламаңдар.
Қасқыр ақын өмірден өтті деңдер,
Кімдігімді болса егер сұрағандар...
Өтінішім – ешқайсың жыламаңдар!
Көлеңке
Көпектерге айнала андыздаған,
Көк бөрінің өзі едім алғызбаған.
Енді отырмын Қорқыттың күйін кешіп,
Көк теңіздің төрінде жалғыз қалған.
Түні бойы ілінбей көзім мүлде,
Селт ететін түрі жоқ сезімнің де.
Көз ұшында бір сұлба көлбеңдейді,
Көлбеңдеген сол сұлба өзіммін бе?
Айналғандай өмірім бұрқасынға,
Мұңдасым да жоқ менің, сырласым да.
Көлеңкем бе-ей,
Жо-жо-жоқ, не дегенің?
Шыр айналып әзірше жүр қасымда.
Не сұмдықты жүрген соң көзім көріп,
Тұрғандығы шамалы төзім де оңып.
Кейде шошып оянам, түсімде ылғи,
Өзім жатқан табытты өзім көріп.
Мінезіне тар келер аспан асты,
Сан соғылған жан едім тасқа басы.
Тірілігімді сезініп жүру үшін,
Көлеңкем-ей, сен мені тастамашы!
Дәрігерге
Ревматизм,
Жүрегім де шаншиды,
Ауыр ойлар төсегіме жаншиды.
Палатада үш ауру жатырмыз,
Жанымыз да, қанымыз да әр қилы.
Инелерді сұққылаудан қажыдым,
Неше түрін қабылдадым дәрінің.
Жеңіл-желпі сырқаттар көп,
Көзінде
Үміт оты жылтырайды бәрінің.
Дәрігерім, шындықты айт, жасырма,
Ауруым қауіпті ме, расында?.
Бір азырақ өмір берші өтінем,
Болашаққа қарызым көп басымда.
Бір аруды қуантуым керек мен,
Жылағанды жұбатуым керек мен.
Қателерді түзетуім керек мен,
Туып жатқан түрлі-түрлі себептен.
Мүмкін болса қосыңдаршы қатарға,
Қарызым көп,
Уақыт аз тосарға.
Бұларсыз да қатері мол ғасырда,
Мұнша борыш өтелмесе осал ма?!
Сондаймыз
Басылмай "үррит-соқ" пен айтағы әлі,
Қазағым ескі әуенін қайталады.
Бас-басына тарихын тіктеп жатыр,
Үш Арыстан тараған тайпалары.
Мән бермей дұрысы мен бұрысына,
Іргесін оңаша үйдің құрысуда.
Көрінен ұрыларын тік тұрғызып,
Батыр деп шен тағуға тырысуда.
Білмеймін, есерлік пе, ептілік пе,
Әйтеуір жата қоймас тектілікке.
Құранша қастерлейтін шежіресін,
Оқысаң көз сүрінер көп күдікке.
Арналған Батыраш пен Қотырашқа,
Куәгер болдық талай тосын асқа.
Бөлініп ата-атаға дауласқанда,
Амалың қалмағандай шошымасқа.
Аты жоқ тіл ұшына ілінгендей,
Жатамыз бірін білсек, бірін білмей.
Қазақта текті аз ба еді?
Тексіздерге
Ас беріп аяқ асты бүлінгендей.
Халықпыз сәл нәрсеге қалбаңдайтын,
Малдансақ хан болуды армандайтын.
Қайткенде қазағымды мұқатам деп,
Жат жұртқа қош ұрудан арланбайтын.
Сондаймыз, сондай елміз, сормаңдаймыз,
Мұнымен қайда барып оңғандаймыз.
Құдайдан қорқу қайда?
Біз өйткені,
Құдайсыз-ақ өзіміз болғандаймыз.
Мен сендерден қорқып жүрмін адамдар
Мейлі, мені соттаңдар да қамаңдар,
Мейлі, маған күдікпенен қараңдар.
Мейлі, мені ақымаққа санаңдар,
Мен сендерден қорқып жүрмін, адамдар!
Қорқам, қорқам,
Қорқынышты бәрі де.
Түсініксіз түзімінің мәні де.
Ақ теңізден ат суарған ер қазақ,
Бүгінгі күн маймыл ойнар халіңе.
Жерің әне құйқалысы сатылған,
Ерің кәне,
Қазақпын деп атылған?!
Кешегі өткен сал-серілер ұрпағы,
Азып бара жатыр тіпті ақылдан.
Дінбұзарлар, түрлі-түрлі ағымдар,
Жанды жеген құлаққа жат сарындар.
Үш тұғырлы тіл дегенің қазаққа,
Неге ғана қажет болды – таңым бар.
Ойлан, ойлан,
Халықта әлі сана бар,
Ниетіңді ұқпаса да шамалар.
Мұның бәрі жер иесі қазақты,
Аздыруға бағытталған шаралар.
Азған елдің болашағы бұлыңғыр,
Ардан безіп бұрымдың мен ұлың жүр.
Келімсектің қосын жегіп қорланып,
Тапқанына мәз болады қыбын бір.
Арсыздарға Отан деген жәй ұғым,
Талап етпес тұтастығын, байлығын.
Қайран елім, қарыс жер деп қан кешкен,
Бабаларға тартып туған қайда ұлың?!
Айтпай-ақ қой әкіміңді, биіңді,
Не етсін олар қайыршылық күйіңді.
Олар үшін құл мінезді құп алғыш,
Азғын елді билегені тиімді.
Мейлі, мені соттаңдар да қамаңдар,
Мейлі, маған күдікпенен қараңдар.
Мейлі, мені ақымаққа санаңдар,
Мен сендерден қорқып жүрмін, адамдар!
Түс
Отбасылық жағдайың епке келмей,
Әрекетте жүргенде ештеңе өнбей.
Түнемесі жайсыздау түс көресің,
Өңіңдегі тәшпішің жетпегендей.
Кімге барып ондайда сыр ашасың,
Дуалы ауыз ешкім жоқ сынататын.
Жағалайсың сонан соң ағайынды,
"Түс – түлкінің боғы" деп жұбататын.
Болмасаң да жай-күйде мән беретін,
Жақсы сөзін өзіңе әл көресің.
Уәлі де жолықса әжеп емес,
Айтқандары айнымай дәл келетін.
Тылсым күштен айласын асыра алған,
Жорушы көп тарихта аты қалған.
Ал, ендеше,
Не дерсің Құнанбайға,
Көрген түсін біреудің сатып алған.
Бұл қорлықтың, Құдай-ау, соңы бар ма?
Соңы бар ма,
Құтылар жолы бар ма?
Мүмкін мұндай болмас па ек, Абылайдың
Көрген түсін басқаша жорығанда.
Көре тұра ұқсаймыз көрмегенге
Бұл қоғамда кемдік көп байқалмайтын,
Байқағанмен айтуға тайсалдайсың.
Қайыршыға қаскөйлік жасау оңай,
Жемқорларға «жемқор» деп айта алмайсың.
Солар еді бәрін де талқандаған,
Талқандаған, ешкімнен тайсалмаған.
Енді солар қоғамның қаймақтары,
Айта алмайсың,
Мен-дағы айта алмағам.
Көрсеткенін артынан ерген елге,
Көре тұра ұқсаймыз көрмегенге.
Заң да солар жағында, заңгері де,
Енді қайда барамыз көнбегенде.
Қара халық адасқан есі мүлде,
Тісін қайрап билікке өшігуде.
Құқын талап етуге мылтық кезеп,
Ұлдары тұр күзетіп есігінде.
Кейде тіпті
Кейде тіпті өмірді түсінбейсің,
Көре тұра сынықты бүтіндейсің.
Не жақсының аты өшті
Қолдан келсе,
Ескерткішін алтыннан мүсіндейтін.
Кейде тіпті өмірден тойынасың,
Тойынасың,
Ашуға бой ұрасың.
Енді қайтсін ұры мен қарылардың,
Жазып жатса тарихқа ойып атын.
Кейде тіпті өмірден жиренесің,
Жиренесің,
Шарасыз күйге енесің.
Алданудай алданып ақыр түбі,
Алдауды да бір күні үйренесің.
Кейде тіпті өмірден жалығасың,
Жалығасың,
Тәспіңнен жаңыласың.
Пенделігін пенденің көре-көре,
Пенделікке бір күні бағынасың.
Түсінбеймін
Түсінбеймін, біз неден жасқанамыз,
Тарихымыз – ерлік пен жатқан аңыз.
Балақтағы жатса да басқа шауып,
Көнбіспіз деп көлгірсіп мақтанамыз.
Шаршатты ма билікпен арпалысы,
Қайда ұлтымның Мұхтардай арқалысы?
Айдың күні аманда Алашымның,
Жат жұрттық боп кете ме Алпамысы?
Мұны-дағы санасақ тосын жайға,
Есіткендер жаға ұстап шошынбай ма?
Ақыласқан қайда жүр тарихшылар,
Көрсетпей ме төбесін осындайда?
Көнбістікпен қай халық көктеп еді,
Айығатын кез келді дерттен енді.
Жер мен тілдің тәшпіші аз болғандай,
Енді бізге осы еді жетпегені.
Құлдық ұрып біз кімге сүйенбедік,
Сүйенбесек мұндай кеп киер ме едік?
Сонда кімбіз, ұлтымның құндылығын
Кетіп жатса сарт-сауан иемденіп.
Білмеймін азғаны ма, тозғаны ма?
Әркім мәз өз мәстегі озғанына.
Алаш үшін алысқан қайран ерді,
Бұйырып тұр жоқтау тек божбанына.
Бір-бір басшы руға сайлап алып,
Мақтанғанда жатамыз айға барып.
Алпамыстай алыпты туған халық,
Қадірің де қалмады-ау қайманалық.
Итаршы
Біздің қазақ бар болса шіренбейді,
Ал, жоқ болса қол жайып тіленбейді.
Ұлық келсе баруға арызданып,
Итаршылар кес-кестеп жібермейді.
Әкімдер де ат үркер атағынан,
Сескене ме халықтың қаһарынан.
Кіру үшін алдына, таусылмайтын
Өту керек електің қатарынан.
Кіргеннен-ақ не үшін келген ең деп,
Шыға келер біреуі көлденеңдеп.
Түскеннен көзге көз ойланасың,
Бұл немені қай жерде көрген ем деп.
Әй-шайға жоқ,
Жоқ тіпті жоралғыға,
Таңданысың оларға өз алдына,
Жуынды ішіп жон еті күдірейген,
Көпек иттер келеді көз алдыңа.
Ал ақынды о бастан егеске жоқ,
Күдікті ойы жетелер елеске көп.
Әкімдерден халықты алыстатқан,
Осылардың қылығы емес пе деп.
Баққаны есік, кім кетіп, кім келеді,
Енді қайтсін, сол болса күн көрері.
Итаршыға сот та жоқ, өлім де жоқ,
Онсыз-дағы оларың күнде өледі.
qazaquni.kz