Жаныма жақын едің, Әмірхан!..
2019 ж. 20 мамыр
4582
0
Ақын-әдебиетші жерлесіміз Әмірхан Балқыбеков жайлы оңашадағы сыр.
Әмірхан десе, көз алдыма жүзі жұмсақ, қос жанары күлім қаққан, үлкен мен де, кішіменде тіл табысуға жаны құмар, жұғымтал, ойлы мінезді, жас жігіт елестейді.
Мен Әмірханмен оқушы кезінде таныстым. Ол қаладағы Мұхтар Әуезов атындағы орта мектепте 10-сыныпта оқитын. Қатарлас (параллель) сыныпқа әдебиеттен сабақ бердім.Ол кезде аудандық білім бөлімінде әдіскер едім. Білім мен тәжірибемді ұштау, мектептен қол үзбеу үшін аптасына тоғыз сағат сабақ өттім. Тиісті сыпыптағы сабағымды аяқтаған соң, Әмірхан оқитын сыныпты тарих пәнінің мұғалімі Абай досымнан сұрап алып, әдебиет жайлы сөз қозғап,поэзияның қыр-сыры, адам өміріндегі алар орны мен мәні туралы баяндайтынмын. Абайдың өлеңдерін оқып, қара сөздерін келтіріп, пікірталастарға шақыратынмын. Қазіргі ақындар мен әдебиет жайлы сырласатынбыз. Сонда Әмірхан алдына қара салмайты.Әлі жас,әлі оқушы болса да, кәнігі әдебиетшілердің пікірлерінен мысалдар келтіріп, өз тұжырымдарын жан-жақты жеткізіп, қорғайтын. Мен риза болып, арқасынан қағушы едім. Оқушы дәптеріне маржандай етіп, ұқыпты қолмен жазып шыққан өлеңдерін, асығыстау, өжет мінез тауып, екпіндеп,толқып, бірақ барынша мәнерлеп оқып беретін. Мұхтар Шахановқа көп еліктейтін.
– Өз жолыңды ізде, өз қолтаңбаңды қалдыруға тырыс,– деп ақыл беретін едім.Кейде үзілісте күтіп тұратын. Жатырқап,жатсынбайтын еді. Солай,ол менің жаныма жастайынан жақын болып өсті. Өзіңнен жасы көп кіші, ерке тайдай соңыңнан ерген шәкіртің жайлы өткен шақпен сөйлеу қандай қиын ?! Әмірханның әкесі, Жұмабек көке де қарапайым еңбек адамы болғанымен, әдебиетке бір табан жақын-тұғын. 1989- жылы мен Қырғызстанның Чолпоната қаласындағы «Ыстық көл»санаторийінде демалып қайттым. Қырғыз Алатауының табиғаты, адамдардың жандүниесі, сұлулық пен махаббат жайлы бір топ өлеңдерім әр қилы газет -журналдарға жарияланған.Бір күні аудандық білім бөлімінің алдында тұрсам, ұзын бойлы жылы жүзді бейтаныс кісі: –Нұреке, Нұрғали, қалай жағдайың?– деп жарқылдай амандасты. Мен танымаған соң,расымды айтсам, абдырап қалдым. Сонда да сыр бермей хал-ақуал сұрасып жатырмын. –Немене, танымадың ба? «Ыстықкөлде» бірге демалып едік қой,– деді күлімсіреп. Менің көз алдыма «Ыстық көлдегі» қызықты ыстық күндерім, зымырай жөнелді. Ай ішінде танысқан демалушылар елестеді. Жоқ мұндай ағамен кездеспегенмін. Бейтаныс кісі алқымдап барады. – «Алаарша» деген өлең жазып едің ғой,– деді де, бастапқы шумақтарын жатқа оқи жөнелді, – Алатау шыңын өрлеген, Аршаны арман көрмеген. Асыққан төмен бұлақтар, Ақ көбік болып терлеген!,. тоқтар емес. Мен аң-таңмын. Кідіріп,ақырын күлді. – Нұрғали, шаршамай-ақ қой. Әмірхан шәкіртіңнің әкесімін,– деп өзін таныстырды. Қалған күндері ағалы-інідей араласып кеттік.Әмірханнан кейінгі ұлына әдебиеттен сабақ бердім. Жақсы оқыды.Шығарманың шырайын келтіретін. Ауылдан ұзамады. Әмірхан мектепті бітірген жылы оқуға барды ма, бармады ма, толық білмеймін.Біраз жыл қол ұзып ккеттік. Бауырларымен бірігіп, қаланың шығыс жағына, «Жаушықұм »төбенің етегіне қарбыз еккені есімде. Біз отбасымызбен, одан әрірек тұстағы шағын саяжайымызға барып, майда-шүйде еккен болып, қалжырап қайтамыз. Ол жұмысын ерте аяқтап, менің жолымды тосып тұрады. Шүйіркелесеміз.Күннің ыстығында шаршап келе жатып, қай бір әңгімеміз жарасады. Сонда да екеуміз асыға табысып, қоштасуға асықпайтын едік. Ол жылдар да ай өткен сайын ұзап,алыстан қол бұлғап барады. Бірақ менің ойымнан алдымнан «ағалап» шығатын басқадан артық бауырымның қымбат бейнесі өшпек емес. Әмірханның «Қасқыр құдай болған кез» кітабын оқып, кешегі шәкіртімнің ақырындап менің, маған қоса жалпақ елдің ұстазына айналып бара жатқанын байқадым. Қуандым. Әріптестеріме таныстырып, мақтандым. Айтпақшы, студент кезінде тағы кездестірдім. Автобуста. Иә, автобуста. Бір топ алматылық достарын, Шардараға шақырып,үйінде қонақ қылып күтіп, енді бірге Алматыға қайтып барады екен.Шымкентте сәтті сапар тілеп, қоштасқан едім. Қайта кездеспейтін мәңгі сапарға аттанып бара жатқанын қайдан білейін? Ақиқатын айтқанда, ол туған топырағының мақтанышы, өз ұлтының әдебиеті мен тарихының жоқшысы бола білді! Талаптың тұлпарына мініп, тарлан талантқа айналған нарқасқа ұлдың өнегелі өміріне мысқалдай болса да үлес қосқаныма қуанамын.
Аллатағалам алдыңнан жарылқасын, жаныма жақын едің, Әмірхан !
Нұрғали Ибрайым,
ақын