Тарихы жағынан болсын, салт-дәстүрі тұрғысынан болсын, моңғолдар қазақтан аса алыс емес. Алайда, бұл елдің бүгінгі тұрмысында бізге таң болып көрінуі мүмкін жайттар да жетерлік. Қазіргі таңда Моңғолияның тұмса табиғатына, Шыңғыс хан жайлы аңыздарына қызығушылық көп. Осындайда бүгінгі Моңғолияның көп адамдарға мәлім емес бірнеше қырын baq.kz порталының тілшісі оқырман назарына ұсынған екен.
Бізге беймәлім Моңғолия. Қызықты деректер (ФОТО)
2017 ж. 02 тамыз
16996
4
- Моңғолия астанасында жұрт киіз үйде отыра ма?
Моңғолия халқының саны 3 миллионнан асады. Оның жартысына жуығы ел астанасы – Ұлан-батыр қаласында тұрады. Ұлан-батырды моңғолдың ұлттық ерекшелігін танытатын, сонымен қатар нағыз заманауи мегаполис деуге болады. Дегенмен, осы орайда қаланың өте лас екенін айта кету керек. Жан-жағын тау қоршаған, былайша айтқанда «шұңқырдағы қаланың» ауасы әсіресе қысқы уақытта адам төзгісіз болып кетеді. Біріншіден, қаланы жылытатын пештердің улы түтіні басып тұрады. Екіншіден, тұрғындар да тазалық мәселесіне немқұрайды қарайтындықтан, көшелерінің, сауда орындары мен базарлардың маңы, аулалар мен жолдардың бойы қоқыстан аяқ алып жүре алмайтын жағдайда жетеді. Адамдар ішкен-жеген тамақтарынан босаған ыдыс пен қалдықтарды қаланың орталық алаңында жүрсе де кез келген жерге тастап кете береді. Әсем ғимараттары мен инфрақұрылымдары арқасында Ұлан-батыр заманауи қала деңгейінде болғанымен, тазалықтың төмендігі оның астана атына көлеңке түсіретін жайы бар.
Қалаға халықтың көп қоныстануына байланысты, баспана жетіспейтіндіктен тұрғындар байырғы ата-бабалары секілді киіз үйлерін тігіп, сонда қыстап-жайлап отыра береді. Ұлан-батыр әлем бойынша ең суық астаналардың бірі. Бірақ моңғол киіз үйінің ерекшелігі, ол қандай суықта да жылуды жақсы сақтайды. Өзі аласа, ортасына пеш орнатып, қазіргі отырықшы тірлікке бейімделген киіз үйлер қандай қақаған аязға да төтеп бере алады.
- Моңғолияда мал көп пе?
Моңғол мемлекеттік статистикасының көрсеткіштеріне қарағанда, былтыр жыл аяғында бұл елде барлығы 61,5 млн мал болған. Бұл 2015 жылғы мал санынан 9,9 пайызға көп. Мал саны бойынша қой 27,8 млн, ешкі – 25,5 млн, сиыр – 4 млн, жылқы – 3,6 млн, түйе – 401 мың болған.
Яғни, Моңғолияның әрбір адамына 19 бас малы келеді деген сөз. Жер көлемі бойынша әлемде 17-орында тұратын моңғол елінің мал санын көбейтуінің де өзіндік себебі бар. Мал шаруашылығына негізделген мемлекеттің табыс көзі осында. Моңғол түйесі өте азайып кетуіне байланысты Қызыл кітапқа енген. Ал ешкі неге көп десек, мәселе оның түбітінің құндылығында. Себебі, «Монгол бренд» брендтік киімдерінің көбі осы ешкінің түбітінен тігіледі.
- Моңғолияда халық бай тұра ма?
Моңғол экономикасы бір жылдары қатты құлдырады. Әсіресе, 1990 жылдары бұл елде нағыз тоқырау басталды. Дегенмен, өзінің байырғы табиғи болмысын сақтап, көшпенді тірлікті әлі күнге жалғастырып келе жатқан елдің еңсесі тез тіктелді. Кезінде «Кеңес үкіметінің 16 республикасы» атанған бұл ел табиғи ресурстарға қаншалықты бай болса да, соны игеріп, пайдасын көре алмай отыр. Оған халық санының аздығы және жер көлемінің тым үлкендігі де себепші. Алайда, бүгінгі таңда Моңғолия біршама қарқынмен экономикалық дамуға иек артқан ел ретінде танылады. Тіпті 2013-2014 жылдары елдің ЖІӨ жылдық экономиканың 28,7 пайызын құрап, әлемдік рекордтық көрсеткішке қол жеткізген. Бұл жоғары қарқынмен дамушы мемлекеттердің өзінде болмаған жаңалық екенін әлемдік БАҚ жарыса жазды.
Моңғолия үшін әзірге Қытай мен Ресей ең үлкен сауда-экономикалық серіктес болып отыр. Тұтынуға қажет барлық заттарды моңғолдар осы екі елден алады деуге болады.
Моңғолия өзі тері мен түбіт және түйе жүнінен жасалған бұйымдарды халықаралық бренд дәрежесіне көтерді. Қазіргі уақытта Моңғолияда өндірілетін таза былғары түркиялық терілерден кем емес.
- Моңғолдың ұлттық тағамдары қазақтікіне ұқсай ма?
Ұқсайтындары да бар, ұқсамайтындары да бар. Моңғол халқы, тіпті Моңғолия мемлекеті ерекше атап өтетін үш-ақ мереке бар. Біріншісі, 9-11 шілде аралығында тойланатын Моңғолия мемлекетінің жарияланған күні – «Наадам» және моңғолдың ұлттық «Цагаан сар» мерекесі. Сонымен бірге Моңғолиядағы қазақтардың ерекше атап өтетін Наурыз мерекесі. Әрине, Наурыздың жөні бөлек, оны қалай тойлайтынын барлығымыз да жақсы білеміз. Ал «Наадам» мен «Цагаан сар» моңғол халқының ұлттық салт-дәстүрін, тағамдарын, ұлттық киім-кешегін, жалпы моңғол халқына қатысты ұлттық дүниелерді танытатын мереке. Мысалы, «Цагаан сар» жыл басы ретінде ақпан айында тойланады. Бұл кезде моңғолдың қысқы келбетін көре аласыз. Ал «Наадам» шілдеде тойланатындықтан жазғы тұрмыс-тіршілігін көрсетеді.
Моңғолдар шай қайнатқанда суын аз, сүтін мол етіп қайнатады да, сол сүтке шай (бояу) салып, ұзақ сапырады. Сонымен қатар, іркіт пісіп, құрт қайнатқанда да іркітті көп піспей, майын шала түсіріп алады да, құртты қайната салады. Сондықтан да моңғолдардың құрттары тойымды, майы сыртына шығып тұрады. 1990-жылдардың басына дейін олар қайнап жатқан құртқа тараққұйрық, суыр секілді дала аңдарының етін салып, пісіріп жеп келді. Ал кейінгі кезде бұл дәстүр ұмытыла бастады. Халық біртіндеп отырықшы әрі қала тірлігіне бейімделді. Мәдениеттілік те ықпал етті.
Айран, қымыз қатарлы сусындары қазақтікіне біршама ұқсас болады. Моңғолдың ерекше бір спирттік сусыны бар, оны қазір «самогон» деп атайды. (Шет елдік адамдар бұл сусынды «архи» дейді. Бірақ шын мәнісінде «архи» - қазақша арақ дегенді білдіреді). Самогонды жасау технологиясы да ерекше. Қазанда қайнап тұрған құрттың үстіне тағы бір бөшкені қойып, оны шұңғыл қақпақпен жабады. Қайнаған құрттан шыққан бу жаңағы шұңғыл қақпаққа тоқтап, ол су (тер) болып ағады. Осы будан пайда болған тамшы қаншалық биіктен (2-5 метр) тамшыласа, самогонсоншалық күшті болады. Самогонды жасаудың әр отбасыда әртүрлі әдіс-тәсілі бар. Самагон адамды масайтқанымен, тым естен адастыра қоймайды. Бірақ оны ішкен адам буынын ұстай алмай қалуы әбден мүмкін. Қазір самагон жасайтындар аз.
- Суыр еті моңғолдардың сүйікті асы деген рас па?
Рас. Бір кезде суыр терісі өте бағалы болды. Ол кезде суырды ауламайтын моңғол азаматы кемде кем болған шығар. Жаңа жоғарыда да айттық, қайнап тұрған құртқа салып, пісіріп жейді деп. Суыр еті жылқы еті сияқты дәмді және тез сіңетіндіктен, оның сыртында емдік қасиеті де бар болғандықтан оны жейтін моңғолдар әлі де бар. Суыр етінен борықтық, сірне, кәуап сияқты тамақтар жасап жейді. Және суырдың майы көптеген іш құрылысы ауруларына ем болып саналады.
- Моңғолияға туристер аз бара ма?
Көп барады. 2016 жылғы статистикалық мәліметтерге қарағанда Моңғолияға келген туристердің саны 400 мыңнан асқан. Елге көбіне қай елдің саяхатшылары келеді десек, ол жөнінен алда Қытай тұр – Моңғолияға жылына 130 мыңнан аса қытай азаматы саяхаттап келеді. Сонымен қатар қазір ол елге барып жатқан қазақстандықтар да көп. Жылына кемінде 15 мың турист Қазақстаннан Моңғолияға ат басын бұрады екен. 2016 жылы туристер Моңғолия қоржынына 315 млн доллар қаржы салған. Бұл елге баратындардың көбі Гоби шөлдерін, Хөвсгөл аймағындағы ерекше ұлт сахалар өмірін, Баян-Өлгийдің тұмса табиғатын, Бес Тәңірі тауын, Ұлан-батырдың іргесіндегі 40 метр биік Шыңғыс хан ескерткішін, Қарақорым қаласындағы Күлтегін-Тоныкөк жазуларын, Бұрқын Халдуын тауында Шыңғыс хан жерленді деген төбені көруге барады.
- Моңғолдар саясатқа қызыға ма?
Моңғолияны Азиядағы ең демократиялық елдердің бірі деуге болады. 1921 жылы Манчжуриядан егемендігін алғалы бергі ғасырға жуық уақытта Моңғолия биыл 5-ші президентін сайлады. Оның өзінде сайлау науқаны екі рет өтті. Алғашқысында жеңімпаз анықталмады. Дегенмен, саяси тартыстар халықтың өмір салтына да кері әсерін тигізіп жатыр. Екі партияға мүше болып, бір-бірімен араласпайтын дәрежеге жеткен ағайындылар бар.
Парламенттік басқарудағы мемлекет ретінде 76 депутат ел тағдырын шешумен айналысады. Соңғы мәліметтерге қарағанда Моңғолияда 24 партия бар. Дегенмен, билікке араласып, парламентке, президент сайлауына үміткер ұсына алатындары үш-төртеу ғана.
8.Моңғолдардың адам жерлеу рәсімі қандай?
Ежелгі моңғолдарда адам жерлеу рәсімі адам шошырлық болғаны жасырын емес. Сауығып кетуі неғайбыл болған жағдайда жаны қиналмасын деп науқас адамды қолмен өлтіретін болған. Ол міндетті атқаратын арнайы «кісі өлтіруші» жаналғыш адам болатын. Ол сауықпайды деген сырқаттың беломыртқасын үзіп өлтірген. Өлген адамды жерлеу рәсімі қай күнге тура келетінін арнайы жұлдызшылар айтады. Сол күнге сәйкес оның жерлеу рәсімін жасаған. Кей адамдардың жерленетін күні ұзаққа созылып, мәйіт апталап сақталатын. «Жерлеу рәсімі» деп айтып отырғанымызбен, моңғолдар шын мәнісінде мәйітті жерлемеген. Ауылдан, не қаладан аулаққа апарып тастап, өлікті апарған жолымен емес, басқа жолымен қайтатын болған. Себебі, олардың түсінігінде өлген адамның рухы апарған тірілермен бірге қайта келеді. Айдалаға апарып тастаған мәйітті ит-құс неғұрлым тезірек жеп тауысса, ол адам соғұрлым күнәсіз болып саналған. Ал өлікті ит-құс жемей, бірнеше күн жатып қалса, ол адам тірісінде көп күнә жасаған, соның азабын тартып жатыр деген түсінік болған.
Дегенмен, қазіргі уақытта бұл салт-дәстүр жоқ. Қаза болған адамды табытқа салып, арнайы бейітке жерлейді. Барлығы да будда дінінің шарттарымен жүзеге асырылады. Баян-Өлгей аймағында тұратын тыва, урианхай және басқа да моңғол халқының кейбір тайпалары өлікті ислам дінінің дәстүрлерімен де жерлейді.