ТҮНГІ ШЕРУ
2019 ж. 14 маусым
4038
0
Азынаған көліктердің жүрісі
Кібіртіктеп,
Ағылған жұрт түн іші!
Көшелері үрейлі үнмен ышқынып,
Алқынып тұр
Алматының тынысы!..
Түнгі шеру, түнгі қуғын, түнгі әуен...
Түнгі әуенде шерлі сыр бар, тыңдап ем.
Тағдырларға «Саяхатқа» бет бұрған
Ақ жол тілеп күрсінді ғой мұңлы әлем!
Бірақ кенет итті айтақтап біреулер,
Дүбірлерге кетті ұласып дүрбелең!
Иттік көзге ілінбейтін еді ғой,
Көкжалдықты көріп тұрсам мұнда мен!
Шақ осы ма төзімділік сыналар,
Тек «Мәңгілік полк» емес мыналар.
Күндіз – тыйым, түн – шерудің серігі,
Сот, ендеше, ертең кімді кіналар?!
...Перзенттерін күтеді үйде сорлы ана,
Көшеде олар,
Бірі – қара формада,
Екіншісі көтеріп жүр көк туды,
Екеуінің айырмасы сол ғана...
Ұлт намысын желбіреткен жігерлі ұл
Телқоңыр боп туған бақ пен сорға да!
Жауға, дауға дес бермейтін екеудің
Араларын бөледі екен тор ғана...
Боздап жүріп іздейді енді ботасын,
Жанарынан жас парлаған аруана!..
Арман ҚАНИ,
Павлодар қаласы