"Құлпынайлықтар" "алтын күзді" айрықша атап өтті
2018 ж. 24 қазан
11456
3
Алматы қаласындағы "Құлпынай" балабақшасында "Күздің берер сыйы көп" атты ертеңгілік өтті. Топ жетекшісі Әйгерім Байгелдінің жетекшілігімен өткен салтанатты шарада Н.Қабылбек, Ә.Қосан, А.Нүсіпова, Ж.Дүрмұхан, Е.Асанхан, А.Ержанқызы, А.Әлібиқызы, Р.Серік, Д.Ұланұлы, А.Санатов сынды бүлдіршіндер өз өнерлерін ортаға салды. Шара барысында "Қошақан" тобының мүшелері берекелі күз мезгілінің кереметтілігін балдай тәтті тілдерімен жеткізуге тырысты.
Атап айтқанда, "Дәрумендер" атты қойылым аясында балғындар алма, алмұрт, жүзім, шие секілді жемістердің адам денсаулығына тигізер пайдасын ұғына білді. Сонымен қатар, алтын күздің ажарын аша түсер тақпақтар да кеш шырайын кіргізе түсті.
Балабақша қабырғасындағы таеквондо үйірмесінің жетекшісі қара белбеу иегері Досжан Шәкеровтың тәлімін алып жүрген шәкірттер де осы күні өз өнерлерін ортаға салып жиылғандарды тәнті етті.
"Күзге таң болған қыз", "Нан қайдан келеді?", "Алма" сынды ертегілерден сахналық қойылым жасау арқылы балалар өздерінің актерлық шеберліктерін көрсетуге мүмкіндік алды. Сондай-ақ, қыздардың биі де көпшіліктің көңілін көтере түсті.
Шара соңында, сөз алған балабақша меңгерушісі Алма Исмаилова осынау шараға зор еңбекпен дайындалған бүлдіршіндердің өнеріне ризашылығын білдірді.
Ата-аналар тарапы да кішкентай балғындарды өнер білімге баулып отырған білім ошағының жұмысына жеміс тілеп, мәз-мәйрам болып тарасты.
Г.БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ
qazaquni.kz
Қосан Әлихан және Ақбота Нүсіпова