«Титаникте» қаза тапқан жолаушының хаты жарияланды
2017 ж. 21 қазан
2856
0
Ұлыбританияда «Титаник» лайнерінде қаза тапқан жолаушының хаты аукционға қойылмақ. Хатты 1912 жылдың 13 сәуірінде бірінші класс жолаушысы Александер Оскар Хольверсо жазған. Алдын ала болжам бойынша хат апат алдында жазылған болуы мүмкін.
Бұл туралы Baq.kz хабарлайды.
Independent басылымының мәліметінше, ер адам хатты анасына жазған екен.
«Бұл өте үлкен кеме. Қонақүй ретінде салынған. Егер бәрі жақсы болса, Нью-Йоркке сәрсенбі күні таңертең жетеміз», — деп жазылған хатта.
Хольверсон атты америкалық бизнесмен әйелімен бірге Аргентинадан АҚШ-қа Ұлыбритания арқылы қайтып келе жатқан.
Хатта «Титаниктегі» тамақ пен ойын-сауық, сонымен қатар бірінші кластағы басқа да жолаушылар туралы айтылыпты. Оның ішінде америкалық миллионер Джон Джекоб Астор болған.
Апат кезінде Хольверсон қаза тауып, әйелі тірі қалады. Хат қаза болған Хольверсонның қойын кітапшасынан табылып, оның отбасына қайтарылған.
Henry Aldridge & Son үйі қоятын аукционда хаттың құны 60-80 мың фунт стерлингке бағаланып отыр (80-100 мың АҚШ доллары).
«Титаник» Солтүстік Атлант мұхитында 1912 жылы 15 сәуірге қараған түні айсбергпен соқтығысып суға батып кеткен болатын, салдарынан кеме бортында болған 2200 адамның 1500-і қаза тапқан еді.