КІТАПҚА ОРАЛУ
2019 ж. 23 мамыр
5562
0
Бердібек Соқпақбаевтың 95 жылдық мерейтойына орай
ҚР Ұлттық кітапханасында өткен кезекті акцияны дәл осылай атауға да болар еді. Өйткені кейінгі ширек ғасырда көпшілік қауымның кітаптан бірталай алыстап кеткені жасырын емес.
Әлбетте, ол үшін ешкімді кінәлауға да келмес. Бұл жағдайдың түрлі әлеуметтік себептері бар. Әсіресе, қоғамдық формация ауысуынан кейін көптеген құндылықтар орын алмастырды. Түрлі тіршілік түйтілдері өмірдің рухани саласын біртіндеп кейінгі кезектерге ығыстырып жіберді. Бұған қоса ұшқыр заманның цифрлық технологиясы, интернет пен әлеуметтік желінің дамуы да кітапты қисынды түрде тасада қалдыра бастағаны анық.
Қалай десек те, жас ұрпақтың бір сәт кітаптан қол үзу көрінісі кейінде едәуір алаңдаушылық туғыза бастағаны рас.
Міне, «Дария» даму орталығы осынау олқылықтың орнын толтыру бағытында айтарлықтай іс атқара бастағанына куә болып жүрміз. Қарап отырсақ, орталықтың бертіндегі «Кітап оқы да, 100000 теңге ұтып ал!» деген атаумен өткізіп жүрген іс-шарасына мыңдаған оқушы тартылып үлгеріпті. Нақтырақ айтқанда, бүгінге дейін Ыбырай Алтынсаринның «Кел, балалар, оқылық!» жинағы, Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» повесі, Ілияс Есенберлиннің «Қаһар» романы, Ақан Нұрмановтың «Құланның ажалы» романы бойынша сайыстар өткізілген. Ал бұл жолғы жарыста көрнекті жазушы Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» хикаяты талқыға түсті.
Ерболат Солтамұрат: «Дария» даму орталығының директоры:
– Халықтың бетін кітапқа бұру үшін «Үздік оқырман» деген жобаны бастаған едік. Осы арқылы ай сайын бір шығарма таңдалып, талап білдірушілерді тіркеп, сол кітап бойынша тест сынағы алынып тұрады. Оқырман жинаған ұпай санына қарай 550 000 теңгедей жүлдені бөліске салады. Кейінде жүлде қорының көлемін біртіндеп көтеруге кірістік. Сайысқа қатысушылар: ересектер, студенттер және мектеп оқушылары деп үшке бөлінеді. Яғни, бәрі де өз қатарластарымен жарысады. Алдағы уақытта бастауыш мектеп оқушыларын да жеке топқа жіктеу ниетіміз бар. Өйткені оларды жоғары сынып оқушыларымен жарыстыру әділетсіздік сияқтанады.
«Менің атым – Қожа» – тілі жеңіл және ел арасына кең тараған шығармалардың бірі. Мұнда қазақтың салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына, ұлт табиғатына байланысты көптеген мәліметтер ұшырасады. Сондай-ақ «жақсы деген немене, жаман деген немене» дегендей, ел арасында қалыптасқан кейбір қасаң қағидаларға, қайшылықты қимыл-әрекетке, тосын көзқарасқа жаңаша қарап, өзгеше безбендеуге баулитын терең иірімдер кездеседі.
Қысқаша айтсақ, халықты кітапқа тартуға бағытталған іс-шара алдағы уақытта да жалғасын табады. Ол үшін қазақ тілінде оқуға міндетті деген, адамгершілікке, ізгілікке үндейтін, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін елу
кітап таңдадық. Бұларды өз баспамызда басып, қолға түспегенін өзге баспалардан сатып алып, таратып отырған жайымыз бар.
Нұргүл Қыдырқожаева, ата-ана:
– «Дария» даму орталығы ұйымдастырып отырған сайысқа қызымыз екеуміз келдік. Біз – жастайымыздан әдебиетті сүйіп оқыған ұрпақпыз. Сондықтан ұл-қыздарымыздың да сөз өнеріне, туған тілге жақын болуын қалаймыз. Ал кейінгі кезде, әсіресе, жастар арасында кітапқа деген құштарлық деңгейі едәуір төмендеп кеткені белгілі. Сол себепті, мен баламды кітапқа ертеден дағдыландырып келемін. Мына жарыс оқыған-тоқығаныңның нәтижесін көрсететін, білмекке құмарлықты арттыратын таптырмас шара деп білемін.
Кәусар Молдахмет, оқушы:
– Мен Алматы облысы Талғар ауданына қарасты «Талдыбұлақ» ауылындағы №35 мектептің 4 «В» сыныбында оқимын. Жасым – онда. Бұл жарысқа өзімді дамыта түсу үшін келдім десем болады. Кітапты кішкене кезімнен бері көп оқимын. Өзім өлең жазамын. Мүмкіндігінше театр қойылымдарына баруды ұнатамын. Ұстаздарым мектептегі кейбір іс-шаралардың сценарийлерін даярлауды да кейде маған тапсырады. «Менің атым Қожа» шығармасын үш-төрт рет оқыдым. Сонымен бірге жазушының «Өлгендер қайтып келмейді» кітабын да оқып жүрмін. Сайысқа үлкен дайындықпен келіп тұрмын. Үлкен додаға қатысқаным үшін қатты қуанып та тұрмын.
Хохоо Ардагер, мұғалім:
– Біз Алматы қаласының Наурызбай ауданына қарайтын №174 мектеп-гимназиясынан келдік. Жарысқа он бала әкелдім. Дайындығымыз жақсы. Алдында «Құланның ажалы» кітабы бойынша сайысқа қатысқанбыз. Онда бірқатар оқушым жүлделі орыннан көрінді. Бұл жолы да олжалы қайтатынымызға сенімдіміз.
***
«Менің атым – Қожа» кітабы бойынша таратылған тестке 730-дай адам қатысты. Бұл жолғы жүлде қоры – 525 000 теңге. Алдыңғы он бес орынға ақшалай жүлде берілді. Мұның сыртында жиырма ынталандыру сыйлығы заттай белгіленген.
Осы сында ересектерден бас жүлдені Ләззат Айнақожаева (Шымкент), студенттерден Қайрат Жолтай (Қарағанды), оқушылардан Алмаз Мұхамбетқали (Қарағанды) алды. Бұдан кейінге орындарды сәйкесінше Балғынбек Сәтбек (Қарағанды), Ақжол Оспан (Шымкент), Жолтай Қайрат (Қарағанды), Аяулым Тұрабекова (Нұр-Сұлтан), Оразгүл Балғабай (Шымкент), Гүлжанат Дүйсенбекова (Алматы), Мәдина Қожабаевалар (Алматы) иеленді. Жалпы жүлдегерлер саны – жетпіс адам.
Бас жүлде ересектер мен студенттерге – 100 000, оқушыларға 40 000 теңгеден тиді.
Тағы бір айта кететін жәйт, оқырмандардың географиялық ауқымының да кеңи түскені байқалды. Сайыскерлер Ақтаудан, Оралдан, Атыраудан, Ақтөбеден, Қызылордадан, Шымкенттен,Түркістаннан, Сарыағаштан, Тараздан, Алматыдан, Талғардан, Өскеменнен, Семейден, Көкшетаудан, Павлодардан, Қарағандыдан жиналды.
Бүгінде бүкіл әлем жұртшылығы қай ғасырда болсын кітаптың адамзат өркениетіндегі орны айрықша екенін мойындай бастады. Мәселен, қазір цифрлы технология таңқаларлықтай дамыған Жапонияда кітап оқу белсенді түрде үрдіске еніп жатқанын білеміз. Ертеректе Қазақтың да әлемдегі оқырманы ең көп ел ретінде саналған кезеңдер өткені есімізде. «Дария» даму орталығының қанатымен су тасыған қарлығаштай, сол игі дәстүрді қалпына келтіруге талаптанып жатқаны қуантады.
Құлтөлеу МҰҚАШ,
qazaquni.kz