МАРҚАСҚА МАРАТ АҒА!
2018 ж. 18 сәуір
17955
12
Бүгін марқасқа Марат ағамыздың туған күні! Біз секілді қалам ұстаған інілеріне бағыт-бағдар беріп, ұлтттық мүддені ұлықтауда ұлағат көрсетіп жүрген ағамызға МЕРЕКЕҢІЗ БЕРЕКЕҢІЗГЕ ҰЛАССЫН дейміз.
Марат ағаның алдына «Қазақстан» Ұлттық арнасының директоры кезінде кірген едім. Шардарада «Көкпардың көкбөрісі» деген атымен Орта Азияға танымал әйгілі бапкер, батагөй атамыз Күзенбай Тілегенұлы туралы деректі фильм түсірген едік. соның шаруасымен кірген едім, біраз қыстап алғанмен, меселімді қайтармады.
Ана бір жылы Марат ағамыздың ұсынуымен Иран Ислам революциясының 31 жылдығына Теһранға барып, апта бойы аралап келгенім бар. Келгесін газеттің екі номерінің айқарма беттеріне «Иілмейтін Иран» атты жолжазба мақала жаздым. Оны кейін Иран елшілігі парсы тіліне аударып, Теһранға жіберді, маған алғыстарын айтты. Мен «алғыстарыңызды алдымен мені сонда баруға ұсынған Марат ағаға айтыңыздар» дегенмін сонда. Сол жолсапарда «Сапар сазы» атты топтама жыр жазып, парсы аруына жыр арнап келген едім… Иман жолында жүрген қажы ағамызға Теһраннан арнайы жайнамаз бен тәпсі алып келіп, сыйлап едім, батасын беріп, разы болып, қалды.
Марат ағамыз қазір соңғы бір жылдан бері Тоқашба-ЕВ емес, Марат БАЙДІЛДАҰЛЫ! Бұған, яғни «ОВ» деген орыстың құлдық жалғауын алып тастауға біз секілді інісінің үлесі бар екенін ағамыздың өзі осы текке өткенде- Байділдаұлы болғанда атап жазды да. «ОВ» деген орыстың құлдық жалғауынан қашан құтыласыз?» -десек, ұлттың атынан сөз сөйлеп, азуын айға білеп жүрген атақты ағаларымыздың өзі жақтырмай: «Сонда тұрған не бар? Мәселе соған тіреліп қалып па?»-деп шырт ете қалады. «Әрине, мәселе сонда, бәрі адам атынан, бастан, бас есімнен басталады»-десең, тіпті теріс қарап жатып алады… Ал Марат ағамыз орынды сынды бірден қабылдап, шешім шығарды. Елге өнеге көрсете білді.
Адал еңбекпен маңдайынан маржан үзіп, маңдайалды марқасқаға айналған Марат БАЙДІЛДАҰЛЫ ағамызға Алла жар болып, Жұлдызыңыз жарқырай берсін де тілек айтамыз!
«Қазақ үні» газеті атынан Қазыбек ИСА