МАРЖАН ЖЫРЛЫ МАРҚАБАЙ
2019 ж. 11 наурыз
5281
0
Қазақ-қырғыз бір ананың баласы,
Тауы бірге, ұқсас байтақ даласы.
Алғаш Шоқан зерттеп ұлы Манасты,
Қорғап қалған Әуезов - ел данасы.
Желтоқсанда – Қазақтың бұл жарасы,
Қолдап шықты бүкіл қырғыз баласы.
Қазақтармен бауыр болып келеді
Айтматов пен Ааматовтың арасы.
Екі елдің де етене ғой арманы,
Ортақ талай оғланы мен тарланы.
Кеше екі елге шоқ тастаса кещелер,
Марқа ағамыз жырмен қайта жалғады…
Марқабайдың маржандай ғой жыры шын,
Еркін сезер екі елдің де тынысын.
Ағасы бар – додабұзар Досанов,
Айтпағанда, Қазыбектей інісін…
Таланты асып тұрса-дағы тасынбай,
Сөйлейді ағам қажет кезде жасындай!
Шарла әлемді, Асқар тауға биіктеп,
Ақ қалпақпен Алатаудың басындай!
Қазыбек ИСА,
Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, Халықаралық Сергей Есенин атындағы сыйлық – «Алтын Күз» ордені иегері, ЮНЕСКО Әлемдік өнер және мәдениет академиясының академигі
10.03.2019
qazaquni.kz