Ана аты ардақталды
2018 ж. 22 ақпан
10450
0
Алматы қаласындағы №178 физика-математика бағытында білім беретін арнаулы мектепте «Алтын жүректі анамыз» атты шара болып өтті. Ашық сабақ түрінде өткен бұл шараны 5 «қ» сынып жетекшісі Эльмира Рапилова мен оның шәкірттері ұйымдастырды. Оған мектеп директоры Қайратбек Шадиев бастаған ұстаздар ұжымы, оқушылар мен ата-аналар қатысты.
Ашық сабақ көмекке зәру панасыз балаларды өз қамқорлығына алып, өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілік тұрғысынан білім алып тәрбиеленуіне үлкен септігін тигізетін «Бөбек» қайырымдылық қорының негізін қалаушы, жетім балалар үшін отбасылық үлгідегі «Үміт» балалар қалашықтарын құрып, «Өзіңді өзің таны» атты балаларға рухани-адамгершілік білім және тәрбие беру идеясының авторы Сара Алпысқызының туған күніне орайластырылды. Республикамыздағы колледждер мен жоғары оқу орындары және училищелерде білім алып жүрген жетім балалардың жағдайларына ерекше назар аударатын Сара Алпысқызы «Бөбек» қоры арқылы оларға тұрақты қайырымдылық көмек көрсетіп келеді.
Сыныптың бетке ұстар озат оқушысы Әмина Жарылқасын белгіленген бағдарлама бойынша шараны ұтымды жүргізіп, дос-құрбыларын шебер ұйымдастыра білді. Алдымен оқушылар «Шаттық шеңберін» құрып, қолына шар ұстау кезегі келгенде ана туралы әрқайсысы өз ой-пікірлерін ортаға салды. Ананың балаға деген кіршіксіз махаббаты, оның аялы алақаны мен шексіз қамқорлығы, біздің өмірімізде аналардың атқарар өлшеусіз еңбегі жан-жақты сөз болды. Әрбір оқушы анаға деген жүрекжарды лебіздерін жеткізе білді.
Шара барысында тақырып аясы кеңейе түсті. Асыл анадан тәрбие алған қыз баланың ертеңгі күні қандай болу керектігі де айтылды. Қазақ қыздарының сұлу да сымбатты, тәрбиелі, инабатты, кішіпейіл, ел мен туған-туысқандары алдында сыйлы, болашақта өз шаңырағының ұйытқысы, бақыты мен берекесі бола білу керектігі де айтылды.
Бүгінгі балаларымыздың саналы дүниетанымы мен білімділігі қуантады. Небары бесінші сыныпта оқитындықтарына қарамастан жеткіншектер туған еліне, туған жеріне деген сүйіспеншіліктері мен Отанына деген адалдық сезімдерін анық байқатты. Бүгінгі балалар өнерлі де. Оны кейбір тақырыптарға орай сахналандыру кезінде көрсете білді.
Айта кетелік, №178 мектептің негізгі бағыты физика-математика болса да оқу ордасында әдеби, мәдени, спорттық және өзге де тақырыптағы шаралар жиі өткізіліп тұрады. Бұл баланың жан-жақты дамуына, саналы тәрбие алуына көмегін тигізері сөзсіз. Бүгінгі заман талабы сол емес пе?!...
Гүлмира БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ,
Қазақ үні