Қазақ қыздары құрастырып шыққан мобилді қосымша Google-дің бас директорын тәнті етті
2017 ж. 21 тамыз
3034
2
Бір апта бұрын алматылық бес қыз АҚШ-та өткен Technovation әлемдік саммитінде ерекше тапқыр жаңалықтары үшін жеңімпаз атанып, 15 мың долларға ие болды. Төрт оқушы – Аружан Қошқарова, Ажар Сұлтан, Диана Жанақбаева, Дияра Бейсенбекова және екі ментор Әзиза Ибрагим мен Әйгерім Қаратаевалардың жеңісі туралы ақпаратты Алматыдағы АҚШ консулдығы таратты.
Бұл туралы Sputnik Қазақстан сілтеме жасап stan.kz хабарлайды.
Қыздар робототехника курсында оқып жүрген кезде танысқан. Әзиза Ибрагим сол курста дәріс берген екен. Ал олардың мобилді қосымша ойлап шығаруына Алматыдағы 11 жасар Өркен Азаматұлының қазасы қатты әсер етіпті.
“Бұл 18 жасқа дейінгі қыздарға арналған конкурс. Мақсаты – қыздарды технологияға баулу. Біз өз жобамызды 2016 жылдың желтоқсанынан бастап жетілдірдік. Біз 11 жастағы Өркен Азаматұлын ұрлап әкетіп, өгей шешесі өлтіргені туралы ақпарат шыққаннан кейін, біз қатты өкініп, ақырында қауіпсіздікке бағытталған қосымша құрастырдық”, – дейді Әзиза.
Қосымшаға кірген соң тіркеліп, сосын экранда карта пайда болады. Қаптал тұсында отбасылық тізімге кіретін адамдар ретімен орналасқан. Онда өзіңізге сенімді адамдардың байланыс нөмірлерін енгізіп қоя аласыз. Қауіптілік жағдайы туындағанда “SOS” батырмасын басу қажет. Басылған соң 10 секундтан кейін сіздің геолокацияңыз туралы ақпарат жақындарыңызға жетеді. Жас өнертапқыштар телефонның үнемі қолда бола бермейтінін де есепке алыпты. Мысалы, оқушы мектептен келе жатып ұялы телефонын сөмкесіне сала салуы мүмкін. Ал содан кейін бір қауіпке ұшырап қалса ше?
“Бұл үшін біз арнайы батырма шығардық. Батырманы басу арқылы, сізге көмек керек екені туралы ақпарат автоматты түрде жіберіледі”, – дейді олар.
Қазақ қыздарының жеңісі әлемді таңғалдырған. Ал оларды Google компаниясының басшысы арнайы келіп құттықтапты. QamCare деп аталатын бұл қосымша осы күзден бастап қолданысқа енгізілмек. Бірақ, әзірге IOS платформасында ғана.