Елорда жастары соғыс ардагерлеріне тағзым етті
2017 ж. 06 мамыр
2824
0
Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Жеңіс күніне арналған әдеби-музыкалық кеші өтті. Бұл туралы "Қазақ үні" ұлттық порталы хабарлайды.
Қазіргі таңда Қазақстан бойынша 2766 Ұлы Отан соғысының ардагерлері бар болса, оның 121-і Астана қаласында тұрады.
Әдеби-музыкалық кешке Ұлы Отан соғысының тыл ардагерлері Қайдар Меңдіқұлов пен Инсафидин Гареев қатысты. Сондай-ақ, «Шаңырақ» әжелер ансамблінің репертуарларындағы патриоттық Отан тақырыбындағы әндер шырқалып, оқушылар ардагерлерге арнап өлеңдерін оқыды.
Әдеби кеште кітапхана басшысы Ү. Мұңалбаева ардагерлерге алғысын айтып, жиналған дүйім жұртты мерекемен құттықтады. Тыл ардагерлері де өз өмірлерінің үзінделерінен сыр шертіп, оқушыларға бейбіт өмірдің мәңгілік болып, мемлекетіміздің биіктен көрінсін деген ақ тілектерін білдірді.
Кеште Жеңіс күніне арналған бейнефильм көрсетіліп, кітапхана қорынан «Ерлік – елге мұра» тақырыбындағы кітап көрмесі қойылды.
1941-1945 жылдар аралығындағы Ұлы Отан соғысына 35 млн адам, соның ішінде 1,5 млн қазақстандық қатысты. Бұл республика халқының 18 бен 50 жас аралығындағы ересектердің 70 пайызы. Соғыстың алғы шебінде Қазақстаннан жіберілген 23 бірлестік, 50 шақты полктар мен батальондар шайқасты. Қазақстандықтар Мәскеу мен Ленинградты қорғап, Украина мен Беларусьті, Балтық маңы мен Молдованы азат етуге, Берлин шабуылына қатысты. Ондаған мың қазақстандық ерен еңбегі мен ерліктері үшін марапатталса, бес жүзден астам адам Кеңес Одағының Батыры атанды, төрт адам бұл атаққа екі мәрте ие болды, 142 адам Даңқ орденінің толық жинағының иегері атанды.